Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұйытылған бас, сирақ керек пе?

12.06.2020, 9:05 1505

HALYQLINE.KZ

Негізінде қазақ тілінің бүгіні мен болашағы туралы тақырыптағы жазбаларды оқып, бейнетүсірілімдерді көріп жүргенмен осыған дейін үн қосып көрмеппін.

Ал енді бұл постқа не түрткі болды дейсіз ғой. Жуырда телеарналардың бірінде қалалық бір азаматтың көпқабатты үйдің ауласындағы балалар алаңқайында ойнап жүрген бүлдіршіндердің әңгімелерін ұялы телефонына түсірген бейнежазбасы көрсетілді. Қарап отырсаңыз, қазақ балалардың барлығы дерлік өзге тілде сөйлеп шауып жүр.

Штирлиц туралы фильм естеріңізде болар, әйел босану үстінде, қиналған сәтінде өзінің ана тілінде сөйлейді, айғайлайды екен деген жері. Ал енді ойын баласының асыр салып жүрген ең қуанышты сәттерінде өзге тілде сөйлеуі бұл енді тұйыққа тірелуіміз шығар. Тілдің түғыры, ғұмыры жайлы бұдан артық ешқандай әлеуметтік сауалнама қажет емес шығар сірә.

Қазақ тілді біздің облыстағы жағдайға келер болсақ. Қызылорда қаласының бір бұрышында ет өнімдерін сататын осындай дүкен бар. Ішек, қарын, қуырдаққа арналған еттермен қоса ҰЙЫТЫЛҒАН БАС, СИРАҚ сатады. Не дейміз, ақыры сатқасын мал өнімі ғой деп қасына ҮЙІТІЛГЕН АЙРАН, ҚАТЫҚ та қосыңыз деген ұсынысымызды білдіреміз.

Мәселеге сәл кеңірек үңілсек, барлық облыс орталықтарында тіл басқармалары немесе соның ізіндегі құрылымдар бар, аудандарда бөлім болмағанымен мамандары бар. Көпшілік жерге орналастырылатын жазбаларға (билборд, керме, плакат, т.б) солардың келісімін алуды міндеттесе, біраз тірлік түзеліп, ең болмағанда ұйыту мен үйітудің ара жігі ашылар еді.

Ал енді Сіздерді ХАЛЫҚ БАНКІНІҢ ОТАНҒА, ҰЛЫ ДАЛАҒА СҮЙІСПЕНШІЛІКТЕН ТУЫНДАҒАН ӘНҰРАНЫНЫҢ РУХТЫ ШУМАҚТАРЫМЕН сусындатуға рұқсат етіңіздер.

Бұл менің шығармашылығымның шиырлаған жолдары емес, аталған банктің 2020 жылға арналған күнтізбесінің бірінші бетіндегі сөздер. Үтір, нүктесін, жазылуын еш өзгертпей ұсынамын.

Қаңтар айы.

ЖАЙНА, ДАЛАМ, ЖАСА,

ЕЛІМ ҒАЛАМАТ,

САҒАН ҚЫЗМЕТ, ПАРЫЗ БІЗДЕН АЗАМАТ

Ақпан айы.

ХАЛЫҚ ҚАНДАЙ ЖАЙСАҢ

БІРЛІК ЖАРАСҚАН

БЕЙБІТ ӨМІР СҮРЕДІ

100 ҰЛТТАН АСҚАН

Мамыр айы.

БІЗ БӘРІМІЗ ХАЛЫҚ, БІЗБЕН БІРГЕ БАЙЛЫҚ,

БІЗБЕН БІРГЕ ДОСТЫҚ

АРМАН, СЕНІМ ҚОСТЫҚ

Шілде айы.

БІЗДІҢ ХАЛЫҚ РУХТЫ, ӘНІ ДЕ АСҚАҚ

ҚАРСЫ АЛҒАН БАУЫРҒЫП

ҰЛТТАРДЫ БАСҚА

Тамыз айы.

САН ҚИЫН КҮН

КЕШКЕН БІЗ ТЕКТІ ХАЛЫҚ,

ҚОЛДА БАРЫН БЕРЕР БІЗДІҢ МӘРТ ХАЛЫҚ!

Бір қарағанда, банк атауындағы ХАЛЫҚ сөзін кең қолданған партиоттық шумақтар деп бағалауға болады. Ал маған салса ақыннан да емес, ақындыққа жақыннан да емес, компьютердің мегабайттық миынан шыққан ұйқас сөздер жиынтығы секілді болады да тұрады…

Тұғырлысың  ба, туған  тілім?!.

Сәбит  КӨШЕРБАЕВ,

Әлеуметтік  желідегі  жазбасынан  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: