«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 418.67 (-1.65)

  • EUR: 507.64 (-1.7)

  • RUB: 5.71 (0.01)

Жәңгір ханды өлтірген кім?

02.06.2020, 17:35 703 0

HALYQLINE.KZ Еліміздің тәуелсіздік алуымен қатар, халқымыздың өткеніне деген қызығушылық күннен-күнге артуда. Қазіргі таңда Қазақ хандығының қалыптасуы мен нығайуына ерекше үлес қосқан, еліміздің Еуразия құрлығындағы саяси үдерістерінде ерекше із қалдырған тұлғалардың алатын орны мен жасаған қызметінің рөлі маңызды.

Қай заманда да көшбасшының ұстанған саясаты елдің бірлігі мен тұтастығын сақтап қалуға бағытталды. Жалпы, ел тарихындағы маңызды оқиғаларды зерттеуде, тарихи тұлғалардың тағдырына ерекше назар аударылады. Соның ішінде, осы зерттеуімде XVII ғасырда ел тізгігін қолға ұстаған Жәңгір ханның өмір тарихы мен жоңғар-ойрат басқыншылығына қарсы күрестегі атқарған істерінің түйінді мәселелеріне талдау жасалады.

Жәңгір хан таққа отырмастан бұрын халық арасында зор құрметке бөленіп, бүкіл өмірі елінің тыныштығы мен жерінің азаттығы жолында жанқиярлықпен күрескен қаһарман тұлға дер едім. Тарихи деректерді парақтап, сырт бейнесін айтар болсам, бойы аласа, бірақ ірі денелі денелі болғандықтан «Салқам Жәңгір» аталды десе, келесі деректе халық оны ерлігі, жауынгерлік жеңістері үшін «Салқам Жәңгір» де атаған. Оның тұсында қазақтар мен ойрат жоңғарлары арасында үш ірі шайқас: біріншісі – 1635 жылы; екіншісі – 1643 жылы; үшіншісі 1652 жылы болған. Салқам Жәңгір – Есім ханның ортаншы ұлы. Шын аты – Жаһангер, парсыша «жаулап алушы» деген мағынаны білдіреді. Туған жылы нақты белгісіз, кейбір мәліметтерде 1608 жылы деп көрсетілген. Тарихшы Берекет Кәрібаевтың айтуынша, шамамен XVI ғасырдың соңы мен XVII ғасырдың бас кезі деп айтуға болады.

Т.И.Сұлтанов өзінің «Поднятые на белой кошме» атты еңбегінде Есім ханның үш ұлын ерекше атап өтеді. Үлкен ұлы – Жәнібек сұлтан, екіншісі – Жәңгір хан, үшінші ұлы – Сырдақ Сұлтан. Жәңгір әкесінің тірі кезінде-ақ, Қазақ хандығының шеткі ұлыстарын, нағашы атасы Әбдірақым хан билейтін Тұрфанмен шекаралас жерлерін басқарып жүрді. 1620 жылдары 12 жастағы Жәңгір қалмақ еліне қазақ елшілігінің құрамында барған. Төрт жыл өткен соң қазақ сұлтаны Есім мен шорастың тайшысы Қарақұл бірігіп, Ресей иелене бастаған Тары бекінісіне шабуыл жасайды. Осы сәтті пайдаланған ойраттың Байбағыс пен Далай тайшылары Есім сұлтанның еліне тиіседі, бірақ жеңіліс табады. Сол шайқастарда жас Жәңгір өзінің қолбасшылық қабілетін көрсетеді.

Т.И.Сұлтановтың қөзқарасы бойынша, Есім ханның үлкен баласы – Жәнібек, XVII ғасырдың 30-жылдарында таққа отырған Жәнібек ойраттармен соғыстардың бірінде, шамамен 40-жылдарының басында ойратпен болған басқа шайқаста қаза тапқан. Ортағасырлық тарихшы Махмұд ибн Уәлидің «Бахр ал-ассар» мәліметтерінде Жәңгір сұлтан әкесінен кейін бірден таққа мұрагер болмады. 1634 жылдың күзінде Ташкентке жорық ұйымдастырған қазақ сұлтандарының арасында Жаһангердің (Жәңгір) есімі сұлтан лауазымымен айтылады.

Жәңгірдің есімі алғаш рет XVII ғасырдың 30-жылдарындағы оқиғаларға байланысты шығыс деректерінде және орыс тіліндегі материалдарда кездеседі. Дерек көздеріне сүйенсек, ол сұлтан лауазымы болған. Ғылыми зерттеу еңбектерінде Жәңгір сұлтанның есімі кездесіп, онда 1635 жылы ойраттармен соғыс кезінде тұтқындалғаны туралы айтылады. А.П.Чулошников пен М.Тынышбаевтың ойынша, Жәңгірдің дәл осы жылы шайқас кезінде тұтқынға түскенін көрсеткен.

Орыс-моңғол қатынастарының жинағында осы тарихи оқиғаға қатысты мәлімет кездеседі. Ол мәлімет 1635 жылдың 19 шілдесінде Тобольск приказдығының кеңсесінде ойрат тайшысы Абақтың елшілерінен жазылып алынған. Ол мәліметте ойрат тайшыларының бір тобы 1635 жылдың қыс айларында Қазақ ордасына аттанғандығы, ал Қазақ Ордасы адамдарының ойрат­тарға жорыққа шыққандығы, екі жақ­тың­ бір-бірімен кездесіп қалып, үлкен шай­қас­тың болғандығы, ойраттардың жеңіске жет­­кендігі, Есім ханның ұлы Жәңгір тұтқынға алынғандығы және сол кезде ол сұлтанның ойраттардың қолында екендігі айтылады. Жәңгір сұлтан көп ұзамай жоңғар тұтқынынан босап шығып, еліне аман-есен оралады. Жоңғар елінің өз ішіндегі Батыр қонтайшыға қарсы топ өздері қашырып жіберген және қалмақтан қыз беріп, Жәңгірден кейін хан болған ұлы Тәуке сол қалмақ қызынан туғаны жайлы айтады. Оған дәлел ретінде, Ш.Құдайбердіұлының мәліметінде: «Тәуке ханды Салқам Жәңгірдің қалмақ әйелінен туған баласы еді» деп жазды. Нақтырақ айтқанда, Салқам Жәңгір ханың одақтасы болған қалмақтың хошоуыт тайпасының билеушісі Хұндүлен тайшының қызынан туған. Ол жөнінде төменде кеңірек қарастырамыз.

1635 жылы Батыр қонтайшы Ойрат тайпаларын біріктіріп, Жоңғар хандығының құрылғаны тарихтан белгілі. Бұған дейінгі кезеңде ойрат қоғамының ішкі саяси тартыстар өршіп тұрған еді. Жоңғарияда тайпа көсемдері Батыр қонтайшының орталықтандырған хандық билігіне бағынбауға және өздерінің дербес билігін сақтауға тырысады. Міне, қонтайшы мен оған қарсы топ арасындағы қайшылық Жәңгір сұлтанның жоңғар тұтқынынан босап шығуына әсер етеді. Ойрат чулганын (құрылтай) басқарған хошоуыт тайпасының көсемі Хұндүлен тайшы – Батыр қонтайшы билігінің күшеюіне бірден-бір қарсы тұрған тұлға болатын. Сол себепті де ол қонтайшының көптеген іс-әрекеттеріне қарсылықтар көрсетіп отырады. Бұл одақтастықтың оған 1643 жылғы Батыр қонтайшы әскерімен болған Орбұлақ шайқасында көп көмегі тиеді. Деректерге сүйенсек, 1644 жылы орыс елшісі Г.Ильиннің есебінде қонтайшы өзінің жауы деп Хұндүлен тайшы мен Далай тайшының ұлдарын, Жәңгір сұлтан мен Жалаңтөс батырды өзінің жауы деп санайтынын, Хұндүлен тайшының Жәңгірді қолдап отыратынын және өзінің ұлым деп атайтындығының себебі де осында». Хұндүлен тайшының күйеу баласы Жәңгірді құрметтегені осыдан-ақ байқалып тұр. Осылайша, Жәңгір сұлтан 1635 жылы тұтқыннан жоңғарлардың өз көмегімен босап, елге аман-есен оралады. Бұл дерек Жәңгірдің жоңғар тұтқынынан қалай босап шыққанын нақтылайды. Жауыңның бақталасынан әсери көмек алу және достық қатынастарды нығайту мақсаттарында дипломатиялық неке қию болып тұрған. Бұдан қазақ-жоңғар арасындағы саяси және туыстық қатынастардың алғашқы үлгісі байқалады.

1643 жылы қазақ қолын басқарған Жәңгір сұлтан Орбұлақ шайқасында жоңғардың қаптаған 50 мың әскеріне, 600 қазақ сарбазы қалай тойтарыс берді, жеңіске жету үшін қандай әскери тәсілдерді қолданды? Осы оқиғалардың негізгі дереккөздеріне байланысты қазақ-жоңғар қатынастарын зерттеген тарихшылар қандай пікірлер қалдырды деген  сұрақтарға жауап іздейтін боламыз.

Осы жылғы қазақ-жоң­ғар соғысы туралы ең алғашқы хабарды орыс елшісі Г.Ильин береді. Ол 1644 жылы ақпанда Батыр қонтайшының ордасынан Тобольскіге қайта  оралып, губернатор Куракинге осы соғыс туралы баяндайды. Бұл оқиға жайында тарихшы И.Я.Златкинде осы мәліметті растайды: Г.Ильин жазбаша жасаған мәліметі мынаны хабарлайды: 1643 жыл­дың қысында басталып, 1644 жылдың жазына дейін созылады. Жоңғар билеушісі жағында көптеген ойрат тайшылары, Халха билеу­ші­сінің ұлы Омбо-Эрдени болып, жалпы саны 50  мың  әскерімен Батыр қонтайшы Қазақ ордасы мен Алатау қырғыздарына жорыққа шығады. Ол жөнінде хабар Жәңгірге жетеді. Жәңгір қонтайшыға қарсы қол жинайды, оның қолында 600 адам болады. Қонтайшының Жәңгір сұлтан мен Жалаңтөс батырдан кек алу үшін қайтадан соғысқа барғысы келгені жазылған.  Енді осы мәліметке талдау жасап көрелік.

1643 жылы жазында Жәңгір сұлтан жоңғарлардың алдын алу кесу үшін, Жетісуға аттанып кеттеді. Самарқанд билеушісі Кіші жүзден шыққан Жалаңтөс батырдан көмек сұрап, шабарманын жібереді. Жәңгір сұлтан жоңғарлардың жорық бағытын да алдын ала біліп, оларға қарсы тұратын жер жағдайын ескеріп, Орбұлақ жеріндегі тау шатқалын таңдап алған. Ол  жоңғар  қолының  өтетін  жолындағы  тар  шатқалға ор қаздыртып, бекініс  жасауға  оңтайлы жерге әскери қимылдарының жоспарын жасап 600 адамын білтелі мылтықтармен қаруландырды. Әскерін екіге  бөліп, бір бөлігін жауға бетпе-бет шабуыл жасайтындай етіп тастардан қаланған шатқалда орналастырды. Ал екінші бөлігін жаудың ту сыртынан ататындай етіп жасырған. Қазақ әскері бұрын қолданбаған айла әдістерді қолданды.  Сөйтіп, жоңғар қонтайшысы алаңсыз екі таудың ортасына кіре бастаған сәтте таудың биік тұсынан тас лақтырылады. Нәтижесінде жоңғар әскері екіге жарылады. Бір бөлігі қуыстың ішінде, бірі сыртында қалады. Осы тұста қазақтар ес жинауға мүмкіндік бермей, бірден оқ жаудыра кетеді. Бұндайды күтпеген жоңғарлар зор шығынға ұшырайды.  Жәңгірдің окопқа орналастырылған, мылтықпен қаруланған аз ғана әскері үлкен әскерге төтеп бере алатынын көрсетіп ұрыс тағдырын шешкен. Шатқалдың өте тарлығынан Батыр қонтайшы әскерінің артықшылығын пайдалана алмайды. Мұндағы мыңдаған қолы бар жоңғар жеңілісінің негізгі себебі – соғыстың күтпеген жерден басталып кетуі. Жәңгір хан екі күндей жоңғар әскерін сол қуыста ұстап отырады. Үшінші күні қонтайшы әскерінің  қалған бөлігімен екінші рет шабуыл жасаған кезде, қазақтардың жасағанына 20 мың әскермен көмекке  келген Жалаңтөс  Баhадүрде жау әскеріне соққы берді. Жоңғар әскері 10 мыңдай адамынан айырылып, тас-талқаны шығып, жеңіліс табады. Осылайша, бұл Қазақ хандығы тарихындағы ең даңқты оқиғалардың бірі – Орбұлақ шайқасы қазақтардың жеңісімен аяқталды.

Ж.М.Сәбитовтың айтуынша, Жәңгір хан Бұқар ханынан көмек сұрап, ол көмекке Самарқандтан Жалантөс әскері келді. Себебі, Жалаңтөс Кіші жүз қазақтарының Алшын ру-тайпалық бірлестігінің басшысы болғандықтан, жоңғарлармен соғысқа басқа бұқарлық әмірлермен салыстырғанда белсене қатысқандығы түсіндірілген. Ал Ә.Хасеновтың пікірінше, Бұхара әскері бұл соғысқа қатыспағынын, Жалантөс батыр Самарқандтан емес, бұлар  қазақ әскерлері болғанын көрсетеді. Сонымен бірге Жәңгірдің әскерлерінің саны 600 адамнан көп болғандығын айтады. Автор нақты дерекке сүйенгендігін көрсетпеген. Б.Кәрібаев еңбегінде Жалаңтөс батырды Жәңгірдің Самарқандағы досы ретінде және Жалаңтөстің шәкірті – Абдал-Азиздің хан тағына келуі екі елдің достық қатынастарға негізделген саясат жүргізді деп келтірген. Жоңғар шапқыншылығына қатысты қазіргі қырғыз тарихшыларының негізгі зерттеулерінде: “1643 жылы  50 мыңға жеткен жоңғарлардың қуатты әкері қырғыз бен қазақ жерлеріне басып кіріп, елді мекендерді тонап, Орта Азияның ішкі аймақтарына жетті. Бір жыл бойы қырғыздар мен қазақтар батылдықпен қарсы тұрып, жаудан қорғанды. Ақырында, қазақ сұлтаны Жәңгір Самарқандтан көмекке келген Жалантөспен бірге қуатты ойраттарға шешуші соққы беріп, оларды шегінуге мәжбүр етті”. Бұл ғасырлар бойы көршілес келе жатқан қазақ-қырғыздың тығыз байланыстарын көрсетсе керек. Қазақ хандығының дәуіріндегі қырғыз-қазақ қарым-қатынастары екі елдің ғалымдарының еңбектерінде қарастырылып жатқандығы көрсетілген. Жоңғар шапқыншылығынан жекелеген кезеңдерде қазақ елімен ұқсас күн кешкен қырғыз елі де зардап шеккені белгілі. Енді жоғарыда келтірген деректерді талдау барысында мынандай тұжырым жасауға болады.

Біріншіден, Есім ханның ұлы  Жәңгір сұлтан жоңғар-ойраттардың жорығына қарсы, Орта Азия халықтарының жиырма жыл бойы күресінің басында болды. 1643 жыл шайқасы кезінде де,  Жәңгірдің сұлтан дәрежесінде болуы, әлі де хан тағына отырмағынын білдіреді. Жалаңтөс батырдың көмекке келуі, Қазақ хандығы мен Бұқар хандығы арасындағы бейбіт, туыстық қарым-қатынастарда болғанын деректерде жазылған. Қазақ хандары көрші мемлекеттермен достастық байланыстарын сақтап қалу мақсатында әулеттер арасындағы некелік қатынастарды да пайдаланып отырды. Қазақ пен жоңғар арасындағы шайқастарда  қырғыздар мен өзбектерде жауға қарсы бірлесіп атсалысқан деп санаймыз.

Екіншіден, 600 әскердің 50 мың қолды жеңуі, бұл іс жүзінде мүмкін емес көрінеді. Өз пікірімді екі көзқараста түсіндіріп көрейін: Қай кезеңде болсын, шайқастарда қазақ әскері  түмендеп (10 мың) шығып жүрген, осы шайқаста Жәңгірдің 600 сарбазымен жауға шығуы күмәнді көрінеді. Жоңғарларды мылтықпен бір атқан соң, қайтадан оқтау біраз уақытты алады. Ол кездегі мылтық қазіргі винтовкалар сияқты толассыз оқ ата алмайды. Қазақ қолының аз екенін білген, жау әскері 600 адамды таптап өтері анық. Мүмкін негізгі алты жүз сарбазын, қарумен жарақтандырған деп ойлаймын. Келесі маңызды көзқарысым: егер жоңғар әскері мен оның аттары мылтықтың дауысына дағдыланбаса, ұрымтал шабуылдар жау әскерін шығынға ұшыратады. Жылқыларды от-қарудың атылған дыбыстарына дағдыландыру керек, әйтпесе олар дүрбелең болып, үстіндегі иесіне бағынбай кері қарай қашатыны анық. Тіпті, кез келген жануарға арналған зымыранның даусы қатты әсер етеді. Ауызша мәліметтерде, Жәңгір сұлтан жоңғар әскерін Сасықтекенің түтінімен улаған деп келтіреді. Орбұлақ шайқасы ерліктің, батырлықтың және қазақтардың әскери тәсілді шебер меңгергендігімен ерекшеленеді.

Жәңгір ханның билікке келген жылы белгісіз. И.Сұлтанов мынадай пікір білдіреді: «Ағасы Жәнібек ханның өлімінен кейін ша­мамен XVII ғасырдың 40-жылдарының ор­тасына таман Жәңгір бүкіл қазаққа хан болады» – деп жазады. Тарихи құжаттарды жинақтаушы А.Исин орыс деректерінен Жәнібек ханның (Есім ханнан кейін билік еткен Кіші немесе II Жәнібек хан деп жазылады – Д.Е) 1639 жылдың 17 тамызынан жазылған құжатта қазақ ханы ретінде айтылады. Гаврило Ильин: В прошлом де, государь, во 144 году прежние стольник и воеводы князь Михайло Темкин Ростовской с товарыщи посылали ево, Гаврила, в Колмацкую Орду к Талаю тайше в посланникех говорити о тюменском полону. И при нем де, государь, Талай тайша со многими колмацкими тайши ходили в поход казачьи Орды против Яныбека царя, а ево де, Гаврила, Талай тайша имал с собою ж. И в том де, государь, походе // (л. 732) с ним были твои государевы изменники тюменские татаровя Янбайко Янтурин с товарыщи. …А что, государь,  Гаврило Ильин ска­зывал нам, холопем твоим, в распросе, как  Талай тайша и иные тайши ходили в поход Казачьи Орды против Яныбека царя». Осы деректерге сүйеніп, 1628 жылы Есім хан қайтыс болғаннан кейін таққа үлкен ұлы Жәнібек ханның билікте болғанын, 1640 жылдардың ортасында  билікте болғанын, Жәңгірдің 1643 жылы шайқас кезіндегі деректерде оның сұлтан лауызымында жазылғанын ескеріп, шамамен  Жәңгірдің таққа отырған кезін 1644-1645 жылдар деп есептейміз.

Батыр қонтайшы 1643-1644 жылдары соғыста орасан зор жеңіліске ұшырағаннан кейін, Жәңгір ханнан кек қайтару үшін жаңа соғысқа дайындалады. Ақыры, қонтайшы 1652 жылы қазақ еліне тағы басқыншылық жорығын ашады. Оған қарсы Жәңгір ханның өзі қазақ әскерін басқарды. Бірақ деректерде шайқастың қалай өткенін туралы оқиғалары белгісіз. Деректе осы соғыста Жәңгір ханды Батыр қонтайшының одақтасы, хошоуыт тайпасы көсемінің 17 жастағы ұлы Галдамның өлтіргенін ғана айтады.   

Жәңгір ханның өліміне қатысты И.Я.Златкин оның Очирту-Цецен ханның 17 жастағы ұлы Галдаммен жекпе-жекте қаза болған деп жазған. Автордың айтқан мәліметіне шындыққа жанаспайды. 

Біріншіден, қай заманда болсын, елдің тізгінін ұстаған хан шайқас алдында жекпе-жекке шықпайды. Шайқас алдында жекпе-жекке екі жақтың батырлары  шығып отырған. Екіншіден, XVII-XVIII ғасырлардағы моңғол  тілді деректемелерде жеке-жек туралы айтылмайды. Белгілі тарихшы Н.Атығаев «Қазақ хандығы тарихы толқынында» еңбегінде: Жәңгір хан 1652 жылы жоңғарлармен шайқаста қаза болды. «Оны осы шайқаста өлтірген жоңғардың батырларының бірі 17 жастағы Галдамбаның есімі осыдан кейін аңызға айналды» деп көрсетеді. Б.Кәрібаевтың пайымдауынша, 1643 жылы жүргізілген соғысында масқара болып жеңілген Батыр қонтайшы 1652 жылғы жорығында қалай болса да Жәңір ханды өлтіруге бел буып, қарауындағыларға тапсырма берген. Бұл тапсырманы Галдамба жекпе-жекте емес, жасырын түрде жүзеге асырған деп келтірген.

Жоғарыдағы зерттеушілердің Жәңгір ханның өлімі туралы мәліметтерге талдау жасап өттім.  Енді тікелей дереккөзі саналатын «Рабжам Зая Бандиданың  хикаясы айдың жарығы демек-дүр» еңбегінде қазақ тарихына қатысты мәлімет келтіреді. Жоңғар хандығының діни ғұламасы, ойрат жазуын жасаушы, ғалым Зая Бандиданың(1599-1662) өмірбаяндық тарихи шығармасын,  жайлы оның шәкірті Раднабахарда XVII ғ. соңында  Зая Бандиданың қолжазбаларына, еңбектеріне сүйеніп жазған.

Жәңгір ханның өлімі жайлы жазған дерегіне үзінді келтірсек: «Ұлу жылы қыста (1652) Зая Бандида Қаратал өзені бойындағы Шешен ханға келді. Сонда Шешен ханның шешесі Күнжі қатұн қайтыс болғанда Зая Бандида аруақтарды шақырып, діни салт-жосықтарын толық орындады. Сол жылы қыста (1652) Шешен хан бұрұттарды (қырғыздарды) бағындырды. Осы жорықта 17 жастағы Галдамба ұрыста қазақтың ханы Жәңгірді өлтірді. 1658 жылы Бұхара қаласының әскербасы Әбду Шүкірдің 38 000 қолымен шайқасып, Көксайда оны өлтірді». Моңғол тарихи жазбаларындағы Галдамбаның шайқастардағы ерлігіне қарасап, жоңғар қолын басқарған нояндардың бірі болғаны анық.  Бұл мәлімет қазақ тарихында жете анықталмай келеді.

Осылайша, Қазақ ордасы тарихтың бетбұрыс кезеңінде, көреген саясатымен, ерен ерлігімен бүкіл Орталық Азия елдері арасында кеңінен танымал болған, даңқты қолбасшысынан айырылды. Жәңгір ханның елін, жерін қорғаудағы жанқиярлық ерліктері, аңызға айналып, есімі ғасырлар бойы ел жадында сақталған. 

                                Даулет ЕСЕНОВ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих,

археология және этнология факультетінің

2-курс магистранты,

Алматы қаласындағы №122 мектеп-гимназиясының

тарих пәнінің мұғалімі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: