Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Пәдәркі…»

25.11.2020, 14:55 408

HALYQLINE.KZ

Әңгіме

Менің Сұраған деген досым бар. Аты да айтып тұрғандай, кіндіктен жалғыз Сәкеңді ағайын-туысы «қарашаңырақтың иесі», «жақсының көзі» деп қатты құрметтейді. Жеңгелері әлі күнге «хан бала» десе, келіндері «төре көкелеп» алдынан кесіп өтпейді. Тек, өзімен құрдас әрі әкесінің жиені Нұрланның жұбайы Хадиша ғана «пәдәркі» деуден жаңылмайды.

Мұны естігенде алдына барсаң тістеп, артына шықсаң теуіп тұратын шу асаудай тентек досымның жанарына жас іркіледі. Сұрағанның анасы марқұм Айша апайдың өзі дүниеден өткенше жалғызының атын атамай «пәдәркі» деп кеткенін жақсы білетін менің де көңілім босайды. «Пәдәркінің» түп-төркіні «Алланың берген сыйы!» болса керек.

Сұрағанның әкесі Тілеген де ұлдан жалқы еді. Табиғатынан ақкөңіл көкеміз қарындасы Раушанның күйеуін туған бауырындай, олардан тараған жиендерін өзінің баласындай көретін. Тілеген мен Айша бар ғұмырын бақша егіп, жер баптаумен өткізген, жаратылысынан бағбан адамдар еді. Сол қасиет Сұрағанның да бойында молынан табылады. Қолына әкесінен қалған дәу кетпенді алып, бақша шапқанда бар дүниені ұмытады. Осындай сәтте Сұрағанның қылықтары оғаштау көрінсе, таңданбаңыз.

Жайшылықта қызба мінезді, боқтампаз досым бақша басында күрт өзгереді. Алдымен қалың жиде-жыңғылдың арасына барып, бой дәрет алып келеді. Шарта жүгініп, Құран оқиды. Бағбан атадан бастап, күллі аруақтардың, әке-шешесінің рухына дұға бағыштайды. Кетпенінің күнмен шағылысқан жүзін бармағымен сипап, терең ойға шомады. Қылтиып жаңа бойын түзеген қауын-қарбыздың жүйегін аралайды. Әрбір өскінге үңіліп, ерні жыбырлап, іштей әлденені сыбырлап, өсімдікпен тілдескендей сезімге бөленеді.

Сен «күн қызып кетіп, жұмыс істей алмайтын болдық-ау…» деп үнсіз тыпыршисың. Алайда сабыр сақтағаның абзал. «Кәйфін» бұзсаң… біттің!.. Сөз есітіп қойсаң жақсы. Басымнан өткен жайт қой.

Бірде «Әй, қияли, болсаңшы! Қанды іштің ғой!» дегенім бар. Бекер айтқан екенмін. Екеуміз қызылшеке болып төбелестік… Сұраған түгімді қалдырмай боқтап жүр…

Тағы «сенің қолың ұзын, жұдырығың қарулы. Бетіме ұрма… дақ түссе, қатыннан ұят болады» деп қояды. Бұған не айтасың?!. Күліп жібердім. Ашуым тарқап кетті. Тілінің уыты жыланнан заһарлы пәтшағар «осы қайратыңды кетпен шабуға жұмсағанда ғой, ақымақ неме! Қаншама шаруа бітетін еді…» деп шағып алды. Үндегенім жоқ. Сөйлегенде не дейсің?!

Өзі үй шаруасына аса епті. Сәлден соң Сұраған қайнатқан қою шайды терлеп-тепшіп ішіп алып, жұмысқа кірістік… Сол жылы бақшадан мол өнім жинадық. Ішім-жемнен артылғанын досымның жеке «Камазымен» Ресей жаққа апарып, көтере (оптом) өткіздік. Бірталай қаржы құрады. Пайдасын теңдей қылып, бөліп алдық.

Жақында Сұраған қоңырау шалды. Немересінің тұсауын менің кесуімді өтінді. Жадыма досымның жалғыздығын білдірмей, қашанда көтермелеп жүретін жиені Нұрлан оралған еді. Ойымды айттым. Сұраған шаңқ ете қалды.

«Нұрлан неге өкпелейді?! Мен сені Жанқожа бабамның ұрпағы деп ырым қылып тұрмын. «Жақсыдан шерепет» деген. Жалғыздан жалғасып келе жатқан әулетбіз. Менің пікірімді жиенім қолдайды. Оған қоса, күшік кезіңнен (тапқан теңеуінің сиқын) ырылдасып өскен итсің» деп шаптыққан гараматты зорға тоқтаттым.

Сұрағанның үйіне бардық. Көл-көсір дастарқан басында бізден басқа жан жоқ.

Досым «Атаңа нәлет, пандемия! Менің немере сүюіме қарап тұр екен. Басқа уақыт болса, ақ түйенің қарны жарылатын кез еді…» деп күйіп-пісіп жүр.

Сұрағанның аузынан түсіп қалғандай бал бөбекті көргенде қатты тебірендім. Сәбиге тай мінгізіп, өзге де кәдемізді жасадық. Ал Сұраған немересінің арнайы аты-жөнін жаздырған әдемі автоқаламға қатты қуанды. Жанары жасаурап «міне, пәдәркі… пәдәркінің көкесі..!» деп қайталай берді. Бір қызығы, сәби тұсаукесер рәсімінде дәстүр бойынша алдына қойылған бірнеше бұйымның ішінен сол автоқаламды таңдады.

Бұл кезде Сұрағанның көңілі күндей шалқып тұрған еді.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: