Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Білім – жарық, ғылым – күш

22.10.2020, 9:30 1536

Гүлзат  КӨБЕК,

кинотанушы,

Өнертану  PhD  докторы,

«Тұран»  университетінің  профессоры

Құндылықтар өзгерді. Әлі де күрделі өзгерістерден өтеміз. Жаңа жүйенің талаптары да қатаң болмақ. Дамудың келесі сатысы жаңаша өмір сүру дағдыларын сұрыптайды. Осы бағытта ғылым мен білімнің атқаратын рөлі маңызды.

Адамзатты ғаламшардағы тіршілікте алға жылжыту мақсаттарының саяси жоспары бізге, ғалымдарға өз өмір сүру дағдыларымызды, ойлау жүйемізді, қалыпқа айналдырған әрекеттерімізді сыни тұрғыдан қайта қарап көруге ықпал етуде.

БІЛІМ  –  ЖАРҚЫН  КЕЛЕШЕКТІҢ  КЕПІЛІ

Білім беру жүйесі ғана емес, білім алудың табиғаты өзгеріске ұшырап жатыр. Білім беру процесін қысымға салу, тәрбиені күштеп насихаттау жарамсыз. Бүгінгі ұрпақ үшін еркіндіктің құны жоғары. Олар өте еркін. Алдыңғы буыннан өзгеше. Білім саласында ұстаздарға қойылатын басты талап – шәкірттердің жеке құқығын шектемеу, ерікті түрде білім алуға құштарлығын ояту. Осы жерден олардың ұстаздық миссиясы аяқталады.

Біз, адамзат, ғасырлар бойы еркіндік, адам құқығы үшін күресіп келеміз. Адам құқығына қол сұқпау – өркениеттіліктің, жоғарғы мәдениеттің белгісі. Демек, өз пікіріңді екінші тұлғаға зорлап таңбау, ой еркіндігін шектемеу маңызды. Шәкірт те өз тарапынан шешім қабылдай білуі тиіс. Білім беру саласындағы ең  жауапт­ы  тұлға – ол, ұстаз!  Демек, ұстаз да адам құқығын сақтау  тұрғысынан  өте  сауатты  болуға  міндетті.  

Шәкірттің құқықтық-заңды тұрғыдан жеке тұлғалық шекарасындағы кеңістігі, еркіндігі сақталуы керек. Бізде әлі күнге дейін шәкірттердің жеке басына тіл тигізу, моральдық тұрғыдан кемсіту, әлеуметтік жағдайының осал тұстарын бетіне басу, ашуын­ тежей алмай мінез көрсету, ұжымдық ортада беделіне әділетсіз нұсқан келтіру, ата-анаға дереу баласын жамандау, дұрыс мәдени қарым-қатынас жасай алмау фактілері бар. Бұл – адам құқығы құндылықтары тұрғысынан жауапсыздыққа жол беруді­ң көрсеткіші. Ұстаз – алдындағы шәкірттерге «әмірін жүргізудің  иесі»  емес,  «жүрекке жол табудың шебері» болуы тиіс!

Виртуалды интеллект қалыптастырудың қажеттілігі бар. Бүгінгі ұрпақтың «жанды» тұлғамен байланысқа түсуге деген қызығушылығы құлдырау алдында. Білім алудағы еркіндікті шектемеу жолдары, уақытты үнемдеу, дәрістерді тақырыптық жүйемен цифрлау, шығармашылық тәсілдердің мүмкіндіктерін кеңейтудің де маңызы ерекше.

Білім беру жүйесінде күрделі өзгерістер болады. Ұстаздарға ұстанымдарын, білім беру тәсілдерін қайта қарау керек. Жат­танды, өмірге қажетсіз, мазмұнсыз дәрістерге қазір ешкім алданбай­ды. Сабақ кестесі ережелеріне еркіндік енгізу, өзектілігі мен қажеттілігі аз пәндерді азайту, қажетсіз тапсырма беруді доғару­, шығармашылық форматқа өту, жаңаша оңтайлы жол­дарды қарастыру маңызды. Қатып қалған қағидалар тиімсіз.

Білім – келешегіңе салынған кепілдік. Еркіндіктің дәлелі. Ой еркіндігіңді шектемеу, жеке тұлғалық қалауыңды қанағаттан­дыруыңа қысым болмау керек. Кемел тұлға қалыптастырудың негізі осында. Дұрыс бағытта өзін жетілдіру, жаратылыс пен миссияң­ды тану, таңдау жасауға бейімделу, қоғаммен мәдени-адами қарым-қатынас орнатудың негізін меңгеру кез келген тұлға үшін маңызды. Бұл процесс отбасыда ғана емес, қосымша мектеп пен университет қабырғасында да қалыптасу кезеңдерінен  өтеді.

Уақыт өте көптеген мамандықтардың өзектілігі жойылады. Бұл – табиғи процесс. Ұстаздар да келешекте қатаң сұрыпталады. Жан-жақтылық, жантану саласын терең меңгеру бүгінгі заман­да онсыз да алдыңғы планға шықты. Ұстаздарға жаңа деңгейг­е көтерілу, жоғарғы сапаға өзгеру, жаңа дәуірдің талаптарымен есептесуі – бүгінгі уақыттың қойып отырған басты талабы.­

ӨРКЕНИЕТТІЛІКТІҢ  КҮШІ  –  ҒЫЛЫМДА

Өркениеттіліктің миссиясы қандай?! Адамзат мүмкіндіктерін дамытуға ықпал жасау. Өркендеуге қосатын үлесі бар адамдардың игі идеяларын қолдау. «Қымбат ми» иелерінің жобаларын қаржыландыру. Олардың түпкі мақсатын тану.

Өркениеттіліктің күші – ғылымда. Ғаламшардың тыныс алу жүйесін өзгертетін, тіршілікке басқаша екпін беретін, төңкеріс жасайтын да – солар. Кез келген мемлекеттің қауқарын ондағы ғалымдардың салмағымен өлшеуге болады. Адамзаттың игілігі үшін не ойлап тапты?! Қандай пайдалы идеяны жылжытты?! Қандай маңызы бар жобаны жүзеге асырды?! Ол қолданысқа енді ме?! Мәселе осында.

Өндіріс те – өнер. Шығармашылық процесті қажет етеді. Іздену,­ ойлану, тану, ойлап табу, жүзеге асыру. Ғылым – ғаламшардың ми қыртысы сияқты күрделі сала. Жаратылыстың құпия-сырын ашу, жұмбағын шешу, жаңалық ашу, өндіріске жаңа қорытынды «өнім» ұсыну.

Ғылымның жетістігін экономиканың гүлденуімен бағалауға болады. Себебі, оның нәтижелері тікелей өндіріске әсер етеді. Әлеуметтің көңіл күйіне, тұрмыс деңгейіне, дамуына жол ашады­. Экономикаға бизнес ықпалдаса алады. Демек, барлық жауап­кершілік – ғылымда.

Ғылым саласы десе, бізде бірден стандартты ойлау жүйесі бо­йынша диссертация қорғау, ғылыми дәреже алу, ешқашан тәжірибе жүзінде жүзеге аспайтын том-том қағаздардың елесі көз алдымызда тұра қалады. Бұл – ескі жүйе. Өмірге жарамсыз. Қоғамға пайдасы жоқ. Көзбояушылық. Алдау. Оның артында нәтиже жоқ. Жүзеге асатын жүйе, тығырықтан шығаратын тың жол ойлап тапса, оның жөні бөлек…

Ғылымда идеяның құндылығы шешуші рөлге ие. Идея – жаратыл­ыстағы ең алып «жарылыс»! Сәтті идеялар өмір сүру деңгейі мен сапасын өзгертеді. Ықпалды идеялар мемлекеттің беделі­н көтереді. Пайдалы идеяларды қаржыландыру өндіріске жаңаша  екпін береді.

Кейде көптеген мықты идеялар тасада, елеусіз қалып жатады­. Қаржыландырылмайды. Жүзеге аспайды. Жолға қойылмайды. Олардың салдары дамудың көптеген тетіктерін бейне бір қолдан тұншықтырып, тежеп тастағандай әсер қалдырады.

Кез келген идея ғаламшарға белгілі бір миссияның жүгін көтеріп келеді. Игі міндеті бар заманауи идеяны қаржыландыру маңызды. Бұл тұста бизнесмендердің де атқаратын рөлі зор. Ықпалдасу саясатына олар да басымдық беруі керек. Қаржы саласының да өз таланттары болады. Ұтымды идеяларға солар көбірек басымдық беріп, жүзеге асуын қолдау керек.

Бізде масштабты идеяларға ізденіс жетіспейді. Оның жүзеге асуына қол жеткізу, нәтижелерін тікелей өндіріспен байланыстыру маңызды. Құрғақ теориялардан пайда жоқ. Қорғаған ғалымы көп, бірақ, өндірісті қарқынды дамытуға қосқан нәтижесі жоқ ескі сарын мен қағидаларды бұзатын уақыт әлдеқашан келді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: