Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлтын әлемге асқақтатқан алып тұлға

09.01.2021, 9:00 672

HALYQLINE.KZ

Мәңгілік  рух!

Рухтар  қақтығысы

Мен сонау 1974-1976 жылдары Белоруссия жерінде әскери борышымды өтеп жүргенде, Бауыржан Момышұлы туралы ойымды біржола шегелеп келгенмін. Бауыржан Момышұлы десе, көз алдыма ұлттың биік рухы, асқар тауы елестейді. Сондықтан, Баукеңді қазақтың ар-ожданы, намысы, қажымас қайраты, темірдей тегеуріні, алынбас қорғаны, мәңгілік мақтанышы деп білдім.

1986 жылғы «Желтоқсан» оқиғасы кезінде қазақтың намысты ұл-қыздары секілді мен де Ер Баукеңнің ойсырап тұрған орнын сезініп, шарқ ұрып рухын іздей бастадым.

Алайда «күштінің арты диірмен тартады» дегендей, күн өткен сайын ызғары күшейген үстіне күшейе түскен шовинистердің қысымына шыдай алмай, ұлтшылдығым үшін ізіме түскендерді адастыру мақсатында түнделетіп дорбамды арқалап, пойызға билетсіз жасырынып мініп алдым.

Бұл 1987 жылдың ақпан айының соңғы күндері-тін. Жұмыс істеп, бойым үйреніп қалған Ақтөбе қаласынан осылайша бас сауғалауға мәжбүрмін. Вагоннан вагонға қуған жолсеріктердің тепіреші де жанымды жаралап-ақ барады. Қайтесің, амалсыз бәріне де шыдайсың, көнесің!

Бір жерге келіп, сәл дамылдағым келген. Купе вагоны екен. Тар дәлізінде әрлі-берлі өткен адамдар. Кіл славян тектілер. Маған ұнатпай көз тастайды. Әсіресе, әйелдерінің көздері өшпенді, ерекше шатынайды. «Күні кеше ғана «доспыз», «бауырмыз» деп жүргендер табан асты өзгерген! Ата-бабамыз «Орыстан досың болса, айбалтаң жаныңда болсын!» деп қалай дәл сипаттаған!

Ақыры бір көкбет қатынның шыдамы таусылды-ау! Кенет аузынан «ақ ит кіріп, көк ит шыға» бастады. «Сөз сүйектен өтеді» деген, бір кезде «іріген аузының бір шіріген сөзі» жанды жеріме пышақ сұққандай болды. Қазақ халқына тіл тигізді. Бұл менің әмәннан ең осал жерім еді. Шыдай алмай кеттім. «Халқымды қорлатқанша қолдарында өлейін!».

– Егер менің қолымда қазір автомат болса, осы сөздерің үшін біріңді қалдырмай қырып салар едім!…

Мұндай қорқынышты сөзді естігенде, әлгі көкдойыл қатынның ерні бір сылп етті де, елеріп кетті.

– Сендер өздерің автоматты ата аласыңдар ма?! – деп жараланған жанымды тырнай түсті.

Бұл қорлау сөзді қоштағандай енді ер адамдардың ерсі күлкілері де естіліп қалды. Сол сәтте Құдайдың құдіреті ме, Ер Баукеңнің – Бауыржан Момышұлының Мәскеуді қорғаған ерлігі есіме түсе кетті де, табан асты Ер Баукеңнің рухы мерейімді аспандатты да жіберді.

– Иә-ә, сіздердің пайымдауларыңызша, біздер автоматты ата алмауымыз да мүмкін! Бірақ, Москваны қорғаған біздер! – деуім мұң, әлгі қатынның аузына құм құйылды да, үнсіз купесіне кіріп кетті. Қалғандары да «ұялған тек тұрмас» дегендей, қасқырдан үріккен қойдай жан-жаққа тым-тырақай болды.

Мәс-саған!.. Не деген құдірет!.. Міне, рух!.. Ер Баукеңнің рухы! Халқына қорған болған мәңгілік биік рух!

Қанша дегенмен, мойындау керек, шовинист болғанымен орыстар сөзге тоқтайтын, әділдігі бар, сауатты халық ғой! Әлгі сөзі үшін жаңағы көкбет қатынды сөгіп, өздерінің әбес қылықтарын мойындап, маған енді қайтып тіл қатпады.

Сөйтіп, Ер Баукеңнің биік рухының арқасында әлгі купеге тұрақтап, аман-есен ауылға жеттім.

Бұл – ұлыдержавалық орыс шовинизмінің, яғни ұлт басымдығын пайдалану арқылы аз ұлтқа өз үстемдігін жүргізіп, қыспаққа алмақшы болған ірі ұлттың жеңілісі болса, ірі ұлт өктемдігіне қарсы тұрған рухы мықты кіші ұлттың жеңісі еді.

Мұндайда Солтүстік Қап тауы халықтарының ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы имам Шамильдің «Ірі халықтың қысымына үлкен қанжар керек!» деген тәмсілі ойға оралады екен! Үлкен қанжар дегеніміз – мықты рух!

Осылайша, Батыр Бауыржан атамыздың ұстанған ұлтшылдық бағытының, биік рухының, ерекше ерлігінің, әскери өнерінің, қайтпас қайсарлығының арқасында ұлтымыздың мерейі үстем болды.

Әлемді  мойындатқан  соғыс  өнері

Кезінде әлемді тамсандырған бабаларымыздың рухы, соғыс өнері батыр Бауыржан арқылы қайта жаңғырып, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде өзінің биіктігін көрсетіп, соғыс барысында неміс фашистерінің Мәскеуге ентелеген әлемдегі ең қуатты әскери күшінің екпінін басып тастағаны баршаға аян. Сөйтіп, басқыншылардың «Найзағай соғыс» жоспарын быт-шыт етті.

Бұл бабалар рухын әрқашан биік ұстайтын, қашанда халқын әспеттейтін Бауыржан Момышұлының ерен еңбегі, биік рухы, бабаларындай соғыс өнеріндегі тапқырлығы еді.

«Таңғы ас – Волоколамск, кешкілік ас – Мәскеуден» дейтін жаудың өрекпіген рухын басып тастаған Бауыржан Момышұлының соғыс тәсілі – «Бауыржан серіппесі» (кей мақалаларда «Момышұлы серіппесі» деп аталады. – Н.Ж.) әскери ғылым дүниесінде бұрын-соңды болмаған құбылыс болатын.

Бұл ұғымның негізгі мәні – Б.Момышұлының батальоны (арьерград – жау тылына әдейі тапсырмамен қалдыратын күш) жау қоршауының басым күшін бұзып, шыға ұрыс жасау әдісі. Бұл – жаудан бас сауғалап қашқан сықылданып, позициясын тез өзгертіп, жауды қапталдан жол бойында, орманды жерлер мен алқаптарда жау күштері мен колонналарына тұтқиылдан шеңберлеп, шабуыл жасап талқандау тәсілі.

«Момышұлы серіппесінің» маңызы –  соғысқа дейінгі жауынгерлік жарғыларда жоқ «тірек пункті», «қарсылық торабы», «танкіге қарсы торап» сияқты терминдік ұғымдарды қолданысқа енгізуі.

Мұның бәрі бұрынғы тек тұтастай қазылған ор түрінде жасалған қорғаныс шебінің түбірімен өзгеруіне ықпал жасады. Енді дивизия қорғанысты аса кең көлемінде (40-60 км) шеп құруға мүмкіндік алды. Қорғаныс шебі кеңдікте құрған кезде жау күшінің ұмтылу тұсын анықтау үшін, қарсыласқа кедергі келтіру үшін миналық алқаптар мен түрлі кедергілерді де құруға тура келді. Осындай шаралардың арқасында «Серіппе» дивизияның қорғаныс майданына тартыла құрылып, ең бастысы, осы серіппенің үзілмеуі негізгі рөл атқарды. Серіппе жиырылып, келген жауды қысып тығырыққа тіреді, ентелеген жаудың екпінін басып тастап отырды. Нәтижесінде, аз күшпен жау күшін қирата соғуы мен қоршауды бұзып-жарып, шығынсыз шығуы таңдандыратын құбылыс болды. Грюна, Середа селолары мен Материно стансасына тұтқиылдан шабуыл жасап, қимыл-әрекет үстінде аңшылық қулыққа көшіп, сондай-ақ батальонды ерекше «ромб» жауынгерлік тәртібіндегі сапқа тұрғызу арқылы немесе атыс қаруынан бір сәтте дүркін-дүркін оқ атқызып, жолдағы жау колонналарын талқандауы, Мәскеу қорғанысындағы тапсырмаларды ыждағаттылықпен, көрегенділікпен орындауы шайқастың сәтті аяқталуына әкелді. Бұл жағдайларда комбат әрдайым жауынгерлер арасында тізе қосып, анталаған фашистермен ерлерше арпалысты. Осының бәрі жауынгерлердің бойындағы қорқынышты жеңуге әкеліп, жаумен күресе алатын жігермен жігерленді. Мұны Ер Баукең «соғыс психологиясы» деп атады. Бұл генерал И.В.Панфилов тарапынан құпталды.

Жауынгерлік тәжірибесі мол комдив И.В.Панфилов пен комбат Б.Момышұлының ұрыстық тактикасы жалпы жауынгерлік жарғыға «қоршаудан шығу, жылжи отырып, шабуыл жасау тарауына ұрыс қимылдарына орай «очаговая», «тірек пункті», «танкіге қарсы торап» сынды арнайы терминдерді қосты.

Шетелдіктер  мойындаған  ұлы  тұлға

«Момышұлы серіппесін» шебер қолдана білген кубалықтар мен еврейлер аз күшпен күші басым өз жауларын тым қысқа уақыттың ішінде жеңіп шығуы әлем халқын аяғынан тік тұрғызды. Әсіресе, дүниежүзіне өз ықпалын жүргізіп отырған АҚШ-тың түбінде шағын аралда тұрған кубалықтардан жеңілуі, сондай-ақ, араб қоршауында қалған Израильдің бір-ақ аптада қарсыластарын күл-талқан қылуы, шынында да, таңғаларлық еді.

Сондай-ақ, финдер де, Еуропаның басқа елдерінде, Азияда Бауыржан Момышұлының соғыс тактикаларын, «соғыс психологиясын» «Құрандай» оқып, құрметтеуі, рухтануы көп жағдайды білдірсе керек.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында Куба басшысы Фидель Кастро Рустан «Екінші дүниежүзілік соғыстың бас қаһарманы кім?» деп сұрағанда, ол еш ойланбастан: «Бауыржан Момышұлы!» деп жауап берген-ді. Мұндай пікірлерді интернет парақшасында әртүрлі елдердің «ханынан бастап қарашасына» дейін білдіріп жатыр, білдіре береді де! Солардың бірнешеуін мысал ретінде келтіре кетейік.

Иванов: «Спасибо, что русские не забывают казахов героев. Казахам низкий поклон… за землю нашу».

Смирнов: «Эх, казахи! Какой же вы отличный народ! И спасибо вам за умного и отличного героя Казахстана! Очень рад за вас!».

Русь: «В истории Россий казахи как войны не раз спасли Россию и её народ»…

Иә-ә, Бауыржан Момышұлы сынды батырлары көп қазақ халқына алғыс білдіру – табиғи құбылысқа айналып кеткелі қаш-шан!

Еврейлер  не  дейді?

Адамзат тарихында ғылым-білімге, өнерге шексіз үлес қосқан, «аса ақылды» деп есептелінетін халықтың бірі – еврейлер анау-мынауларды мойындай бермесі анық.

Алайда соғыс өнеріне, ерлікке, отан қорғау үлгісіне келгенде, қазақ халқын еріксіз мойындайды. Оған жарқын мысал: 2016 жылы 7 қазанда Ресей президенті В.Путин Ресейдегі әскери-тарихи қауымдастық пен әлем тарихы қоғамдастығы ұйымдастырған жалпыресейлік жиналыста қатысушылардың бір тобын Кремльде қабылдады. Оған орыс және дүниежүзі тарихының жілігін шағып, майын ішкен мамандар, ғалымдар мен шетелдік оқымыстылар қатысты.

Осы жиынға Израиль оқымыстысы, ІІ Дүниежүзілік соғыс тарихын тереңнен зерттеп жүрген ғалым Арон Шнеер де қатысып, сөз сөйледі.

Ол Иерусалимдегі «Яд Вашек» атты Нацизм құрбандарын еске алу жөніндегі Ұлттық институтта қызмет атқарады. Бірнеше ғылыми-зерттеу кітаптарының авторы.

Ресейдің бас тарихшылары бас қосқан алқалы жиынға шақырылуы және оның ішінде шетелдіктер арасынан санаулы адамдардың қатарында президентпен кездесуге таңдалып алынғаны – оның еңбегінің әлемде жоғары бағаланатынын көрсетеді. Әйтпесе, қатардағы біреу болса, мәскеулік шенеуніктер оны көзге ілмес еді.

Міне, осы кісі Израильдің қалыптасу жолдарынан бір тарихи оқиғаны айтып берді. Біз оның сөздерінің қазаққа қатысты жерлерін Ресей президентінің «Кремлик. ру» сайтынан еркін аударып отырмыз.

«1946 жылы Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабы иврит тіліне аударылып, жаңадан құрылып жатқан Израиль мемлекетінің әрбір офицеріне қарумен бірге тапсырылды», – деді ол. Әрі қарай ғалым бұл кітап офицерлерге оқу құралы ғана емес, барлық іс-әрекеттерінде басшылыққа алынатын құбыснама ретінде пайдалануға берілгенін айтты. Осы жерден Шнеер кезінде Израиль армиясы бас штабының бастығы болған Моте Гурдың бір естелігін айтты. Жаудан жүректері шайлыға қорқып, қашып шыққан әскерлерін жинап алып, сол кездегі рота командирі Моте Гур оларға Кеңес Одағының Батыры, комбат Бауыржан Момышұлының Мәскеу түбіндегі соғыста жаудан жалтарған жауынгерлеріне айтқан сөздерін «Волоколамск тас жолы» кітабынан оқып беріпті.

Үзіндінің аяғында: «Сен әскери позициямды ғана қалдырдым деп ойлайсың ба?! Жоқ, сен Мәскеуді де саттың!» делінген екен. Әрине, «Мәскеу» сөзі ол кезде «Отан» сөзінің баламасы екені хақ. Осыны оқып болған соң, болашақ генерал әскерлеріне ешнәрсе айтпастан қоштасу рәсімін жасап, бұрылып жүре беріпті. «Мен өз солдаттарымның мені түсінгеніне сенімді болдым» депті артынан генерал.

Міне, осылай! Отанға деген патриотизмді, Ерлікке деген құштарлықты еврейлер қазақтан үйренген екен. Қалай мақтанбассың?! Осылайша әлемдегі ең ақылды, ең өнерлі халық қазақты өздеріне үлгі тұтқан. Соның арқасында еврейлер қаптаған қалың жауының ортасында титімдей болып жалғыз отырса да, әлі күнге тиіскеннің бәрін жеңіп келеді. Осындайда Баукеңнің: «Қой бастаған арыстан тобы емес, арыстан бастаған қой тобы жеңеді» деген тәмсілін еврейлердің іске асырғандығының көрінісі деп білу абзал!

Әскер  қатарында  жүргенде…

Иә-ә, сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ішінде (1974-76 ж) әскер қатарында жүргенімде, орыс офицерлерімен руханият саласында жиі-жиі қақтығысып қала беретінмін. Әсіресе, олардың: «Болашақ Кеңес Одағы құрамындағы ұсақ халықтарының тілдері жойылып, біртұтас орыс тілі үстемдік құрады» деген шовинистік көзқарастары қатты қапаландыратын-ды.

Әлі есімде Белоруссияның астанасы Минск қаласынан дивизионымыздың әскери-саяси жағдайын тексеруге жоғары шенді генерал бастап келді. Мен бірінші батареядан ең сауатты қатардағы жауынгер санатында едім. Сондықтан, командирлерім саяси сұрақтарға жауап беруге үнемі мені ұсынатын.

Менің жауаптарыма әбден қанағаттанған генерал:

– Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың бойы қанша? – деп тосыннан сұрақ қойған-ды. Мен мүдірместен:

– Саяси бюродағы ең ұзыны – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев! – дедім бойымды мақтаныш билей.

Генерал әкелік қамқорлықпен жеңіл жымиды.

– Ал, Бауыржан Момышұлыны білесің бе? – деді тағы да. Мен тік тұрған күйім:

– Білемін! Ол Москваны қорғаған батыр! – дедім төбем көкке жеткендей қуанышта.

Генерал жымиған күйі арқамнан қағып:

– Қонаевтай кемеңгер бол! Момышұлындай батыр бол! – деді де, – Тек ұлтшыл болма… – деп дауысын бәсеңдетті. Мен:

– Дәл солай! – деп әскери тәртіппен қалшия қалдым. Іштей: «Қонаевтай кемеңгер,  Бауыржандай батыр данышпандары бар халқымнан айналайын!» дедім көңілім босай.

Батыр Бауыржан Момышұлының биік рухы жалғыз мені ғана емес, әскер қатарындағы күллі қазақ баласының мерейін өсіргені анық. Ол турасында, Арал ауданы, Аралқұм елді мекенінің тұрғыны Дәулетбас ақсақал былайша әңгімелейді.

«Бұл өткен ғасырдың 60-жылдары болатын. Аралдық бір топ жігіт Қиыр Шығыстың белді қаласы Хабаровскіде Отан алдындағы міндетті әскери борышымызды өтеп жатқан болатынбыз. Отанымызды қорғауға маңызы зор құрылыс жұмысы қызу жүріп жатқан еді. Рота командиріміз бүгін құрылысты бас штаб бастығы генерал аралайтындығын ескертті.

Қиыр Шығыстың құбылмалы ауа райы бұзылып, күндегісіндей жаңбыр сіркіреп тұрған. Түскі үзіліс кезі. Анадайдан келе жатқан бір топ жоғары шенді офицерлерді көріп, дереу өзімді тәртіпке келтіріп, киімімді түзеп, бастап келе жатқан генералға: «Жолдас генерал! 4-ші ротаның 2-бөлімшесі түстік үзілісте! Рапорт беруші – кіші сержант Бисембаев!» – дедім. Генерал: «Қай жақтан келдің?» – деді. «Қазақстаннанмын!» – дедім жұлып алғандай таңдайым тақ етіп. Мұны естігенде, генерал: «О-о! Қазақтар – өте батыр халық! Мен Бауыржан Момышұлын жақсы білемін!» –  деді байырғы танысындай арқамнан қағып тебірене. Сосын рота командирімді қасына шақырып, ризашылығын білдірді.

«Қайран, Бауыржан батыр аға! Сіздің батылдығыңыз талай қазақты осылай алға жетеледі-ау! Сізді таныған генералдың қолымды алып, арқамнан қағуы да, қамқоршы болуы да – сіздің арқаңыз еді».

Генерал бізден ұзағанша әңгімесі Бауыржан Момышұлы туралы болып бара жатты.

«Қайран генерал!.. Қазақтың қайтпас батыр ұлы Бауыржанмен Ұлы Отан соғысы жылдарында бірге соғысып, от кешті ме?!.. Ел басына күн туғанда, Мәскеуді қорғауда бірге болып, неміс фашистерін талқандады ма?!. Академияда бірге оқыды ма?!. Әлде даңқы жер жарған батырдың өшпес ерліктері дүниежүзін аралап, жер-жерге жеткен бе?!». Әйтеуір, Баукеңнің соғыстағы ерліктерін айтқан генерал жүрегімде мәңгі қалып қойды.

Міне, менің мәлімдемем – осылай қазақтың ұлы адамдарының есімін, ерлігін қозғаған-ды.

Осы кездесуден кейін рота командирім жолдастарымның алдында өз ризашылығын білдіріп, маған алғыс жариялады. Жолдастарымның алдында беделіме бедел қосты».


Рухани  жауларға  берілген  соққы

Жасыратыны жоқ, Бауыржан Момышұлы сынды қазақтың біртуар азаматтарының ерлігін, күш-жігерін, рухын қатты сыйлаған өзге ұлттардың арасында қазақ халқын, оның салт-дәстүрін кемсітушілік көптеп кездеседі.

Кезінде Кеңес үкіметі басқа ұлттарға қарағанда көбірек басымдық берген Қап тауы өкілінің бірі – армян маршал Микоян Бауыржан Момышұлын кеміте қасақана: «Жолдас Момышев!» – деп шақыруына Ер Баукең жұлып алғандай: «Тыңдап тұрмын, жолдас Микоев!» – деп жауап беріпті. Бұған шамданып қалған Микоян: «Мен Микоев емеспін, Микоянмын!» – десе, Ер Баукең: «Олай болса, мен Момышев емеспін, Момышұлымын!» – деп қасқая жауап берген екен.

Ол-ол ма?! 1971 жылы қыркүйек айында Мәскеуде өткен әскерилердің бір бас қосуында генерал-лейтенант Покытиннің қазақтарды кемітіп, «көшпелілер әскерге жарамайды» дегендей дәйексіз, негізсіз сөздеріне шыдамаған Ер Баукең сөз сұрап, мінберге көтеріліп: «Біздің халық – тамырын тереңге тартқан көне мәдениеттің иесі. Біздің ел – әу бастан сәйгүлік баптап, аттың құлағында ойнаған шабандоз халық. Бұған тарихи деректер куәлік ете алады. Александр Македонскийдің атты әскері әлі ердің, үзеңгінің не екенін білмей, жылқыға жайдақ мініп жүрген кезде, біздің арғы тегіміз сақтар ердің қасын біліп, атты әбзелдеп мінген. Міне, осыдан-ақ кімнің көнеден бері жауынгер халық екені белгілі болады. Менің сөзіме күдік келтіретіндер болса, онда барыңыз, мұрағатты ақтарыңыз. Егер менің сөзімде жалғандық болса, дарға асыңыздар. Рас, біздің халық алапат апатқа ұшырады. Есеңгіреп қалған біздің халықты әлдекімдер қолдан жабайы қырғызға айналдырды. Надан орыс княздігі бізді кемсітіп, «қырғыз» деп атады. Ал, біз – қазақпыз! Ғасырлар бойы біз өз-өзімізге келе алмадық, ес жиып, етек жаба алмадық. Кесе-көлденең жайпап өте шыққан моңғол шапқыншылығы, одан кейін қалмақтың салған әлегі, орыс отаршылдығы, сосын Қазан төңкерісі орнады… Ақыр аяғында біз қазақ аталып, Қазақстан деген ел болдық. Қазақстан – бұл ұлы, байтақ ел. Көкжиегі мен шетсіз-шексіз даласына көз талатын оның аумағы үш миллион шаршы километрді алып жатыр. Қазіргі қазақ елінің саны 13 миллион, оның шамамен алғанда 6 миллионы – жердің иесі, байырғы ұлт өкілі – қазақтар. Ал жалпы жер шарында барша қазақтың саны он миллионнан асып жығылады.

Қазақтар Иранда, Үндістанда, тіпті Алжирде де өмір сүреді. Біздің өзіндік ұлықтаған ұлттық құндылықтарымыз бар. Тарихи алапат апаттарға қарамастан біз халық ретінде сақталып қалдық. Біз Тұран ойпатынан Еділ өзеніне дейінгі ұлан-ғайыр аймақта өзіміздің тіліміз бен мәдениетімізді сақтап қалдық. Бұл аймақты күн алты сағатта айналып өтеді! Біздің халқымыз осы аймақтың иесі, қожайыны болған. Қазір де осы аймақтың иесі – қазақтар. Мен жаңа Қазақстанда 13 миллион халық тұрады деп айттым. Оның 5-6 миллионы қазақтар өз Отанында, атажұртында өмір сүріп жатыр, қалғаны – шеттен келген келімсектер. Бірақ біз оларды шеттетпей, төзімділік көрсетіп отырмыз. Мен мұны бас штабтың полковнигі ретінде ресми түрде мәлімдеймін. Менің сөзіме кімде-кім сенімсіздік танытар болса, барып мұрағатты ақтарсын!», – депті.

Міне, осылайша Ер Баукең сыртқы жауларғға қайталанбас соғыс өнерімен тыңнан түрен жол салып соққы берсе, қазақ халқын кемсіткен ішкі жауларына да өзіне тән тапқырлықпен, терең білімімен, қайтпас қайсарлығымен, биік рухымен тойтарып, ұлтының мерейін асқақтатып отырған.


Ұлт  намысын  қорғауда  мінез  бен  білім  –  қос  қанат

Мен де Бауыржан көкем сықылды намысшыл боп өстім. Әскер қатарында жүргенімде ұлт намысын қолдан бермедім. Әскери борышымды үздік атқарғаныммен, славян тектілердің, әсіресе орыстардың намысқа тиер сөздеріне шыдай алмадым.

Жастықтың әсері ме, әлде ұлт намысын қорғаудағы бағытым дұрыс болмады ма, әйтеуір, қатты қателестім. Жұдырыққа жүгіндім. Осылайша, шовинистерді жуасыту мақсатында орыс еместердің басын біріктіріп, төбелес ұйымдастырып, ақыры, шовинистер қақпанына түстім. Мені қолдаған Робизон Веквишвили мен Миша Кобахидзе он бес күнге қамалса, мен қатаң тергеуге алындым.

Құдай сәтін салғанда, бақытыма қарай, әскери міндетімді үздік атқарып, түсінігі мол командирлердің назарына іліккенім қандай жақсы болған!.. Солардың арқасында сотталудан аман қалдым. Алайда, жүрегім қатты жараланғандықтан, кейін мұндай əділетсіз қоғамға қарсылық ретінде өз еркіммен комсомол қатарынан шығып кеттім. Содан бастап өмірлік ұстанымым – «Қазақ елі тәуелсіз болуы керек!» дегенге айналды. Бірақ, қалай?!.

Оны 1986 жылғы «Желтоқсан» оқиғасынан кейін құрылған «Азат» қозғалысына мүше боп, Сәбетқазы Ақатай, Михаил Есенәлиев сынды қазақтың біртуар азаматтарымен жолығып, пікірлескеннен кейін түсіндім. Менің түсінігімше, әлем мойындағын Бауыржан Момышұлы жолы – Ел Тәуелсіздігіне сілтер даңғыл жол екендігіне көз жеткіздім. Ол жол – намыспен қатар, шынайы білім алып, ұлтқа қалтқысыз қызмет ету екен!

Сондықтан, ұлт намысын қорғауда мінез бен білім қос қанат боп, ұлтымызды көкке еркін самғату керек! Ол үшін мектеп бағдарламасына «Бауыржан Момышұлытану» пәнін енгізу аса қажет! Өйткені, Ер Баукеңнің рухымен қаруланған ұрпақ арасынан ұлтын әлемге асқақтатар талай алып тұлға туындап, Ресей секілді шовинизм дертіне шалдыққан елдердің мысын басып, елін қорғауға әрқашан дайын болары сөзсіз!

Нұрбай  ЖҮСІП,

Арал  ауданы,

Қамыстыбас  ауылы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: