«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 423.87 (0)

  • EUR: 505.25 (0)

  • RUB: 5.59 (0)

«Сардоба» салдары

07.05.2020, 10:30 648 0

Жалпы алғанда, Қазақстанның географиялық орналасуы бірқатар табиғи апат қаупінің төнуіне ыңғайлы. Әсіресе, жер сілкінісі, қар көшкіні, сел, өрт, құрғақшылық қауіптердің алдыңғы тізімінде болса, тегіс әрі егінді алқапқа тән орналасқан елді мекендерді су басу қаупі жоғары. Ара-тұра екпіндете­тін желдің күші мен ұйытқи соғатын дауылды қосыңыз. Бұл апаттардың қай-қайсысы да жойқын күшке ие. Материалдық шығыннан бөлек кейде адам шығынына ұласып жатқан жайттар жеткілікті. Одан қалды экономикаға тигізер зардабы – өз алдына бөлек әңгіме. Орталық Азиядағы табиғи апаттарды басқару жөніндегі қордың мәліметше, Қазақстанда бір ғана су тасқынының салдарынан жыл сайын­ 300 мыңға жуық адам жапа шегіп, елдің жалпы ішкі өніміне 3 миллиард доллар шығын келеді екен. Өйткені апат салдарынан залал­ келтірілген аумақты қайта қалпына келтіру мен халыққа тө­тенше жағдай кезінде көмек көрсетуге де мемлекет жауапты. ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің мәліметінше, жыл басынан бері  «112» бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі 1 млн  700 мыңға тар­та­ қоңырау қабылдаған. Алғаш­қы үш айда республика бойынша барлығы 2408 төтенше жағдай тір­келсе, оның 2344-і – техногендік, 64-і – табиғи төтенше жағдай. Енді міне, Өзбекстанның Сырдария облыс­ындағы «Сардоба» су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан Түркістан облысының зардап шегуі тіркелді.

Көктемнің көгі шыға бергенде оңтүстіктегілер опынып қалды. Егін басынан несібесін айырып отырған диқан қауымы су тасқынының салдарынан едәуір зардап шекті. Мамыр айының алғашқы таңы атар-атпастан табиғи апат төбелерінен мұздай су «құйды». Көрші Өзбекстан елінің «Сардоба» су қоймасындағы суды төмендету үшін суды ағызу салдарынан Қазақстанның Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы шекара маңы коллекторлары суға толды. Коллекторларға аққан су көлемі секундына 180 текше метрді, ал коллекторлардың өткізгіштігі секун­дына 120 текше метрді құраған. Соның  салдарынан Мақтаарал ауданында бірнеше ауыл су астында қалды. Өңірде төтенше жағдай жарияланды.

Түркістан облысы әкімдігінің ресми мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде 14 елді мекеннен 31 606 тұрғын эвакуацияланды. Тұрғын­дарының саны 6 127 адам болатын 5 елді мекен – Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас, Достық ауылдар­ы толығымен су астында қалған. Әлі де 7 елді мекеннің су астын­да қалу қаупі жоғары. Бүрсі­гүні ҚР Премьер-министрі А.Маминнің төрағалығымен Үкімет үйіндегі жиында осы мәселе кеңінен­ қаралды.

 – Мақтаарал ауданында 2 мамыр күні шұғыл түрде техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, шұғыл штаб құрылды. Төтенше жағдай салдарынан алдын ала есептеулер бойынша 845 тұрғын үй, 3 мектеп, 5 балабақша, 4 медицина ұйымы, 1 мәдениет үйі мен 10 дүкен су астында қалған. Сонымен қатар, Жеңіс ауылындағы көпір мен республикалық және облыстық маңызы бар 54,7 шақырым автожол су астын­да қалған. Бұдан басқа, 7 639 гектар егіс алқабы зардап шеккен. Сондай-ақ, су басқан аумақтағы өліп қалған мал саны нақтыланды. Бүгінде келтірілген залалды есептеу жалғасып жатыр, – деді Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев Үкі­меттің селекторлық отырысында.

Судың ағып кетуі салдарынан Мақтаарал ауданының шекара­сындағы коллектордан төгілген су салдарынан залал келген 3 600 га егіс алқабының 85%-ына мақта егіл­ген. Мәселенің жай-жапсарын анықтап, жағдайды  бақылауда ұстау үшін Үкіметтік комиссия құрылды.

– Комиссия бес ауылда – Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас, Достық ауылдарына келтірілген залал­ға шұғыл бағалау жүргізеді. Одан соң инженерлік, көлік, әлеуметтік инфрақұрылым мен тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстарын бастайды. Үкімет зардап шеккендерге барлық қажетті көмекті көр­сетеді, – деді А.Мамин.

Жыл басында Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев елімізде 609 елді мекенді, 675 автомобиль жолын және 259 теміржолды су басу қаупі төніп тұрғанын, төтенше резер­втерде 34 млрд теңге барын айтқан­ еді. Алайда Түркістанға тосын­нан апат келеді деп ешкім ойлама­ды. Өйткені Өзбекстанмен шекаралас аймақта су қорын сақтайтын «Сардоба» бар. Соған сенді. Бірақ… Бұл жерде басы ашылмаған мәселе де жоқ емес. Су қоймасы 2010-2017 жылдар аралығында салынған. Тіпті, кей бейресми деректер бөгет құрылысын Өзбекстан билігі қазақстандық тараппен ақылдаспаған деседі. Солай бола тұра Қазақстан «көрші елге нота жолданбайды»  деп ашып айтты. Бұл туралы  ҚР СІМ-нің ресми өкілі  Айбек  Смадияров:

– …Су басу салдарын бірлесіп жою бойынша үкімет пен шекаралас өңірлер басшыларының тығыз өзара іс-қимылын назарға ала отырып, өзбек тарапына ҚР Сыртқы істер министрлігінің нотасын жолдау мәселесі қарастырылмайды. Екі тараптың барлық байланыстары толықтай Мәңгілік достық және стратегиялық әріптестік туралы шарттардың және Трансшекаралық су ағындары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі Конвенцияның нормаларына сәйкес жүзеге асырылады, – деді.

2010 жылы «Сардоба» су қоймасының құрылысы басталғанда сарапш­ылар Түркістан облысындағы Мырзашөл өңіріне қауіпті екенін айтып, дабыл қаққан. Құлақ асқан пенде табылмаған. Күні кешеге­ дейін Жетісай  мен Мақт­а­арал өңірінің халқы қауіп ошағында күн кешіп келгені айтылды. Ал қызылордалықтар  жылда  егінжай­ға су жеткізе алмай әлек…

– «Сардоба» – Сырдария өзені­нің бойында орналасқан су қоймасы емес. Оған жиналатын судың аздаға­н мөлшері ғана дариядан алынад­ы. Сондықтан алдағы уа­қытта біздің облысқа дария арқылы келетін су деңгейі төмендеуі мүмкін деген болжам айту қисынсыз. Қазір «Шардара» су қоймасы мен «Көк­сарай» су реттегішінде қажетті су мөлшері жинақталуда. Бүгінде Шардарада 4,8 млрд, Көксарайда 1,6 млрд текше метр су бар, – дейді «Арал-Сырдария» бассейндік су шаруашылығы инспекциясының басшысы  Ә.Қарлыханов.

Қабырғалас ағайынның іргесін тесіп, алай-дүлей ағып келген су тасқын­ынан ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруалардың дені үрейленіп отыр. Мәселен, Қызылорда облысында егін нау­қаны­ кезінде өткен жылы да су жеткіліксіздігі болған. «Абырой – ортақ, мүдде – бір, сыйластық мәңгі» деген ортақ қағида аясында егін алқаптары кезекпен су ішіп, еккен өнімдерін әупірімдеп жинағаны естен шыға қойған жоқ.

Н.ҚАЗИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: