«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 425.59 (-2.48)

  • EUR: 505.43 (-2.18)

  • RUB: 5.61 (-0.01)

Құлдық сана дегеніміз не?

06.05.2020, 12:10 459 0

Осы фейсбукте Нұргүл Сарсенбаева деген қарындасымыз «Құлдық сана дегеніміз не?», «Надандық дегеніміз не?» деген екі сұрақ қойыпты. Сол екі сұраққа шамам келгенше екі жауап жазып едім. Назарларыңызға соның алғашқысын ұсынайын. Алдымен әңгіме құлдық сана туралы.

Құлдық сана дегеніміз – адамның ақыл-ойында, дүниетанымы мен өзіндік көзқарасында тиянақталып қалған, «құл мен қожайыннан» тұратын психологиялық құбылыс, психологиялық тетік. Сол бойына сіңген адам құлдық бұғаудан құтылса да ішкі құлдық сезімі қожайынын іздеп тұрады. Бұғаулы күндерін аңсайды. Оны ғылыми тұрғыда алғаш зерттеп жазған неміс философы Фридрих Ницше. Ғалымның айтуынша, құлдық санадағы адам үнемі қожайынға тәуелді. Ол өз бетімен ешнәрсе шеше алмайды, қожайын не тапсырса соны орындайды. Қожайынның жақсы дегенін жақсы, жаман дегенін жаман деп қабылдайды.

Мысал ретінде алсақ, АҚШ-та 1865 жылы құл иеленушілік жойылып, барлық құлдар азаттық алғанда ата-бабалары Африкадан жеткізілген негрлер не істерлерін білмей дағдарып, қожайынын төңіректей береді екен… Ілкіде іштерінен біреуін бастық қылып қойса ол қармағындағы негрлерге қожайыннан бетер азап көрсететін көрінеді. Бұл туралы Хакім Абай да құлдық пиғылдағы жандарды: «Күштілерім сөз айтса, бас изеймін шыбындап» деп әшкерелеп береді ғой.

Құлдық сана өкінішке қарай біздің қазіргі қазақ қоғамын да көктей өтіп отыр. Қорқақтық, жауапсыздық, біреулердің сырттан таңған тәртібіне көнбістік, ішкі жан дүниесін билеген тәуелділік, орын алып жатқан заңсыздық – осының бәрі біздің қоғамымыздың әрбір мүшесінің құлдық санасынан туындап жатыр. Спартак сияқты құлдыққа қарсы шыққандар көп емес. Бізде құлдық санаға қарсы шыққан: Компария хатшысын сықпырып боқтаған батыр Баукеңдер, бес облысымызды Ресейге бермей қорғап қалған Жұмабек Тәшеновтер, Колбиннің алдында «Қазақ тілі мемлекеттік тіл болмайтын болса менің академиктігімнің құны бес тиын» деген Әбдуали Қайдар, «еркек тоқты құрбандық» деп қасқайған Қайраттар және тағы басқа тұлғалар.

Қазақ-қалмақ соғысын қосып алғанға дейінгі кезеңде қазақта құлдық сана болған жоқ еді. Мұндай теріс құбылыс патшалық Ресейге бодандықтан бері пайда болды. Өйткені 1861 жылға дейін Ресейде «крепостнойлық право» басым болып тұрды да орыстардың бойындағы «хозяин – барин» ұғымы біртіндеп қазаққа сіңісе бастады.

Құлдық сана Совет Одағының репрессиялық саясаты салдарынан айрықша өршіп кетті. Коммунистік билік азаттыққа ұмтылған ой-сананы қуғынға салды. Партиялық ұстанымға қайшы кез келген көзқарас түрмелерде, Карлагтарда жанышталды. Репрессиялық қуғындардан, нәубеттен, ашаршылықтан запыс шеккен халық санасы қорқыныш пен тығырыққа тірелді.

Осының салдарынан қазақ халқы ХІІ-ХV ғасырларда өзіміздің Алтын ордаға бағынып салық төлеп келген халықты «ұлы орыс халқы» деп дәріптейтін болды. Боғауызға ең бейім тілді әлемдегі ең жетік өркениеттің тілі деп есептедік. Сол орысқұлдық ұғым тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болса да санамыздан шықпай келеді.

Бүгінде Ресей елі бізге қожайын емес. Бірақ сонда да кеңестік кезеңде «күшігінен таланған» кадрлар Ресей алдында құйрығын бұлғаңдатып тұрады. Сол құлдық санамен Конституцияны бұзады, мемлекеттік тіліміз тұрса да кешегі «қожайынның» тілінде сөйлейді, парламент заң шығарады, полицияң Шыңғыс Айтматов айтпақшы «я на службе, говорите со мной на русском языке» дейді. Адам қай тілде білім алса сол тілдің мәдениетін жарнамалаушыға айналады. Қазақ тіліне қарсы шығып жүрген Олжастар соның дәлелі.

Конформистік түсініктен, орысқұлдық психологиядан шыға алмағандар өзінің ана тілі тұрғанда немерелерімен орысша сөйлеседі. Ал орыс тілі ешқашан техника мен технология тілі болған емес, бәрін ағылшын тілінен аударып пайдаланады. Әлемде орыс тілділердің саны бір пайызға да жетпейді. Құлдық сана осылай мемлекетіміздің де, қоғамның да ілгері дамуына кедергі жасап отыр.

Ерте заман әфсаналарында Мұса Пайғамбар (ғ.с.) басынан құлдық дәуірді өткерген қауымын Мысырдан құтқарып Синай түбегіне алып келе жатқанда әрі кетсе екі айлық жолды шиырлап 40 жыл жүргені айтылады. Мұндағысы құлдықты басынан өткерген ұрпақ жолда өліп таусылып, еліне сапарда туған, бірақ құлдық санадан азат ұрпақ әкелу болыпты. Бұл – құлдық санадан құтылудың эволюциялық жолы.

Бірақ бұл жол Қазақстанға жарамайды.

Құлдық санадан қалай құтылсақ болады? Одан құтылудың жолы – әрбір қазақ өзінің бойындағы құлдық психологияны жан дүниесімен мойындауы және бойындағы құлдық сана (тілге құлдық, билікке құлдық) сарқыншақтарын тамшылатып сығып шығаруы қажет.

Марат Бәйділдаұлы,

жазушы-публицист

facebook-тегі парақшасынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: