Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімі БАҚ өкілдерін қабылдады

03.04.2020, 17:57 938

Halyqline.kz – Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Жазушылар одағы Қызылорда облыстық филиалының директоры Қаршыға Есімсейітова, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев және «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаевты қабылдады.

Кездесуде аймақ басшысы баспасөздің, бұқаралық ақпарат құралдарының қоғам үшін маңыздылығына тоқталды.

«Осындай қысылтаяң шақта ғаламторда, әлеуметтік желілерде жалған ақпараттар тарайды. Осы ретте, журналистердің халыққа нақты әрі шынайы ақпарат жеткізуі – аса маңызды. Сіздермен бірігіп жұмыс істейтінімізге сенемін», – деді облыс әкімі.

«Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев өңір басшысының қызметіне сәттілік тілеп, «Сыр медиа» ЖШС қарасты мерзімді басылымдардың жұмысына тоқталды. 555 адамды жұмыспен қамтып отырған мекемеде газетті шығарып, баспаханасында басып, тарату жұмыстары жолға қойылған. Аманжол Оңғарбаев журналистерге сыйақы тағайындау қажеттігін айтты.

Қазақстан Жазушылар одағы Қызылорда облыстық филиалының директоры Қаршыға Есімсейітова мен «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаев та аймақ басшысына БАҚ өкілдерін марапатқа ұсынуды, Жазушылар одағына мүшелікке жастарды қосуды және әрқашан бірге жұмыс істеуге әзір екендіктерін жеткізді.

Аймақ басшысы бұл БАҚ өкілдерімен алғашқы кездесуі екенін, карантин уақыты аяқталған соң, кең құрамда тағы бір кездесу өткізетінін айтты.

«Мемлекет басшысы төтенше жағдайға байланысты тапсырма берді. Қаржы бөлді. Енді ел экономикасын көтеру бағытында жұмыс істеуіміз қажет. Айтылған ұсыныс-пікірлеріңіздің барлығы қаралады. Халық пен билік арасындағы алтын көпір болған журналистерге шығармашылық табыс тілеймін», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Пікірлер:
  • Еліміз аман жұртымыз тыныш болсын.Осындай қиын кезде Гүлшара ханым акім боп келгені өте жақсы болды. Тəжербиесі мықты халықтың жағдайын жақсы түсінеді.Тілші жазушылармен бастамасы жақсы тек сəттілік тілейміз.

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: