Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тұңғыш жинақтың тұсаукесері өтті

26.11.2020, 11:15 1032

HALYQLINE.KZ А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде қараңғыдан қашып шыққан жарықтай жалт қарататын, сөзбен салған суретін көрмеге қойғандай бағалата білетін, қазақ поэзиясына қосылған жаңа бір есім – жерлес жас ақын Биболат Сәтжановтың «Жолқараған» атты тұңғыш жыр жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.

Мен сөз сұрап тіленбедім,

Танылғанға табынбадым.

Емлеге сүйенбедім,

Ережеге бағынбадым.

Өзіме шақ қайғым енді,

Жаным үшін жазғаныма.

Жасырып та қойғым келді,

Көп сөзіме аз мағына, – деп жырлаған ақын кітапта арнау, патриоттық, саяси немесе басқа да қоғамдық, әлеуметтік тақырыптағы өлеңдердің жоқтығын айтады. Және мұны өзі үшін ерекше оқиғаға балайды.

«Кітап 80-90 шақты өлеңімді қамтыған. Яғни, кітап шыққанға дейінгі жазған-сызғандарымды іріктедім. Өлеңдерімнің басты тақырыбы – жеке басымнан өткен оқиғалар, толқыныстар. Осы жағдайларды өлеңге арқау етемін», – дейді ақын.

Руханияттың айналасында жүргендер мен өлеңге үйірсек келетін жандар бас қосқан шараны қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов ашып берді.

– Біз бүгін талатты, дарынды ақын Биболат Сәтжановтың «Жолқараған» кітабының тұсаукесеріне келіп отырмыз. Қазіргі поэзияда өзіндік орны бар, ойы бар, сөзі қанық, тиянақты ақын бауырымыздың кітабы өміршең болсын деймін, – деді ол.

Одан соң «Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасары Дәурен Омаров, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, кітаптың редакторы Дүйсенбек Аяшұлы Биболат Сәтжановтың шығармашылығы, «Жолқарағанның» оқырманға қалай жол тартқаны жайында айтты. Жиналған жұрт жаңа кітаптың салтанатты түрде тұсаукесерін де тамашалады.

Кітап авторы өз кезегінде кітаптың жарық көруіне демеушілік жасаған руханият жанашыры, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаевқа, қала басшылығына, сондай-ақ тұсаукесер рәсімін ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, «Күз күткен», «Қызылорда» атты өлеңдерін оқып берді.

Шара барысында қалалық Жастар театрының әртістері ақынның өлеңдерінен әдеби монтаж жасаса, жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашты.

Рыскелді СӘРСЕНҰЛЫ,

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: