Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шындық бәрінен қымбат

13.08.2020, 15:55 1605

HALYQLINE.KZ

Платон – досым, бірақ шындық бәрінен қымбат.

Аристотель.

1. Домрул- Домбауыл дыңы.

Қазақ археология мектебінің негізін салушы Ә.Марғұлан төмендегіше жазған. «Қияттар – қыпшақтармен, қоңыраттармен, алшындармен, арғындармен және т.б. қосылған ғұндардың ұрпақтары, олар Алтайдың қол жетпес жерінде мекендеген, оның атауы Ергене-Коң. Кейінірек қияттар, қыпшақтар, қоңыраттар Орталық Қазақстанның кең даласын мекендей бастаған. Қияттардың басшыларының бірі Домбауыл болды, оның құрметіне Кеңгір өзенінде (VI-VII ғасырлар) кесене тұрғызылды. (Шығармалары, 9-том, А, 2011, 298-б).

Қорқыт ата кітабын қазақ тіліне аударған ғұлама ғалым Ә.Қоңыратбаев «Ер жүрек Домрул батыр жыры» туралы төмендегіше түсіндіреді.

«Бұл сюжет антиисламдық сарында туған. Сусыз өзенге көпір салып өткеннен 40 теңге, сулы өзенге көпір салып өткеннен 30 теңге алатын Домрул (Доспанбет өлеңіндегі аты Домбауыл, мазары Жезқазғанда) қара күштің батыры… Домрул тайпасы осы кезде түркімен ішінде, оларды қарадүмір дейді. Кіші жүз шөмен ішінде қаратамыр дейтін ру бар. Оларды шөмендер әйелге еріп келген бала дейді. Шөменнің аспан, бозғыл дейтін рулары «қаратамыр өзің үшін бозғыл бол» деп, асырап алған деседі. Сюжет сырда туған. (Қорқыт ата, А,1999, 464-б).

Ал, Қ.Ахметов авторлығында акылдастар алқасы шығарған (Ұлытау, Ас, 2006) кітабының 88-бетінде төмендегіше жолдар жазылыпты.

«Ел ішінде «дің», «дың» деп аталатын ескерткіштер осы Домбауыл кесенесі үлгісіндегі жәдігерлерге қаратыла айтылады. Қозы Көрпеш-Баян сұлу кешені де осындай құрылыс. Ә.Марғұланның айтуынша, дыңдар Қазақстанда Торғай, Кеңгір өзендері бойында көбірек кездеседі. Бұлардың барлығы Орта Азияға мұсылман діні таралғанға дейін VI-IX ғасырларда тұрғызылған ескерткіштер (185, 7-9 бб, Герасимов Г.Г Памятники архитектуры долины реки Кара-Кенгир в центральном Казахстане. А, 1957)».

Білікті архитектор ғалым Г.Г.Герасимовтың жоғарыда аталған еңбегі қазақ тіліне аударылмаған. Автордың сөзінше өзге «дың» тәріздес ескерткіштердің алғашқыларының бірі есептелетін Домбауыл кешені жайлы жазбалар кітапта үш бет көлемде.

Ескерткіштің құрылыс материалдары 3-4 шақырым қашықтағы Кеңгір өзені арнасындағы карьерден жинақталған сұр-қызғыш түсті, көлемі 20х30х4 см және 30х60х6 см қалақ тастардан тұрғызылыпты. Ғимараттың табаны төртбұрышты трапеция тәріздес 3,90 м, 3,45 м, бүйір қабырғалары 9,20 м, 3,05 м, биіктігі 5,85 м, көшпенділердің киіз қара үйіне ұқсас. Оңтүстікке қараған 1,20 м биіктіктегі 4 басқышы бар есігі, қабырғаларының қалыңдығы 2,3 м және 2,5 м болған. Ғимараттың ішкі еденіне ұнтақ тастар төгіліп, беті қалақ жалпақ тастармен жабылыпты. Еден астында марқұмның мазары болған, көмбе асыл тас байлығын іздеушілер 1,15 метрге қазып бүлдіріп тастаған, оның солтүстік қабырғаға зиян келтіре бастаған. Еденнен 2,75 м биіктікте айнала қабырғаларға ұштары 50-60 см ортаға қарай шығыңқы ағаш балкалар қаланып, үстіне жалпақ қалақ тастар төселген. Автордың пікірінше, осы сөре кезінде діни әдет-ғұрып жоралғыларын өткізу үшін жасалған.

Ғимараттың айналасында тастармен жабылған мазараттарға ұқсас аздаған төбешіктер болыпты. Қоршаудағы отбасылық жерлеуге арналған орны да бар екен. Жергілікті аңыздарда Домбауылды Шыңғысханның қорғаушысы және музыканты, екінші аңызда Алаша ханның Жетік хан атты аңшылықта жабайы құландар өлтірген баласы үшін кек алушы батыр деп айтылған.

Әйтсе де, Герасимов ол аңыздар шындыққа сай емес, Домбауыл ескерткіші Қараханидтер дәуірінен бұрынғы VII-IX ғасырларда оғыз-қыпшақтар заманында тұрғызылған деп анықтаған.

Осы ескерткішке Француз королі 9-ші Людовиктің дипломатиялық елшілігі басшысы В.Рубрук экпедициясы 1253 жылы күзде Монғолияға барар сапарында соғып өткен, аралаған жерлері географиясына, тайпалар тарихына, этнографиясына көңіл бөліп зерттеулерін жүргізген, көнекөз тұрғындардан аңыздарын жазып алған. Олар қияттардың басшыларының бірі, киелі әулие Домрул-Домбауыл құрметіне тұрғызылған дың VI-IX ғасырларда орнатылған деген ұйғарымға келген. Академик Ә.Марғұлан шығармасында В.Рубруктің «Путешествие в восточные страны» (Перевод А.Малеина, СПб, 1911) кітабына сілтеме жасалып Домбауылға қатысты жазып алынған аңыз мәтіні келтірілген (9-т, А. 1999, 298 б.)

Алайда «Уық шаншылған Ұлытау» (А., 2017ж) кітабы-альбомында ҚР мәдениет қайраткері, журналист С.Тлеубаевтың «Домбауыл – даламыздың өз ұлы» атты мақаласы басылып, онда жоғарыда айтылғандардан мүлдем өзгеше жайттар баяндалған.

Атап айтқанда, Домбауыл Шыңғысхан мен Жошының сарай мергені болған, ол Кетбұқа жырау мен Келбұқаның әкесі, найманның Теріс-таңбалы тайпасына жатады, Жошыдан соң өмірден өткенде ел оған арнап кесене тұрғызған деп жазған. Автор, архитектор Т.Басеновтың ескерткіштің «құрылыс жүргізілген уақыты XVI-XVIII ғ.ғ сай деп есептеуге болады, өйткені сол заманда жоңғарлық қалмақтар жағынан жиі болған шабуылдарының кесірінен ұзақмерзімді жұмыстар (кесекті күйдіру, қалау және т.б.) мен ескерткіштерді көркемдік әшекейлеу мүмкін болмаған» деген болжамын басшылыққа алған (Қазақстан архитектурасы, 2-том, А, 2010, 20 б.). Есесіне, архитектордың алғы сөзіндегі «Қазақстан архитектурасының тарихи жолы осы күнге дейін толық зерттелмеген… бұрынғы архитектураның ролі анықталмаған…» деген пікірлеріне мән бермеген. Автор С.Тлеубаев архитектер Б.Глаудиновтың «Г.А.Пугаченкованың мұнаралардың шығу тегін солтүстік ортаазиялық мазар-ғимараттармен байланыстыратын пікірлермен келіспеуге болмайды. Сондықтан жоғарыда айтылғандай мұнаралы кесенелер б.з. I-ғ оғыз-қыпшақ ортасында қалыптасқан» деген нақты тұжырымдармен (Қазақстан архитектурасы, А, 2012,8-т,42 бет) бейтаныс болған сияқты. Оның үстіне беделді шетелдік ғалым Диц «бұл форма түрік халықтарының мата шатырларынан, ал Саладен-зороастриялық дахмадан келген» (8-т. 47 б.) деген тұжырымдары да академик Ә.Марғұлан зерттеулерімен сай келетінін айтар едік.

В.Рубрук экпедициясы сарапшыларының «Домбауыл дыңы» ескерткішін зерттеген мерзімі 1253 жылы күзде өткендіктен журналист С.Тлеубаев мақаласында ғимараттың тұрғызылу мерзімін одан 10-15 жыл бұрынғы және Жошыхан өлгеннен соңғы 1230-1245 жылдары өткен деп өз ыңғайына бейімдеп тұжырым жасаған сияқты.

Шежіреші қарт  Әз Мухаммед Нәбиевтен үзінді келтірейік… «Ақсұлу әулие келін атанған. Дәл осы кезде Ел-атаның ұлы Серікбайдың балалары Кетбұқа мен Келбұқа ел билеген. Тозған елді тірілтіп «Тоғыз таңбалы найман» дәрежесіне жеткізген. Жиырма ауылдан соң Ақсұлу келін Кетбұқаға кісі салып, енді әрқайсысына енші үлестірсін деген: Төлекатайдың төрт ұлы, сары-жомартпен бес, балталымен алты, көкжарлымен жеті, бурамен сегіз, бағаналымен тоғыз. Кетбұқа осы бағаналыдан. Тоғызыншы, белгі жетпей қалғандықтан, таңбаны теріс салып, содан бағаналы «терістаңбалы» атанып кетті… Кетбұқа терістаңбалы-найманның ноқта ағасы, оның еншісі тоғыз ұлға ортақ. Өзіміз осы күнге дейін олардың шаңырағына сәлем бермей өтпейміз», – деді. Ғылым докторы Т.Жұртбаевтың жазуынша «Қарияның бұл таратуы Мұхамеджан Тынышбаевтың, Н.Мыңжанұлының шежіресімен дәлме-дәл келеді» екен. («Дулыға» А, 1994, 350 б).

Ресми монғол, қытай тарихында Домбауыл аталмайды, аңыз-әңгімелер мен көркем әдебиеттердегі мәліметтер болса шындыққа жанасады деуге болмас.

2. Қарахан әулеті жайлы сөз.

Академик С.Р.Клящторный: «840 жылы Жетісу түркілеріне қарсы шабуыл жасап, Исфиджапты жаулап алған әміршінің аты Хук ибн Асад екені анықталды. Гардизидің айтуы бойынша, қарлықтардың жабғысы дәл сол жылы қаған атанған. Деректердің арнасы тоғысып, мынадай тұжырым жасауға мүмкіндік береді: «840 жылы қаған атағын алған бірден-бір адам – қарлықтардың жабғысы, қараханилар әулетінің негізін салушы Білге Құл Қадыр қаған («Шығыс Түркістан орыс саяхатшыларының көзімен», 46-бет).

Араб тарихшысы Мұхаммед Әл-Масуди: «Қарлықтардың өз ішінен шыққан қағандардың қағаны бар, ол барлық түркі тайпаларына үкімін жүргізеді, ал оның арғы атасы Афрасиаб пен Шона (Ашина-Көкбөрі) еді» деп мағлұмат береді (Т.Жұртбай, «Дулыға», 2 т, 167-б). Одан әрі: «Алайда Қадыр қаған тақта ұзақ отырмады. Ол өлгеннен кейін ұлдары Базыр Арыслан қаған мен Оғылшақ Қадыр хан таққа отырды. Осы Оғылшақтың немересі Сатық-Боғра қаған 915-955 жылдардың арасында Саманидтер әулетінің күшіне сүйеніп, бүкіл қағанатты ислам дініне енгізді. Сатықтың ұлы Мұсаның тұсында қағанаттың қанаты кеңіп, Әмударияға дейінгі жерді өзіне қаратты» (169-б).

«Тауарих Хамса» кітабының авторы Қ.Халид Сатық-Боғра қаған жайлы: «Мударрис Аалам ахун айтады: Түркістан жаппай Сатық Бухрахан алдында исламға енді, өйткені «иннә әууәлә мән әсләмә минәт-турк ә-содук» – түріктен әуелі исламға енген Сыдық деп осы Бухрахан туралы айтылған деді. Түркілердің мұсылман болуы Бухраханнан бұрын болса да Бухрахан заманында ислам дамып гүлденген. Сол себепті бұған «әуелгі» аты берілген. Сыдық Бухрахан өз аты Дарун, әкесінен жас қалып, шешесінің ағасы Ғарун Бухрахан алып, соның тәрбиесінде өскен. Мұсылман болғанда Дарунның атын дін басшылары «Сыдық» қойған (А, 1992, 34-35 б.б).

Оңтүстік Шыңжан өңірінде сопылық ілімінің таралуы жайлы автор Е.Райханұлы: «Сатұқ Боғрахан (933-955) жылдары билік жүргізген, суфизм таратушы нышапуралық Әбул Хасен Мұхамед Караматынның уағыздауымен ислам дінін қабылдады. Осыдан бастап Шыңжанда тарала бастады». («Ұйғырлардың қысқаша тарихы», 1-том, Ұрымжы, 1981, 67-б).

Ал, Академик В.В.Бартольд төмендегіше жазған: Сатук Бограхан Абдулкарим (Абд Әл-Кәрім) (915-955) – Қарахан мемлекетінің билеушісі. Арслан хан Базирдің баласы. Ол Қарахан әулетінде бірінші болып ислам дінін қабылдады. Самани әулетінің қолдауымен нағашысы, бас қаған Оғулчак Қадыр ханға қарсы шабуыл жасады. 942 ж. Баласұғынды, «сенімсіз түріктер» басып алды. Сатук Боғрахан Абд Әл-Кәрім көп кешікпей Баласұғынды қайтарып, Қашқарды да өзіне қаратты. Оның баласы Арслан хан Байташ Мұса 960 жылы исламды Қарахан қағандығының мемлекеттік діні деп жариялады. Мұса исламды қорғау мақсатында Хотан мен Мауреннахрға шабуыл жасап, Қарахан аймағын Амударияға дейін кеңейтті. Оның өмірін суреттейтін «Тазкира и-Боғрахан» атты еңбек жазылған. Әдебиеті: Бартольд В.В, Бограхан, соч.т.2. ч.2 М,1964. (ҚСЭ, 10.т, А,1977. 52 б.).

Белгілі ғалым, жазушы Т:Жұртбай төмендегіше жазады: «Білге Құл Қадыр қаған негізін қалаған қарлықтардың қараханилар әулеті түркі тарихында елеулі із қалдырды. Ол туралы әртүрлі алыпқашты пікірлер айтылып жүр. Алайда тарих ешкімнің бұрмалауына көнбейді. Тек шындықтың жолы ақиқатка жетелейді». (Дулыға, 2-т. А;1994 ,170 б.).

Ойымызша, тарихшы ғалымның осы жазған пікіріне себеп болған, 1992 жылы Түркістан қаласында 1000 данада офсеттік тәсілде, редакторы С.Саттаров деп көрсетілген А.Йассауидің ағасы Садыр шайхтың немересі Сафи ад-дин Орын Қойлақының атынан XIII-ғасырда жазылған деп есептелетін көлемі екі жарым баспа табақ «Насаб-нама» шежіре кітапшасы еді. Кітапшадан үзінді келтірейік.

«Андыны узул Қашғар елларыға бардылар. Қашғарда бір марра тарса падшаһ бар ерді. Аты Мункузлуг Бұғра хан ерді. Тарсача аты Бохтан ерді. Аның бірла тоқуш қылдылар. Бохтанны 60 мың тарса бірлан өлтурділар. 10 мың мұсылман шахид болдылар. Абд ар-Рахымны Қашғарға қойдылар. 30 йыл падшаһлық қылды. Арығлық Иағачда Бұғра хан атанды» (26-б).

Шығарушылар алқасының мәліметінше «Насаб-нама» шежіресі 1988 жылы Жаңақорған ауданының тұрғыны Саруаров Қуандық ақсақалдан табылған. Шежіренің ені 25 см, ұзындығы 7 м қалың қағазға жазылыпты. Шежіренің бас жағында дөңгелектеп салынған үш таңба, дұрыстығын куәлендіретін бірнеше мөр соғылған екен. Шежіре XIX ғасыр ортасында көшірілген деп болжалданған, ондағы оқиғалар тізбесі 24-33 беттердегі көлемді алған. Шежіре иесі танысу және суретке түсіріп алу үшін ғана берген. «Насаб-Нама» жазбалары Қарахандар династиясы Бұғра хан атанған Абд ар-Рахымнан басталатынын мәлімдейді.

Насабнамада көрсетілген оқиғалардың басталуы, аяқталуы мерзімдері аталмаған, баяндаушы өткен тарихтың шындығы уақытпен айқындалатынын ескере бермеген. Осыған орай, автор Сейт-Омар Саттарұлы тапсырыспен 2007 жылы «Абд ул-Жалил баб (Хорасан ата)» атты тарихи-құжатты танымдық кітап жазып шыққан. Ол жайлы кітап соңында автордың өзі қысқаша өз ойын білдіріп кеткен. «Ел жадында сақталған айтты-айттыға көп адамның сене қоюы және қиын. Ал дін жолы, пайғамбарлық, әулиелік жол өте күрделі, кей кездерде тіпті адам сенгізсіз оқиға, мужиза кереметтерге қайырылуға, сол жайларды жазу ғана емес, дәріптеуге тура келеді» (513-б).

Қазақ жеріне ислам орнықтыруға келгендердің соңғы легі ішіндегі Ысқақ баб, Абд ұл-Жалилбабтардың өз мақсаттарын көбінесе бейбіт жолмен үгіт-насихат арқылы іске асырғандары нанымды. Ол кісілердің аймағымызда мешіт-медреселер тұрғызғаны, ауру-сырқауды емдеумен айналысқандары да айтылады. Ан-Наубахтидің «Шиалар» және ан-Надимнің «ал-Фихрист» кітаптары деректерінде (Ысқақ ат-Түрік) аталған Ысқақ баб пайғамбарымыздың қызы Фатимадан туған ұлы Әл-Хусаин әулетінен шыққандағы және Әбу Мүсілімнің тапсыруы бойынша түркілерді ислам дініне кіруге үгіттеп жүргендігі де сөз болған.

Жазушылардан Дулат Тұрантегі, Бұлытай, т.б. аталған хазіреттің ислам дініне халықты тартуы бейбіт жолмен іске асырғандықтарын өз шығармаларында жазып жүргендерін де оқып жүрміз.

Ал, Сейт-Омар мырза кітабындағы пікірінде филология ғылымының докторы, профессор, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты М.Мырзахметов: «Автор Қарахан әулеті жайлы сөз қозғағанда ағайынды үш арыстың бірі Әбдірахым баб Қашқарды билеп, Табғаш Сатұқ Бұғры Қарахан атанды деген тұжырымы оқырманды нандыра бермейді» – деп жазған (9-б). Оған біз де толығынан қосыламыз.

Талдап көрелік. Шымкент уезінің Сайрам ауылында болған қазы Имамжанның Н.А.Каллаурға берген дерегі бойынша 727-жылдары Ысқақ баб, Абд Рахим баб, Абді-Жаліл баб өзара келісіп, Шаматадан Тебризге келеді. Бұл жайтты кітабының 432-бетінде Сейіт-Омар мырза да атап өтеді. Сол кезеңде хазіреттердің үлкені Әбді Рахим баб шамамен ең аз мөлшермен алғанда 20 жаста, яғни 707 жылы туылған дейік. Ал, Табғаш Сатук Бұғра Қараханның Қашқар елінде қаза болып, Турбат-мазарда жерленген жылы 955 жыл. Арадағы айырма 248 жыл. Сейіт-Омар кітабының 443-бетінде жазғанындай: «Бұл бүгінгі күнгі дәлелденген жайлар Абд ар-Рахым баб-Сатұқ Бұғра Табғаш Қарахан бір адам» десек, Абд ар-Рахым баб 248 жасқа келіп қайтыс болар еді. Осыған кімді сендіре аламыз?

«Қазақстан архитектурасы» ( А, 2012ж) кітабының 50-бетінде: «Демек, Қарахан кесенесі, дәлірек айтқанда, Сатық Бұғра ханның кесенесі М.Массон анықтағандай XI ғасырда емес, X ғасырдың 50-жылдарында салынған» деген тұжырым жасалған. Бұл ресми тарихтағы Сатұқ Бұғра Қараханның 915-955 жылдарда ғұмыр кешкен уақытымен дәл келеді.

Автор Сейіт-Омар мырза өз дегенін дәлелдеу үшін академик марқұм Ә.Марғұланның атын кітабында екі рет куәлікке тартады.

1. (435-бет) Сонымен Табғаш Сатук Бұғра Қарахан Қашқар елінде қалды дейді. Бұл жайды Ә.Марғұлан ақсақал растайды: «Осы үш хазіреттің бірі Әбді-Рахым бабаның жазба еңбектеріндегі аты-жөні Сатук Бағро Қарахан» (Марғұлан Ә. Ежелгі жыр-аңыздар, Ғылыми зерттеу мақалалар. Құрастырған Р.Бердібаев, Алматы, 1998 жыл, 90-бет).

2. (443-бет). «Менің ойыма Әлкей Марғұлан ақсақалдың Абд ар-Рахым баб Қытайға барғанда Сатук Бұғра Табғаш Қарахан атанды дейді». Автор Сейіт-Омар мырзаның бұл жазбаларын академик Ә.Марғұланның «Ежелгі жыр-аңыздар» (А,1985 ж.) кітабын ақтарып кездестіре алмадық.

Ленинградтағы университетте оқыған Ә.Марғұланның өзіне ұстаздық еткен академик В.В.Бартольдтың 1964 жылы жазған Боғрахан туралы шығармасын оқығаннан кейін «Абдулкарим Қытай еліне барғанда Сатук Бұғра Табғаш Қарахан атанды» деп айтуы да мүмкін, әйтсе де оны араб елінен 250 жылға жуық уақыт бұрын ислам аша келген өзге Абді Рахым бабпен шатастырды деуге болмас. Өмірден 1985 жылы озған академик, марқұм Ә.Марғұлан ақсақалдың 1988 жылға дейін құпия болып келген Сафи-ад-дин Орын Қойлақының «Насаб-нама» жазбасымен де таныс еместігі анық.

Қорыта айтқанда, ертеден бар түркі тіліндегі «Бурахан», «Қарахан» атауларын теліп, араб жерінен келген Абді ар-Рахым Хазіретті Қарахандар әулетінің негізін қалаған деу нанымсыз. Ал, Тараздағы Қарахан мазары туралы айтар болсақ, ескерткіш әулеттің негізін салушы Білге Құл Қадыр қағанның бейітінің үстіне тұрғызылған. Ол жайлы толығынан айтар әңгіме бөлек. Сөзіміздің аяқталуында, «Тәубе» сүресіндегі «Ей, иман еткендер, Аллаһтан қорқып, турашылдармен бірге болыңдар» деген аятты еске алып жүрейік дегіміз келеді.   

Жасұзақ  АМАНБАЙҰЛЫ,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі,

ІІМ-нің «Құрметті ардагері»,

Жаңақорған  ауданы

Суретте: Домбауыл кесенесі

 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: