Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қоссаз – ең ежелгі домбыра

25.02.2020, 12:06 3305

Зерттелу  тарихы.

Атақты Жетіасар мәдениетінің ескерткіштерінде 1946 жылы Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы әуеден барлау жұмыстарын бастап, 1948, 1949 және 1951 жылдары Алтын-асар, Жетіасар-9 қалашықтарында және Алтын-асар маңындағы обаларда археологиялық зерттеулерін жүргізеді. Осы аудандарда 1958, 1962-1963, 1966, 1971 жылдары барлау жұмыстары жүреді.

1973 жылы Жетіасар мәдениетінің қалашықтарында қазба жұмыстары қайта жанданып, 1976-1978 жылдары Бидайық-асарда, 1979-1981 және 1983-1984 жылдары Томпақ-асар мен оның маңында орналасқан жерлеу орындарында жасалды. 1986 жылдан «Бекей-Байқоңыр» су торабын тарту жобасы аясында кешенді қорғау жұмыстары басталып, нәтижесінде Алтын-асар, Томпақ-асар, Үлкен Қос-асар және Кіші Қос-асар қалашықтарының маңайынан 700-ге жуық оба зерттелді. Бұл зерттеулер 1991 жылға дейін жалғасын тауып, олардың нәтижелері бірнеше монографияларда, ондаған ғылыми мақал­аларда  жарық  көрді.

Археологиялық  заттар  кешені.

Жетіасар шатқалының ежелгі тұрғындарының материалдық мәдениеті өзіндік ерекшелігімен, категорияларымен айқындалады. Олар:

– керамика;

– қару-жарақ және ат әбзелдері;

– еңбек құралдары және тұрмыстық заттар;

– киім-кешек;

– белбеу фурнитурасы және фибулалар;

– әшекейлер;

– дәретхана заттарының жиынтығы және айналар;

– ирандық ойып жасалған тастар;

– зооморфтық және адам пішінді суреттер мен басқа да культтық бұйымдар.

Аталған бай материалдық мәдениет кешеннің басым бөлігі Ресей Федерациясы Шығыс музейінде, ал бір бөлігі Мемлекеттік тарихи музейінде және Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институтының қорында сақтаулы.

1-сурет

Белгісіз  ағаш  бұйымы. 1973 жылы Бидайық-асар қалашығының төртінші бекіністі дәлізінің баспалдағынан ІІ құрылыс кезеңінің 9 мәдени қабатынан сыртында ойылып салынған суреттері бар белгісіз ағаш бұйымдары табылған [Левина, 1996]. Оның сақталған үлкен фрагментінде бірнеше жануарлардың суретін анықтаған.

Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану әдістемелік ғылыми кеңестің шешімімен «Хорезм экспедициясының Сыр өңіріндегі зерттеулер тарихы» атты кітап-альбом дайындау қолға алынып, жоба бойынша Ресей Федерациясы жоғарыда аталған ғылыми мекемелерінде өлкемізден табылған жәдігерлер бойынша ғылыми іссапарлар ұйымдастырылды.

«Қоссаз»  домбыра. Осындай іссапар барысында 2018 жылдың желтоқсан айында РФ Шығыс музейінің қорында сақтаулы Жетіасар ескерткіштерінен табылған 700-ге жуық ағаш бұйымның фрагменттері қайта қаралып, зерттелді. Нәтижесінде 1973 жылы Бидайық-асар қалашығынан табылған ағаш бұйым «Қос мойынды» немесе «Қоссаз» домбыраның ататегі екені анықталды. Бұған қоса, екінші саз аспаптың шанағы табылып отыр.

«Қоссаз» домбыраның бір мойны, құлағы, екінші мойнының басы, шанағының жартысы және ішегі байланатын түймесі сақталған (сурет 1). Жалпы ұзындығы – 65,5 см.

2-сурет

Шанағы тегіс табанды, ұзындығы – 25,5, биіктігі – 3, қалыңдығы – 0,5-06 см. Шанақ қақпағы сақталмаған. Шанағының сыртында тазының, белгісіз аңның (қасқыр?), ақбөкеннің, қарақұйрықтың ойылып салынған суреттері бар. Ішегі байланатын түймесінде тесігі сақталған, түйменің көлемі –  1,5х1,3 см (сур. 2).

– Мойны басымен қоса есептегенде ұзындығы – 40 см, шанағына қосылар тұсының ені – 4 см, басы жағында 3 см-ге тең. Биіктігі – 3 см. Мойнының да беткі қақпағы сақталмаған, іші қуыс болып келген.

– Басы жартылай дөңес, ұзындығы – 6 см, ені – 3 см. Ішегі мен құлағы байланып бекітілетін екі тесігі бар. Екінші мойны сақталмаған, бірақ, өлшемдері бірдей екінші басы бар.

3-сурет

– Құлағы екі мойынын қосып, ішектерді тартып тұратындықтан, құрылымы күрделі болып келеді. Ұзындығы – 13 см, екі басы болған, бірақ, біреуі ғана сақталған. Басында бір тесігі және құлақтың дәл ортасында бір тесігі бар. Құлағының домбыра басына бекітілетін тұсы 1 см-ге дейін ойылып жонылған, ал ортасы ұзындығы – 7 см, ені – 1,8 см. Орта тұсы бір жағы бір, ал екінші жағы екі қырлы болып келген (сур. 3).

Шығу тегі, тарихы, аспап түрі және мерзімі.

Домбыра – дәстүрлі ортаның ішектері, көп пернелі ұлттық саз аспабы. Домбыраның қос ішегінде бүкіл қазақтың арғы-бергі тарихы, салт-санасы мен танымы сақталған. Оның пайда болуы жайлы сан қилы аңыздар мен деректер бар. Кейбір деректер домбыраға ұқсас «таңбура» саз  аспабын Әбу Насыр әл-Фараби  жасаған  дейді.

Домбыраға ұқсас саз аспаптардың бейнесі жартастарға немесе балбал тасқа сонау тас дәуірлерінен түркі кезеңіне дейін қашалып салындығы белгілі.

Музыка зерттеушісі Мұрат Әбуғазы алғаш домбыраның шыққан жері Алтай тауы дегенді айтады. Моңғолияның Ц.Төрбат бастаған археологтар тобы Нүкін-хад (Үңгіртас) үңгірінен қазба жұмыстары барысында домбыраға ұқсас саз аспабын табады. Белгілі түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы домбыра тектес екі ішекті, тоғыз пернелі көне саз аспабы екенін айтып жүр [Әбуғазы, URL: https://www.oner.kz/music/view/588-dombyra-aspabynyng-shygu-tegi-zhajynda (қаралған күні: 22.04.19)].

Бұл Моңғолия жерінен табылған домбыраның біздің Бидайық-асар домбырасындағыдай аспаптың шанағына бұғының, бұланның бейнелері ойылып салынған. Жәдігерді шамамен б.з. VІI ғасырына жатқызады.

«Шертер» – домбыраға ұқсас, екі немесе үш ішекті «шертер» деп аталатын көне ұлттық саз аспабы ағаштан бітеудей ойылып (көлемі 60-70 см), шанағы терімен қапталады, домбыра тәрізді шертіп ойналады. Шертердің көлемі домбыраға қарағанда әлдеқайда кіші болып келеді. Шертер аспабы ағаштан ойылып жасалып, шанағы көнмен қапталады. Сондықтан сыртқы түрі, ойналуы домбыраға ұқсас болғанымен, жасалуы жағынан қобызға жақын болып келеді [Қазақтың этнографиялық …, 2014, 703-б].

Шертер мен домбыраның шанақтарын бір-біріне жанастыра біріктіріп жасайтын «қоссаз» деп аталатын жетілдірілген күрделі аспап екі мойынды болады, ішектері жеке-жеке тағылады (Қазақтың этнографиялық …, 2011, 647-б).

Қорытынды.

Бидайық-асар қалашығындағы кешенді зерттеулердің нәтижесінде ескерткіш б.з. ІV ғасырында өмір сүруін тоқтатқаны белгілі. Осы мерзімге сүйенсек, одан табылған «қоссаз» саз аспабын домбыраның арғы тегі және ең ежелгі түрі деп айтуға негіз бар. Ал, екінші асты мен үсті ашық болған домбыра шанағына жақын шанақтың бір бөлігі Жетіасар ескерткіштерінде саз аспаптардың бірнеше түрі болғанын дәлелдейді.

Сыр өңірінен табылып, Ресей Федерациясында сақталған мыңдаған жәдігерлерді жан-жақты зерттеу, оны ұлттық тарихымызға пайдалану Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласындағы «Архив – 2025» тапсырмасы аясында жалғасын табады деп есептейміз.

Әзілхан ТӘЖЕКЕЕВ,

Қорқыт  ата  атындағы

ҚМУ-дың «Археология және этнография»

ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, PhD доктор

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: