Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аналар неге ашынды?

18.06.2020, 11:40 539

Әнеугүні әкімдікке барғанбыз. Жиналысқа. Есік алдында 4-5 келіншек жүр. Алғашында назар аудара қойған жоқпыз. Қайтеміз, қасымызда тұр. Айтып жатқан әңгімелерін құрғыр құлақтың естіп қалмасы бар ма? Бұтымызға шалбар киіп жүрген біз де ондай былапыт сөздерді сирек айтатын шығармыз. Екі сөздің бірі – боқтық. Қысқасы, екі елі ауыздан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатыр. Күрсіндік! Үнсіздік!

Бұлар бір шенеуніктің үстінен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне шағымданыпты. Соның мәселесімен әкімдікке келіпті. Жиын басталды. Сөз реті есік алдында «ерекшеленген» келіншектерге берілді. Әрқайсысы 4-5 баланың анасы. Басты шағымданушы Гүлшат Ашықбаева «Гүлмира Шамсутдинқызы сөйлесу барысында ар-намысқа тиетін сөздер айтты» дейді. Ал онымен бірге еріп келген көпбалалы аналар бірінің аузына бір түкіріп қойғандай «Бұл жалғыз Гүлшатқа ғана айтылған сөз емес, «Бәйтеректегі» аналардың бәріне айтылған сөз деп ұқтық. Сондықтан куәгер ретінде осында келіп отырмыз» деп ашынды.

– Гүлмира ханым, сіз олай ауыр сөз айтпаңыз! Бүткіл «Бәйтеректі» көтерсем, «ат» болып кетесіз, – деп дүрсе қоя берді Гүлшат Ашықбаева Рахметоваға қарап.

Шенеунік болса, мұнда келген келіншектер мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік жәрдемақылардың барлығын алғандығын және үнемі мекемеге топтасып келіп айғай-шу шығаратынын айтып ақталды. Ешқандай ар-намысқа тиетін ауыр сөз айтпадым дейді. Бұдан бөлек, осы мәселеге қатысы бар бірқатар адамнан түсінік алынған. Алайда олардың бірде-біреуі лауазым иесінің көпбалалы аналардың көңіліне келетіндей ауыр сөзді айтпағанын мәлімдеген. Жиында оқиға орнында түсірілген бейнежазба да тыңдалды. Расымен, Шамсутдинқызы аналар ашынатындай артық ештеңе айтпаған екен. Мұны облыстық Әдеп жөніндегі кеңестің мүшелері айтып отыр.

Осы істі жан-жақты қараған кеңес мүшелері Қызылорда қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлмира Рахметоваға қатысты қозғалған тәртіптік істі «тоқтату» туралы шешім шығарды.

Біздіңше, бұл өмір де, қиындық та өтер. Дегенмен,  қадірлі АНА сөзінің сүйкімін кетіріп алған жоқпыз ба? Бала тәрбиесінен бұрын, материалдық құндылықтар алға шығып кеткендей көрінеді. 

Кеңес отырысында Арал қаласының әкімі Б.Махатовқа қатысты іс қаралды. Департаментке ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің ұсыныс хаты негізінде Арал қаласының әкімі Б.Махатовқа қатысты тәртіптік іс қозғалған. Аталған ұсыныс хатта Б.Махатов тарапынан Арал қаласы аумағындағы жер учаскелері қолданыстағы заң талаптарына сәйкес табысталмағаны үшін оның тәртіптік жауапкершілігін «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 50-бабының 4-бөлігіне сәйкес қарау сұратылған.

Дегенмен, Арал ауданының әкімдігі 2020 жылғы 3 маусымда кеңеске жолдаған хатында Б.Махатовтың өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты, Арал ауданы әкімінің 2020 жылғы 29 сәуірдегі №93-ө/жқ өкімімен атқарып жүрген қызметінен босатылғандығы көрсетілген. Сөйтіп, бұрынғы Арал қаласының әкімі Б.Махатовқа қатысты тәртіптік істі тоқтатты.

Сонымен қатар, кеңесте Қызылорда облысының статистика департаментінің Әдеп жөніндегі уәкілі Гүлмира Жеткергенқызының атқарған жұмысының нәтижелері тыңдалды.

Қозы Көрпеш ЖАСАРАЛҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: