Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әкем айтқан әңгімелерден

28.05.2020, 9:30 653

Біз оңаша ауылда сөзге ұста кісілердің әңгімелеріне ұйып өстік. Жарықтықтар, қазыналы қара сөздің бірінен-бірі өткен білгірлері еді. Және әңгімені айту мәнерлері қандай! Қараша үйдің төрінде, балықшының қосында жыңғыл мен тезектің түтінін иіскеп, қызуына манаурап отырып талай елітіп тыңдағанбыз. Алайда олардың айтқандарын айтқандай жазып ала беру ойға келмепті. Соған да миымыздың жетпегені ғой. Небір ұтырлы да ұтымды сөздерін елемей ұмытқанымды кеш білдім. Тек кейінірек жадыма тұтқан мәйегін ғана түртіп жүрдім. Онда да, түгел емес. Түгел жазып алуға үлгіру мүмкін болмады. Жарықтықтардың үзік-үзік үндерін қайта тыңдап отырғандай боламын…

• Сендер осы не деп отырсыңдар? Жосықсыз сөздің жолда қалдырарын білмейсіңдер ме? Сендердің тістерің бір рет шықса, менің тісім екі рет шыққан…
• Біреуге нақақтан азар беруге болмайды. Біреудің біреуге көрсеткен азары кейін қайтып айналып өзін табады. Қиянатың үрім-бұтағыңа кетеді…
• Сөйлей білмегеннің сөзі өзінің маңдайына тиетінін неге ойламайды осы жұрт. Тауып айта алмаса, қауып айтпас болар, есі дұрыс кісі…
• Пенденің қоры – саналының соры. Алла пендесін қор қылып жаратпасын деп тіле…
• Берейін деген құлына айдап әкеліп тастайды жолына, бермейін деген құлына іздесе де таптырмайды пұлына…
• Жасың кіші болғанымен жолың үлкен, жалың биік азаматсың, төр сенікі, қысылма. «Тәлімі текті төрге озар» деген…
• Малың жаман болса сатып құтыларсың, алғаның жаман болса жіберіп құтыларсың, көршің жаман болса көшіп құтыларсың, балаң жаман болса қайтіп құтыласың…
• Қара орманың – қорғаның, қара орманыңа қарай жүр…
• Біреудің артында қайрылары болғанымен, алдында айбынары жоқ. Біреудің алдында айбынары болғанымен, артында қайрылары жоқ. (Айбынары деп ағаны, қайрылары деп ініні айтқаны).
• Жақсылар жаттан болса да, бірін-бірі жатырқамайды, бір-бірінің бәсін бағалайды. «Жақсыда жаттық жоқ». Жамандар – жақсының соры, өзінен ілгеріні көре алмайды. Жақсыға жаманның өресі жетпейді. Жамандар бір қап, бір саптан туса да, өзді-өзімен кіржіңдесіп өтеді…
• Ат жақсысы – жаясы жалпақ биеден, жігіт жақсысы – маңдайы жазық анадан…
• Дос екі түрлі болады: бірі – адал дос, бірі – амал дос.
• Ағайын, іштен іріткі іздемеңдер. Тәлім-тәрбиеге бас иген ешкімнен де кем болмайды. Оңай олжа іздемейік, асымыз адал болса, басымыз аман болар.
• Өсетін азамат елінің марқайғанымен мақтанады, кемақыл жиған-тергенімен мақтанады.
• Ата – бәйтерек, бала – жапырақ, бәйтерек – жапырақтарымен бәйтерек.
• Тіліп айтар болсаң, біліп айт. Біліп алмай тіліп айтамын деме.
• Қанағатың кем болса, қайғының қара қағын ішерсің. «Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыз жалғыз атын сойғызар» деген…
• Бұра қашқан түлкіге жақсы, бұра сөйлеген күлкіге жақсы.
• Жақсылық атаулыға ат байла, жаманшылық атаулыны қақпайла.
• Қанағатшыл кісі табаққа емес, қабаққа қарайды. Дастарқаның толы болғанымен қабағың қату болса, қонағыңа ас батушы ма еді. «Сәлемге бергісіз көңіл бар, етке бергісіз көже бар»…

Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ,
Қызылорда қаласы

(Жалғасы бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: