Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Соғыс зардабы ұмытылмайды

24.12.2020, 9:00 797

HALYQLINE.KZ

Тұрмағамбет Ізтілеуовтың «Дүниеге келгеннен соң рас өлмек, өлген соң екі бастан жоқ қой келмек, соны ойлап өз-өзімнен қапа болып, кітабын «Шахнаманың» еттім ермек» дегеніндей, жас келіп қарттық мойныңа мінгенсін, расында өткен-кеткенді көбірек ойлап, өмір белестерінде жүріп өткен жолыңды өзіңше қорытындылайсың, барға тасымай, жоққа апшымай, кейінгі ұрпаққа қарап қартая түсесің. Бұл дүниеде не іс бітірдім деп ойға қаласың. Қайбір басылым бетінен оқығаным бар, Шығыстың бір ғұламасы: «78 жыл жасадым, сонша жыл өмір сүріп тек қана бір затты түсіндім, ол да болса еш нәрсені түсінбегенімді түсіндім» деген екен. Сол айтқандай өткенді еске алып таразылап ойлануға уақыт жеткен сияқты.

Жарық дүниеге 1940 жылы бүкіл адамзат тарихындағы ең қасіретті Ұлы Отан соғысы тұсында келіппін. Ия, бұл соғыс халқымызды қаралы күнге, жаралы жүрекке, қайғы-қасіретке душар етті. Ерлердің сынға түскен екіталай қиын кездерін, жаужүрек қандастарымыздың сол алапат соғыстағы көрген азаптары мен ерліктері жайында небір аңыз-әнгімелер, повестер, кітаптар, мақалалар, пікірлер осы уақытқа дейін айтылып та, жазылып та келеді. Дегенмен бейбіт өмір жалғасып жатты, бұл соғыстың келтірген зардабы мен азап-тозағын, жоқшылығы мен таршылығын халқымыз көптеген жылдар басынан өткізді. Осы тұрғыда айтпағым, ата-бабаларымыз, ана-әжелеріміз көрген азаптың шет жағасын олардың сол кездегі бала-шағалары да дәмін татқан. Өзім де сол жылдардың куәсінің бірімін. Балалық шақтағы өмір еш уақытта ұмытылмайды. Осы кезге дейін есімде, мектепке дейін аяқкиімсіз, үстімізде жамау-жамау киім балалармен ауыл айналасындағы биік-биік кұм-төбелерді аралап, жиденің мәуесін, қарамықты, шырмауықтың собығын, құмнан көсік, жуа теріп, соны әжаптәуір қорек қылып кештетіп үйге қайтарда көлге шомылып жүретінбіз. Құтты тас дәуіріндегі терімшілікпен айналысқан ежелгі адамдар сияқты. Ол кездерде ата-аналар балаға қарауға уақыты да жоқ, азанымен тұрып жұмысқа кетеді, кеш бата қайтады, тәртіп қатаң, Ұлы Сталин көсемнің заманы еді ғой.

Әлиев Орынбасар соғысқа аттанарда баласы Амангелдімен,
06.1941ж

Жылдар өтіп, ауылдағы мектепке 1949 жылы бардым, онда да оқушы балалардың кейбіреуі аяқкиімсіз келгенін, үстіне киген алба-жұлба киімі осы уақытқа дейін көз алдымда. Мектепте бір бөлмеге бірнеше класты қосып жіберіп оқытатын, кейде мұғалім оқушыларды үйіне шақырып оқытатын мектепте от жағылмаған суық кезеңдерде. Келе-келе оқушыларды колхоздың күріштігіне, егіс алқаптарына салатын болды. 3-4 класта оқып жүргенімде күріштің отағына баратынбыз, атыздағы күрішті бастырған су төсімізден келетін, сүйтіп жүріп отақ отайтынбыз.

Қала іргесіндегі Абай ауылында туып-өстім, уақытында Сырдария ауданына қарасты алдыңғы қатардағы ауыл болатын. Ауылдың ертеден келе жатқан өзіндік тарихы бар. Сонау колхоздандыру (коллективизация) тұсында Сыр өңіріне Қиыр Шығыстан жер аударылған еңбекқор корей ұлты колхоз үйымдастырып, колхозшыларға өте жақсы жағдай жасаған көрінеді, бұл 1930 жылдары екен, колхоздың бастапқы аты «Интернационал» болған. Ертедегі қариялардың айтуынша, кәрістер шаруашылық басқарып тұрғанда ауылдастардың тұрмыс жағдайы едәуір жақсара бастаған екен, бірақ көпке ұзамай колхоздағы басшы кәріс ағайындарды бір түннің ішінде «Халық жауы» деген атпен НКВД қызметкерлері тұтқындап алып кеткен, содан кейін үйымдастыру жұмысы нашарлап жағдай төмендей бастапты, соңы Ұлы Отан соғысына жалғасқан.

Ауылдан 170-ке жуық азамат соғысқа шақырылып, оның 150-дейі майдан даласынан оралмапты, бұл 150 үйдің ошағы ойран болып, шаңырағы құлап, бастарына қаралы күн туды деген ғой. Әкем Орынбасар соғысқа аттанғанда тоғыз айлық нәресте екенмін, анам колхоздың сүт фермасында сауыншы болыпты, бір жағынан емшектегі баласы, ағайын-жекжат әркім өз басымен өз тіршілігінен ауыспайды, анам жылап-сықтап жүргенде 1943 жылы әкем мүгедек болып оралып, жағдай түзеле бастапты. Айтса нанғысыз, сол жылдары бидай нан жағдайы жоғарылау үйлерде болатын, ал көпшілігі күрмек нанды қытырлақ қылып пісіріп, майда балық-шабақтарын тапаға пісіріп, бидай, жүгері куырып тағам қылатын. Ауыл адамдары бала-шағасымен егін жиналғаннан кейін масаққа шығатын, бірақ оны да тергізбей атқамінерлер қуалап, қамшының астына алып жататын. Ауылдың жағдайы 1950 жылдан кейін түзеле бастады, оған себеп «Казрис» (ауылдың бөлімшесі) елді мекенінің арғы жағында Жезқазған трассасының бойында Оспан көпірдің тұсынан халық «Көк су» деп атап кеткен дариядан су тасып ауылдан 5-6 шақырым түстік тұсынан жаппай су алып елегей-телегей болып шөп, қамыс, құстың барлық түрі, балық, т.б. халық қарық болып қалған. Күнделікті шөпті, қамысты орып қалаға апарып сатып пұлына шай, қант, нан алып, береке кіре бастады. Балық дегеніңді жұрт қаптап алатын болды. Әлгі «Көк су» көптеген жерді қаптап, іргелес Теренөзек ауданының Қарарын, Қараөзек деген жеріне дейін жетіп, Қараөзекке құятын. Халық есінде қалған әнгімеге қарағанда Н.Хрущев самолетпен ұшып бара жатқанда қалың ну қамысты байқап, облыста қағаз шығаратын картонный завод салғызған, әлгі бір өзі комбинаттың жарты қала деген сол кезеңді білдіреді.

Бірлік бар жерде береке болады, бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады. Ел ағасыз, тон жағасыз болмайды дегендей ауылда ел басқарған ағалар көптеп саналатын. Олардың әрқайсысы ел басына қиын-қыстау күн туғанда Отан үшін кеудесін оққа тосқан, қанды-қырғын соғыста ер-азаматтардың алдыңғы қатарында болған, от пен оқтын ортасында арпалысып шыңдалған тұлғалар. Мысалы, Әбенов Әлібай, Әбенов Елібай, Оразбаев Әбітай, Сағымбаев Қазыбай, Жүнісов Бәкір, Кенжеев Нәрекеш, Сүйінбаев Аймағамбет, Әлиев Орынбасар, Сәрменбаев Әбдіғаппар, Дәулетов Омар, Алтыбасов Смағүл, Досмағамбетов Пірназар, Шәймағамбетов Ақыш, Бержанов Сералі, Махамбетов Жүсіпбек, т.б. Соғыстан елге оралған соң еліне, жұртына аянбай білек сыбанып қызмет еткен. Осылар ер-азаматтардың көбі соғыстан оралмай, қолдағының бәрін майданға берген шақта, киерге киім, ішерге ас жоқ кезеңде азаматтарынан айырылған отбасыларға қайғысына ортақтасып қолдан келген көмектерін аямай, ақыл-кеңесімен жол сілтеп отырғандар.

Жалпы, туған ауылым мен ауылдастарымды мақтан тұтамын. Біздің ауылдың «Казрис» бөлімшесіне соғыс жылдарында Сырдария аудандық атқару комитеті көшіп жасырын түрде жұмыс істеген, ауылда Сталин атындағы балалар үйі ашылған, онда Қеңестер елінің соғыс болып жатқан аумағындағы қалалар мен деревнялардан келген балалар тәрбиеленген. Сол балалардың ішінен кейін облыста белгілі қызметкерлер де шықты, мысалы Ф.Фаткульдинов құрылыс саласының басшысы, облыс әкімінің орынбасарлығына дейін көтерілген, Карадосов Ішкі істер басқармасының басшыларының бірі болған, т.б. Ауылда ел жадында із қалдырған тарихи оқиғалардың куәсі болған ақсақалдар да болды, тіпті соларды өзім де көрдім. Мысалы, Күлман атты қария Патша жарлығына сәйкес 1916 жылғы соғысқа қатысқан екен, ауыл болып жылап-сықтап соғысқа аттандырған дейтін, аман-есен елге оралған. Ал Мұхамедқали ақсақал колхоз үйымдастыру кезеніңде бірінші сайланған бастық екен, арнайы мөрім болған дейтін. Қоянов Шоқатай деген ауыл ақсақалы соғысқа танкі жасауға қаржылай көмек көрсеткен, тіпті сол хабарды соғыста жүргенде Информбюродан әкем естігенін айтып отыратын. Қиын-қыстау жылдары аты бүкіл ауданға белгілі болғандар көптеп саналатын, Шаяхмет ақсақал егін орағы, мал азығын дайындауда 2-3 кісінің нормасын атқарып жүрген, ал Мизам ұста облысқа белгілі өз ісінің аса шебері болған, жарық, техника жоқ кездерде бүкіл ауылдың еңбек құрал-саймандары осы кісінің қолдарынан өтетін. Сол жылдары дәрігер Екатерина Быковская деген орыс қызы ауылда жалғыз өзі танертеңнен кешке дейін үй-үйді аралап, тұрғындарға қызмет көрсететін. Ол үйге де, қырманға да, орақ басына да баратын, барлық жерге үлгіретін, қандай еңбек десеңші! Дәрігер Катя соғыс жылдары арнайы жіберілген маман екен. Өкінішке қарай осы кісілердің атын мен ғана атап отырмын, еске алып жастарға үлгі ретінде ауыл тарихына қосуға әбден болатын тұлғалар көп, әттең оны ойлап отырғандар жоқтың қасы.

Әлиев Орынбасар
1941-1945жж

Қала іргесінде болғандықтан, ауыл еңбеккерлері облыс орталығында оқыс-оқыс болып тұратын дариядағы су тасқыны кезінде қала жұртшылығымен бірдей апаттың алдын алу жұмысына жұмылдырылатын. 1949 жылы Сырдариядан су алатын сағасындағы Бөрібай каналының бөгеті бұзылып, тасқын су лап қойып бүкіл қаланы, теміржолды су басу қауіп төнген. Қала халқымен бірге ауыл тұрғындары апатты тоқтатуға кіріскен, бөгет басындағы жұмыс күні-түні демалыссыз жүргізілген. Бұл апат Москваның сағат сайын бақылауында болған. Д.А.Қонаев өзінің «О моем времени» деген естелік кітабында мемлекеттік комиссия ретінде сол апатқа шара қолдануға республика күшін үйымдастыруға қатысқанын жазып, былай деген: «Қызылордада Бөрібай каналының бөгеті бұзылып қаланы, теміржолды су ала бастағанда, бүкіл республикадан қол күші жиналып топан суды бөге алмай жатқанда, бір кішкене қара шал келіп «Начальник, сіз маған 5-6 солдат берініз, суды бөгеп беремін» депті. Содан ол қарабура деген әдісті қолданып, суды бөгепті. Бүкіл республикадан қол күшін жинап, арамызда небір білгір адамдар бар, бірнеше күн алысып нәтиже шығара алмай қатты қысылып отырғанда қазақтың кішкене қара шалы бәрімізді сазға отырғызып кетті-ау! Қанша техника, армия, бүкіл қала тұрғындары қоса жабылғанда осы шалдың ақылы бәрімізден асып түсті-ау» деп қайран қалады. Ия, ертеде осындай көпті көрген ақылды, іскер ақсақалдар көптеп саналатын, тіпті солар айлықсыз, күнделікті еңбекақысына бидай, күріш, т.б. тағамдар алып жүрді. Төрт жылға созылған соғыстағы жеңіске жету ісінде де, кейін қираған тұралап қалған халық шаруашылығын қалпына келтіруде де осындай кісілердің қосқан үлесі, адал еңбегі өте айрықша болғаның ұрпақтарымыз ұмытпау керек.

Соғыс жылдарында елінен көшірілген кәріс, шешен ұлтының өкілдерін ауыл тұрғындары қарсы алып, үйді-үйіне бөліп кіргізген. Біздің үйде шешен Алыпсот ақсақал кемпірімен, Мария деген қызы, Абусольд, Хозхажи деген ұлдары бірге тұрып, бірге ауқаттанатынбыз, балалары қазақша ауыл мектебінде оқыды. Сөйтіп ауыл тұрғындары қиын-қыстау кезеңдерде адамгершілігін жоғалтпай, қазақы қалыпқа сай мінез, әдеп көрсетіп, жер ауған басқа ұлт өкілдерін жылы лебізбен құшақ жая қарсы алып, тапқан таянғанын бірге бөліп-ішіп, басқаға үлгі көрсете білді.

Қаршадайынан жоқшылық пен таршылықты көп көріп, тағдыр талқысымен тайталасып жүріп күн кешкен, ер жетіп жігерлі де, уытты азамат болып қалыптасқан құрдас ауылдастармен өмірді бірге жасап келдік. Өмірден орнымызды таптық, әртүрлі салада қызмет еттік, ең маңыздысы сол балалық шағымыздағы ауыр жылдар өмірлік сабақ болды, азамат болып көпшілік ортасына сіңісіп қызмет жасауға көрген-білген тәжірибеміздің көп пайдасы тиді, ең бастысы адал, шүкіршілік, құдайға тәубе деп өмір сүріп келеміз. Біздің қатарымыз сексенді алқымдап, жастары одан да асқандар сөз жоқ қай-қайсысы болса да қиыншылық пен жоқшылықты көріп өскендер осы біздің басымыздан өткен жағдайлар барлық замандастарымның да басына түскен.

Қазір бәрі өзгерді, жақсарды, жаңа ғасыр, жаңа заман туды, жастарымыз уақыт талабына сай қалыптаса бастады. Тәуелсіз мемлекетіміздің қуаты мен байлығы жағынан алдынғы қатардағы елдер сатына шықты. Менің айтарым біздей қариялар ел-жұртының амандығын тілеп, жастарға жол ашып тыныш жайбарақат өмір сүргені абзал ғой демекпін. Жасыратыны жоқ, жастарға өнеге көрсететін кейбір қарияларымыз бас пайдасын күйттеп, қитұрқылық, екіжүзділікпен жастарға қолбайлау бөгет болып, дүниеқоңыздылықпен айналысып жүр. Дүние – қолдың кірі, әке байлығы балаға байлық болып жарытпайды деген ертеден қалған нақыл сөзді ұққаны дұрыс.

Жұртты жөнге салу емес, бірақ шын жүректегі ойымды айттым.

Амангелді Дәрменбаев,

еңбек ардагері.

Қызылорда қаласы

Суретте: Бержанов Сералі қаруластарымен, 1941-1945 жж.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: