Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Талмас әулие немесе Алатағы аңызы

24.01.2021, 14:00 598

HALYQLINE.KZ

Көптен мал тұяғы тимеген Сарысу өзенiнiң жағасы көк пүлiштi көрпе жамылғандай. Көздiң жауын алған көкмайсалы, көксауырлы алқап ақ отқа сыңсып тұр. Аттың шашасын қағарлықтай қалың өскен көкмайсалы алқап қырдың ерке самалына еркелей кекiлiн тосқан бейкүнә бүлдiршiндей шолжың кейiп танытады.

Сайын даланың шатақ мiнезi асау өзенiн суық көздiң сұғынан сақтағысы келгендей алыстан мен мұндалаған ну жыңғыл өзеннiң жан-жағын мұқият қымтап тастаған. Сонау көздiң ұшынан көрiнген Ұлытаудың сiлемi жазғы сағымға iлесiп, жылт-жылт ойнап көз арбайды. Шетсiз-шексiз баялышты жон құс қанаты таларлықтай сайын даланың бастау алар бағытындай болып елестейдi.

Дала көрiнiсiне тамсана көз тастаған Талмас әулие қара шанақты қыл қобызды сағағынан сығымдай ұстап қыса түскен.

Марғау, бейжай кейiпте арқалы да асқақ мақамға ынты-шынтысымен берiле елтiгендей, бiрде уiлдей шыққан мың сан дыбысты уысынан шығарғысы келмегендей, ендi бiрде сүңгi бойламас сұңғыла ойдың шырмауына батқандай қалыпта ауық-ауық көзiн ашып-жұмып ұзақ отырды. Айбынды даланы тербеткен қыл қобыздың қоңыр үнi кейде қыл шектен сыр суыртпақтағандай бебеулесе, кейде көңiлiнде көзi бар жүректерге замана сырын жеткiзгiсi келгендей гөй-гөйлейдi.

У… ай, у… ай.

Жегi құрттай ойлар менi талады-ау,

Ажал жақын, бүгiн ертең алады-ау…

У… ай, у… ай…

Жетi қат жер астын жарып шыққандай, күмбiрлеген ерекше сарын гөй-гөй тартып уiлдеп тұрып алды.

Жүйкенi босатып, сананы шабақтаған қоңыр үн бiресе ботасын iздеген аруана болып аңырайтындай, бiресе анасын iздеген қозы болып маңырайтындай, кейде жылқы болып шұрқырайтындай, кейде арқар болып арқырайтындай.

Ашық аспан астын кезген мыңсан дыбыс маңғаз кейiптегi марғау далаға мұң шағып күрсiнгендей сылқ-сылқ сылдырай күлiп наз айтқандай бiресе фәни жалғанды талақ еткендей сыңси күңiренедi.

У… ой, у… ой.

Фәни жалған бiзден дағы қалады-ау,

Кiмге сенi қиып кетем далам-ау.

У… ой, у… ой…

Бебеу қаққан бейбақ үн жүректi тiтiрентiп, тұла бойды шымырлатып, сары судың сайын баласына шымшымдап сiңiп жатты.

Өне-бойы босап, көңiлi алай-дүлей күй кешкен Талмастың аппақ қудай сақалын тарам-тарам жас жуды.

Мен кетермiн,

Сен аман бол, қасиеттi далам-ау,

Мен кетермiн,

Сен аман бол, әз жүректi балам-ау…

У… ой, у… ой…

Сол күнi түс ауа жүзiнен имандылық нұры төгiлген, аузын ашса көмекейi көрiнген, қамшының сабындай сексен жылдық ғұмырында елiн елдiк пен ерлiкке үндеген, халқын бiрлiк пен татулыққа шақырған Талмас әулие дүниеауи тiршiлiктi тәрк етiп, фәни жалғаннан бақилыққа сапар шектi.

Түс ауа шабынған бурадай ұйытқи соққан жынды жел тып-тыныш отырған қарқарадай ауылдың әлек-шәлегiн шығара жұлмалап, әп-сәтте-ақ, ұйпа-тұйпасын шығарып, жүндей түттi. Шайдай ашық аспанда ерсiлi-қарсылы жөңкiлген ұрыншақ бұлттар жарқыраған күннiң көзiн албастыдай тұмшалап тұрып алды.

Талмас әулиенiң өлiмiне аза тұтқан сары дала қаралы кейiпке ендi. Жер мен көктiң арасы қара жамылды.

Сарысу өзенiнiң бойын жайлаған бейғам ауылдың үстiн естiген жанның төбе құйқасын шымырлатып, сай-сүйегiн сырқыратқандай азалы үн басты. Қаралы ауылдың үлкен-кiшiсi сол күнi әулиенiң көзi тiрiсiнде тақымына басқан ақбоз атының ауылға қара дауылмен қабаттаса шауып келiп құлын дауысы құраққа шыққандай осқырына ауылды үш айналып бет алды iзiм-қайым жоғалғанын сезбей қалған едi.

*      *       *

Түс ауа жүрегi түскiр оқыстан дiр-дiр етiп, атқақтай соғып шым-шым ете қалған Болған ана қараптан-қарап ауа жетпегендей аласұра қарманды. Көз алдындағы шайдай ашық дүниенi қара кiреуке тұмшалағандай дөңгеленiп жүре бердi.

Құрысып-тырысқан тұла бойын шүмектей төгiлген қара тер жуып, жаны қалды. Жандәрмен отырған жерiне қисая кеткен ақ кимешектi кейуана тiлiн кәлимаға келтiре алмай қиналып жатып, талықсып барып, ұйықтап кеттi.

Көзi ұйқыда болғанымен көңiлi ояу кейуананың санасын алыста қалған жарқын күндер жаңғырығы шабақтағандай. Сананы шырмаған күңгiрлей естiлген беймәлiм нәзiк үн жетелей жөнелдi.

… Сән-салтанаты жарасты Сәтен байдың ауылы қашанда қыз жанын қытықтап, жiгiт көңiлiн марқайтар жыр-думанның үлкен ордасы iспеттi болатын.

Аумағы атшаптырым ауылдың тайлы-таяғына дейiн жаз жайлауға қоныс теуiп кереге жайысымен алты ай жаз бойы той-томалақ қызығына кенелiп, сары даладағы тiршiлiк қазаны бұрқ-сарқ қайнап жататын.

Ол бiр үкiлi кәмшат бөрiк киiп оң жақта бұлғақтаған Болғанның ең бiр бақытты шағы едi-ау. Қызылшыл көңiл бал дәурендi балғын шақтың қызығы мен шыжығына тойған ба?

Болған да бал-бақыттың шүп-шүп толы ыдысынан мерейi қанғанша үрлеп iшiп, шайқап төгудi армандайтын.

Сәтен байдың көзiнiң ағы мен қарасындай бес ұлдың ортасында бұлғақтап өскен даланың ерке сылқымы Болғанның айдай жамалын көрген де арманда, көрмеген де арманда.

Қызыл гүлдей үлбiреп тұрған қас сұлу көргендердiң көңiлiне құрт түсiретiн. Оны көрген бозбала бiткен ғашықтық отына күйiп-жанып, Сәтен байдың ауылын сағалап дүмеп жататын. Болғанды көрген үстiне көргiлерi келiп, дала еркесiнiң нұрлы бейнесiн күндiз естерiнен, түнде түстерiнен шығара алмай аһ ұра күрсiнетiн.

Болғанның ауылы күнi-түнi дүмеген дүрмектiң жүрегiне ғашықтық дертiн шалдырғанын сезген ата-ана пiскен астың күйiгi жаман екенiн жасыра алмады. Ұлытауды жайлаған бесiк құдасы Қоңырбайға «жастар өстi, көкейдi тестi, ендi солардың қызығын қызықтамаймыз ба» деп хабар салды. Құдалар жағы көп күттiрмедi.

Жаз ортасы ауа ауылға бiр аяғын сылтып басқан, бет-аузы түк-түк күйеу бала Тұрар бастаған бiр топ адам ат басын тiредi.

Болашақ жарының айдай келбетiн, тал шыбықтай бұралған мiнсiз мүсiнiн көрiп, түк басқан аузынан сiлекейi шұбырып, мерейi тасыған Тұрардың көңiлi марқайып, от көрген көбелектей шыркөбелек айналды. Қас сұлумен тар төсекте табысар күндi аңсап, қайын жұртына той жабдығын тездетуге қолқа салды. Болған Тұрарды алғашқы көрген күннен бастап ұнатпады. Оның жүрiс-тұрысы да, сөзi де, ең арғысы әзiлi де дойыр қамшыдай тиiп, қараптан-қарап қарнын аштыратын.

Жас сұлудың нәзiк жанын мұң мен наланың айықпас дертi торлады. Бұл өмiрде бақыттың балын ұрттауды армандаған жүрегi бал орнына у ұрттайтындай шiмiркендi. Әркiмде бар бiр арман болса да Болған iштегi шерiн сыртқа шығармауға тырысты. Iштей сарыуайымға салынды.

Той күнi жақындап келе жатты. Болған сұлу аяқ астынан айықпас дертке душар болды. Перiште пейiлдi қызға суық көздiң сұғы қадалды ма, болмаса, жын-шайтанның шалығы тидi ме, әйтеуiр, кешкiлiк санасы сап-сау бойжеткен таңертеңгiлiк төсектен есi кiресiлi-шығасылы болып оянды.

Кейде өз-өзiнен құтырынып, аузы-басынан ақ көбiк ағатын дертке шалдықты. Көркiне көз тоймайтын Сәтен ауылының еркесi Болған сұлу ендi дарақы күлiп, екi естi-мәжнүнге айналды.

– Бұл сұмдықты көргенше шыққыр көзiм неге шықпады? – деп сарыуайымға салынған көкiрегi шерлi Сәтен бай күрт түсiп, төсек тартып жатып қалды. Тосын жайдан ауыл дүрлiктi.

Бұрынғы төрт құбыласы түгел бәйбiше тағдырдың жазуымен ендi жынды қыздың шешесi атанып, қара жердiң үстiнде емес астында жүргендей мең-зең тiрлiк кештi. Жоқ болса бере алмайтын, бар болса көре алмайтын ағайын – ол кеттi бет-бетiне өсектеп.

«Жынды қызды қатын қылар жайым жоқ» деп мұрнынан құрты түскен күйеу бала Тұрар, «есiрiк қызға есiгiмдi аштырмаймын, өз жындың өзiңе» деп қалың малын жер қайыстыра айдап бесiк құда Қоңырбай кеттi. Той-думанның ордасы болған ауылдың қызымен бiрге қызығы да кеттi, жарқыраған айын қараңғылық жұтқандай барша сән-салтанатынан жұрдай болды.

Сәтен байдың ақ ордасынан жемтiк iздеген құзғын қарғадай ауылға аузымен құс тiстеген небiр емшi мен құшнаш, бақсы мен балгер қаптады. Бiрақ, емнiң шипасы болмады ма, болмаса Құдай сәтiн салмады ма, Болғанның бетi берi қараудың орнына күннен-күнге жыны қозып, ауруы асқынып үдей түстi.

Жынының жиi-жиi қозғаны соншалық: өзiнiң ата-анасын танымай, олар «тәйт» десе қаңтарда шабынған бурадай одан сайын өршiп, шашы бардың шашын жұлып, бетi бардың бетiн тырнап, әлi жетпесе тiстеп, адам көрсе алыса кететiн әдет тапты.

Арада үш жылға бергiсiз үш айдай мерзiм өтiп, жадыраған жаз кетiп, қоңыраулы күз жеттi.

Дала өңi сұрқай тартты. Бiрде базары тарқаған жәрмеңкедей бұйығы тiрлiктiң күйiн күйттеген Сәтен ауылы «Талмас әулие келдi, Талмас әулие» деп аяқ астынан абыр-сабыр болды. Осы бiр ауыз сөз қол-аяғы таңылып жатқан кiресiлi-шығасылы есi бар Болғанды жағынан отты шапалақпен тартып жiбергендей денесiн дiр еткiзiп, миына мың сан ине сұққылағандай әсер еттi. «Талмас әулие, Талмас әулие» деп iштей күбiрледi.

Төсек тартып жатқан Сәтен бай сүйретiлiп тұрып, күрк-күрк жөтелiп оң жақ босағаны ала жүрелей отырды. Әулие көп күттiрген жоқ, сегiз қанат ақ орданың ағаш есiгiн айқара ашып кiрiп келдi. Қолында аса таяғы бар, аппақ ақ киiмдi, көзi өңменiнен өтердей өткiр, ұзын бойлы ашаң жүздi кiсi кiрiп келгенде, қол-аяғы байлаулы жатқан Болған шыңырауға құлап бара жатқандай денесiн бiр уыс қылып жиып алып, «апа» деп құлындағы дауысы құраққа шыққандай шыңғырып жiбердi де сылқ түсiп тiл-аузы байланып қалды. Оқыс дауыстан шоршып түскен Сәтен бай «астапыралла» деп жағасын ұстап, iле-шала тiлiн кәлимаға келтiрдi. Орнынан тәлтiректей тұрып «ассалаумағалейкүм, тақсыр» деп әулиенiң қолынан алып, шапанының шалғайынан сүйдi. «Қасиеттi әулием-ай, атыңызға сыртыңыздан қанық едiм, сiздi де көретiн күн бар екен-ау, рахымы кең Алла тағалама разымын» деп иегiн кемсеңдетiп, көзiн шылап алды.

Үйге кiргендегi сабырлы қалпынан айнымаған әулие қол-аяғы байлаулы жатқан бойжеткеннiң шыңғырғанын естiмегендей, жан бiткен аруақтай жалбаңдап қолын алып, етегiнен сүйiп, жүзiнен пора-пора жас жудырған шоқша сақалды домалақ шалды байқамағандай кейiпте өзiнше күбiрлей сөйлеп төрге озды.

– Ля, иллаһа илла-алла, Мұхаммед расул-алла… Алла тағала күнәһар пенделерiңдi желеп-жебей көр! – деп бата берiп, – мына бейбақтың аяқ-қолын шешiңдер! -деп әмiр еттi.

– Тақсыр болмайды, – дедi шыр-пыры шыққан Сәтен басын шайқап. – Шалық ұрған, ие бола алмаймыз.

Әулиенiң шоқтай жанған қос жанары Сәтенге қадалды.

– Байеке, жас кезiңде күнәң көп болған-ау, ендiгi жерде басқаның күнәсiн арқаламай, бес уақыт намаз оқып, өз күнәңнан арылсаңшы, – дедi. – Мына пақырдың қолын шеш, ешкiмге тиiспейдi.

Жан-жағына алақ-жұлақ қарап, құйрығымен жылжыған Сәтен қыздың қол-аяғы шырмалған жiңiшке арқанды өткiр бәкiмен тартып-тартып жiбердi.

Орнынан қозғалмай сұлқ түсiп жатқан Болған сұлуды:

– Тұр орныңнан, менiң көзiме қара! – деген әмiрлi дауыс селк еткiздi. Әлсiз денесiне тосыннан адуын күш пайда болғандай бойжеткен отырған орнынан атып тұрды. Шашы жайылып, ебiл-дебiлi шыққан қыздың әлсiз жанары әулиенiң отты жанарымен шарпысып қалғанда тұла бойын жалыны ып-ыстық оттың жалыны шарпып өткендей бұла денесi ысып жүре бердi. Өне бойын ағыл-тегiл тер жуды. Көзiн жұмды.

Бiрте-бiрте тiзесi бүгiлiп ерiксiз шөккен тайлақтай арқасын керегеге бере жүрелеп жығылды. Көзiн ашса, төр алдында қаққан қазықтай болып отырған әулие өзiнше күбiрлеп дұға оқып отыр екен.

Болған көзiн қайта жұмған күйi талықсып ұйықтап кеттi.

– Әулием, әуелi Құдайға, одан соң өзiңе екi дүниеде де борыштымын, осы қызымды ел қатарына қосар болсаң, өз қолыммен ақ некелерiңдi қидыруға Алла атымен ант етемiн, – деп иегi кемсеңдеп, көзi жасаурап, көңiлi қожыраған Сәтен бай шарт жүгiнген бойда әулиенiң алдына жүрелей жығылып, қос танауын қайта-қайта тартып қойып әулиенiң ақ шапанының етегiн қайта-қайта сүйгiштедi.

Ақ мәрмәрдан жаралғандай аппақ ақ киiмдi Талмас әулие селт етпедi.

– Оны бiр Алланың бұйрығы бiледi, – дедi жан дүниесi астан-кестен ойрандалған шалға мойын бұрмастан тiп-тiк отырған әулие. – Бәрi де Алланың пәрменiмен болар iс қой, иншалла бұйырсын деңiз.

Әулиенiң ашаң жүзiнен Мұхаммед ғалейиссәламның жолын ұстаушыға тән тектiлiк пен тәкаппарлықтың, сабырлылық пен салқынқандылықтың ерекше нұры ескендей.

Тура қарағанда ыстық шоқтай қарып түсетiн өткiр жанарлар алыстан лебiмен тартқан отты шамдай жер үстiндегi күйкi тiрлiктi екi аяқты пенделерге бұл фәнидiң жалғандығын ерiксiз мойындатқандай, тылсым күштiң құдiретiне ерiксiз табындырғандай.

– Ей, пендем, уәде – Құдай аты екенiн ұмытпа! – дедi.

– Құп, тақсыр, ұмытпаймын, ұмытсам ұрпағымның қызығын көрмей кетейiн.

Кезiнде жынды атанған ерке сұлу Болғанның есiн алған ауыр дерттен Талмас әулие сауықтырды. Әулиенiң шапағатымен нұрлы өмiрге қайта оралған кермеиықты кербез сұлу пайғамбардың ақ жолын ұстаған Талмастың түтiнiн түтеттi. Етегi құт болып, бала сүйдi, немере-шөбере қызығын көрдi.

Елiнiң тыныштығы мен халқының ынтымағын ойлаған Талмас әулие түн ұйқысын төрт бөлiп, қазақтың кең даласын алты ай жаз бойы шарлап кетiп, Болған ананың ауылына жылына бiр рет көктемде ғана ат басын бұратын.

Әулиенiң отбасының берекесiне ұйытқысы болған үш әйел үш ауыл болып отыратын. Дала төсiнде ерке сылқымның шолпылы бұрымындай асыр сала созылып жатқан Сарысу өзенiнiң бас жағында Болған ана, орта шенiнде Белең ана, аяқ жағында Айман ана ауылдары жаз жайлап, қыс қыстайтын. Үшеуi де тектi жерден шыққан әйелдер өз шаруашылығына өздерi бас-көз болып, әулиенiң ауылда бар-жоғын жоқтатпайтын. Талмас күзде Айман ананың, қыста Белең ананың, көктемде Болған ананың ауылдарында болып, жаз шыға кең даланы емiн-еркiн шарлап кететiн. Биылғы көктем әлдеқашан шықса да, әулие бұл ауылға ат iзiн салмастан тым-тырыс қалды. Көңiлiн алаңдаушылық пен мазасыздық билеген Болған ана соңғы күндерi сарыуайымға салынып, жанын қоярға жер таппай қиналатын дертке бой алдырды. Жүрегi түскiр де бiр жаманшылықтың боларын алдын ала сезгендей жиi-жиi шаншып ауыратын. Бүгiн мүлде мазасы қашты. Жүрегi қайта-қайта шаншып, ақыры талмаусырап жатып түстi көрдi. Түсiнде Талмас әулие үлкен төбенiң ұшар басында басын төмен салып отыр екен. Көңiлi пәс көрiндi. Болған ананың «отағасы, не болды» деген сауалына «ақбоз ат қашып кетiптi, сiрә, сенiң ауылыңа бара алмаспын» дедi де қыл қобызды толғай тартып, азалы күйдi аңырата жөнелдi. Азалы үннен жаны түршiккен Болған ана түсiнен шошып оянды. «Құдайым-ау, қара қобыз айдың-күннiң аманында неге зарланады? Мынау азалы үн топырақты өлiмнiң хабаршысы емес пе? Аруақтар не дейдi, ненi мегзейдi? Отбасының дәм-тұзы таусылды деп зарлап тұрған жоқ па? Сормаңдай болып сорлап қалған екенбiз-ау, ойбу…»

Болған ана аһ ұрып, шырқыраған шыбын жанын қоярға жер таппай қиналды, жатпай-тұрмай жолға жиналды. Сарысу өзенiн жағалай жолға шыққан бәйбiше бiр жерде аялдап шашын тарайды, ол жер Басқасуын аталады, екiншi бiр жерде белбеуiн шешiп дамылдайды, ол жер Ортақасуын аталады, үшiншi жерде мәсiсiн шешiп, аяқ-қолын жуынады, ол жер бүгiнге дейiн Аяққасуын аталады. Отағасынан айырылып, құсамен қан жұтқан Болған ана Сарысу өзенiнiң орта шенiнiде орналасқан Талмас әулиенiң екiншi әйелi Белең ананың ауылына келiп, өмiрлiк серiгiн ақ жуып, арулап жерлеп қайтады.

*   *   *

Жасынан мәпелей күткен иесi Талмас әулие көз жұмған күнi айдалаға лағып, шығандап кеткен Ақбоз ат сол кеткеннен мол кеттi. Оны содан берi көрдiм деген жан баласы болмады. Көптен адам көрмей жабайыланып кеткен естi жануар Сарысу өзенiнiң елсiз тұстарын сағалап, от оттап, су iшетiн. Күндердiң күнiнде жабайылықтан мезi болған құба жонда құйындай жорытқан құландар үйiрiне қосылды.

Бiрде Сарысу өзенiнен суға қанып алып жонға қарай жөңкiлiп желе жортып келе жатқан құлан үйiрi аң аулауға шыққан Байғана батырға қарсы жолықты. Байғана құлан үйiрiн көре салысымен Бәйгешұбарға қамшы басты. Сары даладан ұбақ-шұбақ шаң көтерiлiп, жүздеген тұяқтар дүрсiлi естiлдi.

Талай-талай жаугершiлiк шайқастарда жекпе-жек десе қасқыр көрген бүркiттей екi көзi шоқтай жайнап, екi иығын жұлып жеп аттан сала тұра ұмтылатын Байғана жаужүрек батырлығымен қатар құралайды көзге атқан мергендiгiмен де аты алашқа жайылған арқалы азамат едi. Ел тыныш, орда бүтiн жылдары аңшылықты кәсiп ететiн. Онда да көбiнесе құлан мен қарақұйрық аулайтын. Оның өзiнде жез садақты қоңы бар жарамдысына ғана көздейтiн.

Құландар үйiрiне бiр бүйiрден қиқулай салған Байғана мергеннiң көзiне құланнан тұрқы биiктеу Алатағы ерекшеленiп көрiндi. Құландардан түр-түсi де, шабысы да ала бөтен. Құлан дейiн десе тұрпаты жылқыға келедi, жалы да, құйрығы да ұзын. Жылқы дейiн десе, құлан үйiрiн бастап зырқырай ұшқан жебедей зулап барады.

Мынау нағыз алатағы ғой.

– Ия, сәт бұйырса қанды басым берi тарт, – деп күбiрлеген Байғана мерген жез садақты жiберiп қалды. Сол мезет Бәйгешұбардың үстiндегi өзi де, алдында аппақ болып заулап келе жатқан Алатағы да мұрттай ұшты. Iле-шала ұшып түрегелгенiмен бiр бүйрегi шаншып кеткендей қабағын кiжiрейте қара жерге қайтадан құйрық басты.

«Япырмай, мынау киелi жануар болмаса жарар едi» деген ой санасын шарпып өттi. Бiр жақ бүйiрiн қос қолдай ұстап, бiр аяғын сылти басқан мерген жез садақ жер қаптырған тұрқы бөлек жануарға қарай аяңдады.

Сол мезетте шұрқырай кiсiнеген Алатағы орнынан қайта тұрып, қайта құлады. Байғана қасына келгенде танадай көзiнен мөлт-мөлт жас төккен жануар тұруға талпынса да тұра алмай, екi иығынан демалып, жаны қиналып жатыр екен. Алатағы мергендi үнсiз кiнәлап басын шайқағандай, болар-болмас оқырынды. Жануар «жазығым не, неңдi бүлдiрдiм» дегендей мұңая қарады. Батырдың бiр бүйiрi тағы да шаншып-шаншып кеттi. «Япырмай, киелi жануар болмасаң еттi». Төрт аяғы көктен келiп, есiк пен төрдей жердi алып, қарсы алдында сұлап жатқан Алатағының бейкүнә жанарына қайта қарауға дәтi шыдамады. Дереу қонышынан балдақты сапысын суырып алып «бiсiмiллә, сенде жазық жоқ, менде азық жоқ, жаның құдайы» деп алқымын ала қор еткiзiп тартып жiбердi.

Ауылдағы үлкендер жағы Байғананың құлан деп атып алғаны өткен жылы дүние салған Талмас әулиенiң Ақбоз аты екенiн танып, жазықсыз жануарды атып алған мергендi күстаналады. «Әулиенiң кепиетiне ұшырамасаң жарар едi» деген қорқыныштарын да жасырмады. Ақсақалдар бас болып, әулиенiң көзi тiрiсiнде тақымы тиген атын биiк төбенiң басына қошеметтеп жерледi. Ол төбе кейiннен Алатағы атанды.

Әулиенiң атын бiлместiкпен атып алып, айықпас дертке душар болған Байғана батыр бiр жетiден соң дүниеден өттi.

*   *   *

Бiзге дейiн жеткен аңыздың ұзын ырғасы осындай. Бүгiнде бұрынғы Алатағы төбесi Алатаға атанған. Ол Қызылорда қаласынан 180 шақырым жердегi Сарысу өзенiнiң ең шұрайлы өңiрi, Айман ана аталатын жер, Қызылордадан жүз шақырымдай жер қашықтықта жонда орналасқан. Ал Болған мен Белең аналар аттас жерлердi және Болған ананың шашын тараған, белбеуiн босатқан, мәсiсiн шешкен жерлер – Басқасуын, Ортақасуын, Аяққасуын атты өңiрлер қырдың қасиеттi өзенi Сарысудың бойында. Жұмбағы көп далада қаншама аңыз уақыт шаңына көмiлiп, ұрпағына жете алмай жатыр-ау, жарықтық.

Сарбұлақ  ИБРАШҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: