Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Лотерея: ұтыс пен ұтылыс

20.01.2020, 16:02 2636

Статистикалық мәліметтерге сенсек, әлемде лотерея ойындарына тәуелді адамдар 1 пайыздан аспайды. Бұл ойынды көбісі жай ғана ойын-сауық деп түсінеді. Алайда кейбіреулер үшін отбасына, қоғамға кері әсерін тигізетін әуеске айналып кету қаупі бар. Сондықтан ойынның бұл түріне ақша табудың жолы немесе қиындықтарды шешу тетігі ретінде қарауға болмайды. Лотереядағы ұтыс бар болғаны – бонус ғана. Егер ұтылсаңыз, ақшаңызды тәп-тәуір кино көруге жұмсадым деп өзіңізді жұбатуға болады. Ең бастысы, ойын үшін қарызданып-қауғаланудың қажеті жоқ. Ал лотерея ұйымдастырушыларының басты ережесі – аз адамды көп ойнату емес, көп адамды аздап ойнату. Ал сіз қалай ойнап жүрсіз?

Мына оқиғаға қараңыз, «Қуған жетпес, бұйырған кетпес» дегенге осындайда таңғаласыз. Лотерея ойындарына еш әуестігі жоқ Лансинг қалашығының азаматы Ларри Росс жол бойында сатылып тұрған хот-догтан дәм татқысы келеді. Қолында бар-жоғы 100 доллар. Қалтасындағы ірі ақшаны сатушыға ұсынғанмен, ол қайтарым ақшасы жоғын айтады. Қарны ашқан ол жақын маңда ақша ұсақтайтын жер таппай абдырап тұрғанда лотерея билеттерін жарнамалап тұрған қыздан тұтас ақшаны майдалап беруін өтінеді. Алайда оның қойған шарты тым бөлек. Ақша тек дүңгіршектен сауда жасаған адамға ғана бөлшектеп беріледі. Амалы құрыған Ларри қоғамға деген өшпенділігі үшін өкпелеп тұрып, қолындағы соңғы ақшасының 98 долларына лотерея билетін сатып алады да, қалған 2 долларына әлгі ауқат тағамын алады. Бір қызығы, соңғы ақшасын сарқып жұмсаған ол сол билет арқылы 90 млн долларға ие болыпты.

Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстан Республикасының аумағында лотереяны тек «Сәтті Жұлдыз» АҚ өткізе алады. Лотерея қызметі – дәл қазір лицензия берілмейтін бизнес түрі. Оны заңды жолмен ойнату үшін «Сәтті Жұлдыз» АҚ-мен арада екіжақты келісімшарт болу керек. Алайда әлеуметтік желідегі парақшаларында жеке тұлға ретінде ұтыс ұйымдастырушыларға қандай да бір шара қолдану мүмкін емес. Өйткені, олар лицензия берілмейтін бизнеспен айналысып отыр. «Әлеуметтік желіде ақылы сайыс ұйымдастырып жүргендердің ешқайсысы бұл компанияға хабарласпаған. Бірақ, ойыншыларға лотерея деп таныстырып жүр. Бұл заңға қисынсыз. Егер олар «ұтыс ойыны» немесе «марафон» деп жарияласа, онда ол лотереялық бағытқа жатпайды. Қысқасы, ұйымдастырушы адамның өз сайысына қандай анықтама бергеніне, жұртшылыққа қалай таныстыратынына байланысты заңды, заңсыз екенін анықтауға болады» дейді «Сәтті жұлдыз» акционерлік қоғамы менеджерлері. Бірі казиноға бар тапқан табысын салса, екіншісі букмекерлік кеңседе бәстесіп отырады. Карта құмарына кірген жандардың өзі – бір қауым. Енді әлеуметтік желі арқылы лотерея мен ұтыс ойындарын ойнау сәнге айналды. Әсіресе, танымал шоу-бизнес өкілдері мен атақты адамдар бір-бірінен қалыспай, лотереялық бағыттағы ақылы ұтыс ойындарына ірі сыйлықтарды «тігіп», ұйымдастыруда. Тіпті баспанасын, көлігін билет ойнату арқылы сатып жүргендер қаптап барады. Арзан ақшаға қымбат бұйым сатып алғысы келетіндердің қатары қарапайым, қалтасы сын көтермейтін немесе әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар көптеп қатысатыны айтылуда. Санаулы ғұмырын саналы етіп өткізген адам ғана білгілі бір жетістікке жетеді. Бүгінде биікке өрлеп, оңай олжаға кенелгісі келетіндер қатары сиремей тұр.

Айта кетейік, соңғы жылдары лотерея нарығы көптеген өзгерістерге ұшырады, соның ішінде жаңа Заң қабылданып, бірегей лотерея операторы болып табылған компания – «Сәтті Жұлдыз». Ұлттық лотерея операторының мәліметтеріне сәйкес, 2019 жылдың алғашқы жартыжылдығында компания айналымы 2,5 миллиард теңгеден асқан. Бұл көрсеткіш – 2018 жылдың толық айналымына тең. Мемлекеттік бюджетке деген төлемдерге келетін болсақ, «Сәтті Жұлдыз» ұлттық лотерея операторы салық төлемі ретінде 330 миллион теңгеден астам сома аударған. Салық төлемдері – лотерея туралы Заңға өзгертулер енгізуде ең негізгі мәселе. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың жартысында 1,6 миллиард теңгеден асатын сомада ұтыс төленген. Ең қызық мәлімет, Алматы, Ақмола және Қарағанды облыстары – жолы болғыш аймақтар.

Желең үміттің жетегінде жүргендердің дені – аз ақша салып, көлік мініп, баспаналы болғысы келетіндер. Тіпті осы тектес ойынның «ізіне» түсіп алғандар туралы ел Парламентінде де сөз болды. Еш лицензиясыз, мемлекетке салық төлемей, пайда тауып жүргендерді алдағы уақытта арнайы Заң жүзінде жауапқа тартуы бек мүмкін. Кеш қимылдамаса… Бірінің бастағанын екіншісі қоштай түскен онлайн ұтыс ойындарынан сәтті шыға алмағандар ұйымдастырушыларды алаяққа да теңеп жүр. Бірақ, ойыншыларды ешкім күштеп, «мына кітапты сатып ал да, ойынға қатыс», «Мынша ақшаға билет алып, көлік ұтып ал» деп қыстап жатқан ешкімді көрмедік.

Сіз не дейсіз?

Жеңіс Әбибуллаұлы,

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің наиб имамы:

 – Адам белгілі бір ойынға қатысу үшін билет сатып алады немесе билет нөмерін алу үшін ақша төлейді. Бірақ төлеген ақшасы үшін заң жүзінде пайдаға асар ешнәрсе алмайды. Мұндай ойынға Ислам ғұламалары «харам» деген баға берген. Себебі, мыңдаған адам шығындалып, ұтысқа тек бірнеше адам ғана қол жеткізеді. Бұл – құмар ойынның бір түрі. Қарымына ешнәрсе берілмей, тек сәттілікке, кездейсоқ шыққан санға сүйеніп ойнаған ойынның қай түрі болмасын, харам болып саналады. Мысалы, ұтысқа бір үй тігілді делік. Сіз ол ойынға қатысу үшін 5000 (бес мың) теңге аудардыңыз. Ойын ойнатылғанда үйге бір адам ғана ие болды да, қалғаны жер сипап қалды. Бұл – анық харам нәрсе. Ұйымдастырушылар сіз секілді миллион адамның салған ақшасынан бір ғана үйді ойнатып, қалған қатысушылардың ақшасын қалтаға басты деген сөз. Бұл – бір.

Екіншіден, адам ұтысқа қатысу үшін ұйымдастырушылардан белгілі бір зат сатып алады. Мәселен, ұтысқа бірнеше автокөлік тігілген ойынға қатысу үшін ұйымдастырушылардан 10 мың теңгеге кітап сатып алдыңыз делік. Оның нарықтағы бағасы бес мың теңге болса, бұл ұтыс ойыны харамға жатады. Себебі кітапқа төлеген қаржының тең жартысы құмар ойынына жоғалтқан болып есептеледі. Бұл ойынның нәтижесінде де ұтысқа бір адам ғана жетеді. Өзгелері затты қымбатқа алғаны үшін шығынға батады.

Үшіншіден, Өзіңізге қажетті затты нарықтағы тиісті бағасына сатып алып, осы арқылы ұйымдастырушылар сізге ойынға қатысуға мүмкіндік береді. Мұндайды кейбір ғалымдарымыз дұрыс деп тапқан. Оған себеп, ойынға қатысу алдындағы сатылған зат нарықтағы бағасына беріліп тұр. Артық шығын жоқ және ұйымдастырушылар оны өзінің немесе компаниясының жарнамасы үшін өткізеді.

Төртіншіден, егер ұйымдастырушылар белгілі бір тауарды дым қалдырмай өздері ғана сатып алып, оған өздерінің ыңғайы бойынша баға қойып, сол затты сату арқылы ойын ойнатса, бұл да дұрыс деп есептелмейді. Себебі, олар өздеріне қолайлы бағаны қойып ғана емес, нарықта қалыпты бағада сатылуына кедергі келтіріп отыр. Жалпы, Ислам құқық негіздерінде «Зиянды жою – пайда табудан бұрын жасалады» деген бар. Осы қағидаға сүйеніп, қазіргі кезде ойнатылып жатқан ұтыс ойындарының дұрыс емес екенін айтуға болады. Бір ойында бірнеше адамның шығындалуы – зиянды нәрсе, ал бір ғана адамның ұтуы – өзіне пайда. Сондықтан санаулы адамға ғана ұтыс беріп, жалпы халықты шығынға батыру жоғарыдағы қағида негізіне сүйенсек, дұрыс емес.

Тағы бір мысал келтірейін, Ислам дініне дейін арабтар арасында да құмар ойындары кең белең алған деседі. Себебі ол кездегі араб қоғамында бірнеше құмар ойыны болған. Сол ойынның бірінің жалпы сипаттамасы мынадай. Он адам өзара бір түйені сатып алып, бауыздап, 28 жілікке бөледі. Сөйтіп, жеребеге басында оғы жоқ 3 жебе, оғы бар 7 жебе салады. Жеребеде оғы бар жебе алған жеті ойыншы жеңімпаз болып табылады да, ұтыстан алған 4 жілікті пақыр-міскіндерге таратып береді. Тағы бір қызығы, ойында ұтқаны үшін мақтанатын болған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Біреу бір бауырына «Кел, құмар ойын ойнайық» десе, дереу ойынан айнып, садақа берсін» деу арқылы (Бұхари) құмар ойындардан аулақ жүруді ескерткен.

Арман Әлменбет,

баспагер:

 – Қазір лотерея өткізу сәнге айналыпты. Мен көп адамға жазылмағандықтан біле қоймаушы едім, бірақ таныстарым қайта-қайта айта берген соң, соңғы күндері кішкене ден қойып тыңдап көрдім. Кім не ойнатып жатқанын біраз айтып берді. Араларыңызда әртүрлі лотереяға қатысып жүрген адамдар болса ренжімесін, бірақ лотерея ойнау – өмірі байымайтын адамның ісі. Тер төкпей-ақ байысам деген адамның шаруасы. Ақшаға, байлыққа немесе кез келген материалдық игілікке деген көзқарасы дұрыс қалыптаспаған адамның жұмысы деп білем. Өзіңіз ойлаңызшы, Стив Джобс не Илон Маск лотерея ойнап жүрсе… Асқар Жұмаділдаев, Марғұлан Сейсембай лотереяға қатысса…

Адам ақша тапса, қоғамға еңбегі сіңіп табуы керек. Маңдайынан тер тамуы керек. Уақытын, энергиясын, білімін жұмсауы керек. Сондай адам байиды, бақытты болады, жетістікке жетеді. Лотерея ұйымдастыратын адам көрсеңіз, ол не терең ойланбай, оңай ақша табуға әуестеніп, қателесіп жүр не ол ештеңеден тайынбайтын алаяқ деген сөз. Шындық – осы, өкінішке қарай. Бұл жерде нақты біреуді меңзеп жазып отырған жоқпын. Қаржылық сауаты жоқ адамның ісін істемеңіздер. Бала сияқты алданбаңыздар, тегін нәрсеге жүгірмеңіздер. «Тегін ірімшік тышқан аулайтын қақпанда ғана болады» деген сөз бар ғой.

Радислав Гандапастың бір сөзі бар. «Ұшақта бизнес-класпен ұшатын адамдарға бортсерік небір сусындарды ұсынып, не ішесіз десе, газсыз су сұрайды дейді. Тегінге жүгірмейді, әр нәрсенің қадірін біледі. Ал эконом-класс қонақүйге қонған түк көрмеген адам одноразовый сабын қалып қойса қалтасына салып әкетеді» дейді. Бай болатын адам лотереяға қатыспайды. Ол – ұят тірлік. Беталды бірнәрседен дәмелену – бай адам үшін ұят. Бай немесе кедей болу адамның қалтасындағы ақшаға емес, санасына қатысты. Бай сияқты ойланбайтын адам өмір бойы бай болуды армандап, соның оңай жолын іздеп, тәуекелге бармай, жанын қинамай, қартайып қалуы мүмкін.

Айзат Мұсағұлова,

заңгер:

 – Бұрын заңсыз лотерея ойнату ешқандай құқықбұзушылыққа жатпаса, қаралып жатқан заң жобасында әкiмшiлiк құқықбұзушылыққа жатқызу ұсынылған. Бүгінге дейін елімізде лотерея қызметін заңсыз ұйымдастыру фактілеріне қатысты қылмыстық жауапкершілік енгізілмеген. ҚР лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасын бұзу туралы бап бойынша айыппұл салу мөлшерлері енгізілген.

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: