Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жазушы

01.12.2020, 14:00 486

HALYQLINE.KZ

Жаны тазалықты аңсады. Тазалық туралы әңгіме жазғысы келді. Сонда ғана өзін азаптаған ойлардан арылатындай. Ол өзгеден емес, өзінен жиіркеніп отыр. Өзгеден жиіркенуден гөрі өзіңнен жиіркенудің әлдеқайда ауыр екенін ол жақсы біледі. Ешнәрсе ойлағысы келмеді. Ойлау түсінуге алып келеді деп пайымдайтын ол түсінуден қорқады.

– Өзіңді түсініп қоямын ба деп әр күні қауіптеніп жүресің, сондықтан жүрегің ауырады, жүйкең шаршаған, – деп мазақ етеді ішкі бір дауыс.

Біледі, ішкі дауыс та – өз даусы. Ол өз даусынан, өз ойынан, өз «мендігінен» қорқады.

Ауа жетпей буынып барады. Терезені айқара ашып тастады.

«Қазіргі күйімнен тек қана жазу ғана құтқарады».

Жазу стөліне жайғасты.

Таң атып келе жатқанда әңгімесінің соңғы нүктесін қойып, терең тыныс алды. Сиясы кеппеген туындысын оқып шықпақ болып айбақ-сайбақ жазуына үңілді де қорқыныштан айғай салды. Ол шимай-шатпағын күл-паршасын шығарып, жыртып тастады да тыныштық әлемін селк еткізіп, бар даусымен қарқылдай күлді. Күлкісін тоқтата алсайшы. Қанша күлерін кім білсін, екі адамды көрді де күлкісін сап тыйды.

Бұл адамдар – жазушының жаңа әңгімесінің кейіпкерлері еді. Бірі – өз бауырын пышақтап өлтірген жас жігіт, екіншісі – үш баласын сәбилер үйіне өткізіп, жезөкшелік жолға түскен әйел…

…Ақи көз жігіт қанға боялған пышақты ашқарақтана жалайды.

– Күнәһар пендем-ау, азабыңды қасірет арқалап қана жеңе аласың, – деп азғырады.

…Әйел өзінің жалаңаш тәнін сүйсіне сипалады. Құшағын ашып, мұны еліктіреді. 

– Дүниенің барлық азабынан әйел ғана құтқара алады, – деді сайқал күлкі иесі.

Ақи көз жігіттен қашқан жазушы әйелдің құшағына барып құлады.

Сол түннен кейін жазушы төсектен тұрған емес.

Бірде есі дұрыс адамша: – Әлемнің бүкіл халқы сүйсініп оқитын тазалық туралы ұлы роман жазамын. Балалар менің кейіпкерлеріме ұқсауды арман ететін болады, – деп жымияды да: – Әрине, менің ол шығармама сөзсіз Нобель сыйлығы беріледі, – деп қиялдайды.

Бірде жынды адамша сандырақтап: – Менің періштем келді, оны да, мені де кінәламаңдар, – деп біреуді сүйіп, еркелетеді…

Аягүл  МАНТАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: