Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мұхтар Әуезов: «Абай – барлық жақсылықтың жиынтығы»

10.08.2020, 15:30 893

HALYQLINE.KZ Мұхтар Әуезов Абай тақырыбын, Абай өмірі мен өнерінің мән-мағынасын бар ынта-ықыласымен, асқан сүйіспеншілікпен терең зерттеді. Ол жөнінен автордың «Өз жайымнан мағлұмат» естелігінен талай сырды ұғамыз. Тарихи бір дәуірді толық қамтитын қазақ даласының бүкіл тыныс-тіршілігімен, өмірін жан-жақты суреттеп көрсететін ұлы эпопеяға автор үлкен дайындықпен келді. Шәкірт кезінде Мұхтар өзінің атасы, Абайдан бірнеше жас үлкен Әуездің Құнанбай туралы естеліктерін жалықпай тыңдайды. Бүкіл ғұмырында тағдыр Мұхтар Әуезовті болашақ бас кейіпкерімен біте қайнастырады: немересінің шілдеханасына байланысты Әуез жасаған әулет тойына тікелей қатысуы арқылы Абай құрмет көрсетті. Абайдың әкесі қарт Құнанбайдың көп әйелдерінің бірі Нұрғаным Әуездің қарындасы еді. Мұхтар кейіннен Абайдың ұлы Тұрағұлмен дос болады және ұлы ақынның немересі Мағауияқызы Кәмилаға үйленеді. Осы жайттаттарды Әуезовтың өзі былай баяндайды:

«Ойға алған романды жазбас бұрын ақынның творчествосын және өмірбаянын зерттеумен шұғылдандым. Абай шығармаларының толық жинағына редактор болдым, оның өмірбаянын жаздым, ақын мен оның дәуіріне байланысты тарихи материалдарды жинадым; қазақ халқы мәдениетінің тарихын аса жетік білетін орыс жазушысы, менің досым Леонид Соболевпен бірлесіп ақын өмірінің соңғы жылдарын бейнелейтін «Абай» трагедиясын жаздым.

Абай жайында материалдар жинағанда тарихи романдар авторларының талайы-ақ біле бермейтін өзгеше бір жайттарға тап болдым. Өйткені, Абайдың өмірі мен еңбегі, түр-түсі мен сипаты жайында қағазға түскен немесе жарияланған бірде-бір дерек, өзінің жеке архиві мен күнделігі, хаттары мен мемуарлары, тіпті замандастарының ақын жайында хатқа түскен естеліктері сақталмаған. Ақынның өміріне байланысты деректер мен романның бүкіл окиғаларын Абайды көзімен көрген, жақын білген жандардан ұзақ уақыт бойына ауызба-ауыз сұрау, әңгімелесу арқылы жинауға тура келді. Олардың көбі кәрілік меңдеген шалдар еді. Сондықтан олар өткен күндердің белгісін де, адамдардың бейнесі мен сөйлеу мәнерін де, оқиғаларды да ұмытыңқырап калған. Абайдың шәкірті Көкбаймен де әңгімелестім. Ақынның ең жақын достарының ішінен біздің заманымызға дейін көзі тірі жеткен сол ғана болатын. Көкбай 1927 жылы қайтыс болды. Ол Абайдан аттай он алты жас кіші еді. Сондықтан ақынның жастық шағы жайында ештеңе айта алмады.
Роман жазам деген ойда жоқ, шәкірт кезімде атам Әуездің әңгімелерін тапжылмай, ұзақ тыңдайтын едім. Ол Абайдан біраз жас үлкен еді. Құнанбай жайын да жақсы білетін. Абайдың алғашқы әйелі Ділданы да сол жылдары көрдім. Москал тартып қалған болатын. Абайдан соң он жылдан кейін барып дүние салған, оның айнымас, азбас жары Әйгерім небір қымбат жайттарды әңгімелеп берді.

Материал жинай жүріп, мен Абайдың достарымен, сыйластарымен, бұрын қысастық жасаған жауларымен де әңгімелесіп көрдім. Олардың ішінде Абайдың тұрғыластары да, солардың ұрпақтары бар еді. Соншама ізденудің арқасында болашақ қаһарманым жайында аса көп материал жинағаным соншалық, Горькийдің: «Үндемей қалуға ықтиярың жоқ нәрсе жайында ғана жаз» деген ұлы өсиетін іштей қайталап айта беруден танғаным жоқ. Тіпті, қазір Абайдың балалық және жастық шағы жайындағы роман тәмам болған соң да сол кітапқа кірмей қалған материалым мейлінше көп екенін көрдім, соған иек арта отырып қаһарманымның өмір жолының сол кезеңі жайында тағы бір кітап жазуға болар еді. Материалдың молдығы менің еңбегімнің сәтті боп шығуына аса көп септігін тигізді.
Бірақ материал жинауда талай-талай киындық та болды. Өзіммен әңгімелескен қарттардың көп нәрсені ұмытып қалған көкірегінен өткен күннің сырларын ұғуға, оқуға тура келді. Абайдың әр алуан замандастарының айтқандарын салғастыра отырып, көп нәрсені өз ойыммен топшыладым. Әлдеқашан бел асып кеткен көштің жұртына кешігіп жеткен жолаушы жылтыраған бір қызғылт шоқ тауып ап, тұтатпақ боп үрлемей ме – жаңағы естеліктерді шашау шығармай сақтаған менің халім де сондай еді. Сөйтіп, мен қарт адамдардың көмескі жадында ұмыт болған көп нәрселерді қайта ойлатып, айтқызып алдым. Алпыстағы Әйгерімнің әжімді бетін қарап, оның бір кезде Абайды ынтықтырган жас шырайлы сұлу жүзін көз алдыма елестетуім де солай еді.

Бірте-бірте өз халқының көкірек көзі болған Абаймен бірге мен де сол халықтың жан-жүрегін ұғуға және соны бір абзал қалпында ашып беруге, жайып салуға тырыстым. Жас Абайдың жалын атқан сезімі, жігіт ағасы болған Абайдың толғаулы ойлары мен әрекеті, кәрілік меңдеген шақтағы халық қамқоры, халық ұстазы болған Абайдың тартысы мен тақсіреті – міне, осының бәрі сол дәуірдегі халықтың да жаны мен жүрегін ұғуға бастайтын жол еді.

Халықтың көрер көзі, лүпіл қаққан жүрегі, дана ойы болған Абай менің ұғынуымда да халықтың қажырлы талабы мен асқақ ой-сезімінің, жан-жүрегінің, оның бойындағы ең абзал қасиеттің жиынтығы болып табылады.

Абай бейнесіне мен осындай ойлармен ден қойып ем».

Суретті салған – Алмас Сырғабай

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: