«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 425.59 (-2.48)

  • EUR: 505.43 (-2.18)

  • RUB: 5.61 (-0.01)

Өнерден өнер тудырған

23.05.2020, 9:09 309 0

HALYQLINE.KZ  «Толқыннан толқын туады» деген секілді бір өнерден екінші өнердің туатыны әлімсақтан белгілі ғой. Мұны дәлелдеудің де қажеті жоқ шығар. Сонда да…

Мұнан бірнеше жыл бұрын белгілі суретші Аманкелді Кененбаевпен сұхбаттасуға барған едім. Сонда кейіпкерім ұялы телефонынан бір әншінің әнін тыңдап отыр екен. Әннің әсерінен өз жұмысын да шабыттана жалғастыратынын айтты.

Күші жоқ дәрі секілді, әсері жоқ әннің де бар екенімен бөлісті. Кейбір әндер қылқалам шеберіне жақсы әсер сыйлаудан ада болса түсінікті ғой, тіпті көңіл күйін күрт түсіріп жібереді екен. Көрдіңіз бе, шын өнер бір-бірі­мен әрдайым тығыз байланыста болады. Сыр бойындағы Қаратау секілді қойнауы қазынаға толы фототілші Болат Омарәлиев те бізге осы сарындас ойын жеткізген еді.

– Жалпы, менің  шығармашылығым  Шәмші­мен тікелей байланысты болды. Оның әндерінің тақырыпт­арына байланысты суреттер түсіріп отырдым. Мысалы,  «Кешікпей  келем деп  ең» деген­ әніне орай сағатқа қарап тұрған, елеңдеп тұрған, «Жан құрбым», т.б. көптеген әндеріне байла­нысты суреттер  түсірдім, – деп дамыт­қан-ды таным­ал тұлғалар тақырыбындағы сұра­ғымыз­ды.

Иә, «Кешікпей келем деп ең, Мен тұрмын елеңдеумен» деген жолдары көпшілігіміздің ойымызда жаңғырып тұр, көз алдымызға да еріксіз бірдеңелер елестейтіндей…

Қас қағым сәтті сәтті түсіре білген фототілші әлеуметтік желідегі парақшасына жаңа сурет жүктеді. Сол-ақ екен, желі қолданушылары алған әсерлерін жазысып, таңданыс­тарын білдіріп жатты.

– Бұл халық әні «Баянауылдың» әсерімен түсірілген сурет еді. Сурет туған жерім, Қоғалыкөлдегі Жирентай көлінің жағасында 1985 жылы түсірілді, – дейді суретті сөйлетуші.

Омарәлиевтің оқырмандары да осал емес. Гүлжайнар Мұхтарова есімді желі қолданушысы­ «Шіркін, қандай керемет! Суретіңіз жай сурет емес, ән ғой, ән!» десе, Ботакөз Құрманаева «Аға, мына тамаша суретке жан бітіре сипаттаға­ныңыз  соншалық, Жирентай көлін көргім кеп кетті ғой!» депті.

Фототілшілік – қазақта кенже қалған өнер. Оған жан бітіру қажет десек, осындай оқиғалы суреттерді бізге көптеп түсіру керек. Басты кезект­е, суреттің сапасы емес, айтары болуы шарт. Шын өнер адамды ойландырады. Егер ойлан­дырмаса, сіз таным көкжиегіңізді ешкімге­ өкпелемей ғана кеңейтуге қам жасаңыз. Кейде көшке ере білген де көрегенділікті қажет етеді.

Меніңше, «Ақбоз үйдің сыртынан шығарып сап, Қош, ағатай, дегенің естен кетпес», «Ауылыңның тұсынан аттанғанда, Ақбоз үйге сүйеніп қара да тұр» деген жыр жолдарын суреттен көп іздемей-ақ табуға, оқуға  болады. Бірақ, ол үшін көздің көргіштігі емес, жүректің сезгіштігі де рөл ойнайды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: