Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Полиция қызметкерлері өрттен құтқарды

08.01.2021, 15:00 944

HALYQLINE.KZ

Қызылордалық полицейлер өрттің алдын алып, 42 жастағы қала тұрғынын құтқарды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кеше, яғни 7 қаңтар күні кешкі сағат 19:52 шамасында Қызылорда қалалық Полиция басқармасының кезекші бөліміне Тасбөгет кентінің шетаймағындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде өрт шыққандығы туралы хабарлама түсті.

Полиция қызметкерлері жедел қызметтерге хабарласып, оқиға орнына жетіп, олардың келуін күтпестен іске кіріседі.  

Полицейлер оқиға орнына жеткенде тілсіз жау күш алып, үйдің іші қою түтін басқан. Қою түтін арасынан жол тапқан полицейлер мен көршілер үй ішін тексеріп, бөлмелердің бірінен ер адамның жатқанын көреді. Олар түтіннен уланған азаматты сыртқа шығарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырады. Құтқарылған азаматтың өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ .

«Бірі қалмай сыртқа шығарылғанына көзіміз жеткенше үйге кіріп, түтінге оранған бөлмелерді қайта-қайта тексердік», – дейді полиция қызметкерлері.

Өртті ауыздықтау барысында үйде газ баллондары бар екендігі белгілі болды. Полицейлер дереу электр құрылғыларын толығымен өшіріп, 4 газ баллонын сыртқа шығарды.  

Осылайша, полицейлердің батыл шешімі адам шығынының алдын алды. Құтқарушылардың келуін күтпей-ақ басын қатерге тіккен Қызылорда қалалық Полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторлары, полиция капитаны Қайрат Утембетов, полиция аға лейтенанты Нұржан Маханбетжанов және патрульдік полиция қызметкері, полиция аға лейтенанты Әскербек Джанабергенов нағыз азаматтықтың үлгісін көрсетті.

«Қандай жағдай болмасын, бірінші кезекте халыққа көмектесу – міндетіміз. Бұл әрекетімізді ерлік немесе батырлық деп санамаймыз. Менің орнымдағы әрбір полиция қызметкері болса солай жасар еді. Бастысы, адамның өмірін арашалап қалдық», – дейді учаскелік полиция инспекторы Қайрат Утембетов.

Қазіргі таңда мамандар өрттің шығу себебін анықтауда.

Антына адалдық танытқан қайсар полицейлер марапатқа ұсынылады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: