Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Рэкеттің жазасы

03.09.2020, 9:40 426

HALYQLINE.KZ

(Әңгіме)

Бұл жалғанда ер адамның, оған қоса, көпке сыйлы ел ағасының көз жасын көруден асқан ауыр нәрсе жоқ екен. Мен де Арманның жанарынан жасы тамшылаған мұңды жүзіне қарап қатты қиналдым. Әрі өзі де келін түсіріп, немере сүйген ата болғанымен, анасына деген ыстық ықыласына қосыла толқыдым. Осы мезетте менің де көз алдыма өзгеге қарапайым, өзім үшін теңдесі жоқ анамның бейнесі елестеп өткенде еңіреп жіберуге шақ қалған едім.

Қара қылды қақ жарған әділдігі, қиындыққа мойымайтын қайсар мінезіне орай көпшілік «Темір адам» атап кеткен Арман осалдық танытқанына қысылғандай тамағын кенеп алып, сөзін жалғады.

– Мен өзің жақсы білетін Тоқтармен нағашылы-жиенді болып келемін. Тоқтардың анасы Раушан – рулас апамыз. Екі үй жақын араласып тұрдық. Жездеміз ауданда жақсы қызмет атқарып, пенсияға шықты. Тамыр-танысы мол, қалтасы қалың әкесі Тоқтарды жастайынан лауазымды жұмысқа қойды. Бірақ… «Жетектеген тазы түлкі алмайды» жеген рас екен. Тоқтар талай шалыс басты. Әкесінің беделіне бірнеше мәрте нұқсан келтірді.

Шашын жалтырата қырғызып, момын жандарға тізесін де батырды. «Жын да бейімін ұрады». Өзіндей қағылған-соғылғандармен бірге жеке кәсіпкерлерге әлімжеттік жасады. Арамдық кімге жаққан дейсің?! Күнұзағына маңдайынан ащы тері сорғалап тірлік жасаған жандардан тартып алған тиын-тебен Тоқтардың да бойына дарымады. Ақыры ойнақтап жүріп от басты. Бір күні бұрын мықты боксер болған бір таксист Тоқтар мен жанындағы екі рэкетсымақтың бар тістерін сындырып, алақанына санап берді. Мен сол оқиғаға кездейсоқ куәгер болған едім.

Сол күні әйелім екеуміз базардан азық-түлік алып, такси тұрағына келгенбіз. Бір таксист жас жігітпен үйге дейін беретін ақысына келісіп, көлігіне отырдық. Кенет… Машина енді қозғала бергенде қасында екі серігі бар Тоқтар көліктің алдына тұра қалсын. Жанжал басталды. Мен үлкендігімді, нағашылығымды алға тартып сабырға шақырдым. Тоқтар құлақ аспады. Өзіме тіл тигізді. Қаным басыма тепкенімен сабыр сақтауға тырыстым. Біздің алғашқы клиенті екенімізді, әлі ақша таппағанын айтып шырылдаған таксист байғұсты Тоқтар күтпеген жерден баспен ұрып шалқасынан түсірді. Орнынан ұшып тұрған таксист шындап ашуға мінді. Бокс тілінде «апперкот» аталатын тәсілмен нық соғып, Тоқтарды талдырып тастады. Ентелеп келген ұзынтұраның жұмырығын өзіне дарытпай, жалтарып кеткен жүргізуші жігіт көз ілеспес жылдамдықпен шықшыттан оң қолымен қапталдан (боковой) ұрғанда еңгезердей тақырбас бұзақы кескен теректей гүрс ете қалды. Мұны көрген үшінші бұзақы тұра қашқанда өкшелей қуған таксист жалғыз соққымен шаруасын тындырды. Менің де кезінде бокспен шұғылданғанымды білесің ғой. Мұндай қимылды көптен бері көруім еді. Риза болдым. Ең бастысы, әділетсіздіктің үстемдік құрмағанына қуандым. Десе де, ерте қуаныппын. Ауруханаға жатып, емделген Тоқтар таксистің үстінен арыз жазды. Алайда сотта мен куә болып, таксисті ақтап шықтым. Тоқтардың әкесі, яғни жездеміз болса шындықты айтқаным үшін маған қатты ашуланды. Сылқым апамыз да ренішін жасырған жоқ. Не десе де, жалған куәлікпен жазықсыз жанды темір торға тоғытуға (бастық жездеміздің көздегені де сол ғой, олай қылуға беделі де жетіп, ықпалы да жүруші еді) Алладан қорқып, арымнан ұялдым.

Арада жыл өтті. Бұл кезде Тоқтардың өзімен де, отбасымен қарым-қатынасымыз үзілген еді. Бір күні жақын досым үйге жүгіріп кірді. Өң-түсі жоқ. Әйелім екеумізге «сабыр қылыңдар, адам аман!» деп қайталай береді. Досымның айтуынан жалғыз інімнің көше бойында машинасымен көлік апатын жасағанын естігенде жүрегім тоқтап қала жаздады. Тұра жүгірдім… Қалғаны шала-пұла есімде. Есімді жинасам інімнің қасында отыр екенмін. Байсалды мінезді інім қабырғасын ұстап сәл қабағын шытқанымен, «аға, уайымдама, еш жерім ауырмайды, бәрі жақсы» деп мені жұбатып қояды. Үш қабырғасы сынғанын ауруханаға барғанда білдім.

Бауырымның машинасы арықтың ішінде төңкеріліп жатыр. Ал оған соққан машинаның сау-тамтығы қалмапты. Аса жоғары жылдамдықпен келгені айтпаса да, түсінікті. Көлік апатына кінәлі осы машинаның руліндегі Тоқтар удай мас. Жедел жәрдем көлігі інімді ауруханаға, полиция машинасы Тоқтарды ішкі істер бөліміне алып кетті. Інім сол жарақатынан ұзақ емделді. Ал Тоқтар әкесінің арқасында жазадан жеңіл, айыппұлмен құтылды. Бұл оқиға біздің әулетімізге оңай тимеді. Інім ауруханада жатқан бірнеше айдың ішінде анам ауыр дертке шалдықты. Ақыры дүниеден өтті… Өмірден озар сәтінде інім екеумізді жанына шақырып алған апамның «Бәріңді бір Аллаға аманаттадым! Болған іске төреші – бір Алла!» деген соңғы сөзі ешқашан құлағымнан кеткен емес.

Жалғанды жалпағынан басқан Тоқтар да өзекті пенденің бірі екен. Алдымен әкесі дүниеден озды. Іле-шала өзі істі болды. Әкесінен қалған дүниені шашып жүріп, қамақтан зорға құтылды. Елде жүре алмасын біліп, басқа жаққа қоныс аударды. Жападан-жалғыз қалған анасы құсадан қайтыс болды. Зәулім үй осылайша қаңырап бос қалды. Уа, Алла, өзің абырой бергейсің! – деген Арман ауыр күрсініп, әңгімесін аяқтады.

Арманды көзіммен үнсіз ұзатып салдым. Көңілімнің түкпірінде «Адамның басы – Алланың добы. Қалай тепсе, солай қарай домалайды. Дегенмен осы қағиданы пендешілікпен көбіне елемейтініміз қалай?! «Көп асқанға – бір тосқан» деп текке айтылмаған» деген тұнжыр ой жатты.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Көрнекі  сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: