Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ел қорғаған Есет деген ер бабаң!

03.06.2020, 10:00 2112

HALYQLINE.KZ Атақты әулие Қарабура Әзім баба, адалдықтың символы Бегім ана, қазақ батырларының арасында Тархан (генералисмус дәрежесімен тең деседі білетіндер) атағын тұңғыш рет иеленген Есет батыр Көкіұлы шыққан Тама руы – маған аса қымбат. Оның бірнеше себебі бар. Есет Көкіұлы – біздің Майдан Киікбай Құлжаманұлы батыр бабамыздың қайынағасы, Жанқожа бабамыздың әкесі Нұрымбет (шын есімі Нұрмұхаммед) батырдың туған, даңқы Алты Алашқа мәлім Жанқожа батырдың түп нағашысы. «Тектіден тұлпар туады». Ескіден жеткен дерекке жүгінсек, Есет Көкіұлы өзінің жиеншары, кішкентай ойын баласы Жанқожаның батылдығына, өжеттігіне сүйсініп, айбалтасын сыйға тартады. Киелі де аруақты түп нағашысы Есет батырдың сол айбалтасымен әз Жәкем небары 16 жасында атақты батыр, асқан балуан Тықымен жекпе-жекке шығып, жауының бұқа мойнын бір соққымен қағып түсіреді. Мұнан кейін де сол айбалтасы батыр атамның жанынан қалмағанға ұқсайды.

Мұнан тура 27 жыл бұрын Ақтөбе қаласында іссапармен болғаным бар. Ол кезде мен іргелі шаруашылықта қойма меңгерушісі болып жұмыс істеуші едім. Кенет… Көше бойындағы зәулім үйдің биік қабырғасын жапқан қолына найза алып, тұлпарымен жауына еміне шауып келе жатқан хас батырдың суретіне көзім түсті. Суреттің астына «Ел қорғаған – Есет деген ер бабаң!» деп жазылыпты. Арада осыншама жыл өтсе де сол жазу санама берік сақталып қалыпты. Ұмытпасам, Ақтөбе жұршылығы сол кезде Есет бабамыздың 325 жылдығын тойлап жатса керек. Жүрегім шым ете түсті. Ұлы бабаның суретіне қарап тұрып «О, әулие баба! Тағдыр дауылы шайқаған шаңырағымды Алланың қолдауымен қайта тіктеген жайым бар. Менің жұбайым өзіңіздің, яғни Тама руының қызы. Ұлды болсам, есімін сіздің құрметіңізге «Есет» деп атауға рұқсат етіңіз! Отбасымды аруағыңыз қорғап жүргей!» деп жалбарынғанымды өзім де байқамай қалдым. Сол сапарда жолымыз жақсы болды. Ойға алған жоспарымыз артығымен орындалды. Жыл өте ұлды болып, балама аруақты бабаның атын қойдым. Аллаға шүкір! Қазіргі таңда Есетімнің талабы бөтен емес.

Мына қызықты да бөлісе кетсем. Жоғарыдағы оқиғадан кейін сәл уақыт өткенде Ақтөбеге тағы да іссапармен бардым. Қақаған қаңтар айы. Шұғыл түрде сол тұста «Новый» аталатын поселкеге жету керек болды. Ақтөбе өңірінің қыс мезгіліндегі көрінісі белгілі ғой. Жал-жал болып үйілген қардан қарға адым жүруің мұң. Анау-мынау көліктердің «Новыйға» баруға тәуекелі жетпейді екен. Зорға дегенде бір «Нива» көлігінің иесі 500 теңгеге апарып тастауға келісті. Әжептәуір ақша. Келісіп, жолға шықтық. Жүргізуші де, жанындағы серігі да жасы менен үлкендеу әрі ақжарқын азаматтар екен. Қайдан келгенімді, қандай шаруамен жүргенімді сұрастырып, қауқылдасып жатырмыз. Менің Тамаға күйеу бала екенімді естігенде сапарластарым елең ете қалды. Екеуі де Тама руынан екен. «Новыйға» да жеттік. Жүргізуші жігіт күтпеген жерден маған келген жұмысым біткенше күтетінін, қайтадан қалаға апарып тастайтынын айтты. Мұндай қуанбаспын. Өзіңіз ойлап көріңізші?! Сіреу қар… бейтаныс жер… Такси, тіпті жеңіл көліктердің өзі көп емес кезі. Сәтін салғанда шаруам тез бітті. Қалаға келген соң жүргізушіге 1000 теңге ұсындым. 1995 жылғы өлшеммен көп ақша. Алайда жігіттер ақшаны алудан бас тартты. Өмірінде алғаш рет жүздесіп тұрған, танымайтын-білмейтін азаматтардың «Сенен ақша алып, қарындасымыздың алдында ұятқа қалатын жағдайымыз жоқ. Онан да біздің атымыздан жиендерімізге сыйлық апарып бер» дегені. «Сыбырлағанды Құдай естімей ме?!». Күн құрғатпай вагондап бөрене, тақтай өзге де құрылыс материалдары, он-он бес вагон жем ағылып келіп жататын, аса ірі кеңшардың шаруашылық ауласының тізгінін ұстап отырған маған бұл пәлендей салмақ салмасы да түсінікті. Десе де, сол азаматтардың қазақы қалпына, ұлтымызға тән мәрттігіне шексіз риза болған едім.

Енді аруақты баба туралы дерекке көңіл аударсақ…

«Есет Көкіұлы (1667–1749 жж.) – батыр, қолбасшы, би, тархан, қоғам қайраткері. Өз заманында қазақ елінің басында болып жатқан шешуші оқиғалардың бел ортасында жүрді. Қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы күресте есімі елге танылған әйгілі батырларының бірі. Шыққан тегі – Кіші жүздің Жетіруының ішіндегі Тама руынан. Кіші жүз Бөкенбай батырдың күйеу баласы. Есеттің әкесі Базарқұлұлы Көкі де заманында аты шыққан батыр болған. Жауға үнемі тайсалмай тура шабатындықтан «Таймас батыр» деген ат алған. Тарихшылар Салқам Жәңгір хан жоңғардың Батыр қоңтайшысының 50 мыңдық әскеріне 600 жауынгермен кқарсы тұрып, шайқасып жатқанда 20 мың әскермен көмекке келетін Жалаңтөс баһадүрдің әскерінің ішінде осы Көкі батырдың да болғандығын, сонда оның шеп бұзып, үлкен ерлік көрсеткенін жазады. Жауынгерлік заманда туып, күреспен есейіп, ер жеткен тұрғыластары сияқты Есет те ел қорғау жорығына ерте араласды. 1710 жылы атақты Қарақұм немесе Қаракесек мәслихаты өтті. Мәслихатта екі маңызды мәселе көтеріледі. Бірінші – жоңғарларға қарсы күш біріктіріп, тойтарыс беру, екінші мәселе – Кіші жүзге хан сайлау. Мәслихат барысында Табын руының батыры Бөкенбай мен Есет батыр өте белсенділік танытады. Осы мәслихатта Кіші жүз ханы болып Әбілқайыр сұлтан, біріккен қазақ жасағына қолбасшы болып батыр Бөкенбай сайланады. 1710 жылдан бастап Есет батыр Әбілқайыр ханның барлық бастамаларына үн қосып, өз қолын бастап, жорықтарға қатысады. Жеке ерлігімен көзге түсіп, батыр атанады. Тәуке ханның тұсындағы жеңісті шайқастарда Есет батыр Кіші жүз қолын бастайды. Осындай шайқастардың бірінде найзагерлігімен көзге түсіп, ерен ерлік көрсеткен Есетке риза болған Тәуке хан кейін шақырып алып: «Айбатың аса түссін, найзаң мұқылмасын, ел намысы тұздығың болсын», – деп бата беріпті деген әңгіме бар.

Есет батыр әйгілі «Ақтабан шұбырындыдан» кейін ел болып бірігіп, жоңғарларға алғашқы алапат соққы берген Бұланты шайқасына қатысып, езілген елдің еңсесін көтерткен жеңіске өз үлесін қосады. Ал тарихи бетбұрыс жасаған Аңырақай соғысында ол Кіші жүз құрамының туын көтерген атойшы болады. Есет батыр кейінгі өмірі Әбілқайыр ханның саясатымен тығыз байланысып жатады. Ханның қасында болып, ақыл-кеңесін береді, хан мен халық арасында түскен жарықшақты дәнекерлеп бітірушісі болады. Әсіресе, орыс патшасының қол астына өтер кездегі хан басына үйірілген қауіп бұлтын сейілтуде ол сол кездің тарихи ірі тұлғалары Бөгенбай, Жәнібек батырлармен бірлесе отырып, оған үлкен көмек көрсетеді. Ресеймен қарым-қатынасты жақсартудағы сіңірген еңбегі үшін патша үкіметі оған 1743 жылы «тархан» атағын береді. Есет батыр сексен екі жасында өзінің атамекенінде, өз ажалынан қайтыс болады. Дереккөз: М.Солтангазина, Б.Шәкиев, Ф.Лекерова. Тарихи тұлғалар. – Алматы: Алматы кітап. – 2009. – 324-б.».

Бұл әулие әрі батыр Есет Көкіұлы бабамыз жайлы деректің бір бөлігі ғана. Ел аузында өзінің қайсар да даңқты перзенті жайлы небір аңызға бергісіз әңгімелер, дастан- жырлар сақталған. Назарларыңызға ертеректе «Жанқожа батыр» атты өзім жазған дастаннан үзінді ұсынсам:

«Нағашы Нұрымбетке Тама жұрты,

Таймаған маңдайынан бақыт бұлты.

Тамсанып көргендері айтушы еді,

«Есеттен қашады»деп жаудың құты.

Құрметтеп нағашыны күтті батыр,

Ағайын сәлемдесіп келіп жатыр.

Ізіне ертіп алып бір інісін,

Жанқожа ішке енді, аттап батыл.

Шолды да отты көзбен үйдің ішін,

Ұсынды атасына қолдың ұшын.

Жымиды миығынан батыр Есет,

Сезгендей жиенінің алып, күшін.

«Тігемін жеңімпазға айбалтамды,

Жорықта олжа салған талай қанды.

Қанжарым тігіледі тіке құмға,

Құласын ойламаған шыбын жанды».

Қанжарды көмді құмға сабын қадап,

Ұшынан алаулайды өмір қарап.

Жанқожа барын салып жүгіреді,

Батырдың айбалтасын алмақ қалап.

Кеткенде батыр бала алыс ұзап,

Әркімнің көкейінде тұрды сұрақ.

Нұрымбет тықыршиды шыдай алмай,

«Өртеніп кетпесе деп» балғын құрақ.

Қанжарды алып Есет білдірместен,

Орнына құм үйеді желмен көшкен.

«Жанқожа жүгір» деді сынамаққа,

«Тоқтамай, өтші сыннан мүдірместен».

Қаһарға мініп бала жинап сесін,

Алардай хас дұшпаннан есе, кегін.

Жүгіріп жетіп келіп құлай кетіп,

Жіберді ұрып-ұрып жерге төсін.

Жүзіне жылы шырай шуақ ойнап,

Беліне айбалтасын беріп байлап.

Күрсініп батыр Есет бас изеді,

Кетті ме бала кезін бір сәт ойлап…».

Арада бірнеше ғасыр өтті. Қазақ даласын, туған жұртын арам пиғылды, мысық тілеулі жаудан қорғаған Есет Көкіұлы бабамыздың даңқы, ерлікке толы жорық жолы елінің есінде мәңгі сақтаулы тұр!

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: