Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелері кітапқа айналды

02.12.2020, 14:20 997

HALYQLINE.KZ

Оқырман  олжасы

Айдынды Арал өңірінде табан аудармай ұзақ жылдар ұстаздық еткен Ерғали Абдулланың есімі әдебиет, өнер сүйер қауымға таңсық емес. Жастайынан қолынан қаламы түспей келе жатқан жазушы-журналист Ерекеңнің ақын, сазгерлігі тағы бар. Ал «Халық» газетінің оқырмандары оның моншақтай әңгімелерін асыға күтеді. Ұлағатты ұстаздың әдепкі жазған қысқа да нұсқа, ой салатын әңгімелерінің жалғасын тауып, одан әрі індете түсуіне біз пақырыңның себепші болғанын да айта кетейік. Енді міне, ағамыздың көп жылдан бері көз майын тауысып жазып келген туындылары «Ағаш қазан астындағы от» (Моншақтай әңгімелер) атты жинақ болып, оқырманына жол тартты.

Ақтөбе қаласындағы «А-Полиграфия» баспасынан басылған бұл кітапқа ұзақ жылдар туған жерінен кіндік үзбей еңбек етіп және сан салалы әдеби шығармашылықпен айналысқан белгілі қаламгердің өмірден түйген ойлары моншақтай-моншақтай әңгімелер түрінде ерекше тәсілдермен өріліп берілген. Әр айтылған, түйген қысқа да нұсқа ойларының арғы жағында бүгінгі уақыттың әлеуметтік көкейтесті мәселелері, қоғамды ойлантатын уытты жайлары жатыр. Автор әр ойының астарынан өзінің жеңіл юморын және қиюлы ирониясын сездіріп қойып, кітапты қолға алған оқырманды бейжай қалдырмайды. Жазушының өзгеше өміртанымы баршаны қызықтырады және де айнала дүниеге ойлы, сындарлы көзбен қарауға жетелейтіні сөзсіз.

Жалпы, Ерғали Абдулланың бұған дейін де әдебиеттің бірнеше жанрында жарық көрген «Жеңгелер келіп қалыпты», «Еркектер жиналысы», «Өмірімнің өлеңдері», «Ақиқаттың ақтаңгері», «Мұраты асқақ мұзбалақ», «Намыстың найзағайы» атты кітаптары оқырмандарының қолына тиген. Ол – Халықаралық Жазушылар және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Арал өңірінде жарық көрген «Арал ақиқаты», «Сыр айғағы», «Ай-ару», «Құрылтай» газеттерінде, ал 2017 жылдан бері «Арал әлемі» газетінде бас редактор болып қызмет атқарып келеді. Республикалық, аймақтық бірнеше әдеби байқаулардың, мүшәйралардың жеңімпазы, Қазақстанның белгілі сазгерлері жазған 60-тан астам ән мәтіндерінің авторы, бірнеше туындылары мектеп оқулықтарына енген.

Кеше ғана Пайғамбар жасына жетіп, зейнет демалысына шыққан Ерекеңе жаңа кітабына құтты болсын айта отырып, деніне саулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық шабыт тілейміз. Алар асуыңыз көп болсын, Ереке!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: