«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 423.87 (0)

  • EUR: 505.25 (0)

  • RUB: 5.59 (0)

«Соңғы жолбарыс» (сурет-ғұмыр)

19.02.2020, 15:56 899 0

Жылдар бойы сарсаңға салған уақыт белдеуі қалыбына түскеннен бері жанымыз сауығып, бала-шағаның ұйқысы қанып, ежелгі тіршілік ырғағының тамыры бүлкілдеп, руханият шөлін басатын іс-шаралар кезеңімен өтіп жатыр.

С.Айтбаев атындағы Көркемсурет галереясы өткен жылдары АҚШ, Азия, Европаның көрмелерінде жүлде алып, Сыр өңірінің пәкизат бояуларына тұнған суретшілердің еңбегіне жеке-жеке көрме жасады. Алда тағы бір көрме өтуі мүмкін. Тышқан жылының 1 наурызы белгілі суретші Шәкірбек Сәменовтың мерейлі 70 жасқа келген туған күні екен. Той десе қуанышты қуана бөлісетін қызылордалықтардың әдетімен жергілікті көрермендердің көзайымы болған бірер еңбегіне тоқталсақ.

«Жусан иісі» (м.б)

Ел кезіп, жер шарлап келгендей кең даламыздың бір шетінде тұрып көңіл қарлығашымен тым еркін шарықтаймыз. Өткен ғасырда «күріш жоспары» деп жердің жасыл жамылғысы шеңгел, жыңғыл, жиде, мия, т.б. сүріліп, қызуы кеткен төсектей туған жеріміздегі Бейбарыс баба аңсаған «Жусан иісі» өзімізге де таңсық.

Шәкірбек Сәменовтың «Жусан иісі» шығармасы

«Ойын» (м.б)

Пенденің мойнына «кредит» деген қарғыбау байланбаған бақыт, арман, жер, тіпті ғарышта ортақ балалық бал дәуреніміз әлі есіміздегі сағыныш сағымында…

«Шырмалу» (м.б)

Жылқы жайлы небір керемет картиналарда дәл осындай композициялық шешімді көрмеген едік. Мүмкін ол жоқ. Еркіндік пен қапас арасында басқа түскен шырмалуда жануар түгілі, «пенденің де шыбын жаны көзіне көрініп, айнала меңіреу, дүние сұмдық жұтқан ба?» деген сумақай ойлар келеді.

«Аулада», «Ауыл шеті» (м.б)

Сырдың сағыздай сары сазымен салынған итарқа, тоқал үйлерде қызыл іңірлерде майшаммен сауатын ашып ержеткендер – бүгінде қоғам қайраткері, ғалым, сәулетші, т.б. салт-дәстүрге ұстанымы берік, ана тіліміздің мәйегін сақтап отырған абыз қариялар. Күннің өзі ұясына түтіні түзу ұшқан үйлерге нұрын малып қимай батып барады. Жаққан отының күлінде аяқ баспайтын жерге төгетін ауылдағы аула мәдениеті қоқысы тал түске шейін шашылып жататын қаланың кейбір көшелеріне үлгі.

«Соңғы жолбарыс» (м.б)

Экология зәрін жайып өткен жерге жолбарыс қайтып келмесе де нақты өмірде суретшінің жүздесіп, кездескен көрермендеріне деген ақжарқын әңгімешіл пейілі, өз болмысындай салмақтылық, яғни сенім заман ақыр деп алып ұшып атқақтаған жүректерге сабыр сыйлап, адамзатпен бірге жасасып келе жатқан бейнелеу өнерінің қыр-сырына тартады. Әрине, жеке ерекше шығармашылығы жайлы толымды бағалауды өнертанушылар мен жаңа толқын көрермендерінің ерікті пайымына қалдырамыз.

Бейнелеу өнерінен басқа, ұлттық тоғызқұмалақ ойынының шебері, насихатшысы, саяжайын күтіп-баптап немерелеріне жерден шырын аударған суретшімізге әрдайым сау-саламат болып, ұзақ ғұмыр, бақыт баянын тілейміз!

Сәрсенкүл ЖҰМАБАЕВА,

Қызылорда қаласы

Қысқаша мәлімет:

Шәкірбек Сәменов Тереңөзек стансасында дүниеге келген (01.03.1950). Алматы қаласындағы Абай атындағы ҚазПИ-дің көркемсурет факультетін бітірген.

1975-1988 жылдары Мәскеу, Нүкіс, Хива, Көне Үргеніш, Түркіменстан және т.б. жерлерде шығармашылық іс-сапарларда жұмыс істеген.

Жұмыстары Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде, Қазақстан мәдениет министрлігі мен «Өнер» көрме дирекциясы қорларында /ДХВ/, Германия, Канада және коллекционерлердің жеке қорларында сақтаулы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: