Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

БАР мен ЖОҚ (эссе)

15.08.2020, 9:00 1798

(Мәдениет туралы тезистер)

Біз – барды бар, жоқты жоқ деп айта алмай келе жатқан халықпыз. Бірақ, тарихты көптің жиыны емес, жеке тұлғалар жасауы тиіс еді.
Жалғыздың үні жетпейтін заман өтіп, жалпы елдің дауысы шықпайтын дәуірге келдік.

Ендігі уақытта өзгеріс күрестен емес, технологиялық табыстан келетінін аңғардық. Қоғамның сипаты өзгерді, заманауи білім, жоғары өре, тұтынушылар соңынан ерген, күрделі өндіріс дамытқан, ғылым түрлері адам санасына, қоғам психологиясына қатты әсер ететін ықпалды тетіктерге айналды.

Ұялы байланыстың жаңа даму кезеңі елдің мұң-мұқтажынан гөрі әлдеқайда маңызды әрі нөмірі бірінші жаңалық дәрежесіне жетті.
Жалған құндылықтарға бой алдырған қазақ жұртының бір бөлігі шетел асып, еуропалық қалаларға қоныстана бастады.

Қаржы-қаражатына иек артқан тоқ ұрпақтың екі буыны да идеясыз еді. Жасырын ақшасына пана іздеген бұл топ елге пана болуды ойлаған жоқ. Ұрыны қарақшы тонаған заманда, айырылып қаламын деп, арамды адалдандырамын деп, Батысқа көшті. Бірақ, қашты десек, дәлірек болар еді.

Батыс озық қоғам құрды. Әділет орнатты. Оқу-білімді, өнер-мәдениетті алға шығарды. Мәдениет – қалың тарихтың ең жұқа бөлігі. Әрі ең маңызды бөлігі. Тез шайылып кетеді, оңай жойылады. Жасауы қиын, енуі ұзақ, жоғалуы тез.

Кітап оқу дағдысынан айырылып қалдық. Мәдениетті сөйлеу жоғалып барады. Кітаптағыдай тазалық, кітаптағыдай мінез-құлық, кітаптағыдай жүріс-тұрыс, сыйластық, махаббат, жанашырлық, қамқорлық әдеттен шықты.

Былапыт сөйлеп жүрген жас бүгінгі мәдениетті бейпіл ауыз сөздің деңгейімен өлшейді. Жаман әдет тез жұғады. Мәдениет – әдет, дағды. Ұрлыққа үйренбеген қоғамның маңдайы жарық. Беті ашық. Ерен байлығы – еңбегінің жемісі. Қазынаға төлейтін салығы да көп, өнегелі өмірі, өнімді өндірісі де артық.

Екі жүзді орта екі есе қауіпті. Жалған сөз саясаттан шығып, жеке өмірімізге араласты, қарым-қатынас құралына, мұратқа жету жолына айналды. Дендеп еніп, түпкілікті орнығып, бекіп алды.

Бүгінде, тоқшылық – топтың еншісі. Біз қандай қоғам орнаттық… ноқтасыз заманды аңсап жүріп, жүгенсіз қоғамға тап болдық.
Мәдениет санасына сіңбеген жұрттың бойында өнер де болмайды. Адам баласының бар қызметі – өнер.

Кәсіптің орны – өнер, өнер дегеніміз кәсіп. Өнеркәсіп те, кәсіпорын да – еңбек, қызмет. Демек, өнер.

Өнер – мәдениеттің көрінісі. Ақшаны өнермен табу қажет.
Барды жоқ қылдық.

Жоқтың бардан сапары – рух жолы, рухани жол. Қайта барға апарады. Пенде, шіркін, қанша талпынса да рухани шеңберден шыға алмайды.

Оны бір құдырет қамап қойған.

Дидар АМАНТАЙ,

teledidar.kz

07.08.2020

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: