Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кедей неге күледі?

07.11.2020, 11:00 5688

HALYQLINE.KZ

Бір бай мен кедей көрші болыпты. Байда бала жоқ, кемпірі екеуі ғана екен. Кедей күнкөріс үшін байға жалданып қызмет етіпті. Күндердің күнінде бай адам түн ортасында кедейдің үйінің жанынан өтіпті. Сөйтсе, кедейдің рақаттанып күлген дауысы шығып жатыпты. Іші тар бай «бұл сорлы неге жетісіп күледі, кешке дейін титыңдап жұмыс істейді, сонда да күліп отыр ма?» деп өтіп кетіпті.

Таңертең жұмысқа келген кедейді әбден жұмсапты. Байғұсқа тамақ ішуге мұрша бермей, діңкелетіпті. Ішінен «ал енді қалай күледі екенсің?» деп ойлапты. Кешкісін бай ұрланып кедейдің үйіне келіпті. Жайлап тың тыңдаса, кедей сорлының тағы рақаттанып күлген күлкісі шығыпты. Ашуы келген бай «сен әлі шаршамаған екенсің, мен саған ертең көрсетем» деп кетіпті.

Кедейді күндегіден ерте тұрғызған бай күн батқанша ақ тер қылып жұмсапты. Екі аяғынан зорға тұрған кедей үйіне әзер жетіпті.

Түн ортасында бай кедейдің үйіне келіп, тың тыңдапты. Кедейекең тағы да күліп жатыр дейді. Қайран қалған бай таңертең жұмысқа келген кедейге: «Сен азаннан кешке дейін менің қол астымда жұмыс істейсің, киімің жыртық, үйің азынап тұр. Ішерге асың жоқ, сөйте тұра түн ортасында неменеңе жетісіп күлесің?» депті.

Кедей байдың іші тарылып тұрғанын біліпті де, астарлап, «е байеке, менің бір сақам бар, соны біресе мен иірем, біресе әйелім иіреді, соған күлеміз» депті.

Ертесіне бай алтыннан сақа құйдырып, бәйбішесі екеуі кезек-кезек иіріпті. Бірақ ешкім күлмепті. Қайта-қайта иірігенмен, ешкімнің күлкісі келмейді.

Бұның мәнісін кедейден сұрапты.

«Біз бәйбіше екеуміз алтын сақаны қанша иірсек те, ешкім күлмейді, неге?» депті бай.

Сонда кедей: «Қап, байеке, сіз менің сөзімнің астарын түсінбеген екенсіз. Менің сақа дегенім – ұл балам бар еді, соны біресе кемпірім еркелетіп, біресе мен еркелететін едім, ұлымның шат күлкісін естігенде, бар жоқшылығым есімнен шығып, демалып қаламын байеке», – деген екен.

Көрнекі  сурет

Пікірлер:

Бота үшін пікір үстеу Жауапты болдырмау

Тағы да оқыңыз: