Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сталиннің ұлы Яков туралы шындық

07.08.2020, 13:35 1117

HALYQLINE.KZ

Яков Джугашвилиді 1908 жылдың көктемінде Сталиннің бірінші әйелі Екатерина Сванидзе туды. Ол кезде бірінші орыс революциясы жеңіліп, революционер Иосиф Джугашвили астыртын жұмыста жүрген кезі еді, кейін тұтқындалып, Я.Свердлов пен Ф.Голощекинмен бірге Турханға жер аударылған болатын. Ұлы Яковты тек Кеңес өкіметі орнағасын ғана көрді. Анасы Яковтың алты айлығында қайтыс болып, анасының сіңлісі Александраның тәрбиесінде екендігін біліп қайтады. Тифлиссте мектепте оқып жүргенде 1921 жылы Яков әкесіне қонаққа келіп, біржолата қалып қойды.

Бұл кез Сталиннің өзінен екі мүшел жас кіші Надежда Аллилуеваға үйленген кезі еді, баласының келгеніне қуана қоймаса да, жібермей алып қалды. Екінші әйелінен туған Василий мен Светлана Сталин деген фамилияға жазылса да, Яков есін біліп қалғандықтан «Джугашвили деген фамилиямен қаламын» деді. Мектептен соң Рабфакты бітірген Яков Ленинградтағы техникалық институттың механика факультетінде оқып жүргенде үйленіп, ажырасып кетті. Жиырмасыншы жылдардың аяғында Москваға келіп транспорт институтына оқуға түседі де, екінші рет үйленіп, тағы да ажырасып кетеді.

1935-1937 жылдары заводта инженер болып жұмыс істейді. Дзержинский атындағы артеллерия академиясына оқуға түседі. Одесса қаласынан гастрольге келген биші, ұлты еврей Юлия Исакқызы Мельцерге үйленіп, Галя есімді қызды болады.

1941 жылы соғыс басталған күні Яков әкесіне телефон соғып, майданға аттанатынын айтқанда әкесі: «Бар да соғыс» деп, қысқа жауап қайтарады.

1941 жылдың 16 шілдесінде аға лейтенент Джугашвили Витебск түбінде соңғы снаряды қалғанша соғысып, тұтқынға түседі. Қара шашы мен қасына қарап еврей деп атып тастайын деп жатқанда, тұтқындар арасынан сатқын шығып: «бұл Сталиннің ұлы» деп көрсетеді.

1941 жылдың 18 шілдесінде «Орталық» армия тобының қолбасшысы фельдмаршал фон Боктың командалық пунктінде Яковты авердің барлаушысы майор Вальтер Холтерс бірінші рет жауап алады. Екінші рет жауапты генерал-фельдмаршал Гюнтер фон Клюге штабының капитаны Штринфельд жүргізді. Мұндай мүмкіндікті фашистердің бас идеологы, доктор Геббельс пайдаланды.

Яковтың неміс офицерлері арасында түскен суретін үнпарақ (листовка) түрінде таратты, онда былай делінді: «Қызыл әскерлер! Бұдан әрі қарсыласу ақылға сыймайды. Осыны түсінген Сталиннің ұлы аға лейтенант, 14 бронетанк дивизиясының 12 гаубицалық артеллерия полкінің батерия командирі Яков Джугашвили өз еркімен тұтқынға берілді. Бұл герман армиясына көрсетіліп жатқан қарсылық ешбір мақсатсыз екенін көрсетеді. Сондықтан соғысты тоқтатып, барлығын бізге өтіңдер!».

Барлық суретте Яков объективке тура қарап түспегендіктен, сурет жасырын түсірілгенін, Яковтың сатқын емес екенін әкесіне арнаулы мамандар түсіндіргенмен, Сталин НКВД басшысы Л.Берияға арнаулы топ құрып, Яковты Германияға алып кетпей тұрғанда көзін құртуды тапсырады.

Мұндай қауіпті сезген СД қауіпсіздік қызметі Яковты Берлинге Геббельс қызметінің қарауына жіберіп үлгіреді, бақылау гестапоға жүктелді. Яков бастапқы уақытта байырғы грузин контрреволюционерлерінің арасында «Аделон» отелінде тұрды. Бұл жерде, яғни қандастарының ортасында оның көзқарасын өзгертіп, Қызыл армияның сәтсіздіктерін көрсету арқылы өздерінің жағына шығармақшы болды.

Өз отанын сатпайтынына көздері жеткесін, 1941 жылдың желтоқсанында Яков Хаммельбергтегі «Офлаг» ХІІ-Д офицерлер лагеріне ауыстырылды. Бұл жерде аштық пен азаптаудың неше түрін көрді. Яков әскери тұтқындар арасында қашуға біртіндеп әрекет жасай бастағанмен араларынан сатқын шығып жолын кесті. Яковты Нюренбергтегі ХІІ-Б лагеріне ауыстырды. Бұл жерде де, аштық пен азаптаудан өтеді. 1942 жылдың 4 мамырында оны Любектегі «Офлаг ХС» офицерлердің халықаралық лагеріне поляк секторына ауыстырады. Бұл жерде де лагерь басшысы полковник фон Захмостер ұйымдастыруымен оған «Өңдеудің жаңа әрекетін» қолданады. Яковтың өзіне арнайы дайындаған Кеңес Одағындағы газеттер ұсынылды. Ол газеттерде Сталиннің «Бізде тұтқындар жоқ, тек сатқындар бар» деген сөзі, әйелі Ю.Мильцердің тұтқындалғаны жазылды. Бұл шындық еді, тұтқынға түскендердің туған-туыстары тұтқындалатын, келіні Юлияны түрмеге жапқанмен, немересі Галяны атасы өз қолына алды. Лагерьдегі ұлты поляк Мариан Венцлавич былай деп еске түсіреді: «Яков немістерге ешқандай мәлімдеме жасамады. Егер тірі қалсаң Отаныма, әкем Иосиф Сталин атына ешқандай кір келтірмегенімді жеткіз» деп тапсырды. Поляк офицерлерімен бірге қашу әрекеті сәтсіз болғасын Яковты Заксенхаузен өлім лагерінің ерекше «А» бөліміне ауыстырды.

Сталинград түбінде тұтқынға түскен фельдмаршал Пауюске Яковты ауыстыру мақсатында Швециядағы халықаралық Қызыл Крест төрағасы граф Бернадот арқылы герман командованиесі жіберген хабарға Сталин «Солдатты маршалға айырбастамаймын» деп жауап қайтарды. Бұл хабарды да Яковтың сағын сындыру үшін әдейі естіртті.

Заксенхаузен лагерінде Яков тұтқынға түскен 4 ағылшын ұшқыштары Мерфи, Уоми, Брайем, Кушингпен бірге болады. Яковтың олармен арақатынасы нашарлап, төбелесіп қалып жүрді. 1943 жылы 14 сәуірде кезекті төбелесте Яковты соққыға жығады. Мұндай қорлыққа шыдамаған Яков баракқа кіруден бас тартып, лагерь комендатын шақыруды талап етеді. Талабы орындалмаған соң қызу қанды тау халқының батыр ұлы электр тоғы жүргізілген тікенек сымға өзі барып түседі.

Гестапо мен СД қауіпсіздік қызмет органдары Яковтың қаза болғанын жасырды. Олар бұрынғыша үнпарақ-листовка таратуын тоқтатқан жоқ, екіншіден, КСРО-дағы неміс тұтқындарын жазалау шараларынан қорықты. Ол Сталиннің қолынан келетін еді, 1941 жылы Москва түбіндегі Петрищево селосында 18 жастағы Зоя Космодемьянская тұтқынға түскенде фашистер оның арқасын қос қолды арамен тілгілеп, тырнағын жұлып, екі төсін кесіп азаптап болғасын аязда дарға асқан болатын. Селоны азат еткен соң дардан түсіріп суретін Сталинге көрсеткенде «қанға – қан» қағидасымен бұдан былай немістерді тұтқынға алмай атып тастауды бұйырған болатын. Соғыстың қайғылы шындығы осында жатыр. Соғыста КСРО-дағы 160 млн. адамның шығыны 27 млн. болса, 40 млн. неміс халқының  шығыны 13 млн. адам болды.

Осылайша грузин халқының батыр ұлы Яков Джугашвили әскери антына адал болып қаза тапты.

Бақытжан ТҮМЕНБАЙ,

тарих пәні мұғалімі,

Қазалы ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: