Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Еңбегі екі санымен еленген ер

02.06.2020, 8:55 686

HALYQLINE.KZ Жалғыздық Аллаға ғана жарасқан, жалғыздың жары құдайы деген тарихи тәмсілдер бар. Бұл ретте жалғыздарға Алла өзін қосып, жұп ретінде қарастырған. Барлығы да Жаратушымыздың өз қолында болғандықтан, бүкіл әлемді  жаратып, қарама-қарсы жыныстардың әрекетін тіршіліктің бастауы етіп қойған. Осыдан тереңірек ойлайтындар үшін «2» санының құдіреті мен қасиеті қылаң беретіндей. Ерекше қасиетті саналатын «7» санындай «2» саны жайлы ой түйіндер, мақал-мәтелдер, аңыз әңгімелер, рухани болжамдар аз емес. Зерделегендер үшін «2» саны жайлы да біршама әңгімелер айтуға болады. Сан деген ұғым белгілі бір заттың, құбылыстың есеп мөлшері ретінде қарастырылады. Ал соның ішінде екі саны – бір мен үштің арасындағы есептік көрсеткіш. Соңғы шыққан «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (Алматы, 2008 ж.) атты еңбекте екі санымен айтылған 64 ұғымдар келтіріліпті. (219-220 бб.) Солардың ішінде «Екі тізгін бір шылбыр» деген сөйлем билік тізгінін ұстау, көпшіліктің басшысы болу деген ұғымды білдіреді», – деп көрсетілген. Бұл Д.А.Қонаевқа арналғандай. Жақында «Ақиқаттың ала жібін аттамаған тұлға» тақырыбындағы мемлекет және қоғам қайраткері Д.А.Қонаевқа арналған мақалам жарық көрді. («Ақмешіт ақшамы», 12.03.2020 ж.) Сонда келтірілген кейбір фактілерді айналып өтіп, Д.А.Қонаевтың еңбегі екі санымен еленген ер екендігіне назарларыңызды аудармақпын. Осы бір мөлтек ойымды көпшілікке жеткізу үшін, қазақтың біртуар ұлы, азаматтық пен адалдықтың, беріктік пен бекзаттықтың, білімпаздық пен біліктіліктің, сапалы әрі саналы ойдың эталоны, тау тұлғалы ағамыз Дінмұхамед Қонаевтың өмір жолына қарай оқырмандарымды жетелер едім.

Д.А.Қонаевтың әкесі Меңліахметтің 11 баласы болған (1+1=2), ал Меңліахметтің әкесі Жұмабай ата – екі рет Меккеге барған діндар, қажы. Ол ұлы Меңліахметті 12 жасында Верный қаласындағы Ысқақ байға жұмысқа беріп, мешіт жаныңдағы медрессені бітіртеді. Меңліахмет 17 жасында өзінен екі жас кіші Дінмұхаммедтің анасы Зәуре Байырқызына үйленеді. Ол Қара Қаңлы Еңке баба ұрпақтары. Д.А.Қонаевтар әулетінен қалғаны екеу: Сара Қонаева, Роза Қонаева. Қарындасы Розадан Димаш аға 22 жас үлкен.

Д.А.Қонаевтың туған күні екі санын екі рет ала келген 12 қаңтар 1912 жыл. Дәл осы жылы атасы Жұмабай өмірден озды. Ұлы тұлғаны өмірге әкелген қос екісі бар қасиетті жыл бір қасірет әкелгенін көріп отырмыз.     

Д.Қонаевтың өмірге келген 1912 жыл патшалық Ресейдің ауылшаруашылық министрі П.Столыпиннің аграрлық реформасынан бастау алған, Қазақстанға орыстардың көптеп көшірілуімен ерекшеленді. Қазақтардың ең шұрайлы жерлерін орыс мұжықтарының иеленуі елдегі ұлт-азаттық көтерілісін жандандыра түсті. 1911 жылы ұйымдастырылған екі баспасөз «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісінің саяси сипат алуының ұйытқысы болды. Демек, Д.Қонаев өмірге келген жыл Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күресінің алғашқы сағаттарын ала келді десек артық емес. Д.Қонаевтың өмір тарихына қысқаша экскурсия жасасақ, оның жаңа өрлеу кезеңдерінде қасиетті 2 саны алдыңызды кес-кестей беретінінің куәсі боласыз. Мәскеудің алтын және түсті металдар институтын тамамдағаннан кейін (1936 ж.), соғыстың алғашқы жылдарында өмір жолын қарапайым бұрғылау станогінің машинисінен бастаған ол 2 рет директорлыққа дейін көтеріліп, 2 Қоңырат, Риддер рудниктерін басқарыпты. Содан 1942-1952 жылдары Қазақ ССР Халық комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары, Академияның төрағасы (1952-1955 жж.), 2 рет Министрлер Кеңесінің төрағасы, 2 рет Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Бірінші хатшысы қызметтерін атқарған. 9 рет КПСС съездерінің делегаты, сонша рет КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты. Үш рет Социалистік Еңбек ері атанған, 8 рет Ленин орденімен т.б. КСРО және шетелдің орден медальдарымен марапатталған. Техника ғылымдарының докторы, академик (1952 ж.). Негізінен 100-ден аса ғылыми еңбектердің және 2 мемуарлық кітаптың авторы («О моем времени», «От Сталина до Горбачева»). Д.А.Қонаевтың кезінде үш жаңа облыс ұйымдастырылып, мыңдаған елді мекендер пайда болып, 43 қала салыныпты.

Енді қысқаша оның өмірбаянындағы 2 санының елес беретін кейбір жерлеріне шолу жасасақ. 1939 жылы 18 қазанда Риддер рудингіне аттанарында Д.А.Қонаев мәңгілікке қосылған сүйікті жары, өмірлік серігі болған Зухра Шәріпқызы Ялымоваға үйленіп, өмірінің соңына дейін жұп болып өтеді.

Д.Қонаев Қазақтың маңдайына біткен, теңдессіз талант иелері екі тұлғаны, М.О.Әуезов пен О.Сүлейменовті саясат құрбандығына шалынудан құтқарып қалады. Мәселе былай болған. 1952 жылы 17 наурызда Қазақстан Компартиясының 1-ші хатшысы Ж.А.Шаяхметовтың тікелей ықпалымен Қ.И.Сатпаев орнынан алынып (жасырын дауыспен), ҚР Ұлттық Академиясының Президенті болып Д.А.Қонаев бір ауыздан сайланады. Көп ұзамай Ж.А.Шаяхметов М.О.Әуезовті кейбір идеологиялық көзқарастарына байланысты Академия құрамынан шығаруды ұсынады. Бұған тікелей үзілді-кесілді қарсы болған Д.А.Қонаев Қазақтың ұлы жазушысының мүддесі үшін Мәскеуге ұшып барып,  мәселені оңынан шешіп, М.Ә.Әуезовті репрессия өртінен аман алып қалады.

Олжас Сүлейменовтің атышулы «АЗиЯ» кітабы жарық көргеннен кейін, орталық басылымдарда авторға қарсы «Игорь полкі туралы сөз»-де «Орыс тарихы барынша бұрмаланған, қазақ ұлтшылдығы бірінші кезекке қойылған, орыстардың тарихын зерттеуші ғұламалардың беделіне ғылыми негізсіз нұқсан келтірілген», – деген айыптар тағылады. Мәселе сол кездегі Кеңестік идеологияны басқарып отырған М.А.Сусловтың («Серый кардинал») назарына ілінеді. Д.А.Қонаев «АЗиЯ»-ны ыждағаттылықпен оқып шығып, автордың көзқарастарының дұрыстығына толық көзі жетіп, Мәскеуге тартады. Бұл кезде ол (1966 ж. наурыз) Политбюро мүшелігіне кандидат болатын. О.Сүлейменовтің кітабын КОКП ОК-нің үш бөлімінде (үгіт-насихат, мәдениет, ғылым және оқу орындары) талқылау жоспарланады. М.А.Сусловпен арадағы келіспеушіліктен кейін, Д.А.Қонаев Л.И.Брежневке кіріп, аталмыш кітапты оқып шығуын өтінеді. Тың игеру эпопеясынан басталып, 28 жылға созылған арадағы шынайы қызметтік, адами достығы шын көрініс беріп, М.А.Сусловтың жоспары жүзеге аспай қалады. Сөйтіп Д.А.Қонаев Генсекпен О.Сүлейменовтің мәселесін Республика партия ұйымында қарауға келісім алып, Олжасты диссидент, ұлтшыл етіп көрсеткісі келген Мәскеудің жоспарының тас-талқанын шығарады.

Адамның тағдырына, оның таланына жақсылық жасағанды кім ұмытсын! Осы жерде жазушы-драматург Р.Отарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде (11 қаңтар, 1997 ж.) жарияланған Д.Қонаев жайлы «Ел есінде» атты интервьюінен бір үзінді өзінен-өзі сұранып тұрғандай. Р.Отарбаев: – Жазушы Одағында құдайдан Сіздің амандығыңызды қоймай тілеп жүретін бір кәрі досыңыз бар ғой, сол Колбин алғаш келгенде сағынысқан кәрі құдасын көргендей, құшағын аша ұмтылып, жиналған қаламгерлерді айран-асыр еткен. Әлі де хабарласып тұра ма ? Жауап: -Балам, Оңтүстікте Майлықожа деген ақын өткен. Сол:

Көлеңкелі бұлттай,

Көшпелі болған дүниесің, – деп жырлаған.

Арғы жағына қинамай-ақ қой… Жазушылардан жалғыз Олжас қана ат ізін суытпай келіп тұрады. Сенің бастығың Мұхтар Шахановтың да телефоннан аман саулығы түзу. Екеуінен де үмітім зор. Осы жақында Фариза келіп мерейтойына шақырды. Шешең сырқат ғой бара алмаспыз, бағың өрлей берсін деп қолына алтын жүзік салып жібердім.

Д.А.Қонаев өмірінің соңына дейін коммунистік идеологияға адал қызмет еткен айшықты тұлға. 1972 жылы алған жаңа партия билетінің №00000011 (1+1=2) де екі санымен аяқталады. Оның есімімен облыс тарихына байланысты көптеген іс-шараларды да еске түсіре кетейін. «Ақиқаттан аттауға болмайды» деген естелік-эссе кітабының 122-бетінде 1949 жылы Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің ІV сьезі жүріп жатқанда, Үкімет басшысы Нұртас Оңдасыновпен екеуі Бөрібай арнасы жығылып, Қызылорда қаласы мен теміржолды су алу қауіпі туғанда, оны болдырмауға байланысты іс-шаралар еске алынады. Осы бетте Қазақтың қара шалы пединституттың ректоры болған досым, академик Байзақтың әкесі Көпірбайдың «Қара Бура» арқылы арнаны тежегенін еске алады. Дінмұхаммед атамыз: – Хат танымайтын шынашақтай қара шал сайдың тасындай жүзден астам жауынгерге қоса атағы жер жарған ондаған маманды жерге қаратса, халық мұрасына мұрын шүйіре қарауды қоятын мезгілдің жеткендігі емес пе? – деп тебірене жазыпты. Жалағаштың тұсынан дарияға көпір салу тікелей Д.А.Қонаевтың араласуымен жүзеге асқанын ел біледі. Бұдан басқа облысымыздың әлеуметтік экономикалық дамуында ерекше орын алған екі проблема: Арал, Байқоңыр мәселесі де Д.А.Қонаевтың назарынан тыс қалған жоқ. Ол аталмыш кітабында: – Арал мен шұғылданған ең өзекті және ең күрделі проблемалардың бірі тұғын. Қайталап айтамын, онымен жиырма жыл бойы шұғылдандым. Әуелде қайда бармайын, кімге бармайын тауым шағылып жүрді. Бірақ бастаған шаруаны орта жолда қалдыру әдетімде жоқ еді, – деп жазыпты. Осындай табандылыққа негізделген жігерді Байқоңыр мәселелерін шешуде де Д.А.Қонаев ешқашан төмендеткен емес. Оның кезінде Байқоңыр Шарль де Голлды, Жорж Помпиду, т.б. көптеген социалистік елдер басшыларының басқосу алаңына айналды.

Д.А.Қонаев Леонид Ильич Брежневпен 28 жылдар бойы қалыптасқан достығын пайдаланып, Қазақстанға байланысты көптеген түйінді мәселелерді шешіп, өндіргіш күштердің дамуын жоғары дәрежеге жеткізді. Ұлты бөлек болғанмен Л.И.Брежнев Д.А.Қонаевтың адал досы еді. Жоғарыда атаған естелік эссесінде Л.И.Брежневпен қатар 22 жыл көмекшісі болған Дүйсетай Бекежановты ерекше сезіммен еске алады. Осы ретте Д.А.Қонаев ұшқан арнаулы ұшақта 22 жылдан аса стюардесса қызметін атқарған  Зарема апамыз еске түседі. Ол қазақтан шыққан алғашқы ұшқыш жерлесіміз Жолдасбек Нұрымовтың қызы. Апай қазір Алматы қаласында тұрады.

Екі санымен өрнектелген ұлы тұлғаның өмірін көз алдымызға елестетсек, өзінің жеке отбасылық өміріңде де елу жылдан аса сыйластықпен, түсіністікпен, шыңайылықпен өмір сүрген аяулы жары Зуһра Шәріпқызымен перзенттері болмаса да тату-тәтті өмір сүргендігін, жұлдызды екі санына қиянат жасамағаны деп білеміз. Өйткені Д.А.Қонаев қазақтың балаларының бәрін өз перзентіндей көрді.

Қазыбай  ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

ҚМУдың  профессоры

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: