Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақтың бірлігі қазаққа ғана керек

27.08.2020, 9:50 627

Біз қарға тамырлы бір туған қазақ болсақ та, бір қазақ байыса қуанып, көмек берудің орнына қызғанып әңгіме етеміз. Сонау отызыншы жылдары байларды өзіміз ұстап беріп, өзіміз аштан қырылып едік. Яғни сол заман қайталанып жатқандай көрінеді. Бала сияқтымыз. Қазақтың байығаны жақсы емес пе? Біз қазір кеңестік дәуірде өмір сүріп жатқан жоқпыз ғой. Мен қазақтан шыққан бизнесмендердің көп болғанын қалаймын. Олар үлкен зауыт-фабрикалар ашып, халықты жұмыспен қамтамасыз етсін. Сыртқы инвесторлардың орнына ішкі өз ұлттық инвесторлардың келуі ел экономикасының дамуы мен тәуелсіздігіміздің нығаюына аса ықпал етеді.

Мемлекетіміз жас, экономикалық әлсіз және жаңа қоғамдық заң әлі күшіне ене қоймаған, мемлекеттік аппараттар тәжірибесіз алғашқы кезеңдерде көп мүмкіндіктер қалт жіберілді. Дегенмен бүгінде оған қарсы (срок давности) шектеу мерзімі өтті. Бірақ бір жағынан бұл да дұрыс шығар? Енді осы ұлттық бизнесмендер күшімен ел экономикасын дамытып алсақ деймін. Күні-түні тынбай еңбек еткен бизнесмендер сапалы өмір сүре берсін. Оған бола қызғанбайық. Олар – біздің мақтанышымыз. Сауатсыз біреулер «байлар мен ұлттық қордан алып, халыққа ақша таратып берсе екен» деген қисынсыз қиялдарды айтады. Жоқ! Онда біз кенет кері кетеміз. Ақша тек көпбалалы отбастарына ғана беріледі. Елімізде мұның амалға асқаны аса қуанышты шешім. Халыққа ақша емес, сол ақшаға халықтың еңбек етуіне мүмкіндік жасап беріледі. Кең елімізде әуелі теміржол мен тасжол салып, алып каналдар қазып алсақ, әртүрлі қиын проблемалар жеңіл орындалып, ел экономикасы үдеп дами бастайды. Дәл осы сәтте бізге ұлттық инвесторлар қажет болып тұр. Сондықтан қалталыларды қолдап, қуаттауымыз керек. Кезекті проблемаларды орындау оның материалдық базасы мен технологиясына және уақытқа байланысты болады. Қолдағы сағатымыз да жұлдыздарға қарап тураланады. Яғни мемлекет саясаты қателеспейді.

Өзімізді өзімізге қарсы қойып, халық арасына іріткі салып жүргендерден сақ болып, елде тыныштық сақтайық. Бір-бірімізге деген өкпені қойып, Отанды ойлайық. Жасанды әлемдік дағдарысты қиын жағдайларда сыртқа сыр бермей, оппозициялық партиялар мен оппозициялық күштер билеуші партия жағына өтіп, бірігіп күшеюіміз керек. Әйтпесе кері кетеміз. Жаудың да аңдығаны осы болар. Олардан сақтану үшін бірігу керек. Яғни, қазақтың бірлігі қазаққа ғана керек. Олар бізге қарсы мәліметті өзіміздің аузымыздан ала алады. Сондықтан елде тыныштық сақтап, сақ жүрейік. 

Бекназар  ӘБСАДЫҚОВ,

Қызылорда  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: