Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әкем айтқан әңгімелерден

11.06.2020, 10:00 1721

 • Иірлі жерде ер өлмейді, андызды жерде ат өлмейді. (Иір – шипалы шөп)

• Ынталының ісі лезде бітер, енжардың ісі кері кетер. Жігіт пілдің жұмысын істесін де, құлдың асын қарбытсын. Жігіттің шаршадым дегенін­е сенбе, қарным ашты дегеніне  сен.

• Беттескеннің беті қара, жүз шайысқанның жүзі қара.

• Бір ауру бір ауруды жағалап жүрсе, бір ауру бір ауруды жетектеп жүреді. «Ауру  болдың – әлек  болдың» деген сол.

• Өзіңді өзің даттасаң, жат төбеңде ойнақтар; өзіңді өзің сыйласаң, жат бойыңнан түңілер. Тірлігіңде татулы­ққа не жетер…

• Тең атаның баласы теңдікке көнсе де, кемдікке көнбейді.

• Көкірегіңде өз жарығың оянса, біреудің қараңғысында нең бар. Сенің көкейіңдегінің біреулердің бақай­ында жүретінін қалай білмей­сің. Ақылды сатып ала алмайсың, қарызға  да  табылмайды…

• Жағдай білген дос қонақ, білгісі келмеген қас қонақ.

• Байқа қарағым, байқа. Әліңе қара. Сендей құл мен мендей құл алдыр­май жүрсек сол-ақты. Біздің Сыйынарымыз болғанымен сенері­міз  жоқ  қой…

• Ақырғандары арыстанның айбатынан, түкіргендері түйме алтыннан кем болмай тұр-ау. Шіркіндердің шікірейуі-ай! Шікірей түбі – шикі, шақырай түбі – шала. Патшасы қылаң  болса, елі  ылаң  болар.

• «Ат өлгенмен кәде өлмейді, арық қойдан да төстік ал» дейтін бұрынғылар.

• Алдағы істі Алла біледі, азаматыңның алдын кеспе. Өзі болған жігітті балағынан баспа, белін бу, қолтығынан деме, жалынан сыйпа…

• Ағайынды қайнаған қазаныңның айналасынан табасың.

• … Иә, қиналасың. Қиналғанмен амалың қайсы. Қанша қиналсаң да, азарланба. Көз – қорқақ, көңіл – тайғақ, қол – батыр. Аттай шап, қыбын тап, адаспай бақ.

• Жаманды мақтасаң да, даттасаң да бөркі қазандай болады. Мақтап та, даттап та абырой таппайсың…

• Досы жақсы өрге, досы жаман көрге сүйрейді; жақсы дос алға жетелесе, жаман дос жарға жығар.

• «Кедейдің өз малы өзіне олжа» демекші, жаңадан киген көйлегі де жұрттың көзіне түскіш, осы жұрт соған­ да сұқтанып қарайды. О, Алланың  жаратқандары…

• Ай көріспесе ағайының жат, жыл  көріспесе  жекжатың  жат.

• Тон қадірін киген білер, су қадірін  шөлдеген  білер.

• Арық атқа қамшы ауыр, жыртық үйге тамшы ауыр.

• Ақылдының ойына ақылсыздың  қарсы  шығатын  әдеті.

• Іштен  іріткі  іздегендер  бір бәлеге  тап болмай тынбас. Белін буса, бәле қуса, сірә  оңбас…

• Құлқынына құл болғандар – ұлтына ұл болып жарытпас. Япыр-ай, ер-азамат боқ дүниенің құлы бол­ғанша, ұлтының  ұлы  болсайшы…

• Қайығына қарай ескегі, күпшегіне қарай піспегі болады.

• Айналайын-ау, ақылдыға бел­гілі, ақымаққа қажеті жоқ сөзіңді балала­та беріп қайтесің. Көп сөзді қой, тоқетерін айт.

• Біреу жарасымды жар іздейді, біреу  ерқара іздейді.

• Сыйлассаң – сый кісісің, сыйласпасаң – бір кісісің. Мына тұтам тірлікте бір-біріңмен сыйласып жүргенге ештеңе жетпейді, қарағым…

• Жалғыздың оғы табылмайды, көптің оғы жоғалмайды. Жалғыздың сыйынары – бір Алла.

• Құлақтыға айтсаң, құлағының астында қалады; құлақсызға айтсаң, құла қырдың астында қалады…

• Білімдінің жүзі жарқын, білім­сіздің күні қараң – бәрі құл.

• Жаман туыстан жақсы жат артық. Жаманның көңілін ауласаң да, дауын даулама, өзіңді қарақтайды. «Жаман түйе жабуын жер, жаман жігіт ауылын жер» деп бұрынғылар біліп  айтқан…

• Дүние тегіс болмайды, тегіс боламын­ дегенше жігітке бір іс болады.­

• Жақсыдан – шарапат,   үлкеннен – ұлағат, кішіден – ілтипат, жаман­нан – кесапат. Солай қарағым…

• Жаман тәуіп жаныңды алады, надан  молда  барыңды  алады; тәуіп­тің ең мықтысы – кеселіңе кесел қоспаған…­

• Есті ер ызғары қаттының ығында­  жүрмейді.

• Сайлы жер тасқалақ келер, жасық жігіт сасқалақ келер. Болған жігіт болдым демес, болдым жігіт оңған  емес.

• Сүмбіле (тамыз) тумай су суымайды, таразы (қыркүйек) тумай таң суымайды.

• Ақыл – алтының, сабыр – мұратың, қайрат – қаруың.

• «Жылқының еті ем, терісі шегірен­» деп бекер айтпаған. Түйе – салтанатың, жылқы – қанатың.

• Көше білмес көшсе көлік өлтірер, сөйлей білмес сөздің дәмін кетірер.

• «Оқшантай жоқ, кісе жоқ – белбе­у шығар, жүгініс жоқ, малдас жоқ – көлбеу шығар» деген екен Мөңке би. Әулиенің айтқаны айнымай  келді…

• Бірге туғанмен бірінен ұшқан қарға біріне бармайды.

• Қыр арқаңда қолдаушың тұрса, өкшеңнің қисықтығы білінбейді.

• Інідегі мал – иіндегі мал, баладағы мал – даладағы мал.

• Ауру – астан, дау – қарындастан, сараңдық  жұғар  ауылдастан.

• Аяғы лас төрге дейін былғайды, ауызы лас көрге дейін былғайды.

• Осы күнгілердің ақуаты аз болды­. Боларға да, болмасқа да мәз болып, ұрандатып, қоңыраулатып жүргендері…

• Әлі-ақ мұртын қаққан мұсыл­манға  зар  боларсыңдар.

• Уа, Алла, бергеніңнен жазба, жаманның кесапатынан сақта. Алдыңғыл­армен үндес болғандар кейінгілермен  күндес  болды. Па­қыр­лардың  жөнсіздігін  кешіре  гөр…

• Жабу астында жан қалар, жаны қалса жал қалар.

• Дән топырағына, шәкірт ұстазына­  қарай  өседі.

• Аларманға алтау аз, берерменге бесеу көп.

• Бойдақтың есі түске дейін, түстен кейін одан ақыл сұрама.

• Бір ауылға бір ақымақ аз болмайды.

• Амалдыға айла жоқ, сөз тапқанға­ қолқа жоқ.

• Қу сөз – қоңылтақ етік. Сөз бергенге сенбе, бөз бергенге сен.

• Балық жеген тоқ болар, әл-дәрмені жоқ болар…

• Арсыздың айты – алты күн…

• Әй, қарағым-ай, дұшпан не демейді­, доңыз не жемейді.

• Бәйгеден пысың озсын, бәсекеден ісің озсын.

• Еңбегің – шырайың ғой, бір­лігің – берекең.

• Басынан тұнған бұлақты қайнарынан қанып іш.

• Бақ адамын тауып қонса есейтеді, ауып қонса есіртеді.

• Шырайлы шындық – шамшырақ, өресіз өтірік – өлімнің қара басы.

• Отыңа тиме өшірерсің, көршіңе тиме көшірерсің…

• Биді құлсың десе күлкісі келеді, құлды құл десең өлгісі келеді…

• Дария тоқсан көрмейді, тоқсан мұз  көрмейді.

• Е дескен еріңді күтсең, қағана­ғыңа құт тұнар.

• Ат жауырға, азамат бауырға шыдамайды.

• Кішіні інім демесең, кіші кісім демейді.

• Жоқшылықты көп көріп байығаннан қайыр сұрама.

• Заманың қалай түрленсе, бөр­кіңді солай ки. «Заманына қарай адамы»­  деген.

• Ұрының алғаны соңыра өзіне лайық  болады.

• Кесілмеген құлаққа кесілген құлақ хабар бергіш.

• Айырылысар дос ердің қасын сұрайды.

• Елек қарғасы – Елекке, Жайық қарғысы – Жайыққа.

• Туымнан құр қалмаған, өлімнен сау қалмайды.

• Момынға алғыс та жоқ, қарғыс та жоқ.

• Патша иманды болмай халқы иманды болмайды.

• Бәйбіше де, тоқал да бейім туады.­

Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ,

Қызылорда  қаласы

(Басы  өткен  сандарда.  Жалғасы  бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: