Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жекпе-жек

15.06.2020, 17:50 616

HALYQLINE.KZ

Ел ішіндегі дерекке жүгінсек, «Созақ бекінісін жаудан азат етуге үш жүздің қолы жиналады. Бұл шайқасқа Жанқожа бабамыз даңқты батырлары бастаған 500 сарбазбен аттанады. Шайқас алдында Жанқожа батыр өзінің қолымен қоқандықтарға көмекке келе жатқан атақты Тоған палуанның жасағының жолын тосады. Жекпе-жекте Тоғанды жеңіп, байлап алып Кенесары ханға тапсырады. Басшысынан айырылған жау қолы быт-шыт болып, жан сауғалайды. Мұнан соң Жанқожа батыр өзінің жасағымен Созақ бекінісіндегі соғысқа қатысып, үлкен ерлік көрсетеді» деседі.

Кезегі Кіші жүздің болды соңғы,

Қаптады қалың жасақ құба жонды.

Соңына ертіп алып, өңшең ерді,

Жанқожа бір төбеге бөлек қонды.

Ойлады «қоқандарға келер көмек,

Тосайын дұшпан қолын жолдан бөгеп.

Тынықсын таң атқанша қалған жасақ,

Жіберді шолғыншыны «біл деп дерек».

Қараңғы түн ортасы ауған мезгіл,

Жанқожа Дәрменқұлға деді «көз іл».

Ұйқыға батыр мен пір кеткенінде,

Жиылды ишандар да жан-жақтан кіл.

Киінген аппақ шапан, ақ сәлделі,

Қолында аса таяқ тым кәделі.

«Дәрменқұл оят деді хас батырды,

Бетке алды дұшпанымыз бұл төбені».

Орнынан тұрды батыр жеңіл сергек,

«О, пірім, естідім» деп кегі кернеп.

Ишандар дауыстады «ұмтыл батыр,

Тосамыз жаудың алдын тездетші, тек».

Көрініп әз Жәкеме пірі, ишан,

Жайлады кең даланы тылсым тұнған.

Сол мезет жақындады қалың сыпай,

Бояуға құба жонды алқызыл қан.

Қозғалды әз Жәкемнің суыт қолы,

Қорғаған қалың елін, мұңы-жоғы.

Қаймықпай түнеріп тұр, жау жасағы

Басқарған Тоған палуан өжет, долы.

Шақырып хас батырды жекпе-жекке,

Шапқылап Тоған шықты алғы шепке.

Келгенде найза салым бір-біріне,

Сұрапыл дауыл соқты ұрып бетке.

Қап-қара қалың тұман жерді басты,

Шуылдап жау әскері асып-састы.

Қалтырап өр Тоғанның құты қашты,

Үстем боп Жанқожаның пысы басты.

Тоғанның алған кезде қолын байлап,

Ашылды күннің көзі көкте жайлап.

Алдына салып алып жүре берді,

Әз Жәкем қоқандықты малша айдап.

Сондай-ақ, «Қазақ қолы жеңіске жеткен соң тұтқындардың тағдыры безбенге түседі. Батырлар бас қосқан мәжілісте Жанқожа бабамыз «Қарапайым сарбаздардың қанын бекерге төгудің керегі не? Тоғанның «қазақпен енді жауласпаймын» деген антын алып босатқан жөн» деген ойын білдіріпті. Бұл ұсынысқа Кенесары хан да қарсы болмапты. Осылайша Тоғаннан ант алып, басына азаттық беріпті» деген сөз бар…

Қайран, бабалар!

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: