«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 422.87 (-2.62)

  • EUR: 512.1 (-0.74)

  • RUB: 5.63 (0)

«Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» Әбу молдаға арналады

27.02.2020, 11:40 517 0

Бала кезім болатын. Мектепте оқыс оқиға болды. Алтыншы класта оқитын бір бала асылып­ өлді. Жұрт себебін іздеп, сан-саққа жорамал­ жасасып, шулап кетті. Жылағаннан пайда жоқ екені белгілі, ата-анасы елге сыйлы, құрметке лайық жандар болатын, бір-екі күн жылап-сықтап, ақыры баланы ақ жуып, арулап, намаздауға алып шықты. Үлкен ауыл түгел жиналға­н. Жұрт алдына молданың ең үлкені Әбу ақсақал шықты. Қолын көтерді, жиналған көпшілік сілтідей тына қалды.

– Уа, халайық! Қазақшылығыма салып, қаралы­ үйге көңіл айтамын. Үкілеген үмітің еді. Құдай сіздерге сабыр берсін. Шариғатыма салып­ үкім айтамын. Құдай өзі берген жанын өзі ғана алады. Өзін-өзі өлтіргенге кешірім жоқ. Балиғатқа толған бала өзіне-өзі жауапты. Оған намаз жоқ. Біз әуелі Құдайдың құлымыз, шариғат­тан аса алмаймыз. Басқа елдердің бәрі бұл жағдайды құптаған жоқ! Балаңызды апарып көме беріңіздер. Намаз шығаруға болмайды! – деді  дауысы  саңқылдап.

Бірер минуттай үнсіздіктен кейін көз жасы сорғалаған әкесі жақындап:

– Сорлы балам-ай! Балиғатқа толды дегенмен, бала әлі тым жас емес пе? Нені түсінгендей шамасы бар? Құранда осы жөнінде не жеңілдік бар? Сіздерге өтініш, ертеңге дейін құран ақтарып, осы жағдайды тауып, анықтауларыңызды сұраймын, бір себептермен Құдайдың кешіріміне ілінуі мүмкін шығар? – деді.

Бәрі келісті. Намазға ертең жиналатын болып­ тарасты. «Молданың сөзі тым қатты тиеді», – дегендер болды. Қыршын жасты аяғандардың аузына «әттеген-айдан» басқа сөз түспей дағдарды. Ертеңге дейін шешімін іздеген молдалар бір үйге жиналған. Меніңше, ол кездің молдалары білімді, мешітте оқыған, араб сөзінің қазақша мағынасын толық түсінетін жағдайға жеткен кісілер еді. Құран ақтару сөзінің  мағынасы, кітаптан осыған ұқсас мәтін­ді  тауып, мағынасын халыққа жеткізу болатын. Молдалардың өзара әңгімелерінде «ол сүренің мағынасы мынау ғой, сіз басқаша қолданып отырсыз» деп білім таластырып отыратын. Ендеше,­ сол молдалардың білімділері, Әбу молда­ сияқты кісілердің құранды қазақшалауға толық шамасы келетіндей еді.

Ертеңіне намазға кешегіден де көп халық жиналды. Абыр-сабыр, сапырылысқан елдің күткені молдалардың шешімі болатын. Міне, әр жерден жаяулатқан, есекке мінген молдалардың да қарасы көрінді. Соңына таман жеткен Әбу молда жұрттың алдына шықты.

– Уа, халайық! Кешеден бері, осы қазірге дейін бұл сұрақтың жауабын іздедік. Құраннан іздегенімізді таптық. Сіздерге айта алатын жауап­ мынау: Құдай пендесінің жанын өзі ғана алады. Өз-өзіне қол салу Құдай ісіне араласу болып­ табылады. Кешірілмес күнәға жатады делінг­ен. Әйтсе де, үш жағдайда кеңшілік жасалы­нады екен. Біріншіден, ақыл-есі дұрыс болмаса… Ақыл-есі болмаса, өзіне жауап бере алмайды екен… Екіншіден, балиғатқа жетпеген, жас ойын баласы болса… Ойнап жүріп, жазым болуы мүмкін екен… Үшіншіден, есін жоғал­татын ауыр науқас болса… Ауыр науқастан не істеп қойғанын білмей қалуы мүмкін екен… Міне, осы үш жағдай, басқалай жол жоқ.

Молда сөзін бітірді… «Не істеу керек?» деген­ сұрақ әлі ауада қалқып тұр. Баланың әкесі ортаға­ шықты. Бет-жүзі адам танымастай, сұп-сұр болып, неге де болса дайындалып келгендей, қатайып алған екен. Дауысы анық шықты.

– Молданы тыңдадыңыздар. Келешек ұрпаққа сабақ болсын деп отырғаны түсінікті. Бірақ балам жас ғой, мектеп оқушысына құранның ішіндегі мән-жайды кім үйретті дейсің? Ендеш­е, балам тым жас, әлі ойын баласы екендігін ескеріп, жаңағы айтылған екінші жағдай­ға жатқызып, намаз шығарып беруле­ріңізді  сұраймын, – деді.

Сөз кезегі Әбу молдаға келгенде, ол сол жерде­ қатысып отырған жеті-сегіз молданы барлай­  қарап  тұрып:

– Кәне, қайсысың Құдай алдында обал-сауа­бын көтерем деп, намаз шығарып бересіздер?.. Әкесінің өтінішін естіп отырсыздар…, – деді.

Молдамын дегендердің бәрі төмен қарап отыр. Екінші қайталағанда да ешкім шыға қоймай,­ бір-біріне «сен барсай» деумен ғана шектеліп, Әбу молданың қолы үшінші рет көтерілге­нде:

– Құдай өзі кешірсін, мен шығарайын, – деп Төлеу молда орнынан тұрған екен.

Бұл оқиғаны мен секілді бүкіл ауыл біледі. Көз көргендері, естігендері де осы ауылдан табылар­ы хақ. Ал енді осы ауылда содан қырық жыл өткенше осындай жағдай қайталан­ған жоқ. Қырық жыл бойына өз-өзіне қол салушы бол­ған жоқ. Әбу ақсақалдың бір уағызы мен көрегендігі арқасында қанша жан аман қалды? Ойлан­ып көрейікші… Қанша жас өз райынан қайтып, өмірін сақтап қалды? Мен осы әңгі­мемді кез келген молдаға, «молдамын» деп жүргендерге айтып көрдім. Жауаптары адам шошырлық: «Мен шығармасам, анау шығарып кетеді ғой, мен дымсыз…» немесе «қазір ол – суицид деген ауру түрі, намаздауға бола береді» деген уәж сөздер, тек молданың қара басының пайдасы үшін айтылған сөздер. Елдің болашағын ойлаған молда үшін Әбу ақсақалдың оқыған құранын оқу керек шығар. Қазіргі суицидк­е баратындар отыздың ар жақ, бер жағы екендігін ескерсек, бұл біздегі дін саласындағылардың  көптігі мен уағыздаушылардың бір­жақты таяздығында жатыр. Неге қазір Әбу молдада­й молда жоқ? Неге тепсе темір үзетін жастарымыз «әйелі үйге қонбағаны үшін» мойны­на жіп салуға дайын тұрады? Артында қалып бара жатқан жетімектер тағдыры неге ойланды­рмайды? Мектеп оқушылары арасында ораза ұстауды «модаға» айналдырған, «ораза айында өлгендер жұмаққа барады» деп оқушылар арасында айтып жүргендер кімдер?

Біздер, үлкендер қайтыс болған кісіні жерлеу­ге барамыз. Жаназаға келген молданың уағызын тыңдаймыз. Уағыздың мағынасы жоқ, сылдыр сөздер, «әншейін айта беру керек қой» дегенге саяды. Әйтпесе, осылардың уағызы неге шашылып жатқан қаражат, ысырап болған көл-көсір ас, ешкімге  қажетсіз  кәде-қаумет, жарыса­ салып жатқан күмбезді молалар туралы емес? Ең сорақысы, «Бұл жол-жоралғы – сізге міндет, сіздің  бай, я кедей болғанызға байланысты емес, мүлтіксіз орындалатын қағида, ата-баба жолы» дейтініміз тағы бар. «Өлім бардың малын­ шашады, жоқтың артын ашады» деп, өлік шыққан­ үйді сорлатып өте шығамыз. Сіздер көршілеріңізді байқап  көріңіздерші. Ауылда өлік шыққан үйдің қорасынан мал шықпай қалды. Жетісі, қырқы, жүзі, жылы, туған күні мен қайтыс болған  күні деп, соя бергесін, мал қорасы қаңырап тұр. Осылардың қайсысы Алланың­ ризашылығы үшін істелу керек еді? Қазақшылығымызға салып қаңғырып кеткен біздерге «шариғатымыздың жолы мынау, қал­ғаны бекершілік» дейтін кім бар? Бүгінгінің Әбу молдасы неге жоқ? Неге өлік шықпай жатып, көл-көсір дастарқан жайып, «қонақасы» беремі­з?  Осы  жөн-жоралғылар қайдан шықты? Қонақасы туралы айтсақ, өткен ғасырдың 70-жылдарына дейін дүниеден озған кісіге арнап­, міндетті түрде қараша үй тігілетін еді. Қараша үйдің оң жағына ши ұсталып, мүрдені сол жерге ши ішіне жатқызатын. Әдебиетте кездесетін «шиден тысқарымын» деген сөз тіркесі, «шүкір, аманмын» дегенді білдіретін. Мүрдені түні бойы күзетіп шығатын төрт-бес шал оты­раты­н, ортаға мол қылып жағылған сексеуіл шоғына­ сары самаурын қайнап тұрушы еді. Міне, осы кісілерге берілетін кешкі ас «қонақ­асы» деп аталушы еді. Кейін қараша үй тікпей-ақ қызмет жасаушы кісілерге тамақ дайындаудың аяғы, жалпы жұртқа тамақ берумен жал­ғасты. Қазіргі жұрт қаралы қазаны хабарлағанда «қонақасысы бүгін, намазы ертең, уақыты мынадай» деп жатады. Қонақасыға жиналған адамның есебі болмайды, мысал үшін айтайын, менің атам қайтыс болғанда, кісілердің соңына қарай, біздерге тоғызыншы қазаннан тамақ бергені есімде. Молданың айтуына қарағанда, мұсылманның міндеті – намазға тұрып, оқылған құранға қол жайып, қоштасып шығарып салу деп түсінсек, төрт жүзден астам кісі тек тамақ жеп аттанды. Өйткені, намазы шықпай құран оқылмайтынын ескерсек, сонша кісі шариғ­аттың талабын орындамаған болып шығады­. Ал енді ойланып көрейік. Осы қонақ­асы кімге керек, кім шығарып жүр? Ата-баба жолы емес, елу жылдың аржағында болған емес. Шариғатымызға тура емес, «тек тамақ жеуге барыңд­ар» деп отырған жоқ. Ендеше біздікі не шабыс? Әрі қарай, осы үш-төрт жыл көлемінде кіріп алған дағды «бейсенбілік» беру, қырқына дейін тек бейсенбілік деп алты рет тойдың дастарқанын жаюды кім шығарды? Бұл – марқұмның артындағы отбасын тұралатудың жаңадан шыққан түрі. Молдалар не дейді? «Қаза болған кісінің барлық амалдары тоқтайды, артынан оқытылған құран ғана барып тұрады» дейді. Осы  жерде  гәп  бар.  Біз «оқытылған» деген сөзді тек қана молданың оқыған құраны ғана қабыл болады деп түсінеміз. Өзіміз ше? Отба­сын­да, дастар­қан үстінде бағыштаған құраным­ мол­даның оқығанынан кем түсіп жатады деп біреу  айтты  ма? Кімнің оқығаны қабыл болары  бір Құдайға ғана аян десек, балаларыңның ортасын­да қол жайып, аят оқып жатсаңыз, жеткілікті  болмас  па? Әр бейсенбі сайын, соңғы  лағын  сойып молданы шақырып  жат­қан­дарды  қалай  тоқтатамыз?

Және бір жағдай көңілді алаңдатады. Қазір қаралы үйге көңіл айтады деген желеумен жалғасы­п келеді, «мынау ұлдың жұмысында­ғылар», «мынау келіннің коллективі», «мынау студенттер, бір бала колледжде…», «мынау немерем­нің кластастары, мұғалімі бар»… Әр­қайсысын бөлектеп күту керек. Біз осы қонақ­асыдан тамақ жеуге келгендерді көбейтіп жіберген жоқпыз ба? Тірісінде танымаған, атын естіп білмеген бала-шағаның қаралы үйге жапырл­ай кіріп, жайғасып жатқандары ерсі емес пе? Кейбір­еулер «жастардың дінге беттегендері» деп қуанса, мен айтар едім, бұл – қаралы­ үйге түскен салмақты көбейту, жүгін ауырлату.

Төрт-бес жыл бұрын Қазақстан дінбасы­лары құрылтай жасап, осы мәселелерді талқылап, қазалы үйден беріліп жатқан ысырапшылықты, қажетсіз даңғазаны тыю жөнінде қаулы да шығарғ­ан. Оған бізден бұрынғы бас имам Талға­т Омаров пен дін орталығынан Бақытжан Камалов қатысып, «Халық» газетіне сұхбат бергені­ бар. Газетте көлемді материал жария­ланып, елдің арасында көпшілікпен талқыланып, қолдау тапқан. Ендеше қаулының орындалуы, уағыздау мешіт қызметкерлеріне жүк­телуі заңды шешім. Аяқсыз қалғаны қалай? Осы уақытқа дейін кісіні жерлеу рәсімдері мұншалықты ауыр, қиын болмаған. Шаруаның басында жүрген, молдалықты кәсіп еткен кісілер өз міндеттерін орындағанда білікті, кәсіби маман болғанын қалар едік. Уағыз айтқанда сонау пайғам­барларды қозғағанша, қасыңдағы жал­ған намысқа тырысып, қарызданып жатқан, қоңырқай тірлікті қазағымды айту қажет-ау? Сіздер тарапынан айтылмай жатқан, тығырықтан алып шығар шариғат жолдары бар емес пе? Айту, жеткізе білу сіздерге парыз емес пе?

Қазіргі жетпіс жаста жүргендер, мойындаңдар, кешегі күндері мұндай қиындық болған жоқ. Өзіміз қолдан жасаған ырым-жырымдар қазіргі қара халықтың арқасына аяздай батуда. Ал енді осыны «қойдыра алмаймыз» дегендеріңіз бар шығар. Кешегі күндері намазға барғандар­ға ақша таратқанымыз естеріңде шығар,­ әуелі бір сомнан бердік, кейін үш сомға көтер­дік. «Ақша таратпасақ, намазға адам жинал­майды» деп соқтық. Қойдырдық қой, қойды ғой. Ол үшін халықтың санасына үш сомның­ қайда  кететі­нін түсіну жеткілікті болды­. Сол сияқты жұрт болып жұмылса, алынбайтын­  қамал  жоқ. Бәрі  өз қолымызда тұр ғой. Біздер, әкелері­міздің ұстанған кәде-қауметін көргендерміз. Мұны осы қазір тоқтатуым­ыз керек, ертең бізден кейінгі ұрпақ «ата-бабамыздың жолы осы екен» деп қабылдайды. «Біздің әкелеріміз осылай­ жасаған» деп біздерге сілтеп, өзеуреп, бұдан да сорақы, теріс жолға бастамай ма?

Менің бұл жазғандарым біреуден естігендерім емес, көзім көрген, қолым ұстаған нәрсені тіліме тиек қылдым. Халқыма азда болса, ой салса­  жетіп  жатыр.

Жақсымбек  НҰРЫМБЕТОВ,

Қызылорда  қаласы,

Баймұрат  ауылы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: