Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Енді өкінбеймін…

19.12.2020, 18:00 1003

(новелла)

«Мама, мама деймін, қане тура қарашы маған! Әлде бағанағы айтқан сөздерім бос сөз бе сен үшін, әкем екеуің екі жақта жүресіңдер ме менің тойымда, көз алдыңа елестетіп көрші өзің, қанша достарым, жолдастарым келеді ол тойға. Солардың алдында тұрайын онда басым салбырап. Бір қалада тұрып алып келмеймін дейсің. Менің ертеңім саған бәрібір болғаны ма!? Мама, ашудың да шегі бар шығар енді. Бәрін ұмыт та мен үшін қайтып келші үйге!».

Ана мен әкенің бір-біріне деген ренішінен әбден ығыр болған жалғыз ұлдың жанайқайы еді бұл. «Мейлі, өзің білші енді!» деп атып тұрды да есікке беттеді бала, бірақ жүзінде қимастық бар, артына бұрылып анасына бір қарады да, босағада сүйеніп тұрған қарындасының маңдайынан иіскеп шығып кетті. Аяжан жыламсыраған күйі анасының жанына барды. Өткен күндер елесі көз алдынан тізбектеліп өте берген Нәзікеннің көңілі сол арада босап сала берді.

***

Мектеп бітіретін жылы басталып еді сол бір балаң сезім. Нәзікен мен Ернар екеуі бір партада отыратын. Мектептен қол ұстасып бірге қайтады. Сыныптастары бұл екеуіне қызғана да, қызыға да қарайтын. Әріден соң екеуі айнала біткеннің ажарлысы еді. Мектеп бітірген соң достары бір-бір мамандық қуалап кетсе, Ернар мен Нәзікен шаңырақ көтеріп, жастықтың жалынын отбасының күйбің тірлігіне айырбастап-ақ жіберді. Бір жылдан соң дүниеге Қайрат есімді ұл келді. Сыйластық пен түсіністік дегеннің не екенін әлі үйреніп үлгермеген екі жас жиі ұрысып қала беретін болды. Ернар ерте үйленгеніне өкінетіндей ме, тырнақ астынан кір іздеп, Нәзікенге өзі бірінші тиісетін. Ашуланса айғайлай кететін Нәзікеннің ондай шырт етпе мінезінен бейхабар еді бұл. Ащы сөздер жанына батып кетсе, қолын алып жүгіретін әдет шығарды кейіннен. Жас жігіт кейде арадағы кикілжіңнен шаршап, көше қыдырып, үйіне түн ауа келіп, теріс қарап жатып қалатын болды. Жыл өткен сайын екеуінің арасындағы салқын сызат үдей түсті. Сөйтіп жүріп екінші рет нәрестелі болды. Тәтті қыздың қылығы да екі жастың жүрегін жібіте алмады. Балаларды татуластыруға ата-ананың да күші жетпей, ақыры екеуі ажырасып тынды. Үлкен үйге Қайратты тастап, бір жасқа енді толған Аяжанды құшақтап, Нәзікен бір бөлмелі пәтерге барып орналасып алды. Айлар зулап өте берді, екі шаңырақ бір қалада болған соң Қайрат анасы мен қарындасына барып жиі жүздесіп тұратын. Оған әкесі де, үлкендер де қарсы болған жоқ. Анасының өкпесін де түсінеді, әкесін де жамандыққа қимайды, екі жаққа жаутаңдап жүргенде Қайрат өзінің де қалай есейгенін білмей қалды. Оқу бітіріп, әкесі бастаған кәсіпті жалғастырып жүріп, бір арумен танысты. Екеуі көңіл қосып ұзақ жүрді. Не болса да сол қызды шаңыраққа түсіремін деген Қайрат үй ішімен ақылдасты. Олар құптайды ғой әрине, бірақ Қайраттың көкейінде бір арман бар, ол – анасы мен әкесін қайта татуластыру. Шіркін, тойды екеуі бірге атқарып жүрсе, бұның да еңсесі көтеріліп жүрер еді-ау. Тойға келген жұртқа көзалдау болып, Ернар мен Нәзікеннің өтірік тату болғансып жүргенін шын қаламайды көңілі. Не болса да анасымен ашық сөйлесуге бекінді.

***

Түнімен жылап, көзі домбығып ісіп кеткен Нәзікен ауыр көтеріле төсегінен тұрды. Естияр баласының жалына айтқан сөзі кәдімгідей ойландырып тастады. «Жаным, қарашығым ау сол. Біз өз қара басымыздың жайын күйттеп жүргенде, ол бүтін бір үйдің болашағына алаңдап жүр-ау. Ал біз ақымақтың жүрген жүрісіміз – мынау. Ұят-ай десейші. Қой басымды кесіп алмас ешқайсысы. Балам үшін барамын, балам үшін!» күбірлеп жүріп жүгін жинай бастады.

***

Той ойдағыдай өтті. Араға бір жыл сала немерелері де дүниеге келді. Немере деген баладан да тәтті екен ғой, шіркін! Бесік ішінде сықылықтай күлген сәби күлкісі екеуінің қанша жылғы өкпе-назын бір сәтте ұмыттырып жібергендей ме?! Бір-бірінің қадірін түсінген кезіндегі қос ғашықтың арасында енді жай ғана сыйластықтың оты тұтанды. Бесік тербетіп отырып Нәзікен тағы қалың ойға шомды. «Отбасы бақыты деген осы екен ғой, әттең, осыны ертерек түсінгенімде ғой. Иә, бұл өмір тек ғана сынақтардан тұрады екен. Сондықтан ертеңге сабақ болатын өткен күндерге өкінудің де керегі жоқ-ау. Енді ешқашан өткен іске өкінбеймін…».

Ләззат СЕРІКБАЙҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: