Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жапалақтың дауысы

26.12.2020, 10:00 1006

HALYQLINE.KZ

Виктор Кречетов.

Вадим Танямен танысқан кезде, ол әлі мектепте оқитын. Ол өз құрбыларының арасынан өзінің хас сұлулығымен ерекше еді, бұл кезде ол әлі жас болатын, бірақ бойжеткен десе де болғандай еді. Бетіне түсіп тұратын жұмсақ сарғыш шашы, үнемі күлкі кетпейтін ерні, тұңғиық көкшіл көздері адамды өзіне еріксіз тартатын, Вадимнің көздері Таняның көздерімен түйіскен кезде оның жүрегі еріксіз дір етті. Мынадай да жағдай болады: бір-бірін көріп жүрген адамдар өздерінің бүкіл өмірін өзгертіп жіберетін кездесулер болатынын сезбейді, ал бұндай жағдай бола қалса, онда бұдан басқа тірліктің бәрінің құны түк емес, оларды ештеңе тоқтата алмайды. Вадим мен Таня құрбыларымен Ленинградтан қайтып келе жатқанда электричкада кездесті. Ол Вадимға қарама-қарсы терезе жанында, құрбыларымен сыбырласып қойып отырды, ал құрбылары мәз, арасында бұған да көз тастап қояды. Олардың бұл күлгендеріне Вадим аса ренжи қойған жоқ, тіпті танысқысы да келді, әсіресе Танямен. Ақыры батылы жетіп қағазға бірдеңелерді жазып Таняға ұсынды, бірақ кейінірек оқуын өтінді. Не жазғанын білгісі келген қыздарға Таня ештеңе деген жоқ, тек, күлді де қалтасына салып қойды.

Ертеңіне Вадим белгіленген жерге келді, бірақ, ол келмей қалады-ау деген күдік те жоқ емес. Таня келді, осы жерде танысты, ескі таныстардай әңгімелері жарасып кетті. Содан кейін бірауық паркте қыдырып, одан жағалауға шығып, ұзақ аралады, бұл жерде тастар, толқынның жағаға шығарып тастаған тақтайшаларынан аяқ алып жүргісіз еді. Кей кезде боз талдың (ива) жерге иіліп тіреліп тұрған жуан діңгегіне отыратын, мұндай кезде Таня күтпеген жерден қаша жөнеліп тығылып қалатын, ал Вадим мәз-мейрам болып соңынан тұра жүгіретін. Ақ түн күшіне енген сәт еді, шығанақ үстінде шағалалардың қиқу салып ұшып жүргені көрініп тұр, ал екі жастың жүректері бақытқа толы. Содан кейін Вадим Таняны ескі парктің тыныш, шеткі жолдарымен үйіне шығарып салды.

Бұл жерлерді былтырғы шөппен араласып жаңа шөптер басып кетіпті. Парктің іші тып-тыныш. Кенет бұтақтардың арасымен бұқпантайлап келе жатқан оларға, онша қашық емес жерден жапалақтың шақырған дауысы естілді. Бұл дауыста адамның бойы аза бойы қаза болатын, жантүршігерлік бірдеңе бар еді. Вадимнің тұла бойы мұздап кетті.

– Мен қорқып тұрмын,- деді Таня Вадимға тығыла түсіп.

– Қорықпа, бұл кәдімгі жапалақ,- деді Вадим.

– Мен бұлай тез болады деп ойлағам жоқ,- деді Таня.

– Нені тез болады деп ойлағам жоқ?- деді ол, әлі ештеңе түсінбей.

– Кішкентай кезімде шешем мені бір балгер әйелге апарып, бал аштырыпты. Сыған әйел емес, кәдімгі балгер әйел. Ол әйел менің анамды әлдебір аурудан емдеп жазған көрінеді. «Егер қызың түнде шақырған жапалақтың дауысын естімесе, онда қызыңның өмірі бақытты болады» депті. Содан бері мен түнде жүруден қорқатын болдым. Ал, бүгін мүлде есімнен шығып кетіпті.

– Бос сөз! Ақша алғасын балгерлер не айтпайды.

– Ол ақша алмаған. Ол әйел балгер ғана емес, нағыз сәуегейдің өзі болған. Оларға ақша алуға болмайды, тыйым салынған.

– Кім оларға тыйым салған?

– Білмеймін. Мамам солай деген.

Вадимнің есіне кішкентай кезінде көктемгі күндердің бірінде, колхоздың қой қорасының маңында үкінің шақырғаны есіне түсті, артынан қораға жай түсіп, қора түгел өртеніп кеткен еді.

Вадим Таняны үйіне дейін дейін шығарып салды, ертеңіне тағы кездесетін болып уәделесті, бірақ бүгінгі кездесуді жапалақтың шақырғаны, балгерлер жайындағы әңгімелер бұзған еді.

Осыдан кейін олар жиі кездесіп тұрды, тіпті күнде десе де болғандай еді. Күннен-күнге бір-бірін көрмесе тұра алмайтын халге жетті, бұлар бақытты еді, тек кедергі болған бір ғана нәрсе болды: олардың үнемі бірге болуы мүмкін емес еді. Таня мектепті бітіруі керек, ал Вадим диплом алып, үлкен өмірге қадам жасауы керек.

***

Екі жыл зу етіп өте шықты. Таня институтқа түсті, содан кейін күзге қарай үйленді. Таня Удельнин паркі маңындағы Вадимнің ағаштан тұрғызылған үйінде тұрып жатты. Әрине пәтер қаланың пәтерлеріндей жабдықталмаған, есесіне бұл жер тыныш, өзінше біркелкі өмір өтіп жататын, анда-санда қала жақтан гуіл естіліп қалады. Бұлардың көшесі иесіз қалған, айналасын шөппен бірге жөке гүлдері басқан тоғанның қасындағы гүлдерге барып тірелетін.

Кешке қарай Вадим мен Таня тоғанға барып, ымырт түскен сәтте ағаштың арасынан сарғайып көрінетін усадьбаның көрінісін тамашалайтын. Мұндай сәттерде олар өздерін әлдебір құдіреттің күшімен аман қалған аралда жүргендей сезінетін. Ал бұл арал қаланың құрсауында қысылып қалған сияқты болып көрінеді. Оның бұл оқшау өмірі оған тыныштық пен қуаныш әкелетін және өзіне деген сенімін нығайтқан еді. Азанымен тұрып бұлар электричкаға асығатын. Таня – лекцияға, ал Вадим клиникаға, ол бұл жерде белгілі хирургтің ассисенті, әрі диплом қорғап жүрді. Бұлар көбіне бірге қайтатын, бірақ кейде Вадимнің жалғыз да қайтатын кездері болатын. Сондай күндердің бірінде ол бір күрделі операциядан көтеріңкі көңілмен қайтып келе жатты, өйткені операция сәтті болған еді. Аяқ астындағы қар сықыр-сықыр етеді, аяз мұрны мен бетін қарып кетті. Жолдың оң жағындағы жерден жаңадан бой көтеріп келе жатқан үй көрініп тұр, сол жақтағы үйлердің арасынан Удельнин паркі қарауытады. Бұл парк мына қысқы түннің құшағына еніп, қалғып кеткен тәрізді, кенет оның есіне бірінші кездескенде жапалақтың дауысын естіген кездегі Таняның қорыққаны есіне түсті. Вадим осы жайт еске түскенде күлімсіреген еді, дәл осы сәтте үзік-үзік шақырған жапалақтың дауысын естіді; оның әрбір шақырғаны садақтан атылып шыққан жебенің ысылы сияқты қорқынышты еді. Кенет бұл дауыс кілт үзіліп, күлкіге ұқсас бір дауысқа ұласты: «Ху-ху-ху-у-у!».

Үйге келгесін Вадим бұл болған жайтты Таняға айтқан жоқ, оның көңіл күйін бұзғысы келмеді. Бірақ, үш әлде төрт күннен кейін бұлар бұл дауысты бірге естіді, Таня тіпті бір сәт үнсіз қатып қалды.

– Вадим… – деді бар болғаны.

Вадим осы күннен бастап бұлардың өміріне тыныштық болмайтынын түсінді, енді пәтерді тек қаланың ішінен іздеу керек еді.

Таня балгер әйелді мүлдем есіне алмайтын болды, тек ойға шомып, тұнжырап жүреді де қояды. Вадим мұның бәрі жапалақтың шақырған дауысына қатысты екенін сезетін. Ол өзінің үйге әрбір қайтатын кезінде осы шақырған дауысты күтіп жүретінін байқады. Үйге қайтар кездегі әрбір аязды түнде осы дауысты күтетін болды, бұл дауыста қорқынышты бірдеңе мен жаныңды тербейтін бір нәрсе қатар сезілетін. Тіпті, бұл дауысты естіген кезде, бойын әлдебір түсініксіз қуаныш билейтін. Таняға бұл түнгі дауысты есту қиын болса да, бұл қуаныш Вадим үшін мүлдем түсініксіз еді.

Кей кездерде, түн ортасында, сағат төрттер шамасында, терезе алдындағы қайыңның бұтағында, дыбыс шығармай үнсіз отыратын жапалақты көріп қалып жүрді. Вадим бұл кезде бұлардың өміріне сіңісіп кеткен жапалақтың бұл әрекетіне үйреніп қалған еді, ал Таня болса оның шақырған әрбір дауысынан кейін ауру адам секілді мең-зең болып, меңіреу кейіпте жүрді. Енді ол жаңа пәтер іздемек болды, сөйтіп қалаға көшулері керек еді.

Ол Арыстан көпірі деп аталып кеткен жерге барды, бірақ бұл жерден пәтер табыла қоймады. Тек сәуір айының аяғына қарай Суворов даңғылының бойынан табылған бір бөлмелі пәтерге көшіп алды. Ал, бұл кезде жапалақ шақырғанын доғарған болатын, демек, жазғы уақытты осы жерде өткізуге болатын еді.

***

Бұлар жазда Қырымның оң жағалауына жүріп кетті, бұл жерде Вадимнің әпкесі тұратын, оның үстіне ол мұнда пәтер дайындап қойыпты. Теңіз жағалауындағы уақыт өте шықты. Азанда ертемен тұрып суға шомылатын, сосын сағат ондар шамасында көлеңкесі бар жер тауып саялайтын, өйткені көлеңкелі жер теңізден недәуір қашық еді. Бұл жерде ұзына бойы тастар жатады, бұл бейне бір әдейілеп дуал секілді жасалған тастар болатын. Бұл тастардың ұзына бойы құм, бұл жерді олар әлдеқашан егеленіп алған.

Бірде ымырт түсіп қалған мезгіл болатын, Вадим мен Таня осы жерде күннің ыстығынан маужырап, рақат күй кешіп жатты. Вадим ұйықтап кетті, ал Таня да шаршап, қалғып кетіп отырды. Бірақ әлденеге сезіктеніп, тізерлеп отырды да, жан-жағына қарады. Біреу дуал қабырғадан секіріп түсіп, бұталардың арасына тығылғандай болды. Осы кезде Вадим оянып кетті де, мұны құшақтап сүйе бастады, екеуі күлкіге батып құм үстімен домалай жөнелді.Таня тіпті өзіне еге бола алмай тоқтаусыз ішек-сілесі қата күлуде. Неге бұлай күлгенін өзі де түсінбеді. Бірақ сонда да Вадимға тоқтау айтып жатыр:

– Вадим қой, қой деймін, біреу көріп қалса ұят болады…

– Неге көреді, бізді көру кімге керек?.. – дейді Вадим, бірақ бақытты бұл екеуі ештеңеге қараған жоқ.

Бұлар орындарынан тұрып, үсті-бастарын қағып, поселкеге беттеген кезде қараңғылық түсіп қалған еді.

Дуалды айналып өте бергендері сол-ақ еді, қайдан тап болғаны белгісіз, жасы жиырма бестер шамасындағы кавказ жігіті шыға келіп Вадимға былай деді:

– Ей, жігіт мына қызды маған бер, сен басқасын тауып аласың!

– Сен қайдан тап болдың?- деді сасып қалған Вадим.

– Мен дуалдың үстінде отырғам. Сен ұйықтап жатқанда мен сенің қызыңа қарап отырдым. Оны маған бер! Болмаса төбелесейік, кім жеңсе, қыз соныкі болсын! Сосын Таняға қарап: – Ей қыз, сен қай жеңгеніміздікі бол… Немесе, өзің біреуімізді таңда.

-Кеттік, Вадим. –Таня Вадимнің қолынан ұстап жүріп кетті.

Жігіт сол орнында қозғалмай тұрып қалды, бұлар оның қасынан өткен кезде араларынан әлгі жексұрын жапалақ өткендей әсер қалдырды. Вадимнің өн бойын діріл биледі.

– Саған не болды?- деп сұрады Таня.

– Ештеңе. Көңілімде бірдеңе қалып қойды.

– Иә, иә, – деді Таня оны қоштап. – Пасық біреу.

Вадимге оның дауысы сенімсіз шыққандай көрінді, бірақ ол ештеңе айтқан жоқ. Екеуі де үнсіз жүріп келе жатты. Бұл кештің шырқы бұзылды, ал Вадимді іштей бірдеңе жегідей жеді, ол өзін әлденеге кінәлідей сезінді. Вадим қорқақ емес еді, бірақ төбелеске де дайын емес еді. Әлде төбелескенде де болар ма еді, деп ойлады. Қалың ойға батқан Таня қасында жүріп келеді, осы қалың ойдың өзінен Вадимға түсініксіз бірдеңе сезілгендей, бұл «бірдеңеге» Вадимнің ырқы жүрмейтін сияқты еді. Әлде, әлде… әрі қарай ойлағысы келмей, жүрегін бірдеңе тіліп өтті.

***

Вадим білмейтін нәрсе Таняның ойынан кетпеді. Ол нәрсе, бұлар бұл жігіттің қасынан өтіп бара жатқан кездегі айтылған сөз еді: «Ертең осы уақытта, осы жерге кел!». Бұл сөздер сонша қаһарлы, бұйырып айтылғаны сонша, басқаша болуы мүмкін де емес еді. Бұл сөздер ойынан кетпеді, Таня бұлай бұйырып айтылған сөздерге қарсы тұра алмайтынын да түсінді. Әйтпесе мұның бәрі мәнсіз, әдепсіздік, далбаса екенін білді. Ертеңіне Таня өзінің оңаша болғысы келетінін айтты, тіпті әжептәуір, шынайы дәлелі де бар еді. Бірақ, күні бойы сең соққандай мең-зең болып жүрді, Вадим тап басып білмесе де, мұның кешегі оқиғаға қатысы барын сезген секілді. Рас, не екенін білген жоқ, бірақ жүрек сезді, сондықтан ештеңе айтқан жоқ. Таня кетіп қалған болатын, ал Вадим заттарын жиыстырып Ленинградқа жүріп кетті.

Таня өзіне не болғанын түсінбеді, бірақ осы біртүрлі кездесуді күтті. Бұл осы жерге келген кезде, ол әлі келмеген еді. Күтпеген жерден жаңбыр жауды, бұл ұзаққа созылған ыстық күндерден кейін жауған жаңбыр болатын. Үсті-басы малмандай су болды, бірақ кетпеді, бұл бейтаныс жігіт алдаған болу керек деп ойлады, сонда да кетпей күтті.

Ол күтпеген жерден шыға келіп бұған қарай тұра ұмтылды:

– Құдайым-ау, құдайым-ау, Сіз келіпсіз ғой… Кеше маған неге келіспедіңіз? Сіз бір ауыз сөз айтсаңыз болды, мен оны өлтіруге дайын едім. Құдайым-ау, мен Сіз үшін бәрін істеймін! Сіз мен үшін королевасыз!   

Бұл сөздерден Таня жайнап кетті. Өзінің сұлулығының арқасында болған мұндай рақат сезімді ол бұрын бастан кешпеген еді. Бұл жігіттің өзі үшін ес-түсінен айрылғаны мұны бір керемет сезімге бөлеген болатын, егер біреуді «өлтір» десе, ол оған да дайын еді.

Ақыры, ол ақыл-есінен айрылғандай болды, мынадай сөздерден, мынадай шығыстың теңеу сөздерінен, мұның сұлулығын ұқсатқан гүлдердің аттарынан басы айналды. Осылай бұл түн елеске ұқсаған мең-зең жағдайда өтті. Таня тіпті қайда барып, қалай келгенін де білмеді, тек таңертең ғана мұның бәрі артта қалғаннан кейін, болған жайт есіне түскеннен кезде, санасын бірдеңе қарып өтті. Есін жиып, үйге қарай жүгіре жөнелді. Есікті бұрын мұны жақсы көретін егде әйел ашты, ол бұған үнсіз кінәлай қарап тұрды да бір-ақ ауыз сөз айтты: «Кетіп қалды».

Таня өз бөлмесіне кірді де көз жасына ерік берді. Әбден жылап болғасын Вадимға хат жазбақшы болған, бірақ ойлары шашырап, ештеңе жаза алмады.

Терезе сыртынан күн сәулесінің жерге, теңіз бетіне түскені көрініп тұр, жаңбыр жауып өткен болатын, айнала құлпырып тұр, бірақ бұған Таня қуана алмады. Бұлардың бәрі әншейін, бір бос дүниелер боп көрінді. Оның есіне Вадиммен болған ақ түн түсті, олар бұл түні таң атқанша бірге болған еді, енді міне, осының бәрін ол өз қолымен күл-паршасын шығарды. Енді ол осы жерден біржола кетіп, болған жайды ұмытуы керек болды, сөйтіп ешқашан оңтүстік өлкеге бармауға ант-су ішті.

Осындай қалың ойдың үстінде отырғанда, оның бөлмесіне кешегі жігіт кіріп келді.

– Мені жайыма қалдырыңыз, өтінем, мен ешқашан сіздің әйеліңіз болмаймын!- деді Таня айғайлап. – Бұл – менің қателігім, мен ауырып жүрген едім, мен не істеп, не қойғанымды білмеймін! Кетіңіз! Мен сізді жек көрем!

Ол мұны үнсіз тыңдады, сосын нық, сенімді дауыспен:

– Менің әйелім боласың. Айтқаным, айтқан. Жердің түбіне кетсең де менікі боласың…

***

Ақыры мен оны таптым. Міне, енді мәрмәр көктасқа қырынан бейнеленген суреттің алдында тұрмын, ондағы жазу су жаңа күйінше тұр: «Таня Березкина. 1949 – 1968. Қайғылы жағдайда қайтыс болған».

Бейіт жанындағы қайыңның жапырақтары желмен тербеліп, сыбдыр қағып тұр. Жанып жатқан былтырғы жапырақтардың түтінінің иісі мен жас теректің иісі қатар сезіледі. Көктемнің жақындап қалғанын сезген құстар, қуаныштан тоқтаусыз шықылықтауда. Ал ажалдан өзінің күшті екенін көрсетіп, өмір жалғасуда. Мен ойлаймын, Таняның басынан өткен бір сәттік әлсіздік құстарда да, ағаштарда да, өсімдіктерде де болу керек, бұл әлсіздік біржола жойылып кетпейтін сияқты, сондықтан барлық тіршілік иесіне тән нәрсе. Менің білгім келетіні бұл адамның қандай сыры болды, әлде бұл Таняның туабітті қасиеті ме еді? Әлде, кездейсоқтық па, немесе жазмыш па? Сырға толы көздер, ерекше кездесулер… Әлде бұнда құпияға толы құдірет бар ма, немесе алғашқы қауым адамдарына ғана тән күш пе? Әлде бұл түсініксіз құбылысты білмекке ұмтылған күш пе? Әйтпесе бұл жас өмірді құрдымға итермелеген не? Осы құбылыста көзсіз махаббаттың ұшқыны немесе оның жалынының жарқылы, ол жарқылдың жолындағысын өртеп, жандырып жіберетін демі бар ма?

Білмеймін, жауабын таба алмадым, білетінім осыған дейін де осылай болды, қазір де, келешекте де осылай бола береді. Көз алдыма теңіз, жұлдыздары самсаған мына оңтүстіктің қараңғы түні, бұйра шаш, құсмұрын грузин келді. Құлағыма оның сонау алыстан акцентпен айтатын жұмақтағы өмірі, ішкен ант-суы, уәделері келіп тұр. Осы түндердің бірінде орыс қызының рухы ерекше бір өмірді іздеп жүр, бірақ тағдырдың ұйғаруымен ол, өзінің бейітінің басындағы өсіп тұрған қайыңның сыбдырына айналып кетіпті.

5 ақпан, 2020 жыл

Аударған  Бақтияр  МЫРЗАШ.

Сырдария ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: