Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қайсар қыз

16.12.2020, 14:00 722

(Ләззат Асановаға )

Дара тұлға, дара мінез, дара нұр,

Сені іздейді тарих тұнған әр адыр.

Жұмыр жүрек көптен бері тынбады,

Өзің жайлы толғасам деп дара жыр.

Бодандықтың торын қоршап қамалмен,

Көп адамдар күн өткізді амалмен.

Ал сен болсаң уылжыған кезіңде,

Аласұра арпалыстың ажалмен.

Есіне алып әр сәтіңді сен жайлы,

Алтын құрсақ анаң мұңнан сарғайды.

Талай нарға куә болған шежіре

Ерлігіңді аласарта алмайды.

Қансыратқан сол сұрапыл заманнан,

Теңіз болып жас тамса мың жанардан.

Ал мен шіркін, сонау бала кезімнен,

Жалықпаппын суретіңе қараудан.

Жалықпаппын өзің жайлы тыңдаудан,

Өтіп жүріп тағдыр салған сындардан.

Сан сұраққа жауап іздеп таба алмай,

Санам толды жұмбақ ойға шырмалған.

Жұмбақтардың тереңіне үңіліп,

Бір қуансам, бірде кеттім түңіліп.

Ашылса деп шындықтың ақ түндігі,

Шаңырақтан түп-түгелдей түріліп.

Кейбіреулер ойлайды үш күнгісін,

Ажыратпай адамдықтың түр-түсін.

Өзің болсаң, ұрпағыңа көрсеттің,

Қайсарлықтың қайталанбас үлгісін.

Сен кеткен соң ошақтарда самсап от,

Миллиондаған ару туды арша бет.

Армандаймын, сол қыздардың бойында

Тым болмаса ИМАНДЫЛЫҚ болса деп!

Ләззат ЕСМАМБЕТОВА,

Байқоңыр қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: