Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада қылмыс саны төмендеді

07.12.2020, 17:10 749

«Бізге арман, үміт және утопия қажет». Иә, кез келген адам әділетті мемлекетте өмір сүргісі келеді. Заңда – үстемдік, сотта – әділеттілік болғанын қалаймыз. Қайтсек, біз заңға емес, заң бізге жұмыс істейді деп телміріп отырған халықпыз. Ол күнге де жетерміз. Бірақ бізді қазір алаңдатып отырғаны – заңды одан әрі қатайту емес, оның орындалуына көз жеткізу, қоғамда әділеттілік орнату. Осыларға қол жеткізген уақытта қалғаны өз уақытымен орындала бермек. Осы жолда Қызылорда облыстық прокуратурасы біршама іс тындырыпты. Тіпті, өткен жылмен салыстырғанда биыл қылмыстар саны едәуір азайған. Одан бөлек, кәсіпкерлерге заңсыз тиіскендердің де «шаңын қағудамыз» дейді.

– Өңірімізде профилактикалық жұмыстар нәтижесінде бұрын сотталғандардың қайта қылмыс жасау деректері 16%-ға төмендеген. Бұған арнайы мобильдік топтың арқасында қол жеткіздік десем болады. «Қызыл» санаттағы қылмысқа бейім азаматтардың үйін аралау, сағат кешкі 10-нан кейін көшеге шықпауын қадағалау, әлеуметтік көмек бойынша жұмысқа орналастыру секілді шаралар атқарылды. Себебі, сотталғандардың қылмыс жасауының басты себебі – жұмыссыздық. Одан бөлек, жол-көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында біздің жылдамдық өлшеуіш, ақылды бейнекамераларын сатып алу туралы ұсынысымыз қолдау тауып, жалпы қала аумағына 13 құрылғы қондырылса, оның 9-ы орталық көшелерге орнатылды. Нәтижесінде, жол-көлік қылмысы 21%-ға азайды,– деді Қызылорда облысы прокуратурасының аппарат басшысы Азамат Баянбайұлы.

Өңіріміздегі басты мәселелердің бірі – мал ұрлығы. Арнайы топтың нәтижелі жұмысының арқасында мал ұрлығының да жолын кесуге мүмкіншілік туыпты. Облысымызда өткен жылмен салыстырғанда мал ұрлығы 32%-ға азайған. Ұрлық деңгейі әсіресе, Шиелі, Жаңақорған аудандарында едәуір төмендеген екен. Ондай нәтижеге пада ұйымдастыру арқылы қол жеткізіпті. Дегенмен, керісінше, мал ұрлығы ушығып кеткен аудандар да кездеседі. Мәселен, Арал ауданында ол 40%-ға өскен. Сондықтан, аталған өңірде пада ұйымдастыру қажеттілігін айтып жүрміз дейді прокуратураның ресми өкілі. Оның айтуынша, мал ұрлығының жиілеп кетуіне халықтың өзі де кінәлі. Себебі, малдың жоғалғаны жайлы бірнеше ай өткеннен кейін ғана хабар береді екен. Ол уақытта малдың не ұрланып, не жол-көлік апатына түскені немесе т.б. себептермен жоғалғанын білмей қалады екен. Жергілікті халық малдарын 3 ай немесе жарты жылда бір тексереді. Малдар жоғалуының көп себебі осыдан. Алдағы уақытта осы қылмысты азайту бағытында белгіленген профилактикалық іс-шаралар өз жалғасын тауып, оңды нәтижеге жету үшін жұмыс істеу жоспарлануда.

Біздің қоғамдағы тағы бір мәселе – кәсіпкерлерді заңсыз тексеру жұмыстары. Прокуратура өкілінің айтуынша, тексеруге уәкілеттілігі жоқ тұлғалар түрлі нысандарға тексеріс өткізіп, айыппұл жазып кететін көрінеді. Одан бөлек, коронавирустың кәсіпке келтірген кесірі көп. Осы сарындас мәселелер кәсіп айналасында жетіп артылады. Облыс прокуроры қыркүйек айында кәсіпкерлермен жолығып, шағымдарын тыңдап, біршама мәселелерді талқылаған екен. Бүгінде сол мәселелер өз шешімін табуда. Атап айтқанда, балалардың келуіне қарамастан, жеке балабақшаларға қаржы толық төленуде. Сондай-ақ, қорықшыларға қару-жарақ ұстауға құқық беру туралы заңнамаға өзгеріс енгізу жөнінде Экология министрлігіне хат жолданған. Түнгі мезгілде істелетін қылмыстардың алдын алу мақсатында Шиелі ауданында қоғамдық кеңес пен кәсіпкерлер арасында көңіл көтеру орындарының уақытын сағат 22:00-ге дейін шектеу туралы меморандум жасалған. Одан бөлек, жеке кәсіпкерлерге қатысты жүргізілген тексерулердің заңдылығы талданып, бірнеше заңсыз тексерулер анықталған. Қазіргі таңда заңсыз актілердің күші жойылып, кінәлі тұлғалардың жауаптылығы қаралуда. Бір қызығы, анықталған фактілер тек прокуратураның күшімен табылған. Кәсіпкерлер тарапы үнсіздік қағидатын ұстануда. Облыстық прокуратура кәсіпкерлерге бұл «жүкті» бірге көтеруге шақырады.

Жыл көлемінде атқарылған жұмыстар өз жемісін бергеніне көзіміз жетті. Дегенмен, бұнымен тұрақтап қалуға бомайды. Облысымызда соңғы уақытта жантүршігерлік қылмыстар саны артуда. Осы қылмыстардың алдын алуда бірігіп күрессек, жоғарыда атаған утопияға да қол жеткіземіз…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: