Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сырдың сарыаяқ Меңліаяғы

06.12.2020, 12:00 1029

HALYQLINE.KZ

Қазақ – талай тағдыр мен тарихи қиыншылықтарды бастан кешкен, Ұлы даламызды, ата-баба қоңысымызды білектің күшімен, найзаның ұшымен жаудан қорғап, ел үшін, жер үшін жан алып, жан беріскен халық. Екі ғасыр отаршылдық, берісі 70 жылдық бодандық – бұл қазақтың басынан өткізген тауқыметі, оның ұлтымыздың рухани дамуына тигізген кері әсері де аз емес. Кеңес Одағы дейтін алып империя құлап, ыдырап, өз алдымызға тәуелсіз ел болуға мүмкіндік туды. Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті кұрылды, ұлт мүддесі, мемлекет қауіпсіздігі сияқты бірінші кезектегі мәселелерге аса мән берілді. Ресейдің қитұрқы саясатының салдарынан қазақ ұлтының бұрмаланған, жойылдырылған тарихи құңдылықтарының беті ашылып қайта қаралды, қазақтың келешегі үшін құрбан болған, жаны қиылған небір Алаш азаматтарының орасан еңбегіне лайықты бағалар беріліп жатыр.

Халқымыздың басына түскен сол қиян-кескі саяси аласапыранның қалың ортасында елім-халқым деп аянбай еңбек еткен арыс азаматтарымыз көптеп саналады. Соның ішінде ел тарихында алар орны ерекше, ең қомақты құрамдас бөлігі болып табылатын Сыр өңірінің мақтанышына айналған дарынды сөз бастаған шешендер, ел бастаған көсемдер, сөз қадірін білетін, сөз баққан ортада өскен небір жүйрік ақындар да бар.

Осы орайда ежелгі Ақмешіттен шыққан тарихи тұлға, ақын, қуғын-сүргін құрбаны, есімі елеусіз болып келген Алаш азаматтарының бірі Меңліаяқ Сәрменбайұлы жайында сөз қозғамақпын.

М.Сәрменбайұлы 1880 жылы Қызылорда қаласына іргелес Сырдария ауданына қарасты ескіше атауы «Қырық байтақ» деп аталатын жердің «Бес көң» қыстағында дүниеге келген. (Қала іргесіндегі «Махамбетов», «Бесарық», «Қоғалыкөл», «Н.Ілясов» ауылдары орналасқан аймақ ертеде «Қырық байтақ» деп аталған, «Сабалақ», «Кеңтүп» болыстарына қараған. Ал «Бес көң» ақынның әулетінің ескі қыстауы, «Бесарық» пен «Қоғалыкөлдің» ортасында болу керек, олай дейтінім Меңліаяқ айдаудан елге оралған соң сол маңда тұрып күнін көрген). 1954 жылы Қызылорда қаласында дүниеден өткен, қаладағы ескі орталық қазақ бейітінде жерленген.

Үш жасында әкесінен жетім қалып, ағайындарының малын бағып, біраз жылдар азапты басынан өткізіп, тоғыз жасында молдадан сауаттанып, шыңдалып өскен азамат. Он бес жасқа толғанда Меңліаяқтың туабітті таланты ашылып, қоршаған ортасында белгілі азаматтардың алдыңғы сапынан көріне бастайды, ол туралы:

Мал бағып, оқу оқып, талап ойлап,

Он беске сүйтіп жүріп жасым келді.

Балалық бастан өтіп жас келгенсін,

Ауасы жігіттіктің мені жеңді.

Қыса оқып, түрлі сөзді алдым жатқа,

Үйрендім өлең жазып, қолым хатқа.

Айдарлы ақын деген атым шықты

Атағы анам қойған жас уақта.

Атқардым көп мәжілісті өлеңменен,

Жетістім 25-тей кәмалатқа.

Қаумалап қатар-құрбым ортаға алды,

Елендім ел аузында зор атаққа.

Меңліаяқтың тегінен сөз қозғасақ, ақын Жаппастың Қаракөз тармағының Сарыаяқ аталығынан (Сарыаяқтың шың аты Сұлтанкелді екен). Жалпы, Жаппас ата ұрпақтарының бір шоғыры тұтаса отырған өңір – Сырдария өзенінің оң жағалауына орналасқан Ақмешіт қаласымен дариядан алыс-жақынды бірнеше ауылдар. Жаппастар ертеде көшпелі кезеңдерде Арқаға жайлауға барып, Қостанай, Троицкінің арасындағы Айт, Тобыл өзендерін, Бестөбе, Аман, Қазамбас, Мамыр, Шағыр көлдерін бөлініп жайлап отырған. Қыста Сырды қыстап, жазда Қырды жайлап, мал жайында жүрген, жағдайы төмендеу туыстар жаз егін егіп, шөп дайындап, оны малды отбасына сатып күнін көрген.

Меңліаяқтың жасы отыздан асқан кезінде әулеттің үлкендері о дүниелік болып, рулас туыстарының жағдайын жасау, қадағалау, жәрдем беру, басшылық ету деген шаруалармен айналысуға тура келеді, балаларды оқыту үшін мектеп ашады. Бұл уақыттарда Мекең ауқатты адамдар қатарында болған көрінеді:

… Жасымнан әуес қылып мылтық аттым,

Құс салып, ит жүгіртіп, ат жараттым.

Шежіре, ата жөнін түгел жинап,

Халыққа үлгі қылып сөз тараттым.

Жақсы сөз, жақсы жағдай тапсам айтып,

Бахадүр, өз әлімше нашар бақтым.

Шамалы орта шаруа күйім болды,

Мұқтажын келген мейман түгел таптым.

Жорға мен жүйрік атты қабат ұстап,

Болыскей әбзел-тұрман сәндеп тақтым.

Қазақ жеріне большевиктер келіп ықпалы күшейіп, орныға бастаған кезде Меңліаяқтың шаруасы шалқып Сыр бойындағы белгілі, абройлы, белсенді тұлғалардың қатарындағы санатында болған. Жергілікті үкімет оған сенім артып, жауапты қызметтер ұсыныпты:

… 43-ке сол шамада келіп қалдым,

Жұмсаған жақсылардың тілін алдым.

Жылында 22-ші (1922 жыл) «приказ» болып,

Қызыл отау соты болып дайындалдым.

Қасыма 4 мелитса қосып берді,

Атанып көшпелі сот қырға бардым.

Үй тігіп «Қызылжыңғыл» дуан елі,

Келед деп Торғай соты хабарландым.

… Екі облыс басын қосты ой менен қыр,

Сайладық 4 адамды заседатель.

… Қарадық заң бойынша ел арасын,

Тараттық татулықпен шекарасын.

Тоңмойын түсінбеген тентектердін,

Қорқыттық күнге қамап, бір парасын.

… Бітіріп елдің дауын алғыс алдық,

 Қалаға ақпар алып қайтып бардық.

 Бастықтар ісімізден қате таппай,

Осындай қызмет қыл деп берді жарлық.

Ақмешіт Қазақстанның астанасы болып, Қызылорда атанып, қазақтың бетке тұтар азаматтары осы өңірге шоғырлана бастаған уақытта белсенді, абыройлы, ел арасындағы қадірлі қазақ азаматтарына құрық сала бастаған кезде Меңліаяқ та қудалауға ілінген:

… Аянбай қолдан келген қызметті,

Қол қойып талай іске талаптандық.

Ат қойып «Әлді шаруа» белсенділер,

Босанып әр қызметтен шығып қалдық.

Содан оның мал-мүлкі тәркіленіп, 1930 жылы сотталып, 1936 жылы мерзімін бітіріп елге оралған соң, 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен Краснояр өлкесінің Канск қаласындағы лагерьде жазасын өтеп, 1943 жылы жүдеп-жадап елге жетеді.

Туған еліне оралған соң жетпісті алқымдап қалған қария білген-түйгенімен Сыр елінің ертеде өмір сүрген ақын-жырауларының еңбектерін, фольклорлық мұраларды, өз қиялынан шығарған өлең хикаяларды жинақтаумен айналысады. Атап айтқанда, бірнеше шығыс оқиғалары желісімен жазылған хикаялар «Үш жігіттің хиқаясы», «Төрт өнерпаз», «Ертеде өткен екі қудың аңызы», « Шаһзада балуан», «Сүлеймен Әзіретінің халқымен кеңесі», «Ақыл егесі адамның қаны туралы хикая», «Шодадтың өлмеске ой шашқан хикаясы» және Сыр шайырларының шығармалары «Шәкейсал мен ақындар айтысы», «Жаппас Кеңшімбай мен жетіру Жағалбайлы Ақсұлудың айтысы», Даңмұрынның, Тұрмағамбеттің, Шораяқтың Омарының, т.б. ақындардың өлеңдері мен айтыстары. Бұдан басқа түркістандық «Сәли қожа мен қыпшақ Кенжебайқызы Ғайнижамалдың айтысы», «Айыш ақын мен Төлеу жыраудың жұмбақ айтысы», түркістандық қызбен Сырдың он бір ақындарының айтысы, «Қарақалпақ Дәмежан мен Сыр сүлейлерінің айтысы» секілді айтыс үлгілері. Меккеден Мырқы қажы Жарасбаев әкелген құнды шежіре Меңліаяқтың қолына түскен, сол арабша жазылған шежіреден Адам атадан Аннасқа дейінгі деректерді түгел алып, қазақ рулары жайлы мәліметті қыпшақ Ниязұлы Әбілдадан алады. Мұнымен тоқтамай қарт ақын қолжазбалар жинап топтастыруды жалғастыра береді, Шегебай, Сейітжан, Айыш, Ержан, Есенжол, Садық, Төлепберген, Ысқақ , Ораз, Аманжол, Жүсіпбек, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіптің өлендерін, «Кенесары жорығының қысқаша тарихы», «Жаңғабылдың өлімі», «Айсарының жоқтауы» секілді тарихи деректерді және өз ойымен қиялынан шығарған көптеген өлең жазбаларды жоғарыда көрсетілгендердің барлығын жинақтап 1952 жылы Алматыдағы Ғылым Академиясының қолжазба қорына өткізеді, ол жайында ақын:

… Аяңдап 70 келді осы кезде,

Бөгет боп тоқтау салды көрер көзге.

Аяқ-қол, бел мен тізе бәрін жайлап,

Ұмытшақ, олақ болдық айтар сөзге.

Шаш-сақал, тіс пен түстен бейне кетіп,

Салсаң да түзелмейтін болды тезге.

Сұрамай көп ішінде сөз сөйлесең,

Деп айтар «мынау шалың нағыз езбе».

Қарттықты қабыл алып жайға отырсақ,

Не керек мұнан басқа енді бізге.

Жылында 52 сапарланып,

Себеппен Алматыға бардым анық.

Тапсырған бір аманат кітап жазып,

Беріп ем егесіне алып барып.

Жайымды жігіттері естіген соң,

Шақырды кеңсесіне хабарланып.

Бізге де осы түрлі сөз керек деп

Өтінді жазыңыз деп ортаға алып.

Деп айтты сөзің қалсын жасың жетті,

Сөз болса ескі, жаңа бәрі керек,

Қалдырмай жазыңыз деп білген кепті.

Бұрынғы шежіреде жазған едім,

Аннастан бермен қарай арғы текті.

Төрт адам комиссия тексергенде,

Бір мыңда бес жүз жетпіс қатар сөзден,

Шежіре, жазған сөзім біразы өтті.

Барынша бас тарихым түгел жазып

Меңліаяқ қолың қойып тамам етті.

Өткізген құнды жазбалары туралы:   

… Көп сөз бар бұл кітапта қарағанда,

Ақын бар жүзден артық санағанға.

Бәрінің сөзін теріп жаздым жинап,

Ғибрат сөз қалсын деп балаларға.

Артқыға сөз қалсын деп ақындардан,

Нақыл бар бұрынғы өткен даналардан.

Аз емес өз көңілімнен шыққан қиял,

Табылса ақылы кәміл балаларға.

Үш жігіт хикаяны жаздым бұрын,

Аңлатып кезіндегі заман түрін.

Айтысқан ақындардың түрлі сөзін,

Қалдырмай қолға түскен жаздым жырын.

Елдегі ескі, жаңа сөз керек деп,

Документ берді үкімет айтып сырын.

Талай сөз тапқанымды жаздым арнап,

Бермекке уағыда берді сөздің құнын.

1952 барған жылым

Аралап бүл кітапты оқысаңдар.

Тарихтан табарсыздар сөздің шының

Меңліаяқ – өзім атым, түбім – Алшын,

Ішінде кіші жүздін Байұлымын.

Артында іздеушісі болмаса әлгіндей құндылықтар ешкімге белгісіз болып тарихтың түпкірінде шаң басып жата беретініне көзіміз жетті. Сонымен ұрпақтары архивтен қолжазбаларының арасынан іріктеп алып 2000 жылы арада 50 жылға жуық уақыттан кейін баспадан «Меңліаяқ ақын мұрасы» атты кітап шығарып көпшілікке таратты.

Меңліаяқ Сәрменбайұлы көптеген Сыр сүлейлерімен қадамдас, қоныстас болып, олармен жиын-тойларда, астарда бас қосып, тәлім алып, сынасқан өнерлеріне куә болған. Сонымен бірге әйгілі Амангелді, Кейкі батырлармен үзеңгілес қарым-қатынаста болған. Белгілі жазушы Әбділда Тәжібаевтың, жаппас қалқаманның Жәдікбай тармағынан шыққан ақын Айыш қажы Шоқаманұлымен, ақын Нартай Бекежанов және керейт Әбдіжаппармен отбасымен аралас-құралас болған.

Әбділда Тәжібаевтың анасы Айманкүл ақын жаппастың үңгіт руынан, сол қайтыс болғанда Әбділдаға айтқан көнілқосы.

Әбділдаға

Арнаулы Меңліаяқтан айтқан көніл,

Әбділда, Сәдуақас, Сара келін.

Жас келіп жар басында біз отырмыз,

Саулықта білдірейін сөздің жөнің.

Алдыңда асқар белдей анаң өтті,

Шырағым, жабықпасын көңілдерін.

Арнайы өзіңе айтқан көнілқосым,

Жүрмесін, айтпады деп ана келін.

Жаралып жалғаншыға келгеннен соң,

Жол кесіп ізімізде жұр ғой өлім.

Ақыры Айманкүлдің жақсылық боп,

Бейіштен бұйырғандай болсын орын,

Тәртіппен анаң еді асыраған,

Жас қалып Тәжекемнен жасымаған.

Жаралып жалғаншыға келгеннен соң,

Жазмыштан кете ала ма асып адам ?

Туған соң өлмек рас ойлансаңыз,

Әуелде болғаннан соң асылы адам.

Келатқан өлмей сірә, ешбір жан жоқ,

Езіліп, кімнің жаны ашымаған.

Оқ тиіп, оң бүйірден ойсырайып,

Дос емес дос жарасын қасымаған.

Жалыны шалқып жанған кздескен соң,

Тиеді досқа ұшқыны шашыраған.

Су сепкен қанатымен қарлығаштай,

Хат тисе келгендей көр, қасыңа ағаң.

Тілектес ғайыбана дұғадамыз,

Еткей, – деп,- қалған жанның басын аман.

Облысым – Қызылорда, Меңліаяқтан,

Ойлы сөз осыменен болсын тамам.

Керейт Әбдіжаппар Қарақалпақстан елінде баласының қолында тұрған, Меңліаяқпен хат жазысып отырған.

Әбдіжаппардың хаты

Меңліаяқ, Оспанменен жаздым, қалқам,

Өқшелес шырақсыңдар туған марқам.

Аман-сау ағайынмен қауышсам деп,

Сол еді ойымдағы бұрынғы ынтам.

Бұл мақсат түгелімен орындалып,

Болымды жал-жаядай жеген жаңқам.

Халықты қала-дала қауыштырып,

Ойға алған қабыл болсын, алған батам.

Жалпы халық жамырқасып көріскенде,

Егілді жүрек-бауыр, жұлын жұтам.

Сары қымыз сапырулы, сойылып мал,

Қос жырау жер күңірентіп ән салған.

Жарықтық Әбекең деп айтып жатыр,

Көргендер, көрмегендер болып аң-таң.

Иіліп, рұқсат сұрап қайтқандар көп,

Барасыз біздікіне дейді қашан.

Қайғысы халқы бардың болмас деген,

Осы екен шүкір аққа дедім «Әлхам»

Екінші тағдыр қосып қауышқанда,

Болады кімдер тірі, кімдер аман.

Талапты тағдыр Алла қабыл етсе,

Жуыма дүнияға деймін маңнан.

… Отанға қуат барда қауыштыр деп,

Күнделік сағат сайын қайғы жұтам.

… Саулықпен қауышалық дегенді айтып,

Әбекең сөз артына қолын қойған.

Меңліаяқтың Әбдіжаппарға жазғаны

Әбеке, ауыл-аймақ аман ба елің,

Отбасы балаң менен саума келің.

Бірінші числода жазған хатың,

Қолыма он тоғызда тиді менің.

Хал жағдай өзің көрген қалыптамыз,

Елдегі аға-жеңге аман төлің.

Халық-нарық бір қалыпта жүріп жатыр,

Айтарлық бөтен сөз жоқ, жаздым жөнін.

Оспан да отбасы аман, орнында отыр,

Құрметпен аттандырып келгендерін.

Қүләйда уақыты жақсы, көңілі шат,

Қалайды келгеніңді ол да сенің.

Деген бар «отыз ұлдан осырақ шал»,

Осылай көрініп тұр жөнің сенің.

Арзулық ахуалына көңіл бөліп,

Меңліаяқ сөз артына қойды қолын.

Әбділда Тәжібаевтың анасы Айманкүлдің Нартай Бегежановқа жазған хаты

Хат жаздым жауабыңа Нартай ақын,

Әлемге ақындықпен кеткен даңқың.

Әдейі маған арнап хат жазыпсың,

Кәдімгі жақындықтың қылып салтын.

Нартай-ау, сенің жазған хатыңды алдым,

Сөзіңе ықыласпен назар салдым.

Хатыңнан туған жердің иісі келіп,

Жасарып, гүлдей жайнап, шамдай жандым.

Аман ба бала-шаға, іні-ағаң,

Өзіңнің қалыпты ма алған бағаң.

Колхозың, совхоздарың, шаһарларың,

Аман ба Сыр өлкесі бәрі тамам.

Саламат көргеніңдей жүрміз біз де,

Кегеннің ауданынан келдім тезде.

Ұлықтар командировкеге жіберіпті,

Әбділдә Қарғандыда осы кезде.

Смағұл армияға жүріп кетті,

Бұл кезде Ашхабадқа барып жетті.

Ілімін лейтенанттың алты ай оқып,

Бармақшы сонан кейін ертіп көпті.

Білсеңіз Нартай ақын жайым осы,

Хатпенен хабарласқан болар досы.

Халық үшін, Отан үшін қапа шегіп,

Зәредей болған емес көңіл қошы.

Ойласаң мұны жазған қандай адам,

Біз жаққа өлеңменен қойған қадам.

Айманкүл – халық ақыны менің атым,

Осымен сөз аяғы болсын тамам.

1942 жыл, Алматы қаласы.

Өсиет сөз

Ңазыңды қысылғанда жер көтерер,

Болмаса туысы бір ер көтерер.

Жоқшылық жомарт ердің қолын байлар,

Жоқ болса құр талпынып не бітірер.

Наз бедеу аса жүйрік топтан озған,

Шек тайып жүдеу тартса не көтерер.

Жабының торсық аяқ жалы болса,

Боранда, қысқы аязда тер көтерер.

Дау келсе ел шетіне қалың думан,

Болса да жаман-жақсы бас көтерер.

Басына бақыт қонып жоғарыласаң,

Деген бар досың түгел, жау көтерер.

Асқар тау аты шыққан биік төбе,

Алғанмен қанша қазып кем болмайды.

Бір басшы мың қосшыға деген нақыл,

Басшысыз әр кез сірә ел оңбайды.

Қас батыр, қас жолдасың жауға бермес,

Ер жігіт ел намысын қолдан бермес.

Ар-намыс жазатайым кетсе қолдан,

Орнына оңайлықпен қайтып келмес.

Туысы ер жігіттің болса жаман,

Басқаны бас пайдадан аңық білмес.

Көтеріп өзің-өзі білімді боп,

Бөтенге сөйлер сөзге орын бермес.

Биліктің ізіменен соңына ерсең,

Қалыспай қатарыңан тең боласың.

Би болсаң бас-басыңа сөз қуалап,

Кер кетіп қатарыңнан кем боласың.

Аңдысып ауызың ала бола қойса,

Қор болып көрінгенге жем боласың.

Ауызың ұйым болса, ел боласың,

Айбатты асқар таудай бел боласың.

Ел қамын әділдікпен көп ойласаң,

Жалпыға жақсы атанып жөн боласың.

Орындап осы айтқаннан шықпаған соң,

Мұздаған іске аспайтын көн боласың.

Меңліаяқ Сәрменбайұлы, 1953 жыл

Қызылорда қаласы

Амандық хабар, сәлем хат!

Дендеріңіз сау жүр ме,

Балалар, бәрің саламат!

Орындалар ойдағы

Тәнде жан жүрсе аманат!

Қажытып қарттық жеңбесе,

Кешіңдер болса сөз қалад.

Қалам-қағаз қолға алсам,

Қимылдап тілім қозғалад.

Үлгілі жүйрік ұл болса,

Топтан озып олжа алад.

Балалар отыр бәйгеде,

Тілектес қартың көз салад.

Бәріне арнап жазамын,

Көңілім ашық тазамын.

Ортаңа ортақ сөз барад,

Қызылорда халқынан,

Меңліаяқ деген қартыңнан.

Айттым сәлем бәріне,

Қараңдар сөздің дәміне,

Доғардым артын тамамат.

Кел, Меңліаяқ, қиял ойлан

Кел, Меңліаяқ, қиял ойлан,

Шығар, сырды ақыл-ойдан.

Ақылсызға айтқан сөзің,

Ойланбаса болар ойран.

Жазсаң жарар біліп дастан,

Жазып кал, сөз өтпей бастан.

Балаларға насихат жаз,

Дәуір өтті, жыл ауысқан.

Қауіп-қатер жолы нәзік,

Әркім мінген ағаш аттан.

Тұрымтай мен Қуанышкүл,

Ғылым сөздің қадірін біл.

Айтқан ақыл есіне алсаң,

Оның асылы – бір қызыл гүл.

Заманына тура келді,

Сайрасаңдар болып бұлбұл.

Ғылым егесі ұстазыңның,

Айтқаның қыл, айтқаның қыл!

Меңліаяқ Сәрменбайұлы – туып-өскен, өмір сүрген елінде сөз жоқ ақын, шежіреші, көреген құймақұлақ, халқының жанашыры ретінде танылған тұлға. Ол ұлтымыздың тарихына, әдет-ғұрып, сән-салтанатының сақталуына аса мән берген, оны іс жүзіне асыруға қам жасаған. Ертеден ел арасында қалған әнгімелерге қарағанда, торқалы той, халық мейрамдарында байлар байлығын жайып көрсеткенде Меңліаяқтың жағдайы да алдыңғы шептен орын алып отырған дейді, тіпті кемпірі мен қызы алтын кебіс киіп шығатын деп те қоятын. Қырға қарап көшкенде Арқа жұрты жаппастар көшін әрдайым қызығып қарсы алады екен, «жаппастар көші» келе жатыр деп хабар таратып, дайындалып әуре-сәуре болатын деген әнгімелерді талай естігенбіз, сондай әсем көшті бастаған Меңліаяқ көші екен.

Көзі тірісінде ол керемет сәнді жылтырақ шапанды, 40 литрлік екі адам көтеріп жүретін ақ самаурынды, оюланған қымыз құятын ағаш тегешті ожауымен қаладағы мешітке табыс етіпті, оның көздегені ұлттық мұра болып қалсын деген ой ғой. Ал әлгі әдемі шапанды мешіт имамы намазды жамылып тұрып оқыған дейді.

«Жақсының жақсылығын айт, мерейі тассын» дегендей Мекең жайында ел арасында осы күнге дейін оның жасаған жақсы істері аңыз әнгімеге айналған.

Жаппас үңгіт Мәмбет ақынның Меңліаяқ қайтыс болғанда

інісі Орынбасарға көңіл айтқаны

Ей, Меке, бір белі едің Қаракөздің (жаппастың)

Аузыңнан бәрі нақыл айтқан сөздің.

Кісіге сайраңдаған кең өрістей,

Қолға алдың қажет етіп жүзін сөздің.

Кез келіп қол алғанда сәлемдесіп,

Қапасын шығарушы ең көніліміздің.

Ағайын азғанына ақылыңды айтып,

Белгілі қамқоры едің сіз бен біздің.

Жалғаннан кетті сол ер пахы жайға,

Жарық қып жәннәт етсін алдыңыздың.

Сөзіме құлағың сал, Орынбасар,

Деп жүрген жігіт едің пайдаға асар.

Мекеңдей алдыңдағы ағаң кетіп,

Бұл күнде болды қалқам халың нашар.

Халықтың арасына қамқор ойлап,

Ер қайда өндір туған басын қосар.

Кісіге өз қатарың ақыл айтып,

Басыңа есен жүрсең сол жарасар.

Аз ғана жазған аңсап ағаң Мәмбет,

Белгісі шың достықтың жоқ қарасар.

1955 жыл, Қызылорда қаласы

Қорыта келгенде Сыр топырағында өмірге келген Меңліаяқ Сәрменбайұлы қайшылыққа толы заманда өмір сүріп, қуғынға ұшырап, зардабын шегіп шығармашылық таланты толық ашылмай, дарыны таңылмай қапыда өтті, көптеген жазбалары саясат шаңына көмілген. Дегенмен халқы және келешек ұрпақтың ертеңі үшін сіңірген еңбегінен, азаматтық өрелі істерінен жас ұрпақ өңіріміздегі белгілі бабаларымыздың қатарынан Меңліаяқ ақынды да танып, біледі, оның өмір жолынан сусындап ой түйеді, олай деуге толық негіз бар деп ойлаймын.

Амангелді  Дәрменбаев,

Еңбек  ардагері,

Қызылорда  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: