Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ашаршылық саяси бағасын ала ма?

31.05.2020, 10:10 2959

HALYQLINE.KZ Тарихтың ақтаңдақ парақтарын ақтарып қарар болсақ, тарихи оқиғалар тізбегі алдыңнан шығады. Сонау Кеңес үкіметі тұсындағы болған жағдайлар өз орнын ойып тұрып белгілеген. Сол тұстың қайғысына айналған жайттар бүгінде тарихтағы ірі оқиғалар жиынына баланып отыр. Солардың бірі – 1931-33 жылдар аралығындағы Кеңес өкіметінің арнайы ұйымдастыруымен болған ашаршылық дәуірі. Тарихи деректерге сүйенсек, аштық салдарынан 4 миллионнан астам қазақ қырылған. Ал 281 мың 231 адам туған өлкесінен алыстап, жат жұртты паналауға мәжбүр болған. Биліктің жат саясатына қарсы бағытталған 172 көтеріліс те 1929-33 жылдардың өзегін қамтыпты.

Бұл мәліметтер Алматыда Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен «Аштыққа саяси баға беру» тақырыбында өткен ғылыми конференциясында айтылған. Қазақ зиялылары Кеңес үкіметі тұсындағы аштыққа саяси баға беруді талап еткен алғашқы қадам жасады. Академик С.Зиманов аштан қырылғандарды арбамен тасып, терең шұңқырларға тастап жатқанын, олардың арасында әл-дәрмені таусылған тірілердің барын және жұмыстан қайтқан үлкендер шыбын үймелеп жатқан өліктердің бетін жауып қайтатынын жас та болса есіне сақтап қалыпты. Зардап шеккендердің жасы негізінен 35-40 жас шамасындағы адамдар екен. Тағы бір айта кетерлігі, әрең күнелтіп отырса да, қазақтар бір-біріне қол созудан тартынбаған.

Сол қысылтаяң тұста елден тысқары, алыстап кеткендер де бар. Мысалы, Кавказға – 5 мың, Түркіменстанға – 90 мың, Иранға 15 мыңға тарта қазақ бас сауғалап кеткен. Одан өзге, Қытай, Моңғолия елдеріне де қоныс аударғандар баршылық. Астықтың тапшылығы мен заманның қиындығына төзбеген адамдар осындай қадамдарға баруға мәжбүр болды. Себебі, алда тек аман қалу мақсаты тұрған болатын. Көпшілік арасында бұл оқиғаны Кеңес үкіметі қазаққа қасақана жасаған қиянат деген пікір қалыптасқан. Сол себепті қазақ зиялылары аштыққа саяси баға беруді бүгінгі күннің талаптарының алдына қойып отыр. Тарихшы М.Қойгелдінің айтуынша, аштыққа кешенді зерттеу жүргізу үшін ғылыми орталықтар құрылып, оған жас ғалымдар, яғни тарихшы, филолог, әлеуметтанушы және философтар тартылуы қажет. Қазіргі жүріп жатқан зерттеулердің барлығы үзік-үзік екендігін де тілге тиек етуде. Осылай еткен жағдайда ғана аштыққа саяси баға беріліп, шындықтың беті ашылады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: