Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қисық» қорымы қоршалса…

31.05.2020, 22:35 701

Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаевқа

HALYQLINE.KZ Жанқожа батыр ауылына кіреберістегі, Ащы көлдің дәл төбесіндегі қырқа басында ел арасында «Қисық» деп аталатын үлкен қорым бар. Біздің бала кезімізде бұл жерде жартылай құлаған ауқымды үйтам мен бірнеше ескі қорым ғана болатын. Естуімізше, осы үйтамды кезінде атақты Қаракесек Аманша атамыз паналаған деседі.

Қазіргі таңда осы жердегі қорымдар көбейіп, ауқымы ұлғайып кетті. Оған қоса, бұл жерде Жанқожа батыр ауылының ғана емес, көршілес ауылдардың, кент пен қаланың марқұм болған адамдары жерленген. Әрине, мола руға, ауылға, жерге бөлінбейтіні, мұнда жатқандар бәріміздің бауырымыз екені рас. Қасиетті Құран Кәрімде де «мүміндер бір-біріне туыс қой» деп жазылған. Марқұмдарды Ащы көлдің баурайына, Нұраның басына, ұлы жолдың бойына қойғанда да артында қалған туыс-туғандарының көкейінде әрі-бері өткендер рухтарына құран бағыштаса деген ой да жатқан да шығар. Өзіміз де осы жерден өткенде білген аятымызды оқып, бет сипамай кетпейміз.

Десе де, қазіргі таңда басына түнеухана ретінде шағын баспана салынып, іргелі қорымға айналған марқұмдардың мәңгілік мекені қоршалмай, ашық күйінде жатыр. Мола ішінде төрт түліктің көлеңкелеп тұрғанын да көзіміз шалды.

Осындайда «Қисық» қорымы Арықбалық ауылдық округінің аймағында орналасқан. Сондықтан қорым қоршауды ауыл әкіммімен ақылдаса отырып, тұрғындардың өздері реттеуге болады ғой. Сол жерде жатқандар баршаға ортақ емес пе?! Мұны аудан әкімдігінің көмегінсіз тұрғындардың күшімен де шешуге мүмкіндік бар ғой» деген пікір де туындауы мүмкін.

Жаны бар пікір. Алайда мәселенің екінші жағы да бар. Жанқожа батыр ауылының тұрғындары, жалпы қарапайым бұқараның көпшілікке ортақ кез келген істен бойын тартқан кезі болған емес. Басқасына тоқталмағанда, өткен жылдың өзінде ауыл орталығынан ел-халықтың күшімен «Сарықұл қожа» атындағы құны 15 миллион теңгені құрайтын мешіт салынып, ел игілігіне берілді. Оның алдында да ауыл тұрғындарының қолдауымен жасалған игілікті істер жетіп артылады. Бәрін бірдей тізіп жазу шарт емес шығар.

Қазіргі таңдағы еліміздегі пандемия зардабы әмбеге аян. Сондықтан бұл жолы аудан әкімдігі тарапынан қолдау жасалса. Тиісті орындар тарапынан қорым тұрған аумақ нақты белгіленіп, жер актісі алынып, өзге де тиісті құжаттары әзірленіп, заңдылыққа сәйкес қаржы қаралса. Жазбамыздың бас жағында айтылғандай, «Қисық» қорымы ұлы жолдың тура бойында орналасқан. Тәулігіне қаншама адам осы жермен өтеді. Елге келген қонақтардың да назары алдымен түсетін жерде тұр. «Ауылына қарап, азаматын таны». «Қисық» қорымы аудан орталығындағы, қаладағы кейбір қорымдардай қаражат бөлініп, мұқият қоршалса, имандылық, адамгершілік қағидаттарын өскелең ұрпақ бойына сіңірудің бір парасы орындалары хақ…

«Өлі риза болмай, тірі байымайды». Егер, қорымды жақсылап қоршаса, бабалар аруағы алдындағы бір парызымыз өтелгендей болар еді.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Көрнекі сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: