«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 418.41 (-0.26)

  • EUR: 507.95 (0.31)

  • RUB: 5.69 (-0.02)

Мінез мектебі

19.12.2020, 12:00 186 0

Мұрағатымды ақтарып отырғанымда мына бір сурет көзіме оттай басылды. Сондағы бір келген ой.

***

Қолдан жасалған қайраткерлер, орташа таланттар көбейген заман. Әрине, ондай қайраткерлердің мінезі де қолдан жасалады, кісілік, кішілік қасиеті де аз болады. Уәде бергіш, алдампаз. Екі сөйлейді. Одан кейін жұртқа қайдан сүйкімі болсын.

Кешегі Құдайдың атын кіші әріппен жазатын қоғамда мінезін өзгертпеген бірнеше адам болса, соның бірі де бірегейі Бауыржан атамыз еді. Сол сүйекке сіңген мінезімен келді, кетті. Сол мінезімен, қасиетімен ұлт мүддесіне, елге қызмет етті.

Дерті – ел мен жер, ұлт тағдыры болды.

Серті – сол жолда тек мінезі арқылы жеңіске жететінін білді.

Қарап отырсаңыз, бәрін кадр емес, мінез шешеді. Мінезі жоқ кадр түк шешпейді. Әрине, ұрда-жық мінез емес, ақылға, парасат-пайымға, білім-білікке, адамгершілікке негізделген мінез. «Басыңдағы бақыттың қадірін қонғанда білмейсің, ұшқанда білесің» дейді Баукең. Демек, бақытты ұстап тұру да мінезді адамның қолынан келеді.

Батырдың ұлы Бақытжан бірде «Әкем өмір бойы іздеген үйлесімін таба алмай кетті» депті.

Әрине, мүлтіксіз мүсіннен мін іздеген, мінезсіз, тәйтіктері мен тәлпіштері талтаңдап кеткен қоғамнан қандай үйлесім табылуы мүмкін. Әлбетте, Баукеңді мінезді болғанымен, мінсіз деуге болмас. Егер қателігі болса, одан да үйренуге болады. Ал ел, ұлт мүддесі жолында мүлт кеткен жоқ.

Бұл қоғамда білімді, жан-жақты ойлайтын азаматтар жоқ деуге болмас. Бірақ сол білімді биікке алып шығатын, елге қызмет еткізетін мінез жетіспей жатады.

Әр қазақтың көзіне оттай басылатын мына суреттен не көруге болады? Ұлы сабақтастықты, әрине.

Баукең бақытты еді. Өйткені, оның артында сол мінездің жалғасы Шерхандай інілері қалды. Ол да бай, бағлан, аса жоғары лауазымды бастық болсын бетің бар, жүзің бар демей, айтарын айтты, жазарын жазды. Осы мінез мектебі өзі тәрбиелеген бірнеше буын өкілдеріне үлгі болып қалды. Ол ой батыры да, қол батыры да (М.Әуезов) болған ұлы Баукеңнің бойындағы ұлы рухты ұлттық баспасөзге алып келіп, өзі де қазақ баспасөзінің Бауыржанына айналды.

Айтпағым: бізде білім мектебі бар. Ал елге қызмет етуге тиісті мінез мектебі ала-құла.

Рухтарыңыз шат болсын, ұлы шындық шырақшылары!

Осылай бір дедім.

Қали Сәрсенбайдың жазбасы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: