«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 425.59 (-2.48)

  • EUR: 505.43 (-2.18)

  • RUB: 5.61 (-0.01)

Өсек – өрттен де қауіпті (Болған оқиға ізімен)

06.04.2020, 10:39 510 0

HALYQLINE.KZ –| Біз ел-жұртты дүрліктіретін, арандататын әрекеттерге тыйым саламыз.

Жалған ақпарат таратып, дүрбелең туғызатындар заңға сәйкес жауапқа тартылады.

(Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың коронавирустан туындаған пандемияға байланысты үндеуінен)

Сөз  басы

Бас бостандығынан айырылып, біреуге тәуелді болып қалған адамның, ілуде біреуі болмаса, көпшілігі қаласын-қаламасын тірі қалу мақсатында қожайынның дегеніне көнеді, айдауында жүреді. Әйтпесе, өледі. (Өлетіндер – әрине, бодандыққа бас имейтіндер – Н.Ж). Жағдайдың бұлай қалыптасуы – тірі қалғандардың мінез-құлқына да үлкен өзгеріс әкелуі бек мүмкін. Тірі қалу үшін қожайынына жағыну жолында, тіпті достарын да, бауырларын да, ағайын-туғандарын да сатып кетуден тайынбайтын боп алады.

Мұндай қасиет бодандыққа бас иген бүтіндей бір елдің халқына да тән боп қалыптасуы ғажап емес. Қазақтың осындай тарихи тар өткелге ХIX ғасырдың екінші жартысында Ресей империясына толықтай бодан болған шағында тап болғаны баршаға аян. Бұл Абай заманы-тын.

Орыс патшалығы отаршылдығының әсерінен Абай заманында ел арасында көп тарап, қалыптасқан адамгершілікке жат, жаман қылықтардың бірі – өсек айту, өсекшілдік. Өсек – біреуді сыртынан даттау, кінәлау, жала жабу, жалған сөз айту, әсіресе, би, болыс, белсенділер, атқамінерлер арасында бірін-бірі аңду, бар болса, көре алмау, жоқ болса, бере алмау қазақ өмірінің ең келеңсіз жағы болды. Осы жайтқа реніш білдірген хакім Абай өзінің «Жиырма төртінші сөзінде»: «… қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қалып, өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістерлік күн болар ма екен?» – деп армандайды.

Ақын өсекшілдікті, опасыздықты, арамзалықты екіжүзділіктің ең жексұрын көрінісі ретінд  айыптайды. Өсек-аяңға үйір, желбуаз жандарды өлтіре сынап, адамдардың бойындағы өтірік айту секілді кеселді қасиеттерді уытты тілмен аяусыз әшкерлейді.

Өсектің қазақ арасында көп тараған бір түрі – жалақорлық, арызқойлық. Өтірік, өсек, «домалақ арыздар» Абай хакімнің өз сыртынан да талай жауған-ды. Ақын:

«Қазақтың қайсысының бар санасы?

Қылт етерде дап-дайын бір жаласы

Пысықтықтың белгісі – арыз беру

Жоқ тұрса да бес бересі, алты аласы …» – деп өсекші, жалақорларды сынға алып, өз кезіндегі өмір шындығының күңгірт те келеңсіз жақтарын ашып көрсетеді.

Көжекбайға арнаған өлеңінде өсекті кәсіп еткен, біреуді біреуге жамандауды әдетке айналдырған сөз тасығыш, өсекшінің жиіркенішті бейнесін жасайды.

«Жамантайдың баласы Көжек деген,

Әркімге өсек тасып безектеген.

Досын келіп досына жамандайды,

Шіркінде ес болсайшы сезед деген…» – дейді.

Абай заманынан мұраға қалған қазақтың бойындағы адамгершілікке жат, жаман қылықтар: арамдық, әдепсіздік, әділетсіздік, жағымпаздық, жылпостық, менмендік, қулық-сұмдық, пәлеқорлық, т.б. толып жатқан келеңсіз мінездер кеңестік заманда өз «жемісін» берді. Бірін-бірі ұстап берген соры қайнаған қазақтың тең жартысы қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтың құрбаны болса, зиялыларымыз жазықсыз жазаланды.

Әйгілі «Желтоқсан» оқиғасында да адамгершілікке жат мінездер қылаң берді. Бүгінде Тәуелсіздік тізгіні қолға тигенде де, ұлтымыздың сорын қайнатқан мінезден арылудың орнына өсектің көрігін қыздыра түстік. Абайша айтқанда, «Досын келіп досына жамандайтындар» қарасы тым көбейіп бара жатыр. Мұндай келеңсіз үрдістен үлкен лауазымды адамдардан бастап, ауылдағы қарапайым жандарға шейін қалыс қала алмай тұр. Сол қылықтары үшін, тіпті, Құдайдың құдіретімен де, әртүрлі жазаға, масқара күлкіге ұшырап жатса да, естерін жиып, тәубелеріне келер емес!

Оны болған оқиға ізімен жазылған мына бір төмендегі жазбамның бірінен де байқауға болады.

Үш  кемпір

Жаңа мың жылдықтың алғашқы он жылдығында әлемді жайлаған экономикалық ауыр дағдарыстан аман-есен өткен еліміз небір қиындыққа қарамастан, қолдан келгенше ауылдық жерлердегі ауруханаларды әлі де сақтап қалуға тырысып жатқан-ды.

Осы бір қиын сәтте, Құдайдың құдіретімен бе, әлде адамдардың себебімен бе, әйтеуір, шағын ауылдың үш шетінен үш кемпірді бір мезетте аурухананың бір бөлмесіндегі үш керуетке топ-топ еткізді.

Жаратқан ием бұлардың бір-бірінен ішкі-сыртқы дүниесін айнытпай, ауыздарын шүртитіп, құлақтарын қалқайтып, өсектің нағыз «сен тұр, мен атайын!» майталмандары етіп жаратқанымен, тұрыстарын оқшау-оқшау қылыпты. Бірі – талтақ, бірі – шалқақ, енді бірі – белден қалған бүкшең. Құдайдың мұнысына да шүкір дерсің! Әйтпегенде бар ғой, бар болмысын былай қойғанда, сөз саптауларына дейін ұқсап тұрған бұларды құдды үшем деп адасуларыңыз бек мүмкін!

Керуеттеріне жантаяр-жантаймастан, «Үлкен бастар – кіші қоштар» дегендей, алдымен жасы үлкені – бүкшең кемпірдің бет-аузы жыбырлады. Сөйтті де, салпы ернін «пып» деп бір сылп еткізіп ап:

– Ана Қыңырбайдың мұғалім боп істейтін қыңыр баласы нағыз көк соққан екен! – деді.

Мұны естігенде, «сыныққа сылтау таба алмай» ерігіп, әрең шыдап отырған талтақ кемпір талтая, шалқақ кемпір шалқая қалды. Еріндері де «жұрттан қалмай», түкке түсінбесе де, бірін-бірі қоштай сылп-сылп етісіп ап, өсек тыңдауға дайын екендіктерін қалқан құлақтарын желп-желп еткізе білдірді:

– Пып!.. О, несі-әй?!..

– Пып!.. Неғыл дейді?!.. – десті.

Табан асты бірауыздан қолдауға ие болған бүкшең кемпір ернін және бір сылп еткізіп ап, «аталы сөзін» ұзақ сонар бастап кетердей қомданып, кіржие-кіржие қотырланып қырыстанған танауын аспанға көтерді.

– Көрші ауылға әнеу бір келіннің әкесінің қазасына көңіл айтуға барғанбыз. Арамызда Қыңырбайдың баласы да бар… Содан дастарқан басында Қыңырбайдың келіні туралы сөз қозғалып кетіп, төркін жақтары күйеуін сұраған… Жазығым, елден бұрын таныстыруды жөн көріп: «Күйеу балдарың әне отыр ғой! Ол үйленгенде, келіннің ауылдағы рулас төркіндері бір ауыздан «п-ып!» деп еріндерін сылп еткізген!» – дедім ыржия күліп. Болғаны – сол!

– Пып! Дұрыс айтқансың!..

– Пып! Өзінен пәленбай жас кіші қызды алып, құтырған!..

Салпы еріндердің бірін-бірі осыншама ауызбіршілікпен қоштаудағы ынтымақтығы өзінің алғашқы «жемісін» берді. Осы сәтте «Құланның қасынуына, мылтықтың атылуы» демекші, мұрны жағымсыз иістен аллергиясы бар, соры қайнаған бас дәрігер әлгі кемпірлер орналасқан бөлменің тұсынан өтіп бара жатқан-ды. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» ғой, танауы делдиген байғұс мұрын салпы еріндерден шыққан тұрпайы дыбыстарды ауыздан емес, арттан шыққан деп ұғып қалса керек, дереу үңгірдей танауы көк шыбын кіріп кеткендей жыбырлап, ақыр соңын түшкірумен аяқтады.

Бас дәрігердің қолағаштай мұрнының тағы бір жаман әдеті – бір түшкірсе, бітті!.. «мың» түшкірмей қоймайтындай! Дәлірек айтқанда, қолағаштай мұрны «картошкадай» болғанша бір тыным таппайды!

Мұрнының мұндай құпия сыры өзіне ғана мәлім бас дәрігер алғашқы түшкіріктен кейін-ақ қатты уайымға батып, дереу бас сауғалаған күйі әлгі «жел жібергіш» кемпірлердің бөлмесі жанынан тезірек бой тасалауды ұйғарды.

Өсектің «қызығына» түсіп, сыртқы дүниемен байланысын мүлде үзген кемпірлер өз кәйіптеріне өздері малданған күйі, әңгімені қыздырған үстіне қыздыра түсті. Бүкшең кемпір де өсектің тізгінінен оңайлықпен айырылғысы келмей, сөзін асығыс жалғастыра берді.

– Пып!… Көк соққан деймін-ау! Нағыз оңбаған екен!

«Аталы сөздің» түйінін асыға күткен тыңдарман қос кемпір сойқан сөздің соңына жеткенше, ауыздарынан су ағып, естері кете бастады. Салпы еріндері де бір тыным табар емес.

– Пы-ып!…

– Иш-шай, пып!…

Осыншама қызу қолдауға ие болған бүкшең кемпірдің арқасы ұстап, екпіні тіпті күшейе түсті.

– Содан әлгі сөзді естігенде, Қыңырбайдың баласы құдды әкесі секілді қыңырая қалғаны.

– Пып!..

– Пып!..

– Маған осқырына қарап: «Әй, кемпір! «Бүкір – алысқа түкір!» деген, сөзің мылтықтың оғындай өңменімнен өтіп кетті ғой! Әлгі дыбыс алдарынан шықты ма, әлде арттарынан шықты ма?! Соны байқадың ба?!… Алдарынан шықса, мені менсінбегені!.. Қыздары мендей дырдай мұғалімге күйеуге шықса, оларға енді әкелерінің бастары керек пе?!.. Арттарынан шықса, менен қорыққандары! Онда олар адасады. Қазіргі таңда ұлтымызға «қыздай» жігіттерден гөрі мінезді жігіттер аса қажет! Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов: «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген, мінезім бар болса, бар шығар, қазақта «ақылды тентек» деген сөз бар. Құдайым, жігітті «әдемі жаман», «жылысу» дейтін теңеуден сақтасын!.. Сондай-ақ, сізге айтарым, орынсыз өсек айта бермей, «Әдемі қартая білу де – өнер!» дегендей, «Үлкейсең, жөніңе үлкей!» деп қа-а-рап тұр оңбаған!

Мұны естігенде, екі кемпір бірінен-бірі қалыспай, салпы еріндерін бір-бір «пыпылдатып» алды да, талтағы «ендігі кезек менікі» дегендей, ол да өзінің «ұлағатты сөзін» бастап кеп жіберіп еді. Қалған екеуінің қалқан құлақтары пілдің құлағындай желп-желп етті.

– Бірде ағайынның бір баласы үйленіп, бізді үлкендерге арнап жайған дастарқан басына жіберді, – деді талтақ кемпір сөзін бастап. – Содан сөзден сөз шығып, мен көпбалалы ана екенімді қайта-қайта мақтан етіп отырғанмын. Әңгімеме құлақ түріп отырған бөтен ауылдан келген бір кемпір жайына қарап тұрмай, төтеннен сұрақ қойып қалғаны!.. «Көпбалалы ана болғанда, сонда қанша балаң бар?» – деді. Мен аса бір мақтаныш сезімге бөленген күйім: «Төрт балам бар!» – дей бергенім сол, әлгі кемпірі құрығыр ерінін сылп еткізіп: «Пып! Дым тумапсың ғой!.. Мен сені «көпбалалы анамын!» – деп қақылдауыңа, талтақтығыңа қарап, жиырма шақты баланы ытқытып-ытқытып тастаған шығар десем!..» деп қарап тұр, оңбаған!..

Сөз осы жерге келгенде, ауыз-басы жыбырлап амалсыз тыңдарман боп діңкәсі құрып отырған қос кемпір ойласып қойғандай салпы еріндерін дереу іске қосып, дуэт бола қалды.

– Пып!.. – Сөйтті де, кідіртпестен сұрақтарын беріп-беріп үлгерді. – Сен не дедің?!… Ол не деді?!..

Осыны күтіп тұрғандай, талтақ кемпірдің ерні де уақыт ұттырмай сылп ете қалды.

– Пып!.. Менің жауабым да қашаннан әзір ғой! «Бәрі мынаның кесірі!» деп, бар бәлені жанымда «отыз ұлым болғанша, осырақ шалым болсайшы» дегендей, аман-есен өзімен-өзі бейқам отырған құлағы ауыр еститін шалыма аудара салдым. Ол байғұс әңгіменің төркінін түсінбесе де, «е-е!» деп мені қоштағандай басын изей берді…

Бұл тапқырлықты естігенде, екі-үш баладан ғана тапқан тағдырлас қос кемпір талтақ кемпірдің «ақылдылығына» тәнті болды. Еріндері сылп етті. Талтақ кемпір әңгімесінен жаңылмай жалғай түсті. – Сөйтсем, әлгі дастарқандас боп отырған әр жерден келген кемпірлердің алды он бес, арты сегіз бала тапқандар екен ғой, шетінен!… «Бұрандалары» босап кеткен бе, түге!.. Бүгінде төрт бала туғанды көпбалалы деп жүрген соң, қайдан білейін!.. Онымен де қоймай, «қазақтың санының өсуіне түк үлес қоспапсың» дей ме, «ер-азаматты қорлауға болмайды» дей ме, «адам үлкейген соң, үлкендік жолымен жүре білу керек» дей ме, қойшы, әйтеуір, миымды су қып жіберді!.. Пы-ы…

Талтақ кемпір салпы ернімен сөзінің соңғы нүктесін бір өзі қойып үлгіре алмады. Оның «пыпына» қосарлана шыққан қос кемпірдің «пыпы» қосылып, табан асты «триоға» айналып сала берді.

– Пып! – Бұл «трионың» аса сәтті орындалғаны сонша, қатты шыққан дыбыс сонау бөлмеде қолағаштай мұрнының «тілін» әрең дегенде тауып, ақырын «жұбатып» отырған бас дәрігердің құлағын да жаңғыртып жіберді.

Сол-сол-ақ, соры қайнаған бас дәрігердің «сыныққа сылтау таба алмай отырған» зор танаулы таңқы мұрны кенеттен жыбырлап, бұрандасы сынған шүмектей суы сорғалай жөнелді. Оның соңы іле-шала жуыр маңда біте қоймас түшкірікке ұласты.

– Ә-әт-пі-шәу!

Жойқын түшкіріктен әбден сілесі қата бастаған бас дәрігер шұғыл шешімге келіп, алдымен әлгі ерсі дыбыстың ошағына су құюды ұйғарды. Сөйтті де, аса сақтықпен асықпай палаталарды аралай бастады.

Бұл сәтте кемпірлердің әңгімесі де шарықтау шегіне жеткен-ді. Тіпті, бас дәрігердің жанекпін түшкіргеніне де пысқырмастан, адам сенгісіз ауызбіршілік пен ынтымақтың жарқын үлгісін көрсете, «трио» жасап үлгерген кемпірлердің арқа басы бір кеңіп, рақаттана түскен. Марқая бастаған кемпірлердің осы бір сәл кідірісін аса бір ептілікпен пайдалана білген шалқақ кемпір «ендігі кезек менікі» дегендей, өсек тізгінін дереу ұстап, жалма-жан әңгімесін бастап та жіберген-ді. Алайда сөзін екпіндетіп енді бастай бергенінде, өкінішке қарай, ішінің күтпеген жерден бүріп ала жөнелгені. Бұл кенеттен орын алған сәтсіздікке де көп ойланып жатпастан, бұрышта тұрған гаршокке көз ілеспес жылдамдықпен қол созды. Ойы – «темірді қызған кезде соқ» демекші, әңгіменің желісін күтпеген жерден келіп қалған «ұлы» дәретке бола кілт үзбей «соғу»!

Жасына сай емес жылдамдықпен жалма-жан гаршокке отыра сала, әңгімесінің тығынын ағытып жіберді.

– Ойбай-ау!… Оны айтасың, халін сұрауға барған қайнымның жауабы мені әлі күнге есеңгіретіп жүр.

Бұл «ғажап» сөзді естігенде, кезекті тыңдарманға айналған бүкшең кемпір мен талтақ кемпірдің салпы еріндері ауызбірліктің қайталанбас үлгісін тағы бір мәрте көрсетті.

– Пып! О, не тағы?!…

Бұл қолдау мен қызығушылық шалқақ кемпірге қосымша шабыт беріп, табан асты арқасын ұстатты. Салпы еріндерден шыққан сорақы дыбыстар қолына домбырасын алып, терменің «түбін түсіріп» жатқан ақынға «өйдөйт!» деп қолпаштаған көпшіліктің үніндей естілді.

Шабытына шабыт қосқан шалқақ кемпір салпы ернімен «аруағын» және бір мәрте шақырып алуды теріс көрмей, әңгімесіне жан бітіре түсті.

– Пып!.. Содан аты жаман ауруға шалдыққан қайныма барып көңілін сұрадым. Қарап тұрмай, дертінің атын білмек болдым. Ол «анкол» деді ме, түсінбедім. Содан қайта сұрадым. «Рак» деді. Түсінбедім. Қайным ашуланды. «Қылтамақ!» деп ақырды. Енді «қылтамақ» дегенді түсінемін ғой! Сасқанымнан: «Ой-бай! Көтек!» дедім. Ол да мұнымды ашумен қағыс естіді-ау?! Жалма-жан: «Дұрыс айтасың! «Ойбайыңды» білмеймін де, «көтенің» – рас! Жұрттікі – «қылтамақ» болса, менікі – «қылкөтен!». Жұрттың тамағынан ас өтпесе, менің көтімнен боқ шықпайды! Сондықтан, дертімнің аты – «қылкөтен!». Енді түсінген шығарсың!» – деп бақырғанда, үйден қалай шығып кеткенімді әлі күнге есіме түсіре алар емеспін! – деп демін бір алып алды да, салпы ернін салтанатты түрде енді іске қосуға ыңғайлана бергенінде, өкінішке қарай, палаталарды тексеріп келе жатқан бас дәрігер, Құдайдың құдіретімен, басқа жерге емес, кемпірлер жатқан палатаның есігінің алдына кеп, әлденеге сүрініп, ішке етпетінен жер сүзе құлады. Қанша дегенмен, бас дәрігердің періштесі бар екен! Мықтап қақты!… Абырой болғанда, қолағаштай мұрны гаршокта отырған шалқақ кемпірдің «күнтимесіне» бір елі ғана жетпей қалды. Әйтпегенде, шалқақ кемпірдің «күнтимесіне» соқтығып барып, гаршокке мұрнымен қадалып қалғанда бар ғой!… Масқараның көкесі сонда болар еді-ау!… Дегенмен, кемпірлердің де жолы болды. «Бұйырған кетпес» деген бар ғой! Бас дәрігердің кесірінен кемпірлердің аяқ-асты аяқталмай сөніп қалған соңғы «пыпын», яғни сөздерінің ақырғы нүктесін бәрібір гаршокта отырған шалқақ кемпірдің артқы «аузы» қойды.

– Тры-ых!…

Артқы «ауыздан» да мұншама зор дыбыс шығады деп ешкім күтпесе керек! Көңілге демесең, дауыс ырғағы бөлектеу болғанымен, әлгі өсекші үш кемпірдің салпы еріндерінің «триосынан» да әлдеқайда қуатты шықты. Онымен қоса, шіркіннің иісін-ай!… Ішіне «ит өлген бе?!» дерсің!…

Осы бір жай өсектен өрбіген «қызық пен шыжық» аурухана түгілі, бүкіл ауылға абыройсыздық әкелді. Айтулы оқиғадан соң, ауыл ауруханасына бас дәрігер құтаймай-ақ қойды. Ақыры, аурухана да жабылып тынып, жұрт ауданға ағылатын болды.

Бүгінде ауданға ағылып бара жатқан жұрт қолағаштай мұрынды бас дәрігерін қатты сағынып, еске алатын көрінеді.

Әсіресе, әйелдер қауымы: «Сол бір бас дәрігердің, басқа жерін қайдам, әйтеуір, мұрны мұрын-ақ еді-ау, тура картошкадай!» – деп, тамсанатынын айтсаңшы!.. Шындығына келгенде, былайғы жұрт бейшараның қолайсыз иістен мұрнының аллергиясы ұстап, қолағаштай болғанын қайдан білсін?!

Ал еркектер жағы: «Әлгі бас дәрігеріміз облыстық жүйке аурулары ауруханасында жатып ап: «Түбіме аз ақшамен алдап қойып, «ем алуға» келген демалушы кемпірлердің өсегі жетті-ау! Өсекке үйірсек болмай, әдемі қартая білу де – үлкен қасиет екен!» – деп бақыруын укол салып, байлап тастағанға дейін тоқтатпайтын көрінеді», – дейді естіген қауесеттерін айтып.

Сөз  соңы

Айтып-айтпай не керек, «Өсек – адам өлтіргеннен де жаман» деп, дін мамандары айтпақшы, адамдар арасына өшпенділік, үрей туғызып, бірін-бірі өлтіруге дейін апаратын мұндай әрекетті аса мейірімді Жаратқан иемнің өзі де құптамайды екен. Бұл туралы ескіден келе жатқан бір аңызда былай делініпті.

Ертеректе екі тату дос өмір сүріпті. Татулықтары сондай араларынан қыл өтпейді екен. Бір күні екі достың біреуін түлен түртіп, досын сынамақшы боп, оның үстінен жеңіл ғана өсек таратып жіберіпті.

Желдей гулеген өсек ақыры адамдар арасына әртүрлі дәрежеде өрбіпті. Жанына қисынсыз оқиғаларды ерткен әлгі өсек ақыры ауыр дәрежеге жетіпті. Көп ұзамай өсектің иесі де анықталыпты. Досының бұл ісіне қатты қапаланған досы қазыға жүгініпті.

Қазы екі жақты мұқият тыңдап болыпты да:

– Сен «жай ғана әзілдей салғанмын» деп ақталып тұрсың! Алайда бұл жеңіл болса да – өсек! Өсек өрттен де бетер лаулайтынын білмегенің қалай?! Өрт жай бір тал шырпыдан тұтанса, өсек те жай жеңіл сөзден тарайды. Өртті сөндіруге болады. Өсекті сөндіре алмайсың. Ол күн өткен сайын күшейе түседі. Өсектің өрттен де қауіптілігі – сол, зардабы, тіпті, ғасырларға созылып кетуі ғажап емес. Жай ғана өсектің кесірінен талай жазықсыз адамдар мерт болғаны тарихтан белгілі. Сондықтан, не абайсызда, не ашу үстінде кісі өлтірген адам тәубеге келсе, Жаратқан ием кешіреді. Өйткені, ол әрекеттен бірер адам ғана зардап шексе, өсек мыңдардың, миллиондардың, тіпті бүтіндей бір халықтың зардап шегуіне әкеп соқтыруы мүмкін! – депті.

Қазының бұл уәжіне өсек таратқан әлгі адам сенбестік білдіріпті.

– Тәубесіне келген адамды кісі өлтірсе де, кешірген Тәңірім, не себепті тәубесіне келген өсек айтқанды кешірмейді?! – деп басын шайқапты.

– Сенбестік білдірсең, онда өсегіңнің себебін айтып, досыңнан кешірім сұрап, мына ақ қағазға жаз, соны майдалап тура да, көшеге шаш! – депті қазы.

Өсек таратқан адам солай етіпті. Ертеңіне қазы әлгі өсекшіні шақыртып алыпты.

– Менің айтқанымды екі етпей орындапсың. Оныңа рақмет! Енді әлгі қағаздың бір түйірін де қалдырмай жинап әкел, – депті қазы.

Мұны естігенде, әлгі өсек таратқан адам шошып кетіпті.

– Ау, Қазыеке, жел ұшырып алып кеткен қағазды қалай жинамақшымын! – депті.

Сонда қазы тұрып:

– Алла тағаладан кешірім сұрау үшін, алдымен әлгі қағаздың қиындыларын түгелдей жинап, өсекті естіген әрбір адамнан кешірім сұрауың керек, – депті.

– Бұл мүмкін емес қой! – деген өсекшіге қазы:

– Онда Құдайдың да сені кешірмейтіні мәлім. Демек, жай ғана айта салған өсегің үшін мәңгілік тозақ отына күйерің хақ! – депті.

Осындайда қазақтың: «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле!» – деген даналығы еріксіз еске түседі. Өйткені, жай әзілдің де үлкен өсекке айналып кетуі бек мүмкін. Ал, өсектің жазасы – тозақ!

Әсіресе, бүгінде адамзаттың басына күн туып, коронавирустан тараған пандемия ауыртпалығын бастан кешіп жатқан шақта, қандай да бір өсектің өрті аса қауіпті екенін әрбір адамның есте ұстаған жөн! Өйткені, басқа бәле – тілден!

Иә-ә!… Соңғы кезде үш кемпір сынды салпы ерін өсекқұмарлар жұрттың арасында әлемге кеңінен тарап бара жатқан індет сықылды ие бермей тұр! Осы бір өсегі құрығырдың көлеміне де, табиғатына да қарамастан, жүрген жерін, тиіп кеткен орнын өртке орайтын, қасіретке душар ететін, айықпас дертке ұрындыратын шайтани қасиет екені де баршаға ақиқат! Ендеше, оны тек адами қасиетпен ғана бұғаулап ұстамаса, адамзатқа қауіп!

Сондай-ақ, адамзат үшін бұл аса ауыр қос дерттің айырмашылығы сол, коронавирус – тәннің аса қауіпті дерті болса, өсекқұмарлық – жанның аса қауіпті дерті! Оны ескерер уақыт та келді!

Солай бауырым! Сондықтан, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пандемияға байланысты Қазақстан халқына үндеуінде: «Жалған ақпарат таратып, дүрбелең туғызғандар заңға сәйкес жауапқа тартылады», – деуі орынды. Өйткені, бұл – халықтың да,қоғамның да, заманның да талабы!

Біз коронавирустан туындаған бұл зұлматты да, адамдар арасына өрт салатын өсекті де жеңеміз!

#Біз біргеміз!

Нұрбай  Жүсіп,

Арал  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: