Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Буынсыз «бала» қой бағып жүр

27.05.2020, 9:05 1002

HALYQLINE.KZ Айдосты буынсыз адам десек, қателеспейміз. Балқыған темірдей кез келген қалыпқа түсе қалатын, қылыш жұтатын, шегеге жататын өнерпаз жігітті сіз де тануыңыз бек мүмкін. Теледидардан, түрлі сахнадан, той-тома­лақтан көріп, ерек өнеріне тәнті болған кезіміз мол.

Сол Айдос қазір қайда жүр? Білесіз бе, ол қазір өнерден шет, алыс ауылда қой бағып жүр.

Мен 1982 жылы Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Қарабұлақ ауылында дүниеге келдім. Алакөлдің етегіндегі ауылды Қабанбай батыр ауылы деп те атайды. Сол өңірде 2000 жылы мектеп бітіріп, Алматыдағы Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжіне түстім. Дегенмен үш жыл оқып, төртінші жылға жетпей оқудан шығып кеттім. «Неге жап-жақсы оқуды тастап кеттің?», «Неге өз-өзіңді ұстай алмадың?» деген сұрақтар жиі қойылады. Тағдыр шығар, солай болуы керек болар… Негізі, тұзым жеңіл ме деп ойлаймын. Әйткенмен, оқудан шығуымның белгілі бір себептері бар, оны қозғамай-ақ қояйын.

Одан кейін кәдімгідей орнығып, тұрақты жұмыс істедім. Өнерге шын беріліп, талмай еңбек еткеннің арқасында елге танылып, атақ-абыройым шыға бастады. Бірақ сол тұста тағы бір келеңсіз жәйттер кездесті. Сөйтіп өмірде қиын кезеңдер басталды. Тіпті 2011 жылы істі болып, 2-3 ай абақтыда жатып шықтым. Сыртымнан жала жабылды. Жазықсыз едім деп ешкімнің алдында ақталмай­мын. Болар іс болып, бояуы сіңді.

 Сол 2011-дегі оқиға күні бүгінге дейін естен кетпейді. Өткен іске өкінбейсің ғой, сонда да бір адамдардың жасаған қиянаты, әділетсіздік адамды еріксіз ойлантып қояды екен. Яғни, басымнан өткен сол жағдай маған оңай тимеді. «Құдай маңдайыма не үшін осындай тағдыр жазды?», «Неге менің бағым бір жанбады?» деген сауалдарды өзіме жиі қоям. Бірақ өкінбеймін. Көпшілік адамдар көрмеген, бармаған, армандайтын жерлерді мейлінше аралаған адамның бірімін. Өзім бала күнімнен ел-жер көргенді, әртүрлі халықтар мен мекендердің тарихымен танысқанды ұнататынмын. Сол арманым орындалды деп ойлаймын.

Ал өнерден алыстауыма әділетсіздік себеп болды. Қазір шынайы өнерден гөрі арзан шоулар, көрерменге нағыз туындыны емес, өтпелі нәрсені ұсынатындар көбейді. Киелі сахнаға ақшасы бар әркім шығып кетті. Сахнада мән қалмады, елді қызықтыратын дүние азайды. Яғни өнер ақшаға сатылып кетті. Қазіргі түрлі жобалар да, фестивальдер мен байқаулар да сондай. Ұйымдастырушылар ру-руға бөлінеді, араға кісі салады, өнерде лас тірліктер жасалады. Осындай жағдайға бір емес, бірнеше рет өзім де куә болып, түңілдім. Қатысқан жарыстарымда ылғи жартылай финалдан алып тастай берді. Содан іште өкпе-реніш пайда болды. Өз-өзімді жегідей жедім.

Қазір, әсіресе, цирк өнері, цирк әртістері бағаланып жатқан жоқ. Содан кейін шығар, цирк әртістері елге аса көп танылмай, танылса да тез ұмытылып кетуде. Амал жоқ, шын өнерді тастап, тойға шығады. Қолы жеткендер шетелге кетеді де, сол жақтың жұлдызын жағып, келісімшартпен қалады. Өйткені қоғам арзанқол әншілерге қатты көңіл бөліп отыр. Мәселен, цирк пен операға халық неге көп бармайды? Өйткені олардың санасын арзан өнер улап жатыр. Мәдениет құнсызданды. Өнерді бизнеске, тек ақша табу құралына айналдырып жібергендер, байысам дегенді мақсат еткендер көп. Ондайлар тойларда көп жүреді, өнерін жетілдірмейді, ізденбейді. Репертуарын жаңарту, өнерге құрметпен қарау жоқ. Өсіретін де, өшіретін де, әділ бағасын беретін де халық екенін әсіресе жастар түсінбейді. Қошеметті көтере алмай есіріп кететіндердің әрекеті өте ерсі көрінеді.

Бұл маған Алланың берген сыйы шығар деп ойлаймын. Әр адамға әртүрлі ерекшелік береді ғой, маған берген тартуы осы болар. Ардақ деген ағам (қайтыс болып кетті) икемім барын байқап, үш жасымнан керіп-созып, аяқ-қолымды байлап қойып, осы өнерге баулыпты. Ал мектепте түрлі акробатикалық, аэробикалық билер қойдыратын ұстазым Райгүл Биболоваға алғысым зор. Оқушы кезде күреске барып, футбол ойнап, үйде дене қыздыратынмын. Ал эстрада-цирк колледжіндегі үш жылда сол өнерімді ұштап, жетілдіру жағына көп көңіл бөлдім. Осы өнердің арқасында бала күнімнен сахнаға шықтым, колледжде үлкен сахналарға жол ашылды. Табиғи дарын дейтінімнің бір себебі – ойға алған, іске асырам деген қиын-қиын трюктердің өзін еш дайындықсыз сахнада жасай салған кездерім болды.

Шәкіртім бар. Азамат Нұрғожа деген маңғыстаулық баладан көп үміт күтем. Ертеректе «Баламның өнеріне баға берші», – деп әке-шешесі хабарласты. Содан ақылдасып, ол кезде мен Алматыда тұрам, ата-анам екі ұлын алып келді. Бір аптаға пәтер жалдады. Сол кезде күнделікті үйлеріне барып, ақыл-кеңесімді беріп, жолға салдым. Азамат кішкене күнінен мені интернеттен, теледидардан көріп өсіпті. Үлгі тұтып, еліктейді екен. Құлшынысы өте мықты. Ең ұнағаны, жұлдыз ауруы жоқ. Кей баладан оны тез байқайсың, білініп тұрады. Ал мұның қанында сабыр мен ұяңдық бар, адамды сыйлап тұрады. Қазір жарыстарға қатысып, сахнаға шығып жүр. Өзім де сол өңірге, батысқа көп барам. Онда туыстай болып кеткен Бейсен мен Нұргүл деген ерлі-зайыпты достарым, курстастарым тұрады. Солардың көмегімен Ақтауға барсам, сол жерде акробатикадан сабақ берсем деген ойым бар.

Қазір туған ауылымда мал бағып, қой төлдетіп, үйдегі азын-аулақ тіршілікті істеп, әке-шешемнің жанында жүріп жатырмын. Ауыл өміріне үйреніп қалдым. Мал шаруашылығымен толықтай айналыссам, осында біржола қалсам деген де жоспарым бар. Кім біледі, бірі болмаса бірі болып қалар…

Дайындаған Қ.ӘБІЛҚАЙЫР,

«Қазақ әдебиеті» газетінен алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: