Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құс тұмауынан адамға қауіп бар ма?

24.09.2020, 11:10 524

Дәл қазір Қазақстанда толқынды түрде жүріп жатқан құс тұмауының Н5N1 түрі 1997 жылы Гонконгта тіркелген. Мұнда вирус штамының мутацияланғаны соншалық адамдарға жұғып, салдарынан 20-ға тарта­ адам осы аурудан қайтыс болған. Араға 6 жыл уақыт салып дәл осы ауру белгілері Вьетнам, Камбоджа, Қытай, Индонезия, Лаос, Пәкістан, Корея, Тайланд, Тайвань мен Жапонияда анықталды. Жан-жануарлардан жұқтырып, осы кеселге шалдыққан адамдардың жартысынан көбі өмірімен қош айтысқанын дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да растады. Ал 2005 жылғы әлем бойынша таралған құс тұмауы кезіндегі қорқыныш, үрей әлі көз алдымызда. Өйт­кені бұл вирустың адамнан адамға жұғуы анықталмаса да, жан-жануарлардан, жабай­ы құстардан жұққан вирус салдарынан тағы да адамдар зардап шекті.

150   МИЛЛИОННАН   АСТАМ   ҚҰС   ЖОЙЫЛҒАН

Жануарлардың денсаулығын сақтау дүниежүзілік ұйымының мұрағаттағы мәліметінше, тура 15 жыл бұрын пандемия сипатына ие болған құс тұмауы 150 миллионнан астам құстың жойылуына әкеп соқтырған. Бұл тек құсқа қатысты­ шығын болғанымен, астарында ауыл шаруа­шылығы, аулалық табыс, фермерлер үшін орасан кесір бар еді. Ал жыл басына­н бері көкжиекте орналасқан кей елдерде тарай бастаған құс тұмауына аса зер сала қоймадық. Өйткені адамдар арасын­дағы коронавирустық инфекция оған мойын бұрғызбады. Сондықтан болар­, тасада қалған тұмау жаһан елде­рінің жартысына тарап үлгерді.

– Құс тұмауымен ауырған адамдардың дені ауылдық жерде тұрады. Кейбірінің өлген құс етін жегендігі анықталды. Әзірге құс етімен тікелей байланыста болған адамдардың ауру жағдайы Вьетнам, Тайланд­, Камбоджа және Индонезияда анықталды. Адамнан адамға таралудың шектеулі жағдайлары тіркелгенмен, Жапония­, Малайзия және Корея Республикасында H5N1 құс тұмауының ошақ­тары қатаң бақылауда, – деп хабарлады Жануарлардың денсаулығын сақтау дүниежү­зілік  ұйымы  баспасөз  қызметі.

Құс тұмауынан тіркелген құстардың ең көп шығыны сәуір айының соңында Қытайдың орталық бөлігіндегі Цинхай көлінде тіркелген. Онда 6000-нан астам өлі құстан H5N1 вирусы табылған. Бұл вирус соңғы екі жылда Азияның оңтүстік-шығысында құстар арасында таралған вирусқа өте ұқсас.

ИНФЕКЦИЯ   ЗООНОЗДЫ   БОЛСА…

Географиялық аумақ талғамайтын ауру Қазақстанның бес облысында тіркелді. Оның үш дерегі нақтыланса, екеуі­не әлі ресми талдау жүргізілуде. Бес облысқа қарасты 26 аудан, 47 елді меке­нін­де құстардың қырылуы тіркелгенін ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүл­мира Исаева растады. Тиісінше, республикалық қордан құстарға егу жұмыстарын жүргізу үшін 1,5 миллион вакцина бөлін­ген. Ол 5 миллион құсқа жетеді. Министрлік тамыз айының басынан бері Ресейд­ің Қазақстанға жақын аумақтарынан құс өнімдері мен тірі құстарды им­порт­тауға тыйым салған. Әзірге адамдар арасында ауру нышаны байқалмаса да, 400  адам  медициналық  бақылауға  алын­ған.

Тіркелген жоғары патогенді құс инфекциясы өзге де аумақтарға таралу қаупі жоқ емес. Әсіресе оңтүстік аймақтар құстардың қоныс аударуына қолайлы орта болғандықтан қамсыз отыру да жарама­с. Осыны ескерген Қызылорда облы­сының  ветеринария басқармасының басшысы Е.Апетов құс тұмауына байланысты  брифинг  өткізді.

– Статистикалық мәліметтер бойынша бүгінде аймақта 124,8 мың бас үй құстары бар. Ал облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инс­пек­циясының мәліметі бойынша жабайы құстардың саны – 702,6 мың. Әзірге облыст­ағы эпизоотиялық ахуал тұрақты,-деді  ол.

ХЭБ-тің ресми сайтындағы ақпарат­тарға көз жүгіртсек, жануарлар денсаулығы мен өндіріске залал келтіретін құс тұмауы тіркелген әлем картасындағы эпизоот­иялық ошақ көбейіп келеді. Эпидемиологиялық жағынан күрделі штамға ие АІ вирустық инфекциясы тіпті зоонозды болуы мүмкін. Сондықтан адам денсаулығына да тікелей қауіп барын айтып, әлем вирусологтары дабыл қағуда. Үнемі мутацияға ұшырап, жаңа ассортиментпен күрделенетін вирусқа құстармен қатар жануарл­ар да шалдығуы ықтимал. Сала мамандары эпидемияның инфекция көзі жабайы құстар дегенді алға тартып отыр. Өйткені күз бен көктем – құстардың қоныс аудару маусымы. Бүгінде құс тұ­мауын­ың H5, H5N1, H5N5, H5N6, H5N8, H7N3, H7N7 және H7N9 түрлері Океания, Еуропа, Азия және Африкада әлі жалғасуда. Бастысы, аурудан өлген құс­тардың еті нарыққа шығып кетпесе, игі.

Н.ҚАЗИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: