Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Келісті кент келбеті

04.11.2020, 13:15 610

Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтеретіні рас болса, бүгінде Тасбөгет кентінің еңсесі биік, бірлігі бекем. Қаламыздың іргесінде бой көтерген кентте ағымдағы жылы тұрғындардың тарапынан жиі қозғалатын сұрақтар өзінің оң шешімін тауып, бірқатар нысандар қайта жөндеуден өткен. Жол құрылысы, көшені жарықтандыру, электр желілерін тарту, ойын алаңдарының құрылысы мен саябақтарды жөндеу секілді жұмыстар атқарылып, тұрғындардың жағдайы біршама оңалған екен.

Кентте жалпы ұзындығы 74,2 шақырымды құрайтын 52 көше болса, бүгінгі күні барлығы 44 шақырым болатын 37 көшеге асфальт жабындысы және 8 шақырым көшеге малта тас төселген. Бұл кенттегі барлық көшелердің ұзындығының 59 пайызын құрайды. Сонымен қатар, жарықтандыру жұмыстарына да аса мән берілуде. Кенттегі 23 көшеге барлығы 957 дана жарық шамдар орнатылған. Соңғы екі жыл көлемінде кент әкімдігінің жергілікті өзін-өзі басқару шотынан жалпы есеппен 11 млн 700 мың теңгеге 9 көшеге жарық шамдар қойылған.

– Облыс және қала әкімдерінің колдауының арқасында 2020 жылы Тасбөгет кентіне көп қаражат бөлінген болатын. Оның негізгі бөлігі жол жөндеу жұмыстарына арналған. Осы тұрғыда, 3 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді және 15 көшеге қиыршық тас төселу жоспарда бар. Биылғы жылы 8 көшеге тас төсеп бітіреміз, қалған көшелер де 2021 жылы толықтай бітетін болады. Бұл жұмыстардың барлығы қала әкімінің арнайы тапсырмасымен шет аймақтардағы көшелерде жүзеге асуда. Сонымен қатар, ұзындығы 2,7 шақырымды құрайтын Әбенов көшесіне де толықтай жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Оған бюджеттен 88 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ, 5 көшеге жарық шамдар орнатылды. Орталық бейіттің жерлеу орыны таусылғандықтан, кенттің шет жағына бейітке орын бөлініп, қазір сол бейіттің жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның жалпы құны 101 млн 732 мың теңгені құрайды. Бүгінде 20 млн теңгесі бөлініп, жұмыс басталып кетті. Одан бөлек, «Сабалақ» саяжайының әлеуметтік мәселелері жолға қойылды және кент орталығында стритбол алаңы салынып, спорт алаңдары соңғы үлгідегі нормативтерге сай қайта жөндеуден өтуде,- деді Тасбөгет кентінің әкімі Семсер Сыздықов.

Жүргізіліп жатқан жұмыстарды аралау барысында қала тұрғындары келіп, әкімдеріне алғыстарын білдіріп жатты. Олардың айтуынша, бұрындары көше айналасы балшыққа толы еді. Қалаға бару үшін көшелерінен арнайы резіңке аяқкиіммен шығып, көшеден шыға берісте соны шөптің арасына жасырып кететін болыпты. Ал бүгінде жол жөнделумен қатар жарық шамдары да орнатылып, арқаларын кеңге жайып өмір сүруде. Шет аймақ деп шеттетпей, керісінше, «бауырына басқан» биліктегілерге алғысымыз шексіз дейді тұрғындар. Кент әкімдігінің жұмыстары өңір ақсақалдарының да көңілінен шығып жүрген көрінеді.

Өзі биыл кентімізде көптеген жұмыстар атқарылды. Өздеріңіз байқағандай, бірнеше көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Өзім қоғамдық кеңестің төрағасы болғандықтан, әкімдермен бірге тұрғындарды көп аралаймын. Сондағы байқағаным, халық дән риза. Жалпы, әкімнің бұл орынға келгеніне көп бола қойған жоқ. Соған қарамастан, орасан зор жұмыстар атқарып үлгерді. Бұл мақтауға тұрарлықтай жағдай. Алдыңғы әкім де көп жұмыстардың бастауына арқау болған. Соны бүгін Семсер Зұлпыхарұлы жалғастырып жатыр. Спортттық алаңдар мүлдем босамайды. Спортшылар мен балалардың уақытын тиімді өткізетін жақсы жерге айналды. Таза әрі қауіпсіз жерде жаттығып жүргені қуантады,- деді Тасбөгет кентінің қоғамдық кеңес төрағасы Ақылбек Арыстанов.

«Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» аясында кент орталығынан стритбол алаңы бой көтерді. Аталған жобаның жүзеге асуына 29 млн теңге қаржы бөлінген. Соңғы екі-үш жыл көлемінде істелген жұмыстар бүгінде өз жемісін беруде. Оның ішінде кентке қарасты «Сабалақ» саяжайына да ерекше көңіл бөлініп, облыстық бюджеттен 93,5 млн теңге көлемінде қаржы бөлініп, қалалық электр тарату торабы арқылы саяжайдың 17,6 шақырымына 488 дана электр бағаналары орнатылды. Қазіргі таңда аталған саяжайдың ауызсу мәселесі қаралып, тұрғындардың үйіне кіргізіп беру жұмыстары жоспарланып отыр. Сонымен қатар, кент айналасында қоғамдық тәртіпсіздіктерге байланысты тұрғындарға түсіндірме жұмыстары мен арнайы рейдтер де жүргізілген. Осылайша, қазір кент аумағындағы вандализм әрекеттері де біршама азайған көрінеді. Алдағы уақытта кентті дамытуға бағытталған басқа да жоспарлы жұмыстар осылайша қаржы мүмкіндіктеріне қарай рет-ретімен өз жалғасын таба бермек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: