Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тәуелсіздік – тәтті ұғым

16.12.2020, 16:00 2121

HALYQLINE.KZ

Әр қазақтың, әр отандасымыздың жүрегінде тәуелсіздікке деген ерекше сезім болуы тиіс. Ондай сезім болмаса, бағалау не қадірлеу туралы айтудың өзі артық. Тәуелсіздік – тәтті, қасиетті, киелі ұғым. Оны әркім өзінше түсінеді. Менің ойымша, бұл ұғым елді, Отанды сүю деген ұлы ұғымдармен астасып жатыр. «Елімді сүйемін!», «Отанымның патриотымын!» деген әр адам ол сөзін ісімен дәлелдей білуге тиіс. Мысалы, диқаншы егінін егіп, мұғалім шәкіртін оқытып, тілші мақаласын жазып, тәуелсіздікті нығайтуға үлес қосады. Тек олар адал еңбекпен ғана өмір сүрсін.

Тәуелсіздікті өз деңгейінде бағалау үшін, бізге мемлекетшілдік сана қалыптастыру қажет. Кейде мемлекеттік тілді білмегендерді көріп, қынжылатынымыз рас. Жазушы Төлен Әбдік ағамыз бірде: «Патриотизмнің негізін қалаушы – мемлекеттік тіл. Туған Отаныңның патриотизмін көрші елдің (Ресейдің) мемлекеттік тілімен жасау мүмкін емес» деген пікір айтты. Саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлы айтқандай, «Қазақстанның кәстөмін киіп алып, Қазақстанда шығарылған телефонмен сөйлесіп, Қазақстанның көлігіне мініп алып, орысша шүлдірлеп жүргеніміздің не керегі бар?!».

Менің ойымша, Отанды сүю, Тәуелсіздікті қадірлеу титтей нәрседен басталады. Әр қазақтың ұлттық әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін қадірлеуі осыған мысал. Көзі тірісінде сұхбаттасуға барғанымда Әбіш Кекілбайұлы ағамыз: «Тәуелсіздік – бұл кезге дейінгі де, бұл кезден кейінгі де кешетін ғұмырымыздың рухани мәйегі. Тәуелсіздікке жеткенге дейінгі ғұмыр оны көксеумен өтсе, тәуелсіздіктен кейінгі ғұмыр оны баянды етуді басты мұрат етеді» деген ойын айтып еді. Олай болса, біз бүгін тәуелсіздікті баянды етуге үлес қосайық. Азат елде өмір сүрудің өзі – үлкен бақыт. Жер бетінде азаттығын алмаған елдер де бар. Отаны жоқ ұлттар да көп. Ал бостандық – бізге Алланың берген бақыты. Жас ұрпаққа осыны түсіндіруден жалықпайық.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист,

Нұр-Сұлтан  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: