Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сарапшылар Қазақстанның өлім жазасын жою жолындағы жетістіктерін талқылады

09.10.2020, 12:25 581

HALYQLINE.KZ

Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақ (ЕО) Өкілдігі және Қазақстан Республикасындағы Германия Елшілігі жыл сайын 10 қазанда атап өтілетін Дүниежүзілік және Еуропалық өлім жазасына қарсы күрес күніне орай сараптамалық талқылау ұйымдастырды. Қазақстанның жоғары лауазымды қызметкерлері, азаматтық қоғам өкілдері мен адам құқықтары саласындағы сарапшылар, Қазақстанда тіркелген ЕО мүше мемлекеттері және басқа елдердің елшіліктері, сондай-ақ академиялық орта өкілдері мен студенттер Қазақстандағы өлім жазасын жою үшін қажетті саяси аспектілерді және басқа да заңды рәсімдерді талқылады.

«Өлім жазасын жаһандық деңгейде жоюға бағытталған жұмыс – әрқашан, қандай жағдай болмасын, Еуропалық Одақтың басым бағыттарының бірі болып қалады. Бұл мәселе бойынша ЕО мүше мемлекеттерінің арасында берік келісім бар. Еуропалық Одақ ұлттық егемендік ұстанымын қаншылқыты құрметтесе де, өлім жазасын жоюды адамның негізгі құқықтарын сақтау мәселесі деп қарастырады. Қазақстанды жақында Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативті хаттамасына қол қоюымен тағы бір мәрте құттықтаймыз және қазақстандық серіктестерімізді БҰҰ Бас Ассамблеясының өлім жазасын қолдануға мораторий енгізу туралы жоспарланған жаңа қарарының авторларына қосылуға шақырамыз», – деп атап өтті Қазақстандағы Еуропалық Одақ Елшісі Свен-Олов Карлссон мырза.

Германияның Қазақстандағы Елшісі доктор Тило Клиннер: «Өлім жазасын қолданбау – бір қадам алға басқанымыздың белігісі. Егер өлім жазасы іс жүзінде жойылып, оны қайта енгізбеу туралы халықаралық құқыққа сәйкес міндеттеме алынса, тіпті жақсы болар еді. Бұл Қазақстанның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативті хаттамасына қол қоюы арқасында мүмкін болып отыр. Қазақстанның бұл хаттамаға қосылуына, сондай-ақ осы мәселе бойынша құрметті сарапшылармен бүгінгі жемісті пікірталасқтың орын алғанына қуаныштымын», – деді.

Испания Елшісі Давид Карриедо өзінің елі әрқашан өлім жазасына қарсы халықаралық іс-қимылдардың алдыңғы қатарында болғанын еске салды. Атап айтқанда, Испания 10 жыл бұрын Мадридте Өлім жазасына қарсы халықаралық комиссиясын құруды ұсынды және оның негізгі доноры болып табылады.

«Испания Қазақстанның 2003 жылы енгізілген ұлттық мораторийді сақтап, Өлім жазасына қарсы халықаралық комиссияға қосатын ерікті үлесін ұлғайтып, сондай-ақ БҰҰ-ның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативті хаттамаға қол қою арқылы өлім жазасын жоюға нық бейілділігін қолдайды. Испания Қазақстанды екінші хаттаманы жақын уақытта ратификациялауға шақырады, бұл елдегі өлім жазасының толық жойылуына алып келеді», – деді ол.

ЕО және оған мүше мемлекеттер Қазақстанды (а) қылмыстың барлық түрлері үшін өлім жазасын нақты және біржола жоятын заң қабылдауға және (б) Факультативтік хаттаманы сөзсіз ратификациялауға шақырды. ЕО және оған мүше мемлекеттер Қазақстанға кез келген заңдық және техникалық көмек көрсетуге, қажет болған жағдайда консультациялар беруге дайын. Мұндай қолдау қазақстандық серіктестерге барлық тиісті заңнамалық рәсімдерді аяқтауға септігін тигізуі мүмкін. Барлық қажетті рәсімдерді ойдағыдай аяқтағаннан кейін, Қазақстан өлім жазасын адам құқықтарын өрескел бұзу және адамның қадір-қасиетін қорлау деп санайтын елдер санының күн санап өсіп келе жатқан қауымдастығына қосыла алады.

Сарапшылар кездесуіне Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Азимова, Нұр-Сұлтан қаласының судьясы Дания Кисикова, азаматтық қоғам ұйымдарының басшылары Жеміс Тұрмағамбетова («Адам құқығы хартиясы») және Евгений Жовтис (Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан Халықаралық бюросы), Орталық Азиядағы Penal Reform International (PRI) аймақтық бағдарламалар менеджері Жанна Назарова және КАЗГЮУ университетінің ректоры профессор Сергей Пен қатысты.

2020 жылғы 25 қыркүйекте өткен ЕО-Қазақстан Ынтымақтастық комитетінің 18-ші отырысы барысында ЕО Қазақстанды өмір сүру құқығын бұзатын қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын жаза болып табылатын өлім жазасын толығымен жою жолындағы ілгерілеуімен құттықтады. Ағымдағы жылдың 23 қыркүйегінде Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттамасына қол қою рәсімі өтті. Сонымен қатар, 2020 жылы Қазақстан Өлім жазасына қарсы халықаралық комиссияға ерікті жарнасының үлесін айтарлықтай арттырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: