Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Рэм

17.01.2020, 9:41 1091

2008 жылы режиссёр Лассе Халльстрём түсірген «Хатико: Самый верный друг» атты драмасы кино әлемін дүр сілкіндірді. Туынды талайды тамсандырды. Бұлай болуы заңдылық. Өйткені, адамзат адалдық пен адамдық қасиеттерден әжептәуір ажырап қалды. Қулық-сұмдыққа бой бердік. Ал әлгі фильмде адам мен иттің достығы, иттің иесіне деген адалдығы бейнеленген.

«Иттің дос болғаны жақсы, досыңның ит болғаны жаман». Ертеден келе жатқан есті сөз. Біз айтып отырған сол төрт аяқты мақұлықты адамзат осыдан 33 мың жыл бұрын қолға үйретіпті. Әу баста Шығыс Азияның оңтүстігінде, кейіннен Еуропада, одан әрі Америкада асыраған көрінеді. Уақыт өте келе ит адамның айнымас серігіне, тіпті, қызметтік көмекшісіне айналды.

Біршама жыл бұрын Қызыл­орда қаласында 12 жастағы жас­өспірім қыз жоғалып кетті. Алдымен ата-анасы қазақшылыққа салып­ ет жақындарының көмегіне жүгінеді. Туған-туыс боп жабылып іздейді. Таппайды! Алып шаһарда титей қыздың жоғалуы кімді болса­ да алаңдатады ғой. Мұндайда адам ойына ең бірінші жамандық ұялайтыны да шындық. Жұрт жабылып қанша іздесе де, жасөспірім ізім-ғайым жоқ. Сөйтіп жүргенде бір күн өтеді. Жасөспірімнің жоғал­ғаны жөнінде ел ішінде ақпарат лезде тарайды. Амал жоқ, қыздың ата-анасы Қызылорда облысы ішкі істер департаменті Жедел жоспарлау орталығының кезекші бөліміне хабар береді. Іле-шала департамент жанынан жедел-іздестіру тобы құрылып, құрамына Кинология орталығының теңгеріміндегі қызметтік-іздестіру иттері енгізілген. Із кесуші Рэм атты қызметтік ит (жоғарғы суретте) осы топтың құрамында еді. Әдеттегідей полиция қызметкерлері оқиға орнына барып, зерттеп-зерделеу жұмыс­тарын бастайды. Содан Рэм жоғалғ­ан жасөспірім­нің жеке заттардағы иісін алып, іздеуге кіріседі. Іздеу жұмыстарына­ машықтанған жануар­ тіміскіленіп, айналаны бір шолып шығады да, кенет бір ізге түседі. Рэм полицей-кинолог, полиция старшинасы Қаршыға Тажбеновты ертіп келесі көшедегі үйге алып келеді. Сол үйдің ауласында орналасқан қо­салқы үй-жайдың айналасын тырналап, Рэм иесіне хабар береді. Сөйтіп, жоғалған жасөспірім аман-есен  табылады.

Айтпақшы, осы оқиға кезінде мынадай қызық жайт орын алыпты. Жоғалған қыздың ата-анасы көріпкелге барған көрінеді. Әлгі көріпкел «Ішкі істер қызметкер­леріне хабарласыңдар. Киноло­гия­лық орталықта бойы аласа, қара ит бар. Сол жоғалған қыздарыңды тауып­ береді» депті. Кейіннен жасөспірімнің ата-анасы Кинологиялық орталық қызметкерлеріне осы жайтты әңгімелеп берген екен.

Рэм қазір осы орталықта қызмет­ атқарады. Жасы – 8-де. Тұқымы – орыс  спаниелі.

Біз осы саланың кедір-бұдырын  білмекке Қызылорда облысы полиция департаменті кинологиялық қызмет орталығына бардық. Жасыратыны жоқ, бұрын-соңды бұл орталықта келіп, сала мамандарымен  сөйлесіп  көрмеппіз.

Мұндағы жұмыс қауырт. Тыным­ жоқ. Күнделікті болып жат­қан ұрлық-қарлықтан бастап, ауыр санаттағы қылмыстарды ашуда қызметтік иттердің көмегіне­ жүгінеді. Өткен жылы қызметтік иттердің арқасында 206 қылмыстың беті ашылыпты.

Осы кинологиялық орталықта кинолог-инспекторы Шыңғысхан Караматов 2012 жылдан бері қызмет атқарады. Ә дегеннен дереу әңгімеге  тарттық.

– Шыңғысхан, кинолог маман ретінде жұмыс істеудің қиындығы қандай?

– Басқа салада адаммен сөйлесесің, байланыс жасайсың. Сұрақ қоясың, жауап аласың дегендей… Ал біз осы иттерді тәрбиелеп, үйретіп, қызметтік көмекшіге айналд­ырамыз. Мұның барлығы бір күнде бола қоймайды. Көп жұмыс  жүргізу  керек.

– Қызметтік итті қай жастан бастап  тәрбиелейді? Көпті қызықтырған  сауал  – осы…

– Итті 3 айлық күшік кезінен бастап үйреткен жөн. Өте ақылды жануар ғой. Үйреткеніңді «қағып» алады. Тек «тілін табуың керек». Үйретіп жүріп айғайлауға, аяқпен түртуге  болмайды. Кәдімгі кіш­кентай бала сияқты қарау керек. Мәселен, кішкентай балаға ұрысып, үнемі нұқып отырсаң, өскенде жасық боп қалады. Бұлар да сондай. Сондықтан алдап, мақтап отыру маңызды. Сонда ғана айт­қаныңды  бұлжытпай  орындайды.

– Ел арасында «есірткі іздейтін иттерге есірткі береді екен» деген әңгіме  бар. Сол рас па?

– Иә, мұндай аңыз-әпсана бұрыннан бар. Бұл – жалған ақпарат. Ертеректе  иттерге  есірткі берген дейді. Дегенмен, есірткі қабылдаған ит ұзақ өмір сүрмейді. Маманд­ар мұның тиімсіздігін білді. Кейіннен зерттеді. Қазір технология дамыған. Бүгінде қол­даныста иісі есірткіге ұқсас қоспалар бар. Сонымен жаттығу жасаймыз. Жалпы, орталықтағы қызметтік иттерге аяқ ізіне түсу, есірткі табу, жарылғыш заттарды іздеу, одорология (иістерді сәйкестен­діру) сынды міндетемелер жүк­телген. Қазір осындағы қызметтік иттерге штурмды (шабуылдау) үйрету үстіндеміз. Қылмыскер қашқан кезде қызметтік иттер шабуылдап, құрықтауға  көмектеседі.

Кинолог маман болу да оңай шаруа емес. Алдымен осы орталықта 1,5 айдай тәжірибе жинайды. Одан соң Алматыдағы республикалық орталықта қызметтік итпен­ бірге тағы сондай уақыт дайынд­алады. Сосын емтихан тапсыр­ады. Емтиханнан сәтті өтсең, 3 ай оқуды жалғастырасың. Одан әрі көмекшіңмен бірге негізгі қызметке кірісесің. Барлық кинолог маманға қойылатын талап – осы.

Содан біз көптің аузында жүр­ген Рэмді көруге асықтық. Қызметтік иттерге арналған орынға келіп, Шыңғысхан Рэмді үйшіктен босатты. Расымен, көріпкел айт­қандай-ақ екен. Түсі қара, бойы аласа. Қанша дегенмен, тәртіпке үйренген  жануар  ғой. Иесінің  бұй­рығын  бұлжытпай  орындайды. «Отыр» десе, отырады. «Тұр» десе, тұрады. «Жат» десең, жатады. Ең қызығы, тапсырманы тыңғылықты орындаған соң, «Әй, Рэм жарайсың!» деп мақтасаң, кәдімгі баладай қуанатыны таңғалдырды. Біз де Шыңғысхан тәрізді бұйрық беріп көргенбіз. Орындаған жоқ. Сөйтсек, ит пен иесінің арасында көзге көрінбейтін байланыс болады  екен.

Жалпы, ішкі істер саласында құпия дүниелер көп. Сондықтан оның барлығын ашып жазу құзыретімізде жоқ. Тек ресми орган басшылығы рұқсат етілген ақпараттар ғана жарияланады. Заң солай­. Әйтпесе, қызметтік иттер­дің көмегімен ашылып жатқан қылмыс аз емес.

Қозы   Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: