Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҚАЗАҚ ТІЛІ: ҚОЛДАНЫЛУЫ мен ҚОРЛАНУЫ

22.10.2020, 13:30 825

Соңғы уақытта қазақ тілі мәселесі қайта көтеріле бастаған сияқты. Бұл қазақ тілін тіріл­тудің «екінші толқыны» ма? Меніңше, бұл – табиғи заңдылық, немесе, ғылыми тілмен айтқанда­, диалектиканың заңы. Санның сапаға айналуы деген философияның категориясы бар. Қазақтілділер көбейген сайын, оның қолданылу ауқымы да кеңейе түседі. Бірақ, өкінішке қарай, қазіргі кездегі қазақ тілінің қолдану мүмкіндігі «құдайға шүкір» деуге де келмейді… Демек оны өзгертуді, қазақ тілінің қоғамдық өмірдің барлық саласында жұмыс істеуін қамтамасыз етуді қазақтілділердің өздері талап етіп, қолға ала бастайды. Орыстілді билік отыз жыл бойы үйренген әдетіне басып, «сәлеметсіздер ме» мен «тыңдағандарыңызға рақметті» қазақша айтқандарына мәз болып отыра береміз деп ойлайтын болар. Бірақ олай болмайды. Біз осы бір жалпақшешейлікпен тәуелсіз қазақ елінде өскен екі ұрпақты орыстандырып алдық. Соңғы уақыттағы әлеуметтік желіде «Қазақша жаз», «Тіл майдан», «Мониторинг тіл», «Тіл қорғаны», т.т. сияқты топтардың пайда болуы – осының айғағы. Қуанарлық жайт, соңғы екеуі – тіл мәселесімен айналысатын мемлекеттік органдардың, яғни Алматы қалалық тіл басқармасы мен Тіл саясаты комитетінің бастамалары. Алғашқыда павлодарлық Руза Бейсембайтегі бастаған тілді қолдану мәселесіндегі соттасу акциялары қазір көптеген облыстарда жалғасын тауып жатыр. Оғыз Доғанның, Қуат Ахметовтердің жеңісі де азаматтарға үлкен күш бергені анық. Қысқасы, егер сексенінші жылдардың соңындағы қазақ тіліне мемлекеттік тіл статусын беруді талап еткен ұлттық қозғалыстарды – бірінші толқын дейтін болсақ, қазақ тілін сөз жүзінде емес, іс жүзінде мемлекеттік деңгейге көтеруге бағытталған бұл іс-әрекеттерді – «екінші толқын» деуге әдбен болады.

Араларына отыз жыл салған бұл әрекеттердің ұқсастықтары мен айырмашылықтарына келсек, ұқсастықтары – түсі­нікті, жетпіс жыл бодандықта болып, өшуге айналған қазақ тілін тірілту, мемле­кеттік деңгейде қолданысқа алып келу. Ал айырмашылықтары өте көп: Біріншіден, қазіргі тіл үшін күрес – Мәскеумен, бізді отарлап отырған метрополиямен, өздерін, өздерінің тілдерін бірінші сорт, ал қазақ тілін мүлдем мойындамайтын орыс шовинистерімен күрес емес, өзіміздің билікпен, тілдер туралы заң қабылдаған Парламентпен, сол заңға қол қойған Президентпен, орыстілді болып кеткен, балаларын да бір тілді – орыстілді етіп тәрбиелеп отырған өзіміздің қазақтармен, қазақ тілін қолданғысы келмейтін шенеунік­термен және осы мәселеге «онда тұрған не бар?» деп бой­күйездікпен қарайтын қа­зақтілділермен күрес. Менің қорқатыным – «Сіздердікі – дұрыс, маладессіңдер, тіл үшін осылай бітіспес күрес жүргізуіміз керек» деп, телефон­ шұқылап, үйде жататын ағайындардың көптігі… Қазіргі әрекеттердің басты­ айырмашылығы – қазақ тілін ҚОЛДАН­У мәселесінің күн тәртібіне шыққандығы. Билік бізге қанша қазақ мектебінің салынғандығы, немесе қазақ балабақшасында қанша баланың тәрбие алып жүргендігі, қазақ тілінде қанша газет­-журналдың шыққанын көрсетіп, сол арқылы қазақ тілінің мәселесін шешіп жатқандай болады. Бірақ қазақ мектебін бітірген миллиондаған балалардың Алматы­ мен Астанаға немесе Павлодар, Өскемен, Қостанайға келіп, жұмысқа тұру үшін, кафе, асханадан тамақ жеу үшін, дүкеннен  өзіне керекті зат сатып алу үшін, т.т. орыс тілін білуге, сол тілді сөй­леуге  мәжбүр  болатынын  қаперге  алғысы келмейді. Әрине, бұл жерде қазақ тіліндегі қызмет көрсетуді талап ете алмайты­н  азаматт­ардың  өздері  де  кінәлі, осы  ащы  шындықты да мойындауға  тура келеді. Бірақ билік  орындары қазақ тілін керек етпей отырғанын (Президентіміз өзінің  халқына  жасаған (!) Жолдауын  75 пайыз орыс тілінде айтқаннан кейін не сұрайсың) көріп отырған қазақ кімнен, нені талап етпек?! Осы отыз жылдың ішінде орыс тілінде жазылған не толтырылған қағаз-құжаттарды бергенде «бұны алмаймын, маған қазақ тіліндегі нұсқасын беріңіз» деген заңды талапты айта алмай, үнсіз алып кете беретін жағдайға жеттік. Бұл – қорқыныш емес, бұл – қанымызға сіңіп кеткен ұлтсыздық дерті. Ешқайсысымыз осы жағдайды өзіміздің ана тілімізді қорлату, мемлекетінің тілін мойындамау деп қабылдамайды. Жиналыстарда орыс тілінде сөйлеген басшылардың сөзін бөліп «Сіз мемлекеттік қызмет­керсіз. Қазақша сөйлеңіз, орыс тілінде Ресейге барғанда  сөйлейсіз» дейтін  азаматтар  азайып  кетті.

Олай болса, «екінші толқынның» басты­ ерекшелігі – тілдің ҚОЛДАНЫЛУ қажеттілігінің бірінші орынға шығуы. Қолданыстан  шығып қалған тілді – өлі тіл  дейді.

Қазақ  тілінің  қолданылуын  талап  етіп  жүрген  азаматтар  Қазақстан  Респуб­ликасының «Тілдер туралы» заңы мен «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы»­ заңын басшылыққа алып жүр. Ал мемлекеттік тілді қолданудан бас тартып отырған жандар – бюрократия мен тілдің қолданысын бақылайтын заң нормаларының солқылдақтығын пайдаланып отыр. Ең бастысы, заңдардың жұмыс істеуін бақыла­йтын бірден-бір орган – Прокуратура тіл жөніндегі заңның бұзылу деректеріне ешқандай жаза қолданбай, ай бағып­ отыр. Ең қызығы, сол прокурорлар, әкімдер, депутаттар мемлекеттік тілдің жағдайын, тіл туралы заңның жүзеге аспай­ жатқанын күнделікті өмірде көріп отыр. Олар да дүкенге барады (сөрелердегі тауарлардың аттары қазақ тілінде емес), кинотеатрларға кіреді (билеттер тек орыс тілінде), техника, құрал-жабдық сатып алады (нұсқаулық тек орыс тілінде), дүкендегі чектердің өзі Ресейдің мемлекеттік тілінде. Бұлардың барлығы – конс­титуциялық заңның бұзылуының нақты көрінісі. Бірақ олардың да еттері үйреніп кеткен… Меніңше, мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан ең басты қарсылық – қазақ тілінің қолданылуын міндеттеген нормаларды  мойындамау деп  есептеймін.

Ал орыстілді азаматтардың басым көпшілігі «осы уақытқа дейін орыс тілінде жазып, орыс тілінде сауда жасап, бір-бірі­мізді түсінісіп келдік қой, енді қазақ тілін талап етудің не керегі бар» деген түсінікте отыр. Бұл – баяғы «менімен сөйлесу үшін менің тілімді үйренуге тиіссің, ал сенімен қарым-қатынасқа түсу үшін мен сенің тіліңді үйренбеймін» деп шекесінен қарайтын орыстың ұлыдержавалық шовинизм дертінің қалдығы. Көпшілігі өзде­рінің осы аурумен ауырғанын, аурудың меңдеп кеткенін білмейді де, ойламайды да… Олармен қазақ тілінде сөйлесуге көшсең, ұяты барлары «мынау не деген ақымақ» дегендей, саған мүсіркей қарайды, ал ұяты жоқтары «сен неге ұлттың арасына іріткі саласың» деп шабалана жөнеледі. Ең қорқыныштысы, бұлардың осындай жаласына лайықты жаза да жоқ.

Әрине, заңдық талаптар мен қатаң жауапкер­ші­лік қарастырумен бірге түсіндіру жұмыстары да ауадай қа­жет. Соңғы уақытта бұн­дай жұмыстар жүргізіліп те жүр. Жақында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Мемлекеттік  тіл – ел бірлігінің негізгі факторы» деген жоба ашып, қазақ тілінің бүгінгі жағ­дайын орыстілді аудиторияда, орыстілді азаматтармен талқылай бастады. Әсіресе бұндай жұмыстар шарты түрде «орыстілді аймақ» деп аталатын алты облыста үзбей жүргізілуі шарт. Орыс тілді азаматтардың көпшілігі, өкінішке қарай, тілдік ахуалдың өзгергенін сезбейді, білмейді, түсін­бейді. Президен­ттен бастап, әкімдерге дейін орыс тілінде сөйлегеннен соң, ол бейшаралар  қазақ халқының жанай­қайын  қалай  естісін?

Иә, мемлекеттік тілдің қазіргі жағ­дайын барлығымыз білеміз. Ханнан бастап қараға дейін. Тәуелсіз елміз. Осындайда кейбіреулер маған: «Заңды өзгертеміз бе, жаңа заң қабылдаймыз ба, қысқасы, қандай өзгерістер жасаймыз десек те өзіміз білеміз. Онда «қазақ тілінде қызмет көрсетілсін» деген ұран көтеріп, шеру ұйымдастырып, сотқа беріп, қоғамды шулаты­п  не  көрінді? Радикалды  тәсілден гөрі, заңдық тәсіл дұрыс емес пе?» – деген сауалды жиі қояды. Ашып айтайын, «өзіміз» деген сөз, нақтылауды қажет ететін сияқты. Тәуелсіздіктен соң билікке­ бұрын Мәскеуге жан-тәнімен қызмет еткен­, коммунистік идеологияның сенімді сарбаздары келді. Иә, олар осы елдің азаматтары, сондықтан «өзіміз» шығар,­ бірақ ұлттың болашағы сөз бол­ғанда, қазақтың құндылықтарын тірілту мәселесі күн тәртібіне шыққанда, олар «өзіміз» емес. Орыс тілі – бұлардың жаны, тірегі, анасы, мүмкін, ар-намысы да шығар­. Сонымен қатар орыс тілі – бұлардың наны, жалақысы, лауазымы, тірші­лі­гінің көзі. Егер қазақ тілі, қолданыс жағын­ан, ең болмаса, орыс тілі деңгейіне дейін көтерілсе, бұлардың сексен пайызы­ табысты қызметтерінен айырылады, қазақ тілінде тілін шайнап сөйлейтін балала­рының тоқсан пайызы жұмыссыз қалады, ал ағылшын мен орыс тілін ғана білетін немерелерінің жүз пайызы қой бағып­ кететін болар. Сондықтан қазіргі билік  қазақ тілінің көсегесін көгертеді деп айта алмаймын. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев ресторанда отырып, бір ауыз қазақша сөзі жоқ «Ас мәзірін» қарап шығып­, полиция шақырып, «тұтынушы құқығы бұзылып жатыр, мына жерде нелікте­н ас мәзірі қазақ тілінде берілмеген?» деп, сотқа жүгінгенін көз алдыңыз­ға елестете аласыз ба? Жоқ! Бірақ ол Алматы­дағы барлық кафе, ресторандардың қожайындарын шақырып алып, қасына қалалық прокурорды отырғызып, «Сіздер мына жерде Қазақстанның бір емес, екі заңын бұзып отырсыздар. Тез арада дұрыстаңдар!» деп, бұл заңсыздықты бес күннің ішінде орнына қоя алады. Сонда біздер де көше кезіп, дүкендерде орыстілді  азаматтармен  айғайласып, апта сайын сотқа барып, жүйкемізді жұқартпай-ақ, Алматы қаласы көлемінде мемлекеттік тілімізді ҚОЛДАНЫСҚА енгізер едік. Ал осы сөзді Президент айтса және оның қасында қабағын қарс түйіп Бас Прокурор отырса, қазақ тілінің қолда­нылуы Қазақ елінде де шешімін табар еді.

Енді заң туралы да бір-екі ауыз сөз айтайық. Иә, Конституция бойынша «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады». Болды. Орыс тілінің қолданылу деңгейін Ата заң осы баппен бітіреді. Бірақ біздің билік көшелердің атаулары екі тілде болуы­ керек, дүкендердегі тауарлардың атаулары, бағалары екі тілде болуы керек, мекемелердің маңдайшасындағы жазулар екі тілде болуы керек, керек десеңіз ақшаның жазулары да екі тілде болуы керек деген негізсіз заң нормаларын енгізіп, қостілді мемлекетке айналдырды. Ал қолданыста тағы да орыс тілі ғана қалды. Әділет министрлігінің қазақ елінің азаматтарын таңғалдыратын бір Ережесі бар: «мемлекеттік тіркеу үшін қазақ және орыс тілдерінде жасалған нотариат куәлан­дырған жарғы» талап етіледі. Демек кез келген­ ұйым  ашатындар қазақ тіліндегі Жарғы­ны­ өз қалтасынан ақша төлеп, орысшаға аударуы керек. Қазақ тіліндегі жарғы түсінікті, ал орыс тіліндегі аудармасын нелікт­ен талап ететінін ешкім білмейді. Көрші Ресей елінің тілін білуге біз мін­дет­ті емеспіз ғой. Бұл – әрине, ақылға да, заңға да симайтын талап, бірақ министр­лік өздерінде қазақ тіліндегі жарғын­ы оқитын адамның жоқ екендігін қалай мойындасын. Егер Әділет министр­лігі осындай заңсыздықтарға барса, дүңгіршек иелері не істемейді? Қазір қазақ елінде қазақ тілін, тек өз елінің мемлекеттік тілін білетін азаматтарға қызмет көрсетуден бас тарту жағдайлары да орын ала бастады. Жаңа «Ас мәзірі» туралы айтып­ кеттік қой. Осы мәселе маған  50-жылдардағы Американы еске түсіреді. Естеріңізде болар­, расизм дамып тұрған уақытта ол елде «қара нәсілділерге арналған­ асхана», автобустарда «қара нәсілділерге арналған орындар» деген жазулар болатын. Дәл осындай жағдай отаршылдық кезінде Алматы­да да болған деген сөз бар. Қазіргі кафедралық соборды­ң  қасында  «иттер  мен  қазақ­тарға жүруге­ болмайды» деген  хабарлан­дыру болыпты… Мүмкін, қазақ тілінде «Ас мәзірі» жоқ асхана, ресторандардың маңдайшасына «Қазақтілділер мен иттерге­ кіруге болмайды» деген жазуд­ы іліп  қою  керек  болар.

Кеңес одағы кезінде біздерде екі мемлекеттік тіл болатын, бірақ өмірде, от басы ошақ қасынан басқа жерде, бір ғана орыс тілі қолданылатын, ал қазір бір ғана мемлекетт­ік тіл бар, бірақ біз қостілді­лікке де жете  алмай  жүрміз. Егер билік бұлардың  барлығы қазақтілді  азаматтардың ар-намыс­ына тимейді деп есептесе, осы қалыппен тағы отыз жыл жүре береді деп есептесе, қатты қателеседі. Демек бұл жағдай­  тез  арада  түзелу керек.

Шындығында, тілдік мәселе – лингвистикалық мәселе. Байқайсыз ба, мен осы мақала барысында (басқа кездесу­лерімде, мақалаларымда да) «қазақтілді», «орыстілді» деген сөзді қолдандым. «Орыстілді» қауымға миллиондаған қазақтар кіреді, ал «қазақтілділердің» ішінде марқұм Гераға, Асылы апайдан бастап­, жүз мыңдаған өзге ұлт өкілдері бар. Әрине, тіл мәселесін ұлтаралық жанжалға айналдыруға тырысатын арандатушылар жоқ емес. Олардың үгіт-насихаты өтіп кеткен орыстілді азаматтар да жет­кілікті. Өткен жолы, әуежайдың ішіндегі жазбаларға мониторинг жасап жүріп билет­ сататын бір кеңсеге кіріп, сол жердегі орыс қызына тек қана орыс тілінде жазылған ақпаратты көрсетіп, екі тілде жазу керектігін түсіндіріп жатсам, ол маған­ «тағы да ұлтшылдықты көтеріп жүр­сіздер» деп дүрсе қоя берді. Мен оған жаңа ғана дәл осындай екі-үш кеңседегі қазақ азаматтарына да ескерту жасағанымды айтып едім, «шынында да қазақтарға да ескерттіңіз бе?» деп сенер, сенбесін біл­мей қалды. Олар үшін қазақ тілін талап еткен­дердің барлығы – ұлтшыл. Егер біз айғай шығып кетеді деп үркетін болсақ, орыс тілін мемлекеттік тіл жасап, тыныш отыруымыз керек те, немесе өзіміздің қай тілде сөйлеу, қай тілде ақпарат алу құқы­ғымызды қорғап, соңғы деміміз қалғанша күресуіміз керек. Басқа жолды көріп тұрған жоқпын. Отыз жылдан соң «асықпайық», «бірте-бірте орнына келеді», «бір күнде жасалмайды ғой» деген сөздер орынсыз ғана емес, халықты алдау болып қабылданады.

Енді осы келеңсіз жағдайды кім шешеді, кімге сенім артамыз? Қазақ тіліне деген бұрынғы көзқарасын өзгертуі мүм­кін билікке ме, әлде осы мәселені заң арқы­лы шешуге бағытталған «Мемлекет­тік тіл туралы» жаңа заң қабылдауы мүм­кін Парламентке ме, қазақ тілі мәселесін түсініп, біздің көзқарасымызды қолдайтын орыстілді азаматтарға ма, жоғарыда­ғы айтылған заң баптарын өмірге енгізіп, қазақ тілін қолдануға қарсыларды аямай жазалайтын прокуратураға ма, әлде осы мәселені қазір көтеріп жүрген топтарға ма? Бірден айтайын, қазақ тілінің қолданысын реттеу – Үкіметтің міндеті. Оны қазіргі заңдармен-ақ шешуге болады. Қазір «еститін үкімет» деген сөз пайда болды. Біріншіден, осы сөзді естісем, орыстың «Васька слушает, да есть…» деген­ мақалы  есіме түседі. Бұл – тың­дауын тыңдайды да өзінің ойына келгенін жасап отыра береді деген сөз. Екіншіден, бұл сөз «бұрын үкіметіміз саңырау болыпты ғой» деген ойға әкеледі екен. Меніңше­, бізге «еститін және сол естіген мәселеден қорытынды шығарып, нақты іс-әрекет жасайтын» үкімет керек. Бұл заңсыздықтарды Қазақ елінің барлық лауазымды адамдары күнде көріп жүр. Бірақ олар орыс тілінде жап-жақсы жұмыс істеп, нандарын жеп жүргеннен кейін қазақ тілінің «екінші сорт» болып қалғанына көңіл аудармайды. Демек бұл – қазақтілділердің міндеті. Солар ғана қазақ тілінің қолдану деңгейін шешіп, қазіргі қорлануы жағдайынан алып шыға алады.

Дос  КӨШІМ.

Арнайы  «Халық»  газеті  үшін 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: