Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тағылыққа тыйым қандай?

27.08.2020, 10:20 913

Белоруссиядағы президент сайлауынан кейін сол елден береке кетті. Минскіде мыңдаған­ адам митингіге шығып, наразы топ пен күштік құрылымдар арасында қақтығыс болды. Шеруде түсірілген суреттер сәт сайын интернетте жарық көріп жатты. Ресми билік демонст­ранттарды «нашақорлар», «маскүнемдер» деп айыптауда. Ең қызығы, телеграмдағы «Nexta» каналында билікке наразы жастар орындыққа аяқкиімін шешіп  шығып, қарсылық  танытып­ жатқан суреті пайда болды. Және бұл сәтті «Настоящее Время» каналының журнали­стері таспаға тартып үлгеріпті. Осыдан кейін көпшілік билікке «көшедегі орындыққа аяқкиімін шешіп, мәдениет танытқан  жас­тарды қалай «нашақор», «маскүнем» деп айтуға болады?» деген сауал қойды. Ақпараттарға сүйенсек, наразылар ешқандай ғимаратқа зақым­ келтірмеген. (Айта кетейік, Белоруссияда  наразылық шеруі әлі де жалғасуда).

Бізді митингі емес, митингіге келген жастардың мәдениеті таңғалдырды. Ал қазақстандық жастар қарапайым көше мәдениетін қанша­лықты  ұстанады?

Жақында Инстаграм желісінде бейнежазба жарық көрді. Беймезгіл уақытта соқталдай екі жігіт жайдан-жай жарнамалық жарық шамды сындырып кете барды. «Мұныңыз барып тұрған жабайылық емей немене? Бұл бассыздықты қалай атауға болады?» деп интернет ақтармаймыз ба? Дереккөз бұған «вандалдық» деген сипаттама беріп тұр. Шығу тарихы тым тереңде көрінеді. Осыдан 450 жыл бұрын Рим империясында алғаш рет вандалдық бой көрсетіпті. Түп мағынасы «қиратушы», «сындырушы» дегенді білдірсе керек. Рим империя болып тұрғанда, мәдениеті дамымаған тайпалар архитектуралық құрылыстарын қиратқан екен. Сөйтіп, империя бұған «вандалдық» деп ат қойып, айдар тағыпты. Одан бері  4 ғасырды артқа тастадық. Бірақ «қиратушылар» мен «сындырушылар» әлі де бар. Қызылордалық жастардың да қаншалықты «мәдениетті» екендігін кейде байқап қаламыз. Мәселен, Н.Назарбаев даңғылы бойында орналасқан жарық шамдары екі күнге жетпей сынып жатты. «Мұндай мысалдарды мыңдап келтіруге болады» дейді Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Абзал Рысбек.

– Жасыратын несі бар, қаладағы аллеялар, гүлзар бақтары, аялдамалар мен орындықтар, қоқыс жәшіктері, баннерлер мен жарық шамдары халықтың игілігі үшін орнатылған дүниелер ғой. Дегенмен, кей тұрғындар, әсіресе, түн мезгілінде ескерткіштерді бүлдіріп, орындықтарды құлатып, одан қалды былтырдан бастап аялдамаға орнатылған әйнек терезелерді сындырып, жарық шамдарын қиратып кететіндер көбейді. Оны қалпына келтіру «Қызылорда тазалығы» мекемесіне жүктелген. Бұл мақсатта, яғни күтіп-ұстау жұмыстарына аз ғана қаржы қаралған. Бүлінген дүниелердің барлығын қайта жөндеуге бюджеттің мүмкіндігі келе бермейді. Былайша айтқанда, біреудің қиратқан дүниесі қазына қаржысынан қашанғы жөнделеді? – дейді әкімдік өкілі.

Әкімдік өкілінің айтуынша, бұзақылық жасаған адамды жауапқа тарту да тиімсіз боп тұрған көрінеді. Өйткені, келтірілген шығынды өтеу мерзімін сот шешеді. Ал сот кінәлі адамның материалдық жағдайын ескере отырып ай сайынғы айыппұлды белгілейтін көрінеді. ҚР Қылмыстық кодекстің 294-бабында: «Тағылық (вандализм), яғни ғимараттарды, өзге де құрылыстарды, тарих және мәдениет ескерткiштерiн, мемлекет қорғайтын табиғи объектiлерді жазулармен немесе суреттермен немесе қоғамдық имандылықты қорлайтын өзге де әрекеттермен бүлдіру, сол сияқты көлiкте немесе өзге де қоғамдық орындарда мүлiктi қасақана бүлдiру – бір жүз алпыс айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады» делінген.

Мұндай әрекеттерге көбіне жастар баратыны белгілі. Осы ретте «Қызылордалық жастар мәдениетті ме?» деген сауалды облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақовақа қойдық.

– Қылмыстың көп орын алатыны жасырын емес. Оның ішінде жастардың да үлесі бар. Десе де, облыста жастар арасындағы қылмысты азайту мақсатында біршама жұмыстар атқарылды. Рейд жұмыстарын жүргізіп жүрген сала қызметкерлерін жиі көзіміз шалады. Рейд барысында беймезгіл уақытта көше кезіп жүргендерді үйлеріне қайтарып, ата-анасына табыстайды. Сала мамандарының бірлесіп жұмыс істеуі нәтижесінде қылмыс саны азайды. Мәселен, қылмыстылық пен құқықбұзушылық бойынша жастардың қатысуымен орын алған жайттар 2019 жылдың 1 шілдесі (3310) мен ағымдағы жылдың шілде айындағы көрсеткішке қарағанда (2165) әлдеқайда төмендеді. Жастар орталығының мамандары бұл көрсеткішпен тоқтап қалмады. Олар ІІО-мен бірлесіп көптеген ауқымды іс-шаралар ұйымдастыруда. Атап айтар болсақ, құқықбұзушылық пен зорлық-зомбылық, тонау, кәмелетке толмағандарға жыныстық қолсұғылмаушылық, бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн, вандализмге қарсы іс-шаралар, құқықтық кеңестер, қылмыстылыққа қарсы акциялар жүйелі түрде өткізіліп келеді, – дейді ол.

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: