Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қоқыс жәшігіне» сұранып тұрған ән көп…

21.01.2020, 8:07 1032

Еркелеткенді ит те сезеді ғой. «Той – халықтың қазынасы» деп біз жүрміз, «қазақтың тойы бітпесін» деп олар жүр. Әрине, талғамға талас жоқ. Кім қай әнді тыңдайды немесе шырқайды өзі біледі. Бірақ «өзі біледі», «өзім білемін» дегендердің бәрі жақсылыққа бастамаса керек. Әрі ол талғамсыз тыңдарманның ойы. Әйтпесе есірген эстрада кімге, қандай тәлім бермек?

Менің түсінігімде кез келген шығарма, өлең не әннің мақсаты, уәжі болуы тиіс. Ол адамды ізгілікке бастауы шарт. Көршілес орыс халқында «Әр заманның әні бар» деген мәтел бар. Рас. Бұған қарсылық таныта алмаймыз. Ит үреді, керуен көшеді. Яғни, ескі өледі, жаңа келеді. Десе де, сөз құдіретін ұғынатын, сөзге тоқтаған халықпыз. Қазір ше? Қазір қандай ән тыңдап жүрміз? Көбіне мән-мағынасы жоқ, түсініксіз, қайталама, жаргон сөзді әндер. Сонда ақындар алжасқан ба, әншілер әпенді ме, тыңдарман талғамсыз ба? Ақысын берсе, не болса соны баса беретін дыбыс жазу студияларын кінәлаған жөн бе, әлде эфирге біреудің қаңсығын таңсық етіп өткізе беретін басшыларды ма?

Бұдан 1-2 жыл бұрын сөздері түсініксіз әндердің дәурені жүріп тұрды. Қара сөздің қадір-қасиетін ұғынатындар қанша тырысқанымен, әлгілерді түпкілікті жойып жібере алмады. Желпіген сайын қызуы күшейетін шоқ секілді желпінген әншісымақтар ел-елді аралап концерт қойып, тойдағы ағайынды «тонауын» бір тыймады. Желі арқылы танылып үлгергендер тамылжытып ән салмаса да, әнші атанып үлгерді. Қызғанбас едік, егер сөзі сұлу, тіркесі тастай, ұйқасы ұғынықты болса.

Республикалық айтыстың бірінде керекулік ақын Аспанбек Шұғатаевпен сөз қағыстырған түркістандық ақын Еркебұлан Қайназаров:

…Қазіргі ән деп жүргенің,

Ібілістің даусындай,

Ыңырсып шыққан іңірде.

Әміренің әні жоқ,

Мағынасы, мәні жоқ,

Сақау боп өсіп келеміз,

Сайлаубектердің тілінде, – деп бір қайырған еді.

«Анда жоқ, мында жоқ», «Базар жоқ», «Чип-чип-чип», «Зың-зың-зың» деп алақаныңызды аспанға қаратып, дәл осылай бармағыңызды кезек-кезек бүге беруге тура келеді. Қысқасы, қазіргі әннің сыйқы – осы. Неге мұндай әндер (егер ән деуге келсе) ел есінде тез жатталып, хитқа айналады? Дәл осы бір сауалды бірнеше кісіге қойып едім. Көбісінің пікірі «Тыңдарманнан талғам жоғалды» дегенге саяды. Өйткені біздікілер сөзін түсінбесе де, шетелдің әнін тыңдай береді. Ал, қазақ әндерінің музыкасы келісіп, көтеріңкі болса, тыңдауға жарайды. Яғни, жұртшылықта өзгеге еру еселеніп, өзінше ой қорыту азайып барады.

Жақында ғана қоғамдық көліктердің бірінде «Бақытты болғың келсе, бақытсыз болма жаным» деп келетін бір әннің сөзін естідім. Бұл «жазғың келсе жаз, жазғың келмесе жазбаймын деме» деген сияқты. Қалай десек те мағынасыз әндердің айы оңынан туып тұрғаны рас. Шәкәрім өз өлеңінде «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп жырлаған болатын. Бірақ ол кезде бірсарындағы жылаңқы әндер жоқ еді ғой…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: